АҚЫН АЛМАТ ИСӘДІЛДІҢ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ӨЛЕҢДЕРІ

МЕНІҢ ЕЛІМ

 

Атамекен – тұрағым,

Сөнбейтұғын шырағым.

Көк байрағым – айбыным,

Қасиетті тұмарым.

 

Сая болған баршаға,

Байтақ жерім қаншама –

Атыраудан – Алтайға,

Жетісудан – Арқаға!

 

ЖАҢБЫР

 

Жаушы жаңбыр, жау жаңбыр,

Табиғатты жандандыр!

Жайнап өссін құлпырып,

Шөлдеп, солып қалған гүл.

 

Жауды жаңбыр, ән жаңбыр,

Шөлін басты орман, қыр.

Ал балалар өздерін

Қолшатырмен қорғап жүр.

 

НЕТКЕН КӨКТЕМ!

 

Далама әсем еккен гүл,

Көңілге жарық сепкен нұр,

Ғажайып еді неткен бір,

       Көгеріп келген көктем бұл!

 

Сағынып жеткен көптен бір,

Көкейден күй мен төккен жыр.

Астасып, жайнап көк пен қыр,

      Тазарып келген көктем бұл!

 

Бастауы – тауда көксеңгір,

Сылдырап бұлақ мөп-мөлдір,

Жып-жылы самал ескен бір,

      Жаңарып келген көктем бұл!

 

АНАМ ЕКЕУМІЗ

 

Қолға қалам аламыз,

Бірге жазу жазамыз.

Сұрақтарға берілген

Бірге жауап табамыз.

 

Бірге сурет саламыз,

Соған мәз боп қаламыз.

Бірге ойланып есепке,

Қосып, бөліп, аламыз.

 

Бірге өсіп, толамыз,

Биіктерге қонамыз.

Мектепке де күн сайын

Қол ұстасып барамыз.

 

Оқитұғын баланың

Қадағалап сабағын.

Ойынын да ойнатып,

Дайындайтын тамағын

 

Менің анам – жаны ізгі,

Әрбір сөзі маңызды.

Меніменен оқитын

Сыныптасым тәрізді

 

Алақаның аялы

Бесігімді тербеткен.

Дәл осындай ананы

Таба алмаспын жер-көктен.

 

ЖАЙЛАУҒА БАРАМЫН!

 

Асыр салып ойнауға,

Барам жазда жайлауға.

Меніменен ол жаққа,

Барады інім – Айбар да.

 

Жайлау бізге ұнайды,

Табиғаты шұрайлы.

Ерке інім жайлаудан

Кетпеймін деп жылайды.

 

ТӘРТІПТІ БАЛА

 

Сәлем бердім баршаға,

Келіп қалдым ортаңа.

Игеремін білімді,

Қанша қиын болса да.

 

Мен тәртіпті баламын,

Жалын болып жанамын.

Таудай болса талабым,

Биіктерге барамын.

 

Құрметтеймін дінімді,

Туған қазақ тілімді.

Арнаймын да жырымды,

Игеремін білімді.

 

Бойымда бар өнерім,

Ойымда бар өлеңім.

Қадам басып келемін,

Болашаққа сенемін.

 

МЕКТЕБІМЕ

 

Арналсын саған тілектер,

Елжіреп соқсын жүректер.

Ұяңнан ұшты қаншама

Қанатын қағып түлектер.

 

Қызмет етсін елге деп,

Қаншама түлек баптадың?!

Білім мен ойды зерделеп,

Дәстүрді берік сақтадың.

 

Баршаға бүгін бақ тілеп,

Айтылсын асыл, ақ тілек.

Салтанат құрып түлектер,

Шеруге шықты сап түзеп.

 

Бейбіт күн орнап елімде,

Жалғаса берсін тойлары.

Желбіреп тұрсын төрімде

Тәуелсіз елдің байрағы.

 

Сапырған білім тұнығын,

Болсыншы ұзақ ғұмырың.

Асқақтай түсіп мәртебең,

Биіктей берсін тұғырың!

 

Назарын көптің аударып,

Білімнің отын жандырып,

Мектебім –  білім ордасы

Берік боп тұрсын мәңгілік!

 

СЕНІМ ЖЫРЫ

Тәуелсіздік – тұмарым,

Бәйтерегім – шырағым.

Ел мерейін өсіріп,

Мен де шыңға шығамын!

 

Еңбек етіп табысты,

Жібермеймін намысты.

Мен – әлемге танытам

Қазақ деген халықты!