КАМШАТ ӘБІЛҒАЗЫҚЫЗЫНЫҢ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЕРТЕГІЛЕРІ

 

АШКӨЗДІКТЕН СОҚЫР БОЛҒАН ПАТША 

        Бағзы өткен заманда, жер беті бүтін аманда бір елдің ашкөз патшасы болыпты. Патша қатал, мейірімсіз екен.  Халқының мұң-зарымен арызына құлақ аспайды. Патша халқына салық салып, одан түскен пайданы қамбасына құяды. Құйған сайын патша көзіне қамбадағы алтын аз болып көрінеді. Көзі тоймайды екен. Қамбасы алтын теңгеге толып тұрған патшаның халқы ішерге тамақ, киерге киім таппайды екен.

       Осы елде Өсер есімді бағбан өмір сүрген еді. Өсер алақандай ауласына қауын егіп,одан түскен өніммен күнелтеді екен. Патшаның салығы Өсерге ауыр тиеді. Келесі салықты патша қамбасына салар кезде келеді. Өсер патша қамбасына бір тиында бермеуге бекінеді.

 - Патша бұйрығына бағынбадың - деп Өсерді патша жендеттері сүйрелеп сарайға алып келеді.

Сұсты, қабағы қатулы патша :

- Неге бұйрыққа бағынбайсың – дейді. Өсер болса:

         - Хан ием, аз ғана қауынымды қамбаға берсем балаларымды қалай асыраймын - дейді.

Өсердің сөзін түсігісі келмеген патша  бағбанның қауындарын тартып алады. Бағбанға «патша сөзіне бағынбадың» деп дүре соқтырып жазалайды.

Өсер астан-кестені шығып жатқан бақшасына оралып, бос жатқан топырақ үстіне отыра кетеді. Көз жасы көл болады. Аз отырды ма, әлде жоқ па белгісіз, бір уақытта топырақ  астында жатқан шишаның шетін көреді. Ақырындап суырып еді , әп-әдемі безендірілген құмыра екен. Ішінде не бар деген оймен тығынын суырып қалғаны сол ысқыра шыққан желдің үні мен күші адам ұшырар желден шошынып, жерге жата қалады. Бұл жойқын дауыл еді. Дауыл бүкіл патшалықты үрейлендіріп, бар – жоқтыны ұшыра бастайды. Адамдар үйлеріне тығылып қалады. 

          Бір күн соқты ма, әлде жүз күн бе белгісіз, бір уақытта дауыл басылады. Далаға шыққан халық жерде шашылып жатқан алтын теңгелерді көреді.  Бағбанда бақшасында шашылған алтындарды көріп қуанады. Бұл алтындар патша қамбасынан еді. Дауылдың дүлей соққысы патша қамбасын аспанға көтеріп, алтындарын шашып жіберіпті. Алтындарына жүгіремін деген патшаны дауыл соғып, екі көзі көр соқыр болып қалған екен.

Халық ашкөз патшаға соқырлық берілген жаза деп түсініп, патша орнына еңбекқор Өсерді хан сайлапты. Өсер қол астындағы халқына қауын өсіртіп, елін бай-қуатты патшалыққа айналдырыпты. Соқыр болған патша болса көзін қайтармаққа ел кезіп, жер кезіп дауылды іздеп жүр деседі.

 

ЖЕТІ ОТ ЖӘНЕ ЖЕТІ АТА

(фантастикалық әңгіме)

      Күндердің бір күні теледидар қарап отырған Әділге бір дыбыс естілгендей болды. Теледидар дауысын бәсеңдетіп тыңдап көріп еді, тып-тыныш. Анасы мен әкесі жұмыста, ал інісі балабақшада . Кенет қатты дауыс шығып, үйдің іші көк түтінге айналып бара жатты. Есікке қарай жүгірген Әділді әлдеқандай қол көтеріп әкетті.

- Анашым - деп айғайлауға ғана мұршасы келген Әділ түтінге тұншығып қалды.      

Қанша уақыттың өткені белгісіз,  бір кезде көзін ашуға тырысқан Әділ қасында тұрған отты адамды көрді. Шынымен жанып тұрған от. Көздері оттың ішінен тіпті алаулап көрінеді екен. Шошып кеткен Әділ екі көзін тарс жұмып алды.    

- Ей, бала ! – деп дауыстады әлгі  отқа оранған. Дауысы қарлығып шығады екен. Әділ үн қатпай отыр. Қолдары мен аяқтары қорқаннынан дір-дір етеді. 

- Мені кім деп ойлайсың? –деді. Әділде үн жоқ.

- Мен  сені осы жерге әдейі алып келдім- деді.  - Менің атым Қызыл Алау!  Дауысынан үрей шашатын от шығып тұрсада, Әділ енді оған анықтап қарады.

- Анашым іздейтін болды ғой...- деген сөзді төрт бөліп, әзер айтты. Қызыл Алау болса, естімегендей сынай білдіріп, сөзін жалғастыра берді. Менің де сендердегі секілді ата-бабам бар. Олар да сендер секілді жеті тармаққа бөлінеді - деді Алау. - Сендер оны жеті ата деп атайсыңдар.  Түтін, От, Жалын, Қызу, Өрт, Шоқ, Алау - деп жіктеп шықты. Балақай, сен атап берші жеті атаңды - деп еді, Әділ қызарақтап кетті. Өзінің жеті атасын жатқа білмейтініне қатты ұялып кетті.

- Үйіңе оралуыңа бір мүмкіндік бар - деді.  Қатты қуанып кеткен балақай орнынан атып тұрды.

- Асықпа, мен саған өз аталарымды тегін атап шыққан жоқпын . Осы жеті күшке қарсы келетін сенің жеті аталарың болады. Сол жеті атаңды дұрыс ретімен атап шықсаң, қалған тапсырманы сол аталған бабаларың орындап сені үйіңе қайтарады, - деді.

Үстінен мұздай су құйып жібергендей боп-боз боп кеткен Әділ сасып қалды. Жеті атасын жаттауға келгенде мойны жар бермей жүргелі қашан. Тіпті, сол не үшін керек? – деп бұлдаған кездері де болған еді.

- Мүмкін «су-ли-фа» ойнармыз - деді Әділ. Аузына түскені осы еді.  Шіркін атам қасымда болғанда ғой, бәрін сұрап алып айтып берер едім. Алайда атам маған айтып берген болатын, есіме түсірейінші деп, көзін жұмып сол күнді елестетуге тырысты.

 - Иә, есіме түсті... Алақай! - деп айғайлап жіберуге шақ қалды. Тоқтап қалса ұмытып қалардай болған Әділ аталарының есімін қатарлата атап шықты.

- Мәә, осындай да болады екен ғой!.. Әділдің тура алдында  түр-әлпеттері өзіне ұқсас жеті атасы тұр екен. «Біссіміллә» - деп қояды, оны айтқандағы себебі, сол сөз бар пәледен құтқаруға себеп бола ма деген ойы еді.

Алаудың дауысы бағанағыдан да қаттырақ шығып:

- Жалындаааа, шарпыыы, өртееее! - деді.  Алай-дүлей  отты құйын пайда болды. Шошып кеткен Әділ аталарының  ығына кеп, сауғалады.

- Енді тапсырма мынадай: осы тұрған жеті ата от туралы жеті мақал айтуы шарт. Жеті мақал айтылса жеті от та сөнеді, - деді. Әділ болса тапсырманы басқалай елестетіп тұрған еді. Оның ойынша жеті атасы жеті отпен айқасқа шығып, алаңды шаңға толтырар деп топшалаған.

Ақ сақалды, түрі салмақты қарт сөзді бірінші болып бастады:

- «Отпен ойнама», - алғашқы мақал айтылды,

- «Су мен от та татулық жоқ», «Қорықсаң - от жақ», « От - арық, су -  семіз», «Жел қуалап от жанар», «Өрт - тілсіз жау», «Ойын түбі - от». Айтылды, бірден жеті от ғайып болды.  Ал, Әділдің жеті атасы барлығы Әділге мейірлене қарап тұр екен.

- Ұрпағым Әділ, отпен ойнама ! Абай бол! – деді де, олар да ғайып болды.

Қызыл Алау болса «жеті рет айнал» деді. Айналып бара жатқанын біледі, көзін ашса үйінде сол бағанағы диванда отыр.

Өзінің соңғы кезде от, шырпы секілді жанғыш заттарға әуестеніп жүргенін, соңы жаман екенін түйсігі сезгендей ме, ойланып отырып қалды.