«НҰРИЛА»
Нұрила деген қыз бар-тын,
Тым әдемі,тым ерке.
Сұрақ қояр жүз қарқын:
«Батады неге күн ерте?»
Жоқ еді одан тыс қайғы,
Миына сұрақ орнаған.
«Пенделер неге ұшпайды?»,
«Ит неге адам болмаған?».
Анасы ғана куәгер,
Ұқсап бір жаңалық ашқанға
Үреймен қорқып жылады ол,
Ең алғаш қарды басқанда.
Тәттіні бер деп қиылған,
Қалауын әркез тапқан дөп.
Күйіс қайырған сиырдан
Жылады сағыз ап бер деп.
Ұқпайды мүлде жылап құр,
Алдатып, тәтті жолдаймыз.
Менде де жалғыз сұрақ тұр
Сендерде бар ма сондай қыз?!
«КІМНІҢ БАЛАСЫСЫҢ?»
Біздің үй – бақыт мекені,
Талас та, тартыс жетеді.
Білейік, інім қай кезде
Кімдерге бала екенін.
Жіберер күнде бір ағат,
Ұрысқан жанды кінәлап.
«Анама ғана баламын»
Деген-ді бір күн жылап ап.
«Келеді саған, ата, ергім,
Сен маған ұшақ әпердің».
Доп берген күні жымиды
«Баласымын ,- деп, әкемнің».
Аңқаулықпенен шоқ басты,
Жүрсе де, қу ғой, жеп тасты.
Әжеден кәмпит алған соң
«Балаң емеспін»,- деп қашты.
Әжесі айтты: «Тонадың,
Келмейді саған жолағым».
Кешірші, әже, деп күлді,
«Бәріңе бала боламын!»
«ҚОСУДЫҢ ӘЛЕГІ»
Жасамас әсте жат үлгі,
Әйкерім біздің ақылды.
Жатқа оқыр өлең,жаттауын
Есепке жүйрік батыл-ды.
Жатады әркез сыналып,
Таппайды тыным бір ауық.
2-ге 3-ті қос деді,
5 деді сонда қуанып.
Көп болсын сондай достарың,
Қайтесің сөзін басқаның,
Деді әже бір сәт жымиып,
Қосшы енді 10-ға 5 санын.
Тұратын ойын жүгендеп,
Әжеге бала – ұлы ермек.
Санайды екі қолдағы,
Саусақтың бәрін түгендеп.
(Балалар заңға көнбейді !)
Әйкерім солай терлейді.
«Санаймын, әже, тек маған
5 саусағыңды бер» - дейді.
«КІМ БОЛАМ?»
Қиялмен самғап кеттің бе
Арманға шексіз құмарым.
«Кім боласыңдар?»-деп бірде
Сұрады бізден мұғалім.
Әсемай әнін тыңдатып,
Сазымен елдің таныс дер.
Көрші үйдегі Нұрбақыт,
Боламын- деді -ғарышкер.
Арманды аңсап, әбігер
Батасы үйдің қабыл ма!?
Аружан болар дәрігер,
Инженер болам!- деді ұлдар.
Жарқ етіп сол сәт жасындай,
Арманға ұштық сеніммен.
«Абайдай ұлы, Қасымдай
Ақын боламын!»- дедім мен.