99

БАЛА ӘЛЕМІН БАРЛАҒАН...

Қанат Қайым ‒ белгілі балалар жазушысы, баспагер, редактор, көсемсөзші. Ол 1955 жылдың 5 мамырында бұрынғы Семей, қазіргі Абай облысы, Ақсуат ауданы, Құмкөл ауылында туған. Сонан соң Алматыдағы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) бітірген. Жоғары оқу орнынан кейін арнайы жолдамамен Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы Азат сегізжылдық мектебінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасайды.

Есейе келе еңбек жолын Есік қалашығындағы аудандық Пионерлер үйінің директоры ретінде бастап, кейіндері «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Қазақстан мұғалімі», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеттерінде, «Столичное образование» журналында бөлім меңгерушісі, «Дана-пресс» ақпараттық агенттігінде, Қазақ радиосының Балалар мен жасөспірімдер редакциясында, «Алматы ақшамында» жауапты хатшы, Бас редактордың орынбасары, сондай-ақ басқа да республикалық басылымдарда қызметтер атқарған-ды. Бүгіндері жетпіске толған Қанат Қабділрашидұлы ‒ «Ол-Жас Баспасының» директоры, «Балалар кітабы» қоғамдық қорының президенті, Қазақстан Жазушылар одағы Балалар әдебиеті секциясының мүшесі, «Айналайын, абай бол», «Жазып, сызып үйренемін», «Халқымның қадір-қасиеті», «Қараңғы бөлменің құпиясы», т.б. балаларға арналған кітаптардың авторы, республикалық «Астана-Бәйтерек», халықаралық «Дарабоз» әдеби байқауларының жүлдегері. Ол баспагер ретіндегі жұмысын «Балаусаның» Бас редакторлығынан бастаған еді...

Әдебиет – уақыттың рухани, адами сыпаттарын бейнелейтін сала. Демек, әдебиет – қоғамның өсуі мен өшуі, өзгеруі мен түрленуі таразысы. Жаһандық жазушылық тәжірибе көркем әдебиеттің арғы жағында терең ой, сезім, құштарлық пен үміттің болатындығын айқын көрсетті. Дәуірдің алма‑кезек ауысқан жаңалығын ой елегінен өткізіп, саралап, қорытындылау ‒ есті жанның міндеті. Сол бір Ой тұңғиығына шөгіп, танымда толықтай орныққан дүниелерден көркем туынды шығады. Сондықтан, жазушылар да өсу, өну, толысу үстінде болмақ. Проза жанры – күрделі жанр. Біз қарастырған қаламгердің әңгіме, повестерінің өзіндік табиғаты, жаратылыс бар. Яғни, лирикалық-романтикалық және лирикалық-психологиялық бағыттар басымдау. Кейіпкер сомдауда ұлттық сипат, халықшылдық менмұндалайды. Жазушының ішкі толқынысы кейіпкер сырымен, таным-түсінігімен, сезім иірімдерімен қатар өріліп отырады екен. Қ. Қайымның «Пионерлік ферма» (деректі хикаят, «Жалын» баспасы, 1984 ж.), «Топан су» (әңгімелер, «Ол-Жас Баспасы», 2006 ж.), «Еркеш-Еркебұлан» (хикаят, «Баур» баспасы, 2008 ж.), «Көпір астындағы үй» (хикаяттар, әңгімелер, балғындарға базарлық, сахналық қойылымдар, «Алматы-Болашақ» АҚ баспасы, 2020 ж.), «Өзім жазып, есептеймін» (Алматы: Балауса, 2002 ж.) секілді кітаптары жарық көрген. Ол ‒ жан-жақты қалам иесі. Мәселен, «Алматыкітап» баспасында жарияланған «Суретті өнер тарихы» энциклопедиялық басылымын (2014 ж.), Кэрл Вордерманның «Балаларды ғылымды танып-білуге жетелейік» атты көрнекі анықтамалығын (2014 ж.), А. Вайнбергтің «Жалықтырмайтын  астрономия» (2014 ж.),  Н. Зенковичтің «Назарбаевтай болғым келеді»  (2018 ж.) және «Атамұрадан» жарық көрген Ирина Серкебаеваның «Бибігүл Төлегенова: сүйіспеншілік, үміт және сенім» (2014 ж.) кітаптарын қазақ тіліне аударған-ды. Сонымен қатар, автор-құрастырушы есебінде «Әрқашан дайын бол!» (Пионерлік қозғалыс шежіресі, «Жалын» баспасы, 1985 ж.), «Әліппе, саған мың алғыс» («Әліппемен» қоштасу ертеңгіліктері, «Әуен» баспасы, 2001 ж.), «Бабаңнан  саған не қалған» (әдеби-этнографиялық шаралар сценарийлері, «Ол-Жас Баспасы», 2003 ж.), «Той дегенде домалайтын қубастар» (Асабаға көмекші құрал, «Ол-Жас Баспасы», 2004 ж.) жинақтарын баспаға даярлаған. Қаламгердің көркем шығармалары, жазған-сызғандары «Жарты ғасырдың алтын қоры» (2-том, «Баур», 2007 ж.), «Қазақ киносының Құлагері» («Білім», 2007 ж.), «Кәусар бұлақ» («Баянжүрек», 2010 ж.), «Өмір шуағы» («Ол-Жас Баспасы», 2012 ж.), «Ең керемет дәм» (Ол-Жас Баспасы», 2015 ж.), «Сәби күлкілі Сәбең» («Баянжүрек», 2016 ж.), «Тәтті алма» («Фолиант», 1-том, 2015 ж. / 3-том, 2017 ж. / 4-том, 2019 ж.) т.б. жинақтарына кірген. Қ. Қайым ‒ балаларға арналған «Ақ желкен», «Ұлан», «Дружные ребята», «Балдырған», «Жыл – он екі ай», «Мөлдір бұлақ», «Айгөлек» секілді белді басылымдардың тұрақты авторы, бірнеше шығармалары бастауыш мектеп оқулықтарына енген еңбекқор прозашы, әйгілі полиграфист...

Біз Қ. Қайымның 2020 жылы жарияланған «Көпір астындағы үй» атты жинағына аз-кем тоқтала кетуді жөн көрдік. Қаламгердің бұл кітаптағы әңгіме, хикаяттарында қаһармандардың қилы-қилы мінез-құлқы шұрайлы тіл және сенім-үміт мол сезіммен өрнектелген-ді. «Көпір астындағы үйде» тағдыр тауқыметін тартқан балалардың көрген-түйгені, басынан өткен қиындықтары, арман-тілектері жан-жақты баян етілген. Жазушы туындылары арқылы Отанды, елді, жерді, тұмса табиғатты сүюге, достық, бірлік, сыйластық, тәлім-тәрбиені насихаттауға шақырады, мейірімді боп, шуақ шашуға үндейді. Мәселенки, «Көпір астындағы үй»: «Хикаяттар» («Мен ‒ өмірдің жалғасымын», «Көпір астындағы үй», «Кішкентай ауылдың «қарасирақтары», «Көңілшер»), «Әңгімелер» («Тағзым», «Сарқын», «Кек», «Итырғын», «Қызыр түнгі түс»), «Балдырғандарға базарлық» («Ағаттық», «Қараңғы бөлменің құпиясы», «Металл сынығы», «Араның ұясы», «Иттің күшігі», «Тордағы торғайлар», «Топан су», «Бақытты билет», «Өзгені сыйла», «Ақбота», «Ақын деген кім?», «Тек», «Көргенсіз», «Мереке»), «Ерте, ерте, ертеде» («Дингоның күшігі ‒ Джимми», «Ағайынды алты құрт», «Басы озған ‒ хан болады»), «Мектеп сахнасына» («Ел нышаны ‒ рәміздер», «Әкесіне ‒ ұл айбын, шешесіне ‒ қыз айдын», «Халқымның қадір-қасиеті», «Ырыс алды ‒ ынтымақ», «Аяз би», «Ақылды қазы») сияқты бөлім-тараулардан құралған-ды. Ұлттық әдебиеттің басты мақсаты – ұлттық характер тудыру. Ал, шығармадағы ұлттық характер қаламгер бойында ұлттық рух, ерік-жігер болғанда ғана өз тұғырына берік орнықпақ. Жалпы, ұлттық рух ‒ туған жер, өскен өлке, ана тіл, тарих, дін, салт-дәстүр сияқты ұғымдармен қатарласа жүретін әдеті. Қанат Қайым әр шығармасында маңызды уақиғалар, қызықты характерлер ғана тауып қоймай, тіліміздің мүмкіндіктерін де орнымен пайдалана біледі. Бұл ‒ қаламгердің «Кішкентай ауылдың «қарасирақтарында» анық байқалатын нышан. Қанат Қайымның басты қаруы – баяндау. Ол қаһармандарын жан-жақты ашу мақсатында осы тәсілді сәтті қолданады. Тіл – ойды, дүниетанымды, ішкі әлемді, бітімді білдіретін құбылыс. Осыны таныта алғанда ғана, автордың стилі айқындалмақ. Ол әңгімелерінде нақтылыққа, дәлдікке жүгінсе, повестерінде ауа жайылуға, кең көсілуге бейім. Мұны «Көңілшер» повестінен байқадық.

Автор өз оқырманын есінен бір елі шығармайды, қайта оны бағалайды, оған сенеді. Кейде кейіпкер басынан кешкен дүние – әңгімешінің де өз басынан өткені, өзінің күйінгені, сүйінгені арқылы берілетін секілді. Туындылардың өзгешелігі тек сюжетте ғана емес, баяндау тәсілінде, кейіпкерлердің сөйлеу мәнерінде. Пcиxoлoгиялық туындыда қос әлeм: cұлулық пeн ұcқынcыздық, caнaлылық пeн бeйcaнaлық, өмip мeн өлiм, ақ пен қара, т.б. apacындaғы ымыpaсыз тартыс туралы oй қoзғaуғa мәжбүp eтeдi. Психологиялық прозада кісінің ішкі әлемі, санадағы өзгеріс, адам ішіндегі түрлі құбылыстар маңызды. Қанат Қабділрашидұлының «Сарқын», «Тағзым», «Итырғын» әңгімелерінде психологизм бар. Әр туынды басталып, заңдылыққа сәйкес дамып, аяқталғанын түйсіну, идеялық, тақырыптық бастауында, мазмұны не пішініндегі сыр-сымбаттың ішкі үндестігін сезіне білу – оқырман жан-дүниесіне сол туынды дарыта алған эмоциялық жылылықтың, эстетикалық сұлулықты терең ұғынудан. Сонымен жазушы қаламынан туған «Көпір астындағы үй» повестіне көңіл көзімен қарасақ, одан қайшылықты да, күрделі әрі сан алуан тағдыр билеп-төстеген адамдарды да, күйініш, сүйінішке толы нағыз өмірді де байқар едік. Автор кейіпкерлер жан-дүниесін, арман-аңсарын, мақсат-мұратын, қуаныш-өкінішін, шыншылдық диалектикасы арқылы бейнелеуге көп көңіл бөлген. Айталық, «Мен ‒ өмірдің жалғасымын» атты хикаяттың орталық қаһарманы Дәу ата – бүгінгі әдебиеттегі болмысы бөлек бейне. Қаламгердің жазу стилінде әңгімелеудің, баяндаудың молырақ кездесетінін, характерді диалог негізінде ашуға көбірек көңіл бөлінетінін ескере кеткен орынды. А. Байтұрсынұлы әңгіме жанры шағын болса да, көтерер жүгі өте ауыр екені туралы айтқан еді. Оның қиындығы сонда, автор әңгімеге тек кісі тағдырының жылт еткен сәтін сыйдыра отыра, органикасын, тұтастығын сақтай алуымен қоса, көркемдігі жоғары болуға тиіс. Бұл әдебиетке, жалпы өнерге – ортақ талап. Осы ретте, «Қараңғы бөлменің құпиясы», «Иттің күшігі», «Өзгені сыйла», «Тек», «Мереке» сықылды әңгімелерде жинақылық, юмор әрі бала мінезін дәл тану, нақ көрсету бар. Қорыта айтар болсақ, қолымызға тиген аталмыш жинақ ‒ қазіргі қазақ балалар әдебиетіне қосылған олжа...

Әлібек БАЙБОЛ,

жазушы, әдебиеттанушы-ғалым,

Абай атындағы ҚазҰПУ ұстазы.