(Жаңа жинақ туралы сөз)
Бүгін, міне, тағы бір кітап ортамызға озды. Аты да ерекше. «Ағаштар үнсіз өседі». Неге үнсіз өседі? Неге улап-шулап, айналасын даңғаза қылып, өлерменденіп, өршеленіп өспейді? Атам заманнан бері келе жатқан ағаш философиясын Оңайгүл ақын былайша бедерлепті: «Ағаштар үнсіз өседі, Үнсіздік – оның шыдамы, Ағаштар үнсіз өседі, Үнсіздік оның – құраны». Десе дегендей, өзі де өлеңді үндемей жазады. Яғни жаңағы ағаш кейіпкері секілді үндемей өседі. Бірақ үндемегенімен Оңайгүл шайыр – оңай шағылатын жаңғақ емес. Бұл ойымызды мына жинағына енген ойлы өлеңдері қуаттай түседі.
Үнсіз өсетін ағаш сынды тұйықтау әрі тұңғиықтау ақынның кітабын әдебиетті шексіз жақсы көретін және терең түсінетін Жаңабай Сүйіндікұлы деген кластасы шығарып беріпті. Алғы сөзін де өзі жазған. Оны «Біз – әлі де кітап оқитындармыз» деп атапты. Астанада тұратын шырайлы шайырдан көмек сұрамай, қайта қол ұшын ұсынып, жинағын шығарып, оқырманға тарту еткен қайырымды кластастан айналып кетпейсің бе?
Екі поэма, көлемді жырлар, балладалар және лирикалық өлеңдер топтастырылған бұл кітаптың негізгі ортақ тақырыбы – ел мен жер, адам мен заман, байып пен байлам десе де болар. Ақын өзінің туып-өскен өлкесі – мұнаралы Маңғыстауды да, байрақты бабалардың ізі қалған басқа өңірді де жан-дүниесімен жырлаудай-ақ жырлап келеді. Әсіресе, өзі талай жыл дәмін татып, отын көсеп, қазанын көтерген, суын ішкен, ақыры әбден бауыр басып, тұрақтап қалған Арқаға деген ықыласы тіпті бөлек.
Сарыарқа бұл – ақ бидайдың дестесі,
Белгілі енді тарихымның өшпесі.
Ұлылардың бәрі туған бұл өлке,
Ой-қиялдың «Менделев кестесі», –
деп жыр періштесі Төлегеннің сүрлеуіне салып жырласа, бұл тұжырымды ақынның қазақ жерінің қай мүйісін де жат санамағаны деп ұғынған жөн шығар. Сондай-ақ ол Шерқаланың шер-наласын сипаттаса да, оны бүкіл ұлттың зар-мұңы деп ұғындырады. Сол Шерқала мен Айрақтыны Алаштың тәжі деп тәпсірлейді. Онысы жүректен шығады, көңілден көрінеді, сені қапысыз сендіреді, сендірмек түгілі сүйсіндіреді. Маңғыстауда тумаған маңғыстаутанушы Жанат Әскербекқызы екеуміз мұны жақсы түсінеміз.
Бәрібір туған жердің аты – туған жер! Сондықтан ақын әпкеміздің: «Көк аспан сынды баяны дара, Толқиды ғажап көз ілмей. Жағасындағы аялы қала, Қазақтың көркем көзіндей», – деп қарт Каспий мен ару Ақтауды жанымен жырлағанын көріп, тілеулестік танытасың, шеберлігіне тәнті боласың, мықтылығын мойындайсың.
Бұл кітаптағы өлеңдердің негізгі идеясы – ізгілік пен ірілік. Адамды аялау, сезімді саялау. Қатыгездің қатал жүрегінен жақсылық іздеу. Оңайгүл ақынның өлеңдеріндегі ізгілік мен мейірімділіктің шектен тыс екенін көрген соң жанталасқан жаудың өзіне де, көзіне де жәудірей қарағың кеп кетеді.
Мәселен, «Жыландар жыры» деген өлеңін алайық. «Ала таңмен таласа, Жетім қалған балаша, Бейуақытта жылан кеп, Түндігіңнен қараса... Бейуақытта жылан кеп, Керегеңе керілсе, Дөдегеңе өрілсе, Адамдай ойлы көзімен, Өзіңе қарай емінсе», – деп жырауларша жосылып, жыршыларша көсіліп, ағыла ақтарылған кезде, әншейінде денеңе діріл жүгіртіп, тілі сумаңдап, уын шашып тұратын жылан екеш жыланның өзі сенің көз алдыңда сүйкімді боп сала береді. Сөйтіп, жаныңа жаққан жылан онысымен қоймай, «Жезбен түстес құйрығым, Орайын деп келген жоқ, Тілімдегі зәрім де, Тамайын деп келген жоқ. Адамдардың үрейін, Алайын деп келген жоқ», – деп ағынан жарылып, бейбітшілікті аңсаған ақ кептердің кейпіне кіреді.
Оңайгүл Тұржан осылайша стереотипті бұзып-жарып жазады. Мерездікті мейірімге жеңдіреді. Қатыгездікті қайырымдылықтың алдына апарып, тізе бүктіреді. Тіпті өз қолымен тізерлетеді. Сондықтан да өзгенің жыланы ысқырынып тұрса, оның жыланы ақ жалау көтеріп, адамдарды аялап жүреді. Мұны осы жинақтың тілеулесі, тағы бір жылантанушы шайыр, «Тарымшы» дастанының авторы Ербол Алшынбай да жақсы біледі.
Оңайгүл Тұржан – жаңашыл жыршы, өзі әріптестеріне арнап айтып жүргендей, модерн-мінездің ақыны. Ол бүгінгі қоғам туралы түсінікті өзгеше оймен өрбітеді. «Парадокс дәуірінің тозаңы – «А» әрпінен «Б» әріпі озады», – деп төтеннен жол салады. «Макро-тірлік ішінде жүрер у-шу боп, Микро-ойлар өлемін деп те қорықпай», – деп оқшау пікір айтады. «Қурайлар өзін құдыреттердей қайта ашып, Инстаграмның көшелерінде байқасып», – деп қазіргі заманның әлеуметтік әуеніне салады. «Адам деген көнбісті де, жанкешті, Адам деген супержүйе қашаннан», – деп бүгінгі леппен ой өрбітеді. Осының бәрі оның заман көшіне ілесіп, үнемі ізденісте жүретінін айғақтайды.
Оңайгүл ақынның пір тұтатын құдіреті – сөз. Ол сөздің бүкіл болмысын өзгеше қырынан жырлайды. Қалыптан тыс қағидаға салады. Сөздің шерін «Қинады оны архивтерде өксіген, Қағаздардың сия-сия көз жасы», – деп көрсетсе, кей сәттегі халін «Сөйлеп кетсе сонда даусы дірілдеп, Мәтіндер де инсульт алып құлардай», – деп бедерлейді. Сөзден түзілген жазбаның сипатын «Солай, мұнда қайнап жатыр ғасырлап, Мәтіндегі мұңлы-шерлі тіршілік», – деп танытса, сол сөзді аманаттаған арыстарды «Мәтіндердің арасынан мұнартып, Түрегеліп қарап тұрар боздақтар», – деп емірене еске алады. Соның бәрінен дарыған әсерін, дәлірек айтқанда әрі-сәрі көңіл-күйін:
Сан ғасыр өтті,
Отырмын әлі үстелде.
Ұмыттым мүлдем –
Қағазы қайсы, мен қайсы? –
деп торығып түйіндейді.
Ақын поэзиясындағы кітап-образдар ойға қалдырады. Ол оны жерден де («Күлтегіндік ойдың шың-құз ұясы, Тас-кітаптың кепкен жоқ тас-сиясы»), судан да («Теңіздің кітап бетін оқығандай, Үміт үзбей, әйтеуір, ақтарады) іздеп табады. Тіпті оны тарихтың қойнауынан да көріп, дәстүрлі өлшемді ұлғайтып, «Күлтегін-тастың бір өзі, Алып бір кітапхана ғой», – деп ой түйеді. Қыр мен қыратты, жыра мен жартасты шарлап, «Құлпытастар – ол да бір көне кітап, Айдалада күбірлеп сөйлеп тұрған», – деп тұжырымдайды.
Оңайгүл Тұржан – тосын тіркестер мен оқшау образдардың шебері. Оның өлеңіне өзек болған күнделікті қолданыстағы елеусіз сөздердің өзі ерекше өңге, өзгеше түрге енеді. Ақынның заман туралы («Адамдардың нөпірін алдыңа сап, Қайда зытып барасың, құмай-заман»), адам туралы («Сүйегі қашып шығып денесінен, Оқшырая қарап тұр саған, маған») қырық қатпарлы, алпыс астарлы терең тұжырымдары көп ойға жетеледі. Әр тіркесін талдасаң, ұзаққа кетесің. Мәселен, оның өлеңдеріндегі тас-образдардың өзі бір мақалаға жүк болар еді. «Біз кеткен соң кетпейтұғын ешқашан, Қара тастар – даладағы тас-қонақ» – сол қаптаған тас-тіркестердің жиынтық образы.
Оңайгүлдің азаттық туралы парық-пайымы да ешкімге ұқсамайды. «Тоз-тоз болған көйлегімнің ішінде, Азаттығым келе жатты алаулап» немесе «Тас бабалар тас көйлегі желбіреп, Азаттыққа бір керемет берді леп», – деген тұжырымдар осыны аңғартса керек. Соның бәрін өзі айтқандай, Көкбөрінің демінде, Күлтегіннің көгінде, Шерқаланың шерінде, Желтоқсанның желінде шыңдалған шабытының арқасында жазып шықты.
Көп дабыра қылмай-ақ қояйық, осы жерде қалсын, Оңайгүл апайымыз осы күндері бір адам айтқысыз әйбат жасқа кеп жатыр деседі. Әдемі әпкеміздің әр-әлпетіне, кейіп-келбетіне, жүріс-тұрысына, қимыл-қозғалысына қарап, Бұқар жыраудың байламына онша бағыныңқырамай, «Жетпіс деген жасыңыз, Жарға ойнаған лақтай», – дегің келеді.
Осы кітабыңызда мынадай бір өлеңіңіз бар екен. Сол туындыңызда:
Тынығып ертеңіне аттанатын,
Тағы айналып келгенше қап-қара түн.
Адам – көшкен керуен, бұл тірлікте,
Жүзге жетсе дейтұғын шапқан атым!
Жүзге жетіңіз! –
деп жазыпсыз. Енді бүгін сол тілекті өзіңізге айтамыз. Сіздің де Маңғыстаудың маң даласынан Сарыарқаның сары беліне дейін көсіле шапқан жүйрігіңіз жүздің желкесіне дейін жетелеп жеткізсін!
Жеміс беретін ағаштарыңыз көп болсын! Бәрі де шетінен үнсіз өсе берсін!