ChatGPT және қазіргі қазақ әдебиеті


Қазіргі қазақ әдебиеті мен оның болашағы жайлы әңгіме төңірегінде сөз сөйлеуден  де байқау ұйымдастыруға болатын сияқты. Мәреге бірдей жететін дәрежеміз бар. Алайда әдебиет туралы пікірталастардың басым бөлігі жүйесіз іске көшіп бара жатқанын да аңғаруға болады. Айтылған пікірлерді бекітетін хаттама, оны саралап баспа бетінде жариялайтын мақала, ол мақаланы жазатын қаламгер де тапшыға айналып барады емес пе? Осы тұста әлем әдебиетінде пайда болған жаңа дискуссиядан аттап кете алмайтынымыз анық болып отыр. Кеше ғана жасанды интеллекттің ауылы алыста көрінгенмен, қазір бәрі өзгерген. 2022 жылдың қарашасында кез келген адамға қолжетімді жасанды интеллект құрылғысы ChatGPT іске қосылғаны мәлім. Бұл құралдың күн санап адамзат тіршілігінің барлық саласына белсене араласып келе жатқанын да көріп отырмыз. Кезінде Илон Маск негізін қалаған OpenAI компаниясы жұмысының нәтижесінде қазіргі таңда біршама мамандық вакансиялары жасанды интеллектімен алмастырылып отыр.

ChatGPT – чат-бот негізінде қызмет ететін жасанды интеллект құрылғысы. Оның жұмысы диалогтік режимде жүзеге асатындықтан, адаммен коммуникация құру арқылы желідегі барлық ақпаратты басқарып, кез келген мәтін формасын құрастыра алатындай қуаты бар. Мәтін құрастыру функциясы көркем шығарманың сюжетін, шығармасын, өлең ұйқасын, драматургиялық сценарийге дейін қамтамасыз ететіні әлемдегі барлық шығармашыл қауымдастықтар тарапынан үлкен алаң туғызып отыр.

2023 жылдың ақпан айында жасалған санаққа сүйенсек, ChatGPT қолданушылар саны 100 млн адамға дейін жеткен. Соңынан наурыз айында GPT-4 жаңа модулі іске қосылды.

Кезінде қиял-ғажайып ертегілерден бастап антиутопияға дейін арқау болған сюжеттер қазір біздің шындыққа айналғанын байқамағандай да боламыз. ChatGPT туралы зерттеу мақалалар, қызу пікірталастар мен жалпы ақпарат интернетте жеткілікті. Біздің ендігі әңгіме жасанды интеллекттің өнер әлеміне әкелетін һәм қазір-ақ орындап жатқан өзгерістері төңірегінде өрбісе...

ChatGPT диалогі көркем шығармалардың, киносюжеттердің, телехикаялардың жалғасын ойлап тауып, оны түрлендіріп, альтернативті шешімдеріне дейін мәтін формасында ұсына алады. Мәселен, желіде біраз талқыға түскен американдық дизайнер Аммар Решидің жасанды интеллект көмегімен 2 күнде жазып шыққан «Alice and Sparkle» ертегілер кітабі Amazon арқылы сатылымға шығып үлгерген. Және сатылым көрсеткіштері де жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Кітаптың сюжеті ChatGPT көмегімен жазылып, ал иллюстрациялары Midjourney платформасы арқылы салынған. А.Решимен бірге жасанды интеллект шығарманың авторы ретінде бірге көрсетілген. Алайда, кітаптың мазмұнына назар салсаңыз, плагиаттық сарындағы дүниелер самсап тұрғанын байқар едіңіз. Автордың айтуынша, ChatGPT-мен жұмыс шығармашылық потенциалы жоғары көмекшімен бірге ой өрбітіп, әңгімелесуге ұқсайды. Бірақ аталмыш құрылғының негізгі қуаты желідегі толассыз ақпарат екенін ескеретін болсақ, ондай шығармашылық қуаттың генерациясы басқа белгілі шығармалардан алынатыны белгілі.  Дәл осы мәселе шығармашылық қауымдастықтардың наразылығын тудырып отыр. Яғни авторлық құқық мәселесі жаңа деңгейге көтерілетінін болжауға болады. Midjourney құрастырған иллюстрациялар да қарапайым табиғи заңдылықтарға қарама-қайшы дүниелерді қиыстырып көрсеткен. Бұл да өз алдына бөлек бір мәселе.

ChatGPT махинасының сызбасы адам миындағы нейрондарға барынша ұқсатып құрастырылған. Алайда сәйкестікті жалпы құрылымына ғана қарап айтуға болады. Адам баласының миындағы жұмыс істеу қуатын дәлме-дәл қайталауға келмейтін анық – бұл да бірақ жеке адамның интеллект қуатына байланысты. Дегенмен, роботтар дәуірінде өмір сүретініміз бен жасанды интеллектінің бізге бәсеке құра алатындай мүмкіндігі бар екенін жоққа шығару мүмкін емес болып отыр.

Басқа салаларды ысырып қойғанда, әлем әдебиеті саласында ChatGPT айналасындағы қызу пікірталастар сағат санап өсіп отыр. Ал біздің қазақ әдебиетіне ChatGPT қандай да бір ықпал тудыратынын болжап айту мүмкін бе?

Біріншіден, әзірге ChatGPT қазақ тілінде сапалы жұмыс атқара алмайтынын атап өту керек. Грамматикалық, стилистикалық, лексика жағынан өрескел қателіктерге жол беретінін байқау қиын емес:

Жоғарыда көріп отырған мысалдардан кейін жасанды интеллекттің қазақ тілінде қызмет ету ауылы алыста болып көрінуі мүмкін. Алайда 2022 жылы iOS 16 интерфейсі қазақ тілін қосып, оның қызметін сапалы түрде жүзеге асырып келе жатқанын еске сала кеткен жөн. Google қолма-қол аударма жасау платформасы да күн сайын қазақ тілінінің сапасын жоғарылата келетінін де байқамау мүмкін емес. Себебі қазақ тілінде сұраныс бар. Енді кемінде бір немесе ең көп дегенде 3 жыл төңірегінде қазақша контенттің сапасы жетілетініне де күмән тудыруға болмайды.

ChatGPT құрылғының қазірден бастап-ақ қазақ әдебиетіндегі потенциалы жоғары деп ойлаймын. Себебі қазіргі қазақ әдебиетінде адасқақ вакансиялар дәурені басым болып тұр. Мысалы, қазақ поэзиясында ұйқасты шеберлік деңгейіне жеткізгендердің орнына ChatGPT-дің ұйқас құрастыру моделі келсе, біршама «ақындарға» бәсеке алаңы пайда бола алады. Проза үшін де сюжетті шытырманды оқиғалармен толықтыру ChatGPT қызметіне арқылу жүзеге асыру мүмкіндігі болады. Қазіргі қазақ әдебиеті нарыққа жақын емес екені мәлім. Әдебиет арқылы табыс табуға талпынатын авторлар бар болғанымен, көбіне ақын-жазушылардың жұмыс алаңы журналистика, тапсырыспен мәтін жазу, аударма сынды салаларда екенін заман көрсетіп отыр. Ендігі кезде бұл вакансиялар ChatGPT үшін де ашық болады. Жасанды интеллектінің жұмыс істеу жылдамдығы және қаржы жағынан тиімділігі бұл процессті тездете түсуі де ғажап емес. Сонда ChatGPT мәтін жазу саласында сөзсіз мықтыларды, имиджі өтімді, шығармашылығы қайталанбайтын қуатқа ие қаламгерлерді ғана қалдыратынын болжасақ болады екен.

ChatGPT-дің қазіргі таңда анық сезілетін болжамдарының тағы бірі – мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын әдеби сайыстардың құнсыздануы. Әсіресе қазіргі поэзияға сөз көркемдігі арқылы жақындау формуласына жасанды интеллектінің де күші жететінін есептеп шығаруға болады.

ChatGPT барлық салаға өзінің оң және кері әсерін бірдей әкелетіні сөзсіз. Автоматты түрде мәтін жазу оқушы, студенттердің, шығармашылық топтардың тежеушісі болатындай потенциалы бар. Алайда шығармашылық қуатты аса қажет етпейтін қағаз жұмысқа ыңғайлысы да осы ChatGPT болмақ. Жасанды интеллектінің әсерінен қорқыныш тудыратын ақпараттар тез тарауда. Әрине, оның адамзаттың ендігі өміріне әкелетін өзгерістерін енді кері айналдыру мүмкін емес. Біздің бар мақсат-мұратымыз өзімізді сақтап қалу. Бұл орайда ChatGPT сынды жасанды интеллектіден қашанда биікте тұратын адамның шығармашыл, сыни ойлау қабілетіне сенім білдіру керек. Ал оған адам баласына алдымен әдебиет, өнер қажет...

Мерри Шеллидің «Франкенштейн немесе Заманауи Прометей»  шығармасын қайта оқып шығудың сәті түскен сияқты... Бұл тақырып соңғы жылдары шыққан шығармалар ішінде британдық жазушы Кадзуо Исигуроның «Клара және күн» романында да жақсы ашылған. Жасанды тіршілік пен шынайы өмір арасында таңдау жасау – жаңа заман талабы сияқты. Ойланып көрейік...

Ақерке Асан, әдебиеттанушы