МУИН БСИСУДАН
ҚАЛАМГЕРЛЕР, ҰЙҚЫЛАРЫҢ ҚАНЫҚ ПА?
Қаламгерлер, ұйқыларың қанық па?
Көңіл қалай?
Қалпында ма қауырсын?
Сыншыларың мейрімді боп қалып па,
Жазбай ма енді ауыр сын?
Тың тақырып бәріңе кезікті ме?
Радиодан жаңалық берген шығар,
...................................................
Еңсені жіберетін езіп түге?!
Қаламгерлер,
Құлыншақтарың қалай?
Радионы тыңдай ма бүрісіп ап?
Біздікілер секілді қорқынышпен,
Әлде жүр ме алаңсыз жүзі шуақ,
Сергек ой, серпіліспен.
Қаламгерлер,
Тегіміз есте шығар,
Әуежайда сүйісіп, құшақтасып,
Ішіп алып, бауыр боп, төске құлар,
Ұлы ақындар, сайраншыл көшке құмар,
Қабырға мен есікке ұран іліп,
Көпірме сөз тыңдағанбыз,
Тұрсақ та туа біліп.
Қайда бүгін, жиналдыңдар,
Масайған мазасыздар?
Кімді мақтап қонақта отырсыңдар?
Біреуге арнап проза жазарсыңдар,
Біреуге арнап поэзия оқырсыңдар!
Солқылдатып сонау бір бұла түнді,
Тұншықтырып ішіне отты арманын,
Бахрейнде ашыққан бір ақынды,
Пакистанда жазушы сотталғанын,
Естеріңе алмайсыңдар ма?
Атақ үшін әркімді ән еткендей,
Ит өмірдің жеңген бе қыңсылы арбап,
Мадақ пенен мақала дәметкендей,
Жазасыңдар ма әлі де сыншыға арнап?
Қаламгерлер,
Тост алдырдық,
көп көпіріп.
Көтеріліс бітпейтін біздің елде!
Өтінемін, айтпаңдар көпке өтірік,
Айнаға бір қараңдар,
«Адамзат» деп үздігерде!
Өлең де жазба,
Қан төкпе,
Қалам сілтеме!
Керек етпеймін, - суайт-ай сияңды сенің!
Керек етпеймін сендерден ештеңе,
Керек етпейтін, ұяң кісі едім.
Қаламгерлер, қалай,
Құмарға тоя алдыңдар ма?
Тәтті ұйықтап түнде,
Таңертең тың боп ояндыңдар ма?...
(1982)
ПОЭМА ҺӘМ ҚАНЖАР!
Аққудан жыға* алған кім?
Өлең бе?
Гүл шоғы?
Дабыл ма жарқыншақ?
Суық пен ыстықтың салмағын, -
Білмейтін,
Құлдарға бәрібір тартыншақ!
Мен күтем,
Сонда да тосамын,
Келеді батылдау бір ақын.
Сөздердің сілкілеп тозаңын,
Сайқал үніңді қоңыраулатып тұратын,
Тіліңді,
Түбімен жұлатын,
Келеді, келеді ұлы ақын!
* Жыға - аққудың үлпілдек қауырсыны. "Ағасы бардың жығасы бар". Қазақ мақалы.
(1959)
СЕРГЕЙ ЕСЕНИННЕН
* * *
Туған жерде ғұмыр кешіп жалықтым,
Көңілсіз көкжиек торабым.
Ішінен кетем де халықтың,
Қаңғыбас қарақшы боламын.
Күндердің бедерсіз жолымен,
Жұмақжай іздеуге кетермін.
Мен сүйген әйел өз қолымен,
Қайраққа жанып тұр секемін.
Көктемде, күн сүйген көгалда,
Соқпақ бар мен жүрген қара кеп.
Пірімдей табынған со қарға,
Есікке телміртті, қара бет!
Әкемнің үйіне оралып,
Өзгенің бағына бас ұрып.
Сиякөк кеште бір омалып,
Жеңіме қалармын асылып.
Қақпаның түбінен сұр ағаш,
Тәнімді сүйесе тулатып.
Жумаған денемді жалаңаш,
Көмеді, көп итті шулатып.
Аспанда жүзеді Ай мәңгілік,
Сәулесі көлдерге шам жағып.
Россия егілер мәңгіріп,
Қақпамның алдында сандалып.
(1915-1916)
ФЕДЕРИКО ГАРСИА ЛОРКАДАН
* * *
Теңіз күлді,
Көкшіл ерін, көбік тіс қатары аппақ
Алақанымен ақ құмды шапалақтап.
- Қола кеуде ей, ару, неге мұңайдың?
- Су сатамын, теңізін сатам Құдайдың.
- Бойжеткен, қаныңда не бар шулаған?
- Су сеньор, теңіздің суы тулаған.
- Бейбақ Ана, көз жасың ащы өзен бе?
- Теңіздің суы көз жасым, жыламай енді төзем бе?
- О, жүрек, ащы тағдырды тілемеп едім?
- Ащыға етім үйренген, жүре беремін.
Теңіз күлді,
Көкшіл ерін, көбік тіс қатары аппақ
Алақанымен ақ құмды шапалақтап.
АЛЕКСАНДР БЛОКТАН
ДОСТАРҒА
Көрінбейтін арамызда бар қастық,
Қызғаншақ, Керең, Бөтенбіз!
Қызмет пен Өмір ғой деп арбастық,
Онсыз тағы жүре алмайды екенбіз!
Не істеу керек?
Билік бермей сабырға,
Зәрлі сөзбен үйімізді уладық!
У-дың исі мүңкіп кетсе қабырға,
Бас сүйейтін жері жоқ деп шуладық!
Не істеу керек?
Бакытқа елдей сендік біз,
Күлкіменен егіз шығар лақпа мұң.
Ішіп алып, көше жақтан көрдік біз,
Үйіміздің құлап бара жатқанын.
Достық бар да жасай бермек сатқындар,
Құнсыз оның сөзі де.
Не істеу керек?
Құдіретімен Хақтың бар,
Аластаймын,
Көрінбесін келешектің көзіне!
Қабірде осы қаңсып қалып бар дене,
Жатқанда әппақ сүйек боп.
Бір тарихшы :
«Осында бар» деп «әлдене»,
Ғылымға кетсе иектеп.
Осы ма бізге қат бақыт?
Ұрпаққа қиын, қимадым.
Туған күн мен өлген күнімді жаттатып,
Ашытады миларын!
Жүреміз өстіп, қайғы алып,
Шаттық жыр қалған жасып-ақ.
Бір доценттің жемтігіне айналып,
Сыншыны күллі асырап!
Боран жұтып, бетімнен осып ұсақ қар,
Ғайып боп түстей өңдегі...
Қарғыс атқыр, үндемеңдер, кітаптар,
Мен ешқашан жазған жоқпын сендерді!
АННА АХМАТОВАДАН
* * *
Сақта, сақта жел мені,
Мені іздеп ешкім келмеді.
Төбемде іңір, құлақта –
Күрсінген үнсіз жер демі.
Жүйрік ем, сендей еркін ем,
Өмірді сүю, өлеңің ғана сертімен!
Тəнімді қара мұздаған,
Мен түбі бүгін мертігем!
Іңірге мынау қаралы,
Жанымды жасыр жаралы.
Көк тұман дұға оқысын,
Жүрегім суып барады.
Жолыма
Гүл төсе, жел, менің,
Сеземін соңғы сəт келгенін.
Көктемді еске сап шуылда,
Көктемім –
Өткенім ол менің!
(1909)
* * *
Ол əлемде үш - ақ затты сүйеді:
Əндеткенді кеште қозып арқасы,
Ақ тотыны киелі,
Жəне
Американың тозығы жеткен картасы.
Жек көретін жылағанын баланың,
Жидек қосқан шəйді де аса сүймеді,
Ұнатпайтын Əйелдердің талабын...
...Ал мен оның əйелі едім үйдегі...
(1910)
МАРИНА ЦВЕТАЕВАДАН
* * *
Айнаға келіп шаң басқан,
Тұманды мынау түске еніп.
Жолыңды сұрап, танбастан,
Тұрағыңды сұрап, тістеніп.
Елес боп көзге кеме бір,
Кемеден көрдім сені мен.
Пойыз түтіні...
Жəне бір,
Алаңда кешкі серуен.
Боз қырау қонып тепсеңге,
Қарғалар қалың -- қара ұғым.
Хош –
ТӨРТ ҚҰБЫЛА қаңғып кетсең де,
Батамды берем, жарығым!
(03.05.1915)
ШАРЛЬ БОДЛЕРДЕН
ӘБІЛ ЖӘНЕ ҚАБЫЛ
I
Әбілдің ұлы, қалғы да, тоят тап,
Құдайдың көзі оң, сен десе.
Қабылдың баласы, боққа ауна,
Ақырғы деміңе дейін, (бола ма оны дем десе?)
Әбілдің ұлы, сенің құрбаның,
Жылаған адамзат жүрегін емдесе.
Қабылдың ұлы, сенің азабың,
Ақырын айта ма, бітем деп.
Әбілдің ұлы, бақшаңа Құдай төкті ғажабын,
Қамбаң өзі толады, қамықпа күтем деп.
Қабылдың баласы, ішіңе қарашы,
Ит ұлып, жортқандай бүкеңдеп.
Әбілдің баласы, жаныңды жылытсын,
Патриарх ошағы,
Қабылдың баласы, іріңге тойған сүліксің,
Шиге сарыр шибөрінің қосағы!
Әбілдің ұлы, шексіз сүй, шексіз көбей,
Малыңа мал қосады.
Қабылдың ұлы, көңілің кіді болмасын,
Махаббаттың көре қалсаң сұлбасын.
Әбілдің ұлы, Құдай сенің жолдасың,
Жерге сыймас зәузатқа, ата болар бұл басың!
Қабылдың ұлы, жалғыз аяқ соқпақта,
Адасып кет, отбасыңмен,
Ошағыңа от жақпа!
II
Солай, Әбілдің ұлы, батпақтап,
Жатуға үкім кесілген.
Қабылдың ұлы, біткен жоқ ісің,
Тайынбас судан шешінген...
Әбілдің ұлы, жан сауға сұрап жалынба,
Көк найза сүңгіп өтті де кетті төсіңнен.
Қабылдың ұлы, көкке шық, ақыңды көр,
Иә, Құдай, сен сонда оны қара жерге,
Қайтадан атып жібер!
ВДАДИМИР НОВИКОВ-КЮННЮК УРАСТЫРОВТАН
ҚОШ БОЛ, КАВКАЗ!
Қош бол, Кавказ! Жолға алыс,
Тартады тағдыр тақтасы.
Тас кеуде шатқал, жар қамыс,
Атымды менің сақташы.
Есіңе мені аларсың шатқал,
Шаттанған жыршы, әншіңді.
Жастықтың әнін кештерде мақпал,
Татырған саған бал сынды.
Жүз жыл да бұрын бір ақын келген,
Бір ақын – қашқын һәм батыр.
Бақыт деп жырлап, қыратын көрген,
Бақыт боп атың қалды ақыр.
Есіме түсті сол ақын менің,
Соны ойлап бұлт та бұлыңғыр.
Қола Пушкин мен қола түндерің,
Ғасырға аңыз бүгін бір.
Мекенім менің орманды алқап,
Боранды Сібір, бұрқаған.
Күй болып құйыл, шерімді тарқат,
Шыңдарың ән боп шырқаған.
Ғажайып ғасыр мен туған мезет,
Көктегі Күн де жебедің.
Мұз бенен қардан қорғаштап кезек,
Бөлшегін Күннің,
ошақта сақтап келемін.
Кавказ, Кавказ, гүліңді сенің,
Жұпарлап жұттым, шарапша.
Бұлбұлдан жеткен үніңді сенің,
Тамырға қан қып таратса...
Салқынды самал төске алып,
Тау асып түскен шақтарда.
Түстерін көрген еске алып,
Жапырақ сырын ақтарды, ә?
Бұлқынып аққан бұлаққа,
Көктегі жұлдыз, шағылды Ай.
Ән жетті әсем құлаққа,
Бұла кез, жастық шағымдай.
Осы әнмен кетем мен сенен,
Өлүенге* мұзын аршыған.
Құрбымнан шаттық, еңсемен,
Көктем леп, ғажап ән шығар.
Қош бол, Кавказ! Сені мен елде,
Есіме жиі алармын.
Сағынып саған келерде,
Сағынып кетіп барамын.
Жыл өтер жылжып, мүмкін мен,
Сыралғы достай келермін.
Таң қалып саған, «шіркінмен»,
Тамсанып жүріп өлермін.
*Лена өзені.
ЖАҚҰТ ҚОБЫЗЫ
Есіме түсті, еңсемді езіп,
Зар тұнған сенің дауысың.
Халқымның хәлі, кемсеңді кезі,
Қуғынға салу,
құрбанға шалу,
тауысу.
Жақұттың бағзы жыры бар,
Тамұқтай тағдыр туралы.
Түтіні өшкен мұржаға келіп тығылар,
Желдің де көзі суланып.
Ендігі сенің әуенің басқа,
Толқын да толқын билеген.
Кірпіктер бөгет болсын да жасқа,
Тағдырыңды талқан қып алма,
Илеген.
И.ЛАЗУНИННЕН
* * *
Көк аспанға тырна жайып қанатын,
Бақшалар да қарсы алғандай жыл құсын.
Тұнжыр ерлер таусылғандай тағаты,
Сақалынан аршып алды күлкісін.
Шала мастық кейпінен де шаршаған,
Шаттықты сомдауға құмартып.
Алтынкүрек* ұстап алып барша адам,
Ақ қармен қоштасты, мұңайып, мұнартып.
Жылғада бүлкілдеп су қайнап,
Сауысқан күлге аунар күнімен.
Иыққа сүйеніп сұлу қыз тұрды ойнап,
Иыққа – бір кездер карабин* ілінген.
Ертең-ақ , қиындық, күпір күн,
Сезімді жалмайды - дейді үнім.
Ал бүгін, мейілің, түкірдім,
Көктем боп Тәңірі төгіп тұр мейрімін!
*Алтын күрек – көктемде қарды босаңсыта соғатын жел.
ҚОШТАСУ
Таң келіп, асықпай биязы қалыпта,
Қайыңдар қайтадан боялды.
Шатқыаяқ шарбақтар сап түзеп жарыққа,
Мүлгіген үй де әне есінеп оянды.
Сұр тұман ішіне сәулесін сұққылап,
Түн көйлек сусиды денеңнен.
Жылаудан шаршаған жанардан шық құлап,
Тағы да жыладың Ай құшып сен өлген.