СӘБИТ ДҮЙСЕНБИЕВТІҢ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ӘҢГІМЕЛЕРІ

ӘЖЕГЕ АПАРАТЫН ЖОЛ

 

Әжесін сағынғалы қашан. Сонау жазда барған. Қазір бір жас үлкейді. Енді көрсе танымай қалатын шығар.

— Үлкейіп кетіпсің ғой, қалқам-ау, — деп айтары сөзсіз.

Онда бақта жеміс-жидектердің піскен шағы болатын. Алма, алмұрттар сыңсып тұрды. Әжесі олардан қақ жасаған. Ал оның бәрін Айгүл үйдің төбесіне жаяды.

Әжесі күнде кешкісін үй алдындағы пешке от жағады. Бұл уақытта желіні жер сызып, өрістен ала сиыр келеді.

Аздан соң аспанда жұлдыздар қаптап кетеді. Шегірткелер шырылдайды. Әжесі екеуі пештің алдында қызыл алауға малынып отырып, сүт пісіреді. Қазандықтың қасында айтқан әңгіменің әсері бөлек. Көпке дейін ұмытылмайды.

Жазғы күндері олар далаға, үйдің алдындағы сәкіге түнейтін. Айгүл тіпті қорықпайды. Әжесінің қойнына сып етіп кіріп кетеді, ол: «Қоңыр қозым!» — деп бетінен сүйеді.

Таңертең бұл тұрғанда, әжесі ала сиырды күрп-күрп сауып жатады. «Тәк, тәк, тыныш, қайтеді-ей мынау», — деп қояды, ала сиырға ұрсып. Айгүл ұйқысын қимай біраз отырады. Таңғы тыныштықты бұзып, машиналар қырқаға өрлеп бара жатады.

Айтпақшы, әжесінің көршісінің бір жылауық қызы бар еді ғой. Әжесі екеуі сол үйге барғанда танысқан. Сонда екеуі жарысып есеп шығарған. Бірақ көршінің қызы түк білмейді екен. Соған ызыланды ма, болмашы бір нәрсені сылтауратып жылап жіберген…

Ал қазір Айгүл бәрін сағынып отыр. Бақшаның аяғында бұлақ болатын. Содан күніге су әкелетін. Әжесінің қара қасқа қойының егіз тапқаны да есінде. Қозылар кіп-кішкене, қап-қара болатын. Оларға ол үйдегі кішкене ала мысықты қосып қоятын. Тіпті үйреніп алған соң, ала мысық қозылардың үстіне жатып ұйықтайтынды шығарды. Қозылар секіріп ойнақтайтын шамаға жеткен соң, бұның соңынан қалмайтын. Біресе қуып, біресе қашып жүретін.

Бүгін таңертең әкесі:

— Дайындал, әжеңнің ауылына барасың, — деді.

…Енді, міне, олар әкесінің көлігімен үлкен қара жолға түсті. Дәл осы жол әжесінің ауылына  апарады. Айгүлдің жүрегі аттай тулап қоя берді.

 

ҚЫЗЫҚТЫ ЖҰМЫС

 

Мен әсте жалқау емеспін. Бірақ кейде үлкендер қайдағы бір іш пыстыратын жұмыстарды тапсырады да, орындамасаң жалқау деп бостан бос кінәлайды. Шіркін, жұмыстың бәрі мынандай болса: қар күреп жатқанда аяқ астынан балмұздақ жауса, ал су тасыған кезде кенеттен шүмектен лимонад атқыласа. Міне, керемет деп осыны айт! Мұндай мүмкіндік туса, таң атқаннан күн батқанша ерінбей жалықпай жұмыс істеуге бармын ғой. Онда жер бетінде жалқау бала қалмас еді. Бәрінің де тәмпіш танаулары терлеп-тепшіп, жүздері алаулап жұмыс істеп жүргенін көрер едің.

Сендерге құпиялап айтайын. Мен  қызығып істейтін бір жұмыс бар. Ол — сүттің қаймағын айыратын сепаратор машинасының ыдыстарын жуу. Апам ала сиырды сауып, шелек толы сүтті көтеріп жазғы сенекке кіргеннен бастап менен дегбір кете бастайды. Әлгі сүт тартатын машинаның жанға жайлы ызыңын тыңдап, ойынды  ұмытып, сол арадан шықпаймын. Қайта-қайта анамның қасына барып: «Жұмысты аяқтап қалдыңыз ба?» — деп, мазасын аламын. «Сонша тағатың таусылғаны не, сүтті құйғаным жаңа ғана емес пе? — дейді ол кісі күліп. — Ойнап келсейші. Сол уақытта дайын болып қалады». Бірақ ойынға кете қоймаймын. Өйткені ыдыстарды менен бұрын әпкем жуып қоюы мүмкін ғой. Ол бұл істің құпиясын бір біліп алса, «қызық жұмыстан» айырылдым дей бер.Сондықтан да мен ешқайда кетпей, аулада айналсоқтап жүремін де қоямын. Мұндайда уақыт деген өтпейді ғой. Зарықтырып барып апамның: «Болдым», — деген дауысы естіледі.

Жалма жан машинаның сүт жүретін, әжемнің кимешегінің сәлдесі сияқты дағарадай ыдыстарын бөлшектеп тастаймын да, ыдысқа жұққан қаймақты сұқ саусағыммен жалаймын келіп. Қаймақтың тәттілігі сондай, саусағымды қоса жұтып қоя жаздаймын. Әбден жалап-жұқтап болған кезде ыдысты жумасаң да болатын дерліктей жарқырап тұрады. Бірақ соған қарамай-ақ сумен бір шайып қоямын. «Менің еркетайым сондай еңбекқор», — деп шешем де шын сүйсінеді. Міне, көрдіңіз бе, мен аса еңбекқор баламын. Тек қызықты жұмыстар болса болды.