ШАРА БАТТАЛҒАЗИЕВА. БАЙҒАЗЫ

Жаз шыға әжем тігіп берген шыт көйлектің етегімен арықтан шөміш балық сүземін. Өздері сүп-сүйкімді, үтір белгісіне ұқсайды. Менің бірінші класқа баруымды күтіп тұрғандай-ақ әкемнің қызметі аудан орталығына ауысып, біз ауылдан көшетін болдық. Оқу жылы енді басталғанда мектеп ауыстыруыма тура келді. Мені қойшы, әжемнің «Қара сиырды қайтеміз? Суы тұзды емес пе екен?» секілді уайымы көбейді. Сөйтіп, біздің үйде көшуге әзірлік басталып кетті. Кешкісін үйге берілген тапсырманы орындай қояйын деп отыра қалғаным сол еді, ауладағы жер ошаққа бауырсақ пісіріп жатқан әжем дауыстап шақырды. Ол кісінің қос уысыма салып берген ыстық бауырсақтары қолымды күйдіріп бара жатқан соң, жүгіріп келіп дәптерімнің бетіне төге салғам. Ойымда түк жоқ. Қаламсабымның үшін сияға матырып қойып, бар ынтамды салып жазып шықтым да, келесі бетке жазу үшін онда жатқан бауырсақтарды ысыра бере жүрегім зу ете қалды. Масқара! Қайран дәптерде сау-тамтық жоқ. Бауырсақтың майы жайылып кетіпті. Сасқанымнан дәптерді жаба қойдым. Сәл өзіме-өзім келген соң дәптерді қайта ашқанда одан бетер сорақылыққа куә болдым. Маржандай жазуларымның сиясы маймен араласып атала болып қалыпты. Алайда ауылдастарға ажырасар аяқ беру жолындағы қызу тіршілікке байланысты менімен де, менің дәптеріммен де ешкімнің шаруасы болмады. Ауылымыз Ұзынбұлақтың тайлы-тұяғы қалмай бізді шығарып салды. Мен үйдегі төрт баланың үлкенімін, әжемнің «меншікті» қызымын. Әшейінде аузымызға анда-санда ғана тиетін тәтті бүгін ағыл тегіл. Тіпті біз менсінбеген мұз кәмпитті қанден итіміз Ақтабан да жемей қойды. Аудан орталығы Кеген соншалықты алыс болмағанымен тауды орап жатқан бұранда жол Қайқы асуын асып түседі екен. Біз мінген машина тауды қиялай жоғары көтерілді. Төменге қарасаң басың айналады. Қорыққанымнан әжемнің етегінен тас қылып ұстап алғам. Жоғарыға баяу өрмелеген жүгі ауыр көлік енді еңіске зулады. «Қайқы» деп атын қалай тауып қойған өзінің. Таулы жол жаңа ауылды тезірек көрсем деген ынтамды тежеп тастады.

 «Кеген жақсы дегенге,

Барып едім Кегенге.

Тары тұрмақ талқан жоқ,

Суға шылап жегенге»,–деген өлеңді балалардың аузынан талай естігенде талқан мен тарыны суға емес, сүтке шыласа дәмдірек болады деп ойлаған едім. Жаңа қонысқа түнде жеттік. Бәрімізді жол соғып әбден қалжырағандықтан жүктің біразы үйге кірмей қалды.

Таңертең оянсам әкем мен апам жұмысқа кетіп қалыпты. Аңыраған бос   бөлменің пердесіз терезесінен сыртқа көз салғам. Есіктің алдында шошқалар өріп жүр! Шошқа түгілі тірі орыс көрмеген басым, қапелімде тілім байланып қалсын. Танаулары дөп-дөңгелек болады екен өздерінің. Қорсылдаған бәлелер ауладағы заттарымызды түрткілейді келіп. Баж ете қалып едім, самай шаштары бұрқырып дереу әжем жетті қасыма. Ол байғұс та әзірейлі көргендей шоршып түсті. Аяқ астынан үйдегі бір кемпір мен төрт бала шұрқырастық та қалдық. Сыртқа шығуға қорқып, есік-терезеден сығалап жүрміз. Сәлден кейін әжем білегін сыбанып, жер сызған ұзын көйлегінің бір етегін ышқырына қыстырып, қолына оқтау алып, шошқаларға қарсы ұмтылды. Артындағы жартылай ашық қалған есіктен кішкентай ұйпа-тұйпа төрт бас қылтыйды. Шошқалар әжемнен әжептәуір ықты. Сол кезде қарсымыздағы жатаған үйден мыжырайған, бәкене бойлы, бет-аузын түк басқан орыс шықты.

Апа, коркпа олардан. Мен казир...

Шынашақтай орыс шошқаларын алдына салып айдап әкетті. Әжем жау қайтарғандай айбаттана қалыпты. Біз болсақ мысық көрген тышқандай үрпиісіп тұрмыз.

– Ә-й-й-й, неғып аңтарылып қалғансыңдар, түге! Келіңдер бері. Ит секілді қаба ма деген едім өздерін. Уһ, белім-ай, жаңағы орыс қазақша сөйледі ме осы,–деді бір құлағы кимешегінен шығып қалған әжем біз жаққа қарап. Оның қай тілде сөйлегенін өзіміз де аңғармай қалдық. Әйтеуір, түнде үйге кірмей қалған нәрселеріміз бүтін екен.

Алғашқыда орыстың тілін білмейміз, көршілермен ымдасып сөйлесетін шығармыз деп ойлаған едік. Сөйтсек, Сергейдің сегіз баласы шетінен қазақша сайрап тұр. Оның кіші ұлының да аты Сергей екенін естігенде:

– Тек әрі, орыста одан өзге есім жоқ па екен?-деді әжем таңданысын еш жасыра алмай. Бірде кешкі асқа отырғанымыз сол еді, көршінің үйі жақтан айқай-шу естілді. Сергей мас. Ауласында бала-шағасын ұлардай шулатып, әйелімен алысып жүр. Ондайды бұрын кім көрген, аңтарылып дәлізде тұрып қалған біздің арамыздан суырылып шыққан әжем аласа шарбақтан аттап өтіп, алысжұлысқа енді де кетті. Көйлегінің етегі парашют секілді желпілдеп әжем кіріскен соң көп кешікпей «майдан» саябырсып, Сергей сабасына түсті.

Біздің үйдегі тамақ пісіретін жалғыз ошақ көзі – бетіне темір спираль оралған электр плиткасы. Өзінің көлемі қос алақандай-ақ. Үнемі пайдаланғандықтан әжемнің сөзімен айтқанда, «спрәлі құрығыр» ұзаққа шыдамай күйіп кете береді. Жалғауға келгенінше пайдаланамыз. Ауылдың дүкеніне түспейді өзі. Бұл тапшылықты әжем өз бетінше шешпек болды.

– Әдірем қалғыр, бәрі бір темір емес пе,- деп плитканың үзік-үзік ескі спиралін алып тастап, оның орнына кәдімгі алюмин сымды орай бастады. Апам мен әкемнің жұмыстан келуін күтсек аштан қалатын түріміз бар. Біз жүресінен шоқиып плитка жамап отырған әжемнің қимылын жіті бақылаудамыз. Ол етегін қаға орнынан тұрды да, қораздана барып плитканы тоққа қосқаны сол еді, плитканың үстінен қызылды-жасылды от ұшқындары атқылады да кетті. Әп сәтте бөлменің ішін қою түтін орап алды.

– Аттан! Серкейге шап! – әжемнің даусы ащы. Плиткадан нағыз отшашу атқылап жатыр. Қараңғыдағы оттың жарқылынан анда-мұнда бір-біріміздің бақырайып кеткен көздерімізді көріп қаламыз. Абырой болғанда Сергейдің өзі келді. Плитканы тоқтан айырып, есікті ашты.

Әжем бытырай қашқан төртеумізді төрт жерден тауып алды. Өзінің түрі кісі күлерлік. Беті айғыз-айғыз. Көйлегінің етегін от шұрық-тесік етіпті. Оған көңіл бөліп жатқан жоқ, кезек-кезек біздің таңдайымызды басып жүр.

– Плитке деген бәлеңді енді желкемнің шұқыры көрсін! Мешке жетер дүние қайсы... Осылайша, Кегенге келгелі бері мас болған Сергейді әжем, «жаңалығы» сәтсіз болған әжемді Сергей құтқарған күндер өтіп жатты.

Аудан орталығының мектебі ескі екен. Қолдан жасалған добалдай ағаш партасы биік, аяғым жетпейді. Ол аздай, бір партада үш бала отырамыз. Ортадағының жазу-сызуы мүмкін емес. Сондықтан ортаға кезектесіп отырамыз. Әр қайсымызда сия құйылған сауыт бар. Ал партаның сауыт қоятын ойықшасы жалғыз. Қиғаш етіп жасалған партадағы ойықшаға орналаспаған екі сиясауыт әлсін-әлсін домалап кетіп, ақтарылып қала береді. Сия төгілген соң дәптерден де, кітаптан да ұсқын қашады екен. Киімнен де тамтық жоқ. Жаңа мектепке алғаш келген күні ортаға мен отырған едім. Жазған жазуым ұзынды-қысқалы иректерге ұқсап шықты. Кешкісін әдетінше менің сабағымды тексеретін әкемнің дәптерімді көргенде түрі бұзылып кетті. Дереу көзімді төмен салдым.

– Жұтаған неме!

Дәптерімді алдыма шиырып жіберді. Тамағыма өксік тығылғаны соншалықты, бір партадағы екі оқушының ортасында өкпем қысылып отырып жазғаным турасында жақ ашуға мұршам болмады. Әжем мұндайда әдетінен жаңылмайды. Қашанда мен жақта.

– Баланың меселінен садаға кетсін оқуы! Қарғам сол, онсыз да таңның атысы, кештің батысы кітап кеміреді,– деп айналып-толғанып, кимешегінің етегімен бетімді сүртіп еді ашуым басылып қалды. Әжем шынымен өзі айтпақшы менің «лөктірім». Тісім ауырса да, ішім ауырса да уқалап-сипалап жазып алады әйтеуір. Осы жолы да партадан көрген қысымнан құтылуға әжемнің септігі тиді. Оның «үзілісте тәтті алып жерсің» деп күнделікті қалтама салып беретін 15 тиынына үнемі шетке отыру құқығын сатып алдым. Парталас көршім Маржанбикеден. Қойдың кезегі секілді үш күнде бір келетін ортаға отыру деген азап жойылды. Бірақ Маржанбикенің бүйірімде отырып менің ақшама сатып алған пірәндіктің немесе халуаның хош исін бұрқырате-е-е-п мүжігені жаныма қатты батады. Амал нешік, көнуге тура келді. Ол жаққа мойнымды бұрмауға тырысамын. Дәптерімді ашқанда әкем ренжімесе болды. Маржанбике жалпы жаман қыз емес. Әжем оның атын ұмытып қала береді. «Мыржапия» деп өзінше атайды ылғи оны. Сол Мыржапия-Маржанбике мені алдағы жексенбіде болатын туылған күніне шақырды. Сыйлыққа не апару керектігін ойладым. Нанға барған сайын дүкендегі әйнек сөреден көріп жүрген саусақтың көлеміндей ғана қуыршақ қызды сатып алсам ба екен? Бұғылар елінің өрнекті тонын киген қысық көз қуыршақ қыз тым сүйкімді. Талай рет түсіме де кірді. Бірақ бақандай 3 сом тұратын, өзімнің қолым жетпей жүрген көркем ойыншықты Маржанбикеге сыйлай саламын ба?.. Әй, бәрібір әжем маған ондай ақша бермейді, білемін. Жексенбіде дүкенніңжабық болатыны есіме түскенде, тіпті қуанып кеттім. Үйге жаңа газеттермен «Мурзилка» журналы келіпті. Мен оны күнделікті бүйір түйістіре, аяғымызды салбыратып қатар отыратын Маржанбикеге өте лайықты сыйлық болады деп шештім. Туылған күн тамаша өтті. Тәттіге де, ойынға да қарық болдық. «Соқыр теке» ойынының қызығына беріліп, тым шулап кеткен болуымыз керек, Маржанбикенің апасы «Әйда, тараңдар!» дегенде ғана үйге кету керектігі еске түсті. Есіктен шығып бара жатып артыма бұрылғанда Маржанбикенің бөпесінің қолындағы парша-парша боп жыртылған «Мурзилкаға» көзім түсті. Әттең, ішіндегі суреттерін де көріп үлгермедім. Жаңа оқытушым Әбзелхан апайды ұнатпай-ақ қойдым. Біртүрлі бұйырып сөйлейді. Маған биыл сатып әперген ұзын қызыл пальтоның түймелерін салуға саусақтарымның әлі жетпейді. Сол кезде ғана мен апайдың көмегіне жүгінемін. Ал сабақ барысында туындаған сұрақты ол кісіге қоюға қаймығам. Өйткені Әбзелхан мұғалім қолынан тастамайтын таяқшасымен мал қайырғандай столды салып қалатын әдеті бар. Содан ба екен білмеймін, апайға ішім жылымайды. Түрі суық өзінің. Әсіресе, өткен жолы оқушыларды жеке жеке орнынан тұрғызып, өскенде кім болатынын сұрағанда екі көзі тұздай көк, артқы партада отыратын Нұрдәулеттің «ит атқыш болғым келеді» деген жауабына апай тіпті сұрланып кетті. Мен ылғи шетте отырғандықтан жазуым түзеле бастады. Көшіп-қонумен байланысты өзгеріске ұшыраған біраз әдетім өз қалпына енген секілді. Дегенмен, бәрібір Ұзынбұлақты сағындым. Алдында оң қолын алға созып тұрған Лениннің ескерткіші бар ескі клубын аңсаймын. Ескерткіш тұғырының өзі менің бойымнан үш есе биік. Астынан қарасам, тас мүсіннің аузы жыбырлайтын секілді. Маған сонысы қызық. «Қырық қарақшы», «Қожанасыр» секілді кинолар келгенде күндізгі сеансына әжем өзі ертіп апаратын. Алдыңғы қатардың қақ ортасына отырып алатын әжем шіби балапандардың арасындағы күрік тауық секілді. Кино көріп отырғанда оқта-текте «Алда ғана, пақыр-ай!», «Өйбү-ү-ү-й-й, енді қайтсін!» деген әжемнің сөздеріне тұрақты көрермендердің құлақтары үйреніп кеткен. Олармен әжемнің де шаруасы болмайды. Ауылымның жатаған клубын аңсап, жабығып жүргенімде Кегенде халық театры бар дегенді естіп қатты қуандым. Клубтан кино көргенім болмаса, театр туралы мүлдем ешнәрсе білмейді екенмін. Мен үшін жаңа әлем есігін айқара ашты. Әжеме ілесіп «Алғашқы мұғалім» деген спектакльге бардым. Кино секілді емес, мұнда тірі әртістерді көріп отырасың. Маған ұнады. Қойылым ұстаз өлімімен аяқталады. Оқ тиген мұғалім жалп етіп құлады. Аянышты. Мен көз жасыма ие бола алмай отырғанымда, сахнаның пердесі жабылып бітпей-ақ, төрде сұлап жатқан әртіс орнынан атып тұрып кетсін. Көріністен алған әсерімнің әлем-тапырағы шықты. Ол аз болғандай, қойылымнан кейін өнерпаздар концерт бергенде, алдында ғана «өліп қалған» мұғалім ән айтты. Шынын айтқанда, оның өлмегеніне өзім де қуандым. Кегеннің біздің ауылдан көш ілгері екені рас. Бірнеше дүкені, шекілдеуік, сыпырғыш, жиде сататын шағын базары, тіпті, театры бар. Бірақ бәрібір менің Ұзынбұлаққа деген сағынышым басылмады. Оның тауы жақындау ма, ауасы тәттірек пе... адамдары бауырмалдау секілді ме, біртүрлі.

Аз ғана уақыт оқытса да апайымның «әжесінің баласы» деп басымнан сипағаны неге тұрады. Бұл жердің мұғалімдері әжемді танымайды да. Осында келгелі әжем де ауылдағыдай екінші сабақтан кейін сырлы тостақпен аппақ, қоп-қою айранын алып класқа кіріп келуді қойған. Өйткені қара сиыр Ұзынбұлақта қалды. Оның ақшасына сатып алған теледидарды көргенде «мына жарықтықтың ішіне адамдар қалай сиып жүр, тоба!» деп жағасын ұстаған әжем футбол басталғанда «жалғыз допқа таластырмай, бермей ме бірбірден, әркім өз алдына ойнар еді тіпті», деп өзімен-өзі сөйлеп әлек болды. Маңдайымдағы балапан шаштарымды сумен сылап отырып, бұрымымды қамшыдай етіп әжемнің өзі өріп береді. Ол кісінің шашымды өруге қолы босай қоймай, бірде таңертең сабақтан кешігіп қалдым. Екі өкпемді қолыма алған күйі алқына мектептің табалдырығын аттағаным сол еді, жоғарғы кластарға сабақ беретін жүзтаныс апай тоқтатты. Сөйтсем, кешіккен мен ғана емес екенмін. Үлкенді-кішілі бір топ оқушы иірілген қойдай кіреберісте тұр. Әлгі апай бізге мектепті бес мәрте айналып жүгіруге бұйырды. Кешіккеннің айыбы дейді. Сөмкелерімізді тастап, іркес-тіркес сыртқа шықтық. Есімде жоқ, екінші айналымда ма, жоқ үшіншісінде ме, бар пәрменіммен омақаса кеп құладым. Артымдағы өкшелей жүгіріп келе жатқан бірнеше бала маған міңгесе ұмаржұмар жығылды. Уақ тастар оңдырсын ба, алақанымның бір қабат терісі сыпырылып қалыпты. Ол аз болғандай, екі тіземнен қан саулап тұр. Адамның тізесі бүгілетін болып жаратылғаны мұндай жақсы боларма, бет-аузым жарақаттан сау әйтеуір. Бәріненде шұлығымның екі тізесі жыртылып қалғаны жаныма қатты батты. Өйткені дәл мұндай жүннен тоқылған ұзын, жұқа шұлықтар біздің дүкенге келе бермейді. Апам қаладан әкеліп берген. Сол күні класта алақаным ашып, тізем ауырып, миыма ешқандай сабақ қонған жоқ. Бәрі түк емес шұлықтардағы тесік... тесік емес-ау, ойықтарды көргенде апам не дейді. Ұрсады әрине. Уайымым сол. Мектеп айналып жүгіруге бұйырған апайды керемет жек көріп кеттім. Өзі солай құласа ғой, көрер едім, бәлем! Үйге келген соң, табалдырықты аттай бере, удай ашып тұрған алақанымды әрең жазып, сөмкемді лақтырып жібердім. Біреу мені әдейілеп, итеріп құлатқандай өкіріп жыладым келіп. Әжем мені айналып-толғана жүріп емдомын жасады. Жеке «лөктірімнің» арқасында алақандарымның ашығаны сап тыйылды. Маған деген әжемнің мейірімін жіпке тізсе, бірнеше шақырымға жетер сірә. Шәйімді ішіп, сәл тынығып алған соң, шұлықтарымның ойығын жөрмеп отырған әжемнің кимешегінің үшімен қос алақанымды кезек желпи, ол кісінің артына қисая кеттім.

– Әй, бар ғой, өзің де жасықсың осы! Жүгір десе, жүгіре бермекпісің. О несіау десе, баланың бір жері майып болса қайтеді ей! Өжет болуың керек! Әжем біразға дейін күбірлеп өзімен-өзі сөйлесіп отырды. Әдеті бар сондай, кейде сөзінің соңын жұтып қояды.

– Әже десе, «өжет» деген қоянның күшігі ме?

– Е, жоқ ә! Қоянның баласын көжек дейді, ақымағым сол! Өжет деген... өжет... демекші... ойбүй, несін айтасың, уыздай жас екенмін-ау ол кезде. Колхоздың қойын бағамыз атаң екеуміз. Бірде, екі кештің арасында ауданнан уәкілдер келіп, елді тегіс колхоз-отауға жинады. Менің әлдебір шаруадан қолым босамай, бара алмадым. Сөйтсем, Стәлін өліп қапты ғой. Соған байланысты қаралы жиын болса керек. Ертесі күні халықты қайта жинап, менің мәселемді қарады. Дүйім жұрттың алдына шығарып алып «Көсемнің өліміне қарсымысың?» деді ғой. Мен болсам дереу «жоқ!» деп саңқ ете қалдым. Уәкілге қарсы сөйлеген адам оңбайды-ы-ы-ы. Итжеккенге айдап жіберуі мүмкін. Әжем үнсіз қалды. Оң қолындағы қос білезігін сыңғыр еткізіп жанқалтасынан орамалын алып шықты. Сөйтті де бойын сәл тіктеп:

– Әй, жас шағымда ұяңдау болғам-ау шамасы. Қазір сұраса ғой, «Стәлініңді мен өлтіріппін бе?» деуші едім, әлгі немеге. Әдірем қалғыр сол! Мен де ойланып қалдым. Рас-ау, Сталиннің ажалы айдалада қой бағып жүрген әжемнен келмеген шығар.

– Әне, сондықтан өжет болу керек адам деген...

– Оқтаумен Сергейдің шошқасын қуғандай ма?

– Тек әрі, қайдағыны айтпай!

Көшіп келгенімізге біраз уақыт өтсе де Кегенге әлі бауыр баса алмай жүрмін. Тіпті бұл жердің қысы да тым ұзақ көрінді маған. Көктем кеш келеді екен өзіне. Ұзынбұлақта ғой, ерте көктемде ауыл шетінде гүлдейтін жауқазынның тамырын қазып жейтін едік. Аштықтан емес, біртүрлі қызық болатын. Бармақ басындай жауқазын пиязшаларында қардың дәмі бар. Әупірімдеп жүріп, бірінші класты орташалау аяқтадым деп ойлағанмын өзім. Сөйтсем, қателесіппін. Әуелі мақтау қағазын берді. Маржанбике байғұс жазуының нашарлығынан ба, әлде өзінің тым шабан жаратылысынан екенін білмедім, күзгі сынға қалды. Әжем айтпақшы, «әгәрәкім» сынақтан өтпесе екінші класқа көшпейді.

Мақтау қағазды өзі алғандай қуанған әжем байғазы ретінде мені Шалкөденің «Қисық» арасанына ертіп апаратын болды. Арасан дегеннің не екенін қайдан білейін, әйтеуір әжемнің аяғы қақсай беретін, ем қабылдамақ. Жері таулы болғандықтан машина бара алмайды, ат арба ғана қатынайды екен арасанға. Мен арба деген көлікке алғаш рет отырдым. Жеткенше шайқап, жұлқып сілекпемді шығарды өзі. Шаршағаным соншалықты, жерге түскенде былқ-сылқ еттім де қалдым. Маған қарағанда әжем ширақ. Айнала теңкиген алып таулар. Анау бірінің өркеші құдды таяқшалы қораз кәмпиттің ұйрығы секілді екен. Кестеге тігілген көркем сурет қой мынау! Сағыздың исі аңқыған қарағайларына мен емес әжемнің де құшағы жетпейтін шығар. Бұтақтарында секірген ақтиіндерді көріп қалдым. Көп шүберек байланған алып теректің түбінен бұлақ бастау алады екен. Оның суы беріректегі шағын көлмекке құйып жатыр. Арасанға келушілердің шашырай тігілген шатырларын шағын ауыл дерсің. Көршілеріміз бізге жаппа құруға болысты. Әжем екеуміздің «үйіміз» дайын болғанда шеткі шатыр бізді шәйға шақырды. Менен бес-алты жас үлкен Қорлан есімді қызы бар екен. Өзі көп сөйлемейді. Оның бос етіп өріп, арқасына тастай салған бұрымы өзіне жарасып тұр. Дастарқаннан кесек ет, майға былғаған талқан, көмбе нан, қайырған май, науат пен құрт секілді маған мүлде ұнамайтын тағамдар орын алғандықтан, қол созып әуре болмадым. Біз Қорландардың шатырынан шыққанда кеш батқан. Биік таулардан ай асқанша қараңғылық қою болады екен мұнда. Әжемді жетектеп келе жатып өзім сүйетін «Келемін, тау ішінде түнделетіп» деп басталатын әннің ішінде кетіп бара жатқандай сезініп кеттім бір сәт. Мақтау қағазын алғаным мұндай жақсы болар ма? Өйтпегенде әжем мені өзімен ілестіріп бұл жерге әкелер ме, кім білсін. Дәл мынадай ғажайып сұлулықты көрмеуім де мүмкін еді. Ертеңгілік қарағайдың шайыры аңқыған саф ауа ұйқымды шайдай ашты. Әжем бастаудан әкелген сұп-суық мөлдір судан сіміріп едім, мұз жұтқандай ішімді қарып кетті. Менің жеке «лөктірімнің» пікірінше, оның шипасы осында көрінеді. Әжем тастарды балшықпен дәнекерлеп шағын ошақ жасады. Содан соң қоржындағы кепкен етпен тамақ әзірлеуге кірісті. Тұз-татуы жоқ деп дүкеннің кеспесін мүлдем қолданбайды. Елеп, шыт дорбаға салып ала келген ұнынан нан илеп отыр. Мен болсам оның қасында білезіктерінің қоңыр үнін тыңдай, етпеттеп жатырмын.

– Басқан ізі білінбейді! Неткен биязы десеңші...

Әжем маған көршінің қызын ұзақ үлгі етті. Қызық. Адам болған соң ізі білінбеуші ме еді? Ауылда, өз үйіміздің ауласында «дарақы қылығы жұғады» деп Сергейдің қыздарымен көп ойнатпайтын әжемнің Қорланға деген ықыласы бөлек. Сырт көзге байқалмайтын, маған ғана арналған әжемнің осындай тыйымдары көп.

Көршілерге дәм беру керек деп ұйғарған әжем Қорлан екеумізді қарсы беттегі шатырдан қасық, табақ алып келіңдер деп жіберді.

Менен сәл ілгері келе жатқан көрші қыздың басқан ізі біліне ме екен деп бақылап келем артында. Алдымыздағы қостан өзі құралпы ұл шыққанда, Қыз Қорлан сәл шегініп, аяғының үшімен жер сызды. Бірнеше қасық алып қайта шыққан бозбала оларды қызға ұсына беріп, кері тартып ала қойды. Шетте, елеусіз тұрған мен Қорланға қарадым. Екі беті қызара қалған оның бұрымы әлсіз тербелді. Күні бойы қарағайдан сағыз жинап, көлмекке түсіп әбден шаршаппын.

Қонақтармен еш шаруам болмастан, қызыл іңірден-ақ қостың іргесіне қылжидым. Түсімде Ұзынбұлақтағы жотаның беті жауқазынға тұнып тұр екен деймін...