«ЖАС ТӘРЖІМАННЫҢ» АЛҒАШҚЫ ТАЛПЫНЫСЫ

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет филология және әлем тілдері факультеті шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы әдеби аудармашыларды дайындайтын еліміздегі жалғыз кафедра. Кафедра жанында «TARZHIMAN club»  жас аудармашылар ұйымы бар. Ғылыми жетекшісі, ұйымдастырушы – ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдаст. профессор Мұсалы Ләйла Жұматайқызы.

Осы клубта Гүлшат Түсіпова Бақытжанқызымен (Абердин универсиеті докторанты) өткен шығармашылық кездесуде жас аудармашыларды қазақ әдебиетінің үлгілерін ағылшын тіліне тікелей аударуға іс жүзінде баулуға шешім қабылдаған едік. «Жас Тәржіман» жобасын жүргізу идеясы да туындады. Нәтижесінде Абайдың «Күз» өлеңінің аудармасы дүниеге келді. Ағылшын тіліне тікелей жолма-жол аудармасын жобамыздың алғашқы қарлығашы, жас тәржіман, 3 курс студенті Дана Қайыржан жасады.  Ортақ мақсатымыз – әдебиетіміз бен мәдениетімізді ағылшын тілінде әлемге насихаттау.  Шығармашылық жұмысымыздың алғашқы қадамы Абайдан бастау алуы біз үшін үлкен қуаныш. Абайдың төрт өлеңін студенттер өздері таңдады. Әзірге «Күз өлеңін» өңдеп бітірдік. Әлі қоржынымызда сөзбе-сөз аударылған «Қыс», «Жазғытұры» және «Жаз» өлеңдері бар. Оларды да біртіндеп шығару жоспарымыздағы шаруа. 

Әрине, бүкіл бір әдебиетті жаңа бағытқа бұрған, жаңа түр мен мазмұн жаңа мазмұн әкелген Абайдай дананы аудару оңай емес. Бірақ бұл қашан да өзекті, өшпес дүние, біздің ұлттық кодымыз. Жастар тамырынан ажырамауы керек. Осы жерде ел ардақтылары –АЛАШ қайраткерлерінің де ұлттық идеологияның қақ ортасында Абай тұратынын да айтып кеткіміз келеді.  Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышта» атап өткендей, қазақ әдебиетін діндәр дәуірден ділмәр дәуірге, яғни мазмұны мықты, сөз – сөз үшін айтылатын емес, іс үшін айтылатын кезеңге өткізген Абай. Сындар сөз қалыптастырған Абай. Сыни пайым, керек іске үндеген Абай. Алаш идеологиясының үштағаны - Бостандық, Білім, Демократия сынды үш ұғым болды. Осы үшеуі бірігіп дамуға әкеледі деді. Әдебиет жүйесі идеологияны дәріптеуші күш. Сондықтан Алашорда Абайды өз идеологиясының туы етіп алды. Өйткені Абай сөзі Бостандық, Білім, Демократия, Даму, Сыни пайымға тұнған қазына.  Мазмұны күшті, қуаты пәрменді. Әлі де солай... Абай сөзі қай дәуірде де өзекті болатыны осыдан...

Биылғы жылы Абайдың 175 жылдығы аясында Абайды насихаттаудың бір жолы ретінде аудару бағыты да қойылды. Қанша жүрексінсек те, жастарды осындай өзекті де терең мәнді жолға жетелеуге бел будық.  Болашақ аудармашыларды қиын да болса, тың түрен салып, ешқандай аралық тілсіз, сатылы аударма түрінде емес, ана тілінен тікелей ағылшынға аудартуға жетелеуді жөн деп таптық. Түпнұсқаның барлық суреті мен бояуы, астары толық сақталуына мүмкін осылай қол жеткізерміз деген ниет.

Болашақта біздің шағын шығармашылық ұжым нағыз кәсіби аудармашылар тобына айналса, қатары көбейсе деген үмітіміз бар.  Әзірге алғашқы талпыныстарын бағалап, қолдап жіберсеңіздер. «Жас Тәржімандарға» ақжол тілейік, құрметті әдебиет сүйер қауым!