КАМШАТ ӘБІЛҒАЗЫҚЫЗЫНЫҢ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЕРТЕГІЛЕРІ

ОТТЫ ТАЯҚША

    Кешегі қырғын төбелестің соңы достықтың бұзылуымен аяқталды. Кімдер дейсіздер ғой, кәдімгі аспандағы Ай бикеш пен Күн бике туралы айтып отырмын. Екеуінің төбелесіне бүкіл жұлдыздар сыныбы куә болды. Жер келіп айрмаса, бірін-бірі жоқ етуге бар еді. Ғарыш тілі сабағында басталған қырғи қабақ сабақ соңына дейін жалғасты. Бәрі әлгі Құйрықты жұлдыздың сөзінен басталған еді.

Ай бике мен Күн бике айырылмас құрбы болатын. Олар қол ұстасып бірге жүретін. Күлімдеген Күн үнемі жадырап, айналасын қуанышқа толтырушы еді. Ай бике де әсемдігімен көпке үлгі еді.

Сынып сабағы өтіп жатқа кез. Құйрықты жұлдыз асығыс кіріп келді. Келді де қолындағы оттан жасалған таяғын Ай бикенің қолына ұстата салды. Түкке түсінбеген Ай:

- Бұның не ? – деп айғайлап жіберді.

Құйрықты жұлдыз ақырын жымиып:

- Сен осы таяқпен Күн қыздың гүлдерін соғып, солдырып кеткеніңді көрдім. Сол себепті, өзіңе қайтарамын –деді.

Аузына сөз түспеген Ай, Күн қызға мен емес едім, деп айтуға шамасы да келмей, аңтарылып қалды. Күн:

- Бәсе, сен екесің ғой. Менің гүлдерімді аямадың ба? – деді де, Ай бикенің қолындағы отты таяқты жұлып алып, Айдың арқасына ұрып жіберді.

- Орындарыңа отырыңдар- деген Шолпан апайдың дауысы қатты шықпағанда, олар ерегестерін жалғастыра берері сөзсіз еді. Ашуға булыққан Күн сабақтың аяқталуын асыға күтті. Екеуінің ортасына от тастағанына риза болған Құйрықты жұлдыз (жұлдыздар арасында «Комета» деген екінші есімі бар) миығынан мырс-мырс күліп отырды.

Қанша ақталып, өзінің олай жасамағанын жеткізе алмаған Ай да бірнеше мәрте қолын жұмсап Күнді жарақаттап тастады.

- Қойыңдар,- деп ара түскен тек Жер болатын. Екі қыздың арасына түсемін деп жүріп, Айдан да Күннен де соққы жеді. Әлгі отты таяқ араша болған Жердің қолында қала берді.

Мектеп әкімшілігі естіп, Ай мен Күнді бірге, бір сыныпта отырмасын деген ұйғарыммен екі ауысымға бөліп тастады. Күн таң ата сабаққа келеді. Ал, Ай болса кеш бата оқитын болып шешілді.

Сол кезден бері Жердің бетінде отты таяқшаның жүретіні байқалып жүр. Ол иесі Құйрықты жұлдыз секілді өзінің құйтырқы істерін жасап тұратын көрінеді. Сол себепті балалар от шығаратын таяқшадан абай болайық, жарай ма!

КӨНЕ КІТАП

 

Жер бетін қара темір робот жайлаған заман болыпты. Адамдар тіпті бір-бірімен амандасудан қалып, техниканың құлына айнала бастапты. Роботтар адам санасын жаулап, ақыл-есін алып, өздеріне бағындырыпты. Сондай күндердің бірінде кітапхана атты сарайда көне кітап өмір сүрген екен.

Көне кітаптің сөреде тұрғанына көп болған. Беттеріне күн түспей, күреңсіз өмір сүріп жатты. Кітапхана іші күн санап өзгеріп, мұқабалары жалт-жұлт еткен небір жаңа кітаптар пайда болады. Онымен қоймай электронды кітап деген жаңашыл пайда болғаннан бері көне кітап өзін оқыр оқырманнан ада-күде үмітін үзген еді. 

– Осындай ескі-құсқыны неге жоя салмайды екен? - деген сөздер де жанын шаншып өтеді. 

Кітапхана ішіндегі әр тілдегі кітаптар бір-бірімен жарыса сөйлеп, өз оқырмандарының көптігін айтып, шуласып жатты. Көне кітап ақырын ғана күрсініп тұр еді, бір қолдың көтеріп алмасы барма. Онымен қоймай шаң басқан ескі мұқабасынан жылы алақанымен бір сипап өтті. Сөредегі кітаптар шу ете қалды. 

– Таптым, мен осы кітапты көп іздедім ғой, – деген оқырман жігіт сөзі тіпті электронды кітапты таң қалдырды. 

Бейне бір бойына қанат біткендей көне кітап қуаныштан қалақтап бара жатты. Әр бетін аялай ашқан оқырман жігіттің қолдарында жаңа өмірге келгендей мәз.

Сол күннен бастап кітап қолдан-қолға өтіп небір ғұлама-оқымыстылардың алдына барған екен. Роботтанған мәңгүрт заманға дәру болар сөздер дәл осы көне кітапта екенін дәлелдеген жігіт заман ауруын жойған екен. Ал көне кітап болса мәртебесі артып, арманына жетіпті. 

 

КҮНГЕ ҚОНҒАН КӨБЕЛЕК

 

Күндердің бір күнінде жер бетін қараңғылық басыпты. Түнектен құтылатын амалды жер бетіндегі бірде-бір тіршілік иесі таба алмапты. Күн сәулесін жерге қайтарам деп кеткен небір білгірлер мен батырлар қайта оралмапты.

Сол қараңғы түнекте сүйкімді көбелек өмір сүрген екен. Ол өте мейірімді болыпты. Қараңғылықты пайдаланған тіршілік иелері бірін-бірі тонап, ұрып, небір бассыздықтарға барыпты. Сондай күндердің бірінде көбелек ұшып келіп бір мамықтың үстіне қоныпты. "Маған көмектесші" деген әлсіз дауыстан көбелек ыршып түсті.

 Сөйтсе, дауыс әлгі мамықтан шыққан екен.

- Маған айтып тұрсыз ба? – деді көбелек.

- Иә, мен әдемі аққудың мамығымын, мені көл бетіндегі сол аққуға жеткізсең, кез келген бір тілегің орындалады, - дейді.

Көбелек нәзік аяқтарымен мамықты әзер көтеріп, қараңғы түнек ішіне ұшып кете барды. Шаршаса да түсірмеуге бел буған көбелек күндердің бір күнінде әлгі аққуды тауып, мамығын табыстайды. Әл-дәрмені құрыған көбелек сөйлеуге шамасы келмей, көл үстіндегі қамысқа қона кетеді. Көзі ілініп, қанаттары салбырап отырған көбелекті бір жарық сәуле елең еткізді. Қараса, әлгі аққу көл бетінде әдемі ару қызға айналыпты.

- Қанша нәзік болсаң да, өзіңнен үлкен жүкті көтеріп әкеліп ерлік жасадың. Бір тілегіңді орындайын, – дейді аққу қыз. 

Көбелек қайырылған ұзын кірпіктерін  қағып, ару қыз кетіп қалатындай, тез-тез сөйлеуге тырысты.

- Менің тілегім аспандағы ай мен күнге бара алсам... - деді.

- Сол ма тілегің? Неге өзіңе мәңгілік ғұмыр тілемедің? - деді. 

Көбелек үн қатпады.

- Тыңда, Ай десең айға, Күн деп айтсаң күнге барасың, тілегің орындалды, – деп аққу ғайып болды.

Көбелек сенер-сенбесін білмей дауысын қаттырақ шығарып:

- Күн! - деді. 

Міне ғажап... шынымен де күнге келіп қонды.

Ыстығы бет шарпыған Тәккапар Күн: 

- Әй көбелек, жанып кетем деп қорықпай қалай келдің? – деді. 

Сонда көбелек:

- Күн, сен болмасаң, жер бетінде өмір жоқ, сол үшін келдім, – деді.

Күн: 

- Нәзік болсаң да батыл екенсің, жер бетіне нұрымды түсірейін, - депті. 

Қуанған көбелек рахметін жаудыра берді. Дауыстап тұрып ай деп үн қатып, айға да өз тілегін айтқан еді. Ай да келісімін білдірген екен. Содан бері жер бетіне Ай мен Күн кезектесіп өз сәулелерін шашып тұрады екен. Ал көбелек болса, Ай деп айға, күн деп Күнге қонып жер бетінің амандығын тілеп жүреді екен.

 

ҮКІНІҢ ТАҚЫРЛЫҒЫ

 

        Қалың орман ішінде ақ қоян мен сұр қоян көрші тұрыпты . Екі қоян да   бау – бақша өсіреді. Күндерін бақша суарудан бастайтын екі қоян бәсекелесіп өмір сүреді екен.  Өсіп тұрған жеміс-жидектерімен мақтанып, бір-бірінен асып түсуді көздейді.

Бірде ақ қоянның жеміс суаратын құралы сынып қалып көршісі сұр қоянннан уақытша пайдалануға оның суарғысын сұрапты. Сұр қоян екі қап сәбіз берсен беремін дейді. Ақ қоян екі қап сәбізге құралды айырбатап алады. Күндер өтіп жатты.

Сұр қоян таң ата бақшасына келді. Байқап қараса сәбіздері әлі мардымды өнім бермей тұр. Көршісі ақ қоянның бақшасына қарап еді жайқалып тұр. Іші алай-дүлей , қызғанышы өршіп барады. Белініп сыбанып ақ қоянның алдына келді.

- Сенің сәбіздерің менің суарғыммен суарлып осындай жақсы өсті. Сенің сәбіздерің енді менікі болуы тиіс- деді.

- Қалай сонда, мен қарсымын – деген ақ қоян қарсыласып бақты.

Даулары төбелеске ұласты. Орман ішін басына көтерген екі қоян әділдік іздеп, орман патшасы арыстанға жүгініпті. Екі қоянның дауына төрелік етуге үкі мен жапалақ қорғаушылар болып сайланыпты.

Екі тарап өз шындықтарын жеткізбекке патша алдына келеді. Алайда ақ қоянның қорғаушысы Үкі мырза кешігіп қалған екен.Ашуланған арыстан патша билікті қолына алып, қорғаушысы келмеген ақ қоянды кінәлі деп таныпты. Сол мәзетте Үкі мырза ұшып келеді.

- Қайда жүрсің – деген Арыстан дауысы отырғандарды селк еткізді.

- Патшам, мен келе жатқан жолда өрт болып жатыр екен, соны өшірейін деп теңізден тесік қалбырмен су тасыдым. –депті Үкі.

- Ей , сен кешіккеніңмен қоймай өтірікші де екенсің, тесік қалбырмен қалай су тасисың - , депті патша.

- Дұрыс айтасыз патшам, тесік қалбырмен өрт сөндіре алмаймыз. Сол секілді тек суару құралымен еңбек етпесеңіз өнім де шықпайды. Мәселе құралда емес еңбекте екенін жеткізгім келді- деген екен.

Патша үкінің тапқырлығына риза болып, ақ қоянның сәбіздері еңбекпен келгенін мойындап оң шешім қабылдаған екен.Екі қоян татуласып, дауласпауға уәде береді.