Өз рухани әлемін кемелдендіруге о бастан күш салған Фариза Оңғарсынова поэзиясына халықтың қызығушылығы басылмайды, ықыласы арта түседі. Фариза жыры – кейде кеңістік сияқты. Оқырманның аласапыран сезімін аққудай қалқытып айдынға алып шығып, көңілінің терең түкпірінен үн тартып, жасампаздық биікке көтерген атақты алпысыншы жылдардың рухы, оның ішінде Фариза жырлары бізді әлі емдейді, жанымызға сая болады. Ұлттық әдебиетімізде Фариза ақын поэзиясындағы махаббат сарыны кәсіби жаңа биікке көтеріліп, шындық өмір аясында соны бояумен ажары ашыла түсті. Ауыз әдебиетін арда еміп, халықтық жырдан сусындап өскен ақын кей сәтте теңіз боп толқып, енді бірде сахарада шөлден кенезесі кепкен жолаушының күйін бере алады. Ішкі дүниесі мұңға жақын ақын («Поэт – не толпа, он неизлечимо одинок». Жорж Батай), әсіресе, нәзік жаратылыстың жұмбақтау жанына үңіліп, дала қызының көкірегіндегі қатталған сырын біртіндеп ақтарып, тұтас қазақ әйелінің бейнесін жасауда даралығымен көзге түсті, осылайша, шығармашылық ойлаудың кемелдігіне жетті. Десек те, оның журналистігі туралы әңгіме тіпті бөлек.
Егер мен ақын болмасам, қартайғанша ел кезіп,
әділет пен шындықты дәлелдеу үшін азып-тозып
айшылық жол жүруге бар журналист болар едім,
алайда менің ақын ретінде қалыптасуыма
журналистік жұмысымның көп әсері болды.
Фариза Оңғарсынова
Мың сан соқпақтың арасынан өз жолын жазбай танып, кейде тіке, кейде қиялай жүріп, түптің түбінде маңдай тері тамшылап жүріп биікке шыққан адам үшін төмендегінің бәрі алақандағыдай көрінетіні рас болу керек. Әсіресе, жазудың, шығармашылық жұмыстың рахатын да, азабын да бір кісідей бастан кешкен адам бұл істегі бір қайнауы ішінде кеткен шалалықты, жүйесіздікті, дилетанттықты кешіре алмауы орынды сияқты көрінеді. Бірде «Евразия» телеарнасындағы әріптес қыздардың айтқаны бар. Арнайы бағдарламаға сұхбат алмақшы болып Фариза апаймен хабарласып, рұқсатын алып, белгіленген күні барады, бірақ, апайдың алдында қобалжыды ма екен, болмаса, дайындаған сұрақтары шикілеу болды ма, әйтеуір, Фариза апай сұхбат бермей, журналист қызды сценарисімен, операторымен қосып «Дайындықтарың жоқ, келесіде дұрыстап дайындалып келіңдер», – деп жекіп, қайтарып жіберіпті. Түсінетін адам үшін, әсіресе, журналистер үшін бұл сабақ болуға тиіс. Журналистікті сонау жас шағында «Коммунистік еңбек» газетінен бастап, өзі ашып кеткен «Тұмар» журналына дейінгі аралықта өзгелердің жанын жарылқап, мұңын тыңдап, талай жақсы адамдармен қатар жүріп, небір аңыз адамдармен сұхбат құрған журналист адам өзіне қойылған алғашқы сұрақтан-ақ көп нәрсені аңғара алар еді.
Ішінде «жаны» бар очерктер
Бүгінде біз очерк жазбаймыз, оқымаймыз да. Оны кезіндегі соцреализмге жігер берген жанр деп түсінетіндеріміз аз емес. Сол кезеңде Әзілхан Нұршайықов, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, Оралхан Бөкейлердің егістік-шабындықтағы еңбектің тынымсыз ағыны, салтанат құрған дала, жастардың тасып-төгілген қайрат пен жігері бейнеленген очерктері енді архаизмге айналып барады. Ал, дұрысында, очерк жанры – жанрлардың төресі, онда төгілдіре баяндау да, теңеу де, суреттеу де, шағын проза элементтері де, романтика да – бәрі бар, кейде тұла бойы поэтикалық туынды сияқты болып құйылып шығатын очеркті тек қабілет-қарымы мықтылар ғана жаза алатынына мән бере бермейміз. Сол кезеңдегі Фариза апайдың жолсапар болсын, портреттік не проблемалық болсын жазған очерктерінің бәрінде де қоғамның басты байлығы – адам екені аңғарылып тұрды. «Қазіргі қоғамда өсек-аяң көп. Өкінішке орай, біздің журналистеріміз де сол тақырыпқа бейімделіп, жалған сенсация қуып, отқа май құйып жазғанға машықтанып бара жатқан тәрізді. Жақсы адамдар, жақсылық туралы айтпаймыз. Жақсылықты көрмейміз. Жақсылық жасайтын адамдар жайлы жиі жазсақ, жанымыз жамандықтан аулақ болар еді» дейтін. Ол өзі жақсы адамдардың жан-дүниесін ашып көрсетіп, ол адамдардың тек алып державаға қызмет еткен көп «жұмыс атының» бірі ғана емес, ақ жүрегі, арманы, келешегі бар, қоғамның өзінше бір бөлшегі екенін көрсетуге тырысты. Мысалы, «Мұнаралы Маңқыстау» деген үлкен бір тараумен берілген очерктердің әрқайсысында жүзін күн қаққан, елдің игілігі үшін аянбай еңбек еткен, елдің арманын өз арманына балап, бейнет кешкен адамдардың бейнесі бар. Ал қазір еңбекті насихаттау, еңбек адамына барынша құрмет көрсету аз. Қарапайым еңбек адамы дәріптелмеген соң, еңбек етуге құлықсыз болып өсіп келе жатқан жастарға өкпелеу де артық сияқты.
Соңғы кездері әңгіме жазатын жастардан кейіпкерлерінің ақыл-есі ауысқан, басты кейіпкер аяқ астынан жынданып кеткен әңгімелер жиі келетін болып жүр. Мүмкін, жастар мұны ерекше тақырып деп ойлағандықтан таңдай ма, болмаса, осы арқылы қоғамның немқұрайлылығын көрсеткісі келе ме?.. Фариза апайдың «Тұмар» журналына ондайларға орын жоқ, суицид, жат дін, қайғы-қасірет тақырыбындағы емес, жастық, махаббат, асқақ арманға қол созған жалынды жастар туралы шығарма керек. Фариза апамыздың журналды ашқан кездегі мақсаты да жастар өмірінен, шығармашылығынан жылт еткен жақсылықты көру болатын, бас редактор Оңайгүл апайдың талабы да сол. Оның үстіне, сюжеті неше жерден қиыннан қиыстырылған болса да, әдеби дайындықсыз, өмір тәжірибесінсіз ондай трагедияны беру – қиынның қиыны. Мысалы, Фариза апайдың «Шашы ағарған қыз хикаясында» ешкімге сыр білдірмей сенісіп, серттескен Алданының өлі күйін көргенде ақыл-есінен шатысып, сол бойда шашы ағарып кеткен қыз Шынардың басынан кешкен яғни 1921 жылғы «Дүзен оқиғасын» поезда жол үстінде естіген Фариза апай шағын очерктің ішіне сыйғызып жіберген. Очерк бола тұра, көтеріп тұрған жүгі мен тіліне қарағанда, кәдімгі әңгіме деуге болады.
Ең биігі – елдік намыс
Фариза апай елдік намысты көтеру туралы өз мақалаларында да, әр жылдары әртүрлі басылымдарға берген сұхбаттарында да міндетті түрде қадап айтып отырды. Тәуелсіздік алған жас мемлекеттің халқы үшін елдік намыстың орны тым бөлек, маңызы өте зор екенін әрқайсысына түсіндіргісі келген сияқты. Әдетте, ата-анасымен бірге тұрып келген жас отбасы өз алдына бөлініп отау шыққанда, бұрынғыдай үлкендердің айтқанымен жүре бермей, өз шаңырағына өзі иелік етіп, көп нәрсені өзі шешетіндігіне қуанады ғой. Бірақ, қуанудың арты тым еркіндікке, ерсілікке, дарақылыққа ұласып кетпеуі тиіс, сыншы боларлық сырт көздің көп боларын естен шығармай, елге күлкі болмауды ойлауы қажет. Біздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі көңіл-күйімізді тамыршыдай дәл баса отырып, сол тұстағы жазған мақалаларының негізгі өзегінде көптен күткен тәуелсіздігімізді алып, мұратқа жеттік дегенмен, осымен бәрі болды деуге болмайды, бізге артылар жүк пен міндет бұрынғыдан да зор дегенді қадау-қадау ойлармен жеткізді. Соның кейбіріне тоқталсақ дейміз. Мысалы, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жазылған бір мақаласында сессия, пленумдардағы жиындардың «Қазақстанда өтіп жатқан жиналыс екеніне жұрт назарын аударғысы келгендей, қазақша жазып алған бастапқы екі сөйлемін ежіктеп оқып шығатын» әдет туралы да, ұшақтардағы ағылшын, орыс, француз тілін білетін стюардессалардың арасында қазақша сөйлейтін қазақ қыздары жоқ екенін де ашына жазған еді. Осылай елдік намысты оятқысы келді. Одан бері де неше рет су ақты, әлі де орыс тілі – «ақсүйектердің», қазақ тілі – қара халықтың тілі болып отырғаны рас.
Әлемнің мен деген мықты елдеріне Қазақстанның атынан делегациямен барған апайдың сол сапардан «қазақ елінің атынан келіп тұрып, орысша ән айта бермей, қазақтың бір әнін айтайық» деген сөзге бола «ескішілсіз» деп бұлқан-талқан болған елдік намыстан ада қазақ жігітінің қылығына күйініп оралғанын жазғаны бар. Бәрін білетін, бәрін ойлауға шамасы жететін, тек қазақша ойлауға, қазақы көзқараспен қабылдауға ғана шорқақ ұрпақпен қай шамаға жетеміз деген ойлар мазасын алғандықтан да, «Біз жұртқа жағынумен, өзіміз өлеусіреп жатсақ та, біреудің бабын табуға тырысумен келе жатқан халықпыз. Ал, өзін сыйлата алмағанды өзге ешкім де сыйлап жарытпайды» деп жазған.
Шет елдің деревнясын көріп, қазақтың ауылын ойлаған Фариза апай шетелдерге көп шыққан, тек қалаларын ғана емес, кәдімгі деревняларын да көрген, шаруашылықтарымен танысқан. Көкірегі ояу жан әрбір көргенін көңіліндегі өз дүниесімен салыстырып, салмақтап қарайды емес пе. Фариза апай да сөйтеді, «Апыр-ай, осы өзге жұрттың ауласы мұнтаздай, жолдары түп-түзу, ұстаған дүниесі қолмен қойғандай болып тұратыны несі, ал қазақтың шарбағының бір жағы қисайып, ауласында ештеңе өспей, ашық-шашық жататыны қалай?» деген ойға келеді.
Ел болу – оқулықтан басталады
«Мен үйде, мектепте, университетте оқитын балаларымның сабақтарын күн сайын болмаса да, қарап отырамын. Баланың сабақ оқуға құлқы жоқ. Бұл – тек біздің үйдегі ғана емес, жаппай көрініс. Сондағы байқайтыным – ана тіліміздегі оқулықтар тілінің қасаңдығы. Тарих, жағырапия, биология, зоология пәндерінің қазақ тіліне аударылған оқулықтарын қаршадайымнан кітап мүжіген мен әрең түсінем», – деген еді Фариза апай өзінің «Ел болып қаламыз ба» мақаласында. Ел болып қалуға оқулықтың не қатысы бар деуіңіз мүмкін. Қатысы – зор.
Кадрдің қадірі бар ма?
Ауылдан шыққан ақын қай ауылға барса да, сол ауылдың ақсақалын, сол ауылдың анасын іздейді. Бірақ, соңғы жылдары сол дәстүрден жұқана да қалмай бара жатқанына қамықпады дейсіз бе? «Мұның бәрі ел басқаратын азамат тәрбиелеу дәстүріміздің тінін үзіп алғаннан» деді. Шын жауап осы еді. Фариза апайдың өзімен-өзі оңашада ойға шомып өлеңін жазып жүре беретін ақын, не өзі байқаған, куә болған жайды баспасөз арқылы жеткізуден қажымайтын журналист болып қана қалып қоймай, қоғам қайраткерлігі дәрежесіне көтеріле алған жан екені, оның көптеген келелі мәселелерді өз ақыл-ойының таразысына сала отырып парасаттылықпен түсіне алатындығы –жазғандарынан, айтқан, көтерген мәселелерінен байқалып тұратын. Фариза апай ел басқару ісінде халықтың әл-ауқатын көтеру, әлеуметтік мәселенің шешілуі, ең алдымен, кадрға қатысты екенін жақсы түсінген. Бұл «Санаға сілкініс керек» мақаласында анық көрінеді. «Менің пікірімше, көңіл аударатын бір келеңсіз жайт – басшы қызметкерлердің өз жерінен болмауы. Жергілікті жердің өткені түгіл, күні бүгінгі жағдайын, әлеуметтік-психологиялық ахуалын ұғып білмейтін адам елмен, жермен әбден сіңісіп кеткенше, біраз уақыт өтеді. Басқа жақтан келгендердің тоқсан бес процентінің көңілінде «бұл жерде уақытша жүрмін» деген пиғыл тұрады», – деп айтып салған екен. Командамен жүретін, командамен кетіретін әдет бүгінгі таңда әбден етек алып кеткен жағдай екені рас. Ретті жерінде үнемі мансапқор, шалағай, жағымпаз бастықтарды сынға алып отырған Фариза апай бұдан бөлек, көп балалы аналар мәселесін, оларға мемлекет тарапынан жәрдем, балалар үшін сауықтыру орындарын көбірек ашу, тіпті тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шет елдерге көптеп сатылған қазақ балаларын өз еліміздегі азаматтардың асырап алуына бөгеттер көп екендігін де ашып айтып отырды.
Оның айтқандары бәрімізге аманат
«Расында бүгінгі жаңарып жатқан қоғамымыздың жалғыз жетістігі – шаң басқан тарихымыздың аршылуы. Бірақ, менің ойымша, өз тарихымыздағы тұлғаларды ұрпаққа жария етуге, салт-дәстүріміздің ретін тауып, өмірге енгізуге баяғыда-ақ болатын еді. Бүгін жариялылық, қайта құру дегенді желеу етіп, бәріміз жаппай батыр да батыл болып шыға келдік», – деді Фариза Оңғарсынова. Бір қатесі жоқ. Дәл қазір өнер болсын, мәдениет болсын, саясат болсын, тәуелсіздік алған жылдардағыдай серпіліс байқалмайтын болды, оның орнын салбөкселік жайлап алды. Бүгінгі таңда бір қоғамдық ұйымның жетекшісі болып, қол жинап, хат ұйымдастырып, барлығы да батыр бола алатын болды, атақты болып, ендігі абырой жинап алғандар да толып жатыр. Бірақ, қалай десек те, Фариза апайдың мақаласының тақырыбындағыдай «Ел болып қаламыз ба?» деген үлкен сауал бұрынғысынша өткір күйінде тұр.
Апай өзі бір мақаласында «маған кейінгі кезде жүйкеңді тарамдап, жүрегіңді ауыртып жазған-сызғандарымызды кім үңіліп оқып, өзіне ой түйіп жатыр деген салыңды суға кетірер де ой келеді», – деген екен. Фариза апайдың журналистігі турасында, әсіресе, жас журналистер ол кісінің ел, жер мәселесінен бастап қоғамдағы кез келген мәселе турасында пікір білдіріп, қолынан келсе оң шешімін табуына ықпал жасағанын білсе, одан тек пайда табар еді. Мұндай адамдардың жүріп өткен жолдарын, бір мақаласының тарихын білудің өзі бүгінгі мастер-кластардан мүлде кем түспес еді...
Жадыра Шамұратова