ЕРНҰР СЕЙДАХМЕТТІҢ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ӨЛЕҢДЕРІ

АРАЙ МЕН ДАНА

(өлеңдер)

 

Қамқорлық

 

Деме «маған бәрібір»,

Қолың тоңып қалады.

Аурып қалсаң дәрігер,

Келіп екпе салады.

 

Шығар кезде далаға,

Жылы киін жарай ма?

Жаны ашыған Данаға

Сүйсіндік біз Арайға.

 

Арайдың айтқаны

 

Шаңын алып  келген үйге даланың,

Сүртіп қойдым аяқ киімін Дананың.

Құлыншағы жолда жатыр дұрыс па?

Балшық болған добы жатыр бұрышта.

 

Көйлегін де іліп қойдым ілгішке.

Қуыршағын іздеп Дана кірді ішке.

Қолын жудым, шалшық суды кешкен бе?

Көмектесер ол да маған өскенде.

 

 

Арайдың торғай туралы өлеңі

 

Туған жерде қыстап қалды.

Аяздарда тоңбай ма?

Достарым-ау, қыста қарлы,

Жем шашайық торғайға.

 

Ұя жасап ілейік біз,

Паналасын тоңғанда.

Қамқор болып жүрейік біз,

Ұшып-қонған торғайға.

 

 

Қолшатыр

 

Ойнап жүрген далада,

Қолшатыр бар Данада.

Жаңбыр жауса қалаға,

Арай су боп қала ма?

 

Сыртта жаңбыр құйып тұр.

Терезені ұрып тұр.

Қолшатырдың астына,

Екеуі де сыйып тұр.

 

Бестік баға

 

Өтпепті ғой күн текке,

Арай бестік алыпты.

Қашан барам мектепке?

Деп Дана қамықты.

 

Бәрімізге қарайлай,

Деді Дана: Әке, мен

жақсы оқып Арайдай,

Күнде бестік әкелем!

 

 

Таңертең

 

Тәтті ұйқыны қусын.

Төсегінен тұрсын.

Балабақша, күте тұр,

Беті-қолын жусын.

 

Көйлегін ол кисін.

Тәтті құймақ жесін.

Атасы мен әжесі,

Құлыншағым десін.

 

Қуыршағын алсын.

Қонжық үйде қалсын.

Енді балабақшаға

Кешікпей тез барсын.

 

 

Тақпақ

 

Үйреніпті тақпақ,

Дана балабақшада.

Мәнерлеп ол айтпақ,

Жаңа жылда баршаға.

 

Айтып берді маған,

Мүдірместен тақпағын.

«Бес қоямын саған,

Жарайсың!» деп мақтадым. 

 

Пысық Арай

 

Жуады еденді.

Қамыр да илейді.

Айтады өлеңді,

Биді де билейді.

 

Деп «Үйім жайнасын»,

Сүртеді айнасын.

Бойжетіп келеді,

Қайталап анасын.