ВОЛЬФГАНГ БОРХЕРТ. ОСЫ СЕЙСЕНБІДЕ

 

Әр аптаның сейсенбісі келеді.

Бір жыл ішінде ол елу шақты күн шығар.

Соғыс уақытында да сейсенбі күндері өте көп болды…

 

Осы сейсенбіде

олар сынып тақтасына бас әріптен басталатын сөздерді жазып үйреніп жатқан. Мұғалима өзінің қалың көзілдірігінің ар жағынан оларға сүзіле қарайды. Көзілдірігі жақтаусыз еді. Шынысының қалыңдығы соншалықты, оның көзіндегі ашу табы анық көрінбейді.

Қырық екі қыз тақта алдында отырып, бас әріппен жазылатын сөздерді көшіріп, жаттығуда. “Қарт Фрицтің темір саптаяғы бар. Үлкен Берта Парижді атқылады. Со­ғыс уақытында әкелердің бәрі – солдат”.

Улла жазып болып, тілінің ұшын мұрнына жеткізе созып, ойнай бастады. Бірақ мұғалима оны байқап қалып, жанына келіп, жазуын тексерген.

 – Улла сен “солдат” сөзін “а” әрпі ар­қы­лы жазыпсың. Есіңде болсын, “сол­дат” сөзі “соғыс” сөзі сияқты “о” әрпі арқылы жазылады. Саған бұл туралы қаншама рет қайталап айтуға болады?! – деп мұғалима журналды алып, Улланың атының тұсына дәу белгі соғып қойды. – Ертең үйден осы мәтінді он рет қатесіз көшіріп жазып келетін бол. Тек, әдемілеп таза жаз, түсіндің бе? – деді пысықтап.

Ішінен түсінбейтін несі бар деп ойлаған Улла: – Иә, ұқтым бәрін, – десе де енді бұл төрт көз қыр соңымнан қалмайтын болды-ау деп томсырайды.

Аулада шықы­лықтаған шымшық торғайлар балалар­дың ертеңгі асынан қалған қоқымды шо­қып жеп жатты...

Осы сейсенбіде

лейтенант Элерске батальон коман­дирі­не келсін деген бұй­рық түсті.

 – Сізге мына қызыл мойын­ора­ғышты шешіп тастау керек, Элерс мырза.

– Неліктен, ма­йор мырза?

– Шешуге тура келеді, лейтенант Элерс. Екінші ро­т­а­да­ғылар сән­қой­лар­ды онша жақ­тыра қой­майды.

– Мені екінші ротаға ауыстыратын болды ма?

– Иә. Әрі ол жер­де бипазданып, сән­денгендерді жа­рат­пайды. Әйт­пе­генде, сіз олар­мен тез тіл табысып кете алмайсыз. Екінші ротаның жігіттері ше­тінен жампоз, кілең сен тұр, мен ата­йынның өзі. Сенің мына қызыл мойынорағыш тағынып, шырттай киініп, шілтиген түріңді көрсе, сенен табанда теріс айналады. Капитан Гессе біртоға, қарапайым киінетін еді ғой, олар соған үйренген.

– Немене, Гессе жараланып қалып па?

 – Жоқ, ол ауырып жатыр. Кейінгі уақытта ұнжырғасы мүлде түсіп кетіпті дейді ғой. Капитан болып алғаш тағайындалған кезде қандай сыптай пысық жігіт еді. Енді не болғанын түсінбедік. Өзінен өзі жүдеп, жүнжіп қожырап кетсе керек. Байқа, Элерс, ротаны бір­ден баурап, игеріп әкетуге тырыс. Гессе өзінің жігіттерін әбден тәрбиелеп тастаған. Ал, мына мойынорағышыңның көзін құрт, ұқтың ба?

 – Ұқтым! Айтқаныңыз мүлтіксіз орын­далады, майор мырза.

 – Және жігіттердің түнде темекі тарт­қа­нынан сақ болыңдар. Қараңғыда жылтыраған шоқ басыңды оққа байлап беретін тажал еке­нін естеріңнен шығармаңдар. Жақсы снай­пер­дің қолдары қашанда қышып тұрады. Олардың көздері селт еткенді қалт жібермей, бәрін қарауылға алып, көздеп отыратынын ұмытпа. Өткен аптада снайперлер-ақ біздің бес адамды сұлатып салды. Оқ бәрінің де басынан тиген. Демек, көздеп тұрып атқан. Түсінікті ме?

 – Дәл солай, майор мырза.

Элерс екінші ротаға бара жатып жол-жөнекей қызыл мойынорағышты шешіп алды. Тамағының түймесін ағытып, асықпай шылым шекті.

 – Рота командирі Элерс, – деп қатты дауыс­тап баяндап болғанынша саңқ етіп атылған оқ дауысы қоса шықты. Қаңғырған оқ емес, көздеп атылған оқ қақ маңдайдан тиіпті. Бар болғаны осы...

Осы сейсенбіде

Ганзен мырза фрейлейн Северинге қарата:

 – Жарқыным, Гессеге тағы бір дүркін сәлем-сауқат жіберу керек. Темекі, аузының дәмін алатын тұшымды бірдеңелер және әлдеқандай кітап қосса, артықтық етпес. Әсіресе, қолғап салуды естен шығармаңызшы. Мына қыс біздің жігіттерге оңай соқпай тұр. Өзге-өзге емес, мен оны әбден түсінемін. Сізге алдын ала ризашылығымды білдіремін. Тәңір жарылқасын, сізді, – деген.

 – Ганзен мырза, оған Гельдерлинді жіберуге бола ма? – Тоқтай тұр, жарқыным, тоқтай тұр! Оған оқуға жеңіл, көңілді нәрсе жіберген жөн. Вильгельм Буш төңірегінде қарастырыңыз. Гессе көңілді нәрсе оқығанды жақсы көретін. Оқып, ішек-сілесі қата күлетінін сіз білуші едіңіз ғой, қалқам. Құдайым-ау, міне, күлкінің қадірін білетін адамның бір сол.

– Иә, иә, дұрыс айтасыз, ол күле білетін, – деді фрейлейн Северин оны қостай.

Осы сейсенбіде

 капитан Гессені зембілге салып, санитарлық бақылау бөліміне әкелген. Есікте мынандай жазу тұр:

 Үлкен бол, кіші бол,

Генерал бол, солдат бол,

Шашыңмен қоштасар

Кез келді, соны біл! Әуелі оның шашын алып тастады. Сани­тардың салалы саусақтары бейне өрмекшінің аяғындай бунақ-бунақ бұратылған ұзын екен. Буындары сәл қызарыңқы көрінеді. Әлгі сау­сақ­тар жыпылдап Гессенің денесін дәрі­хана­ның иісі аңқыған әлдебір сұйықпен әбден сүрт­кіледі. Өрмекші саусақтар оны қоя салып, Гес­сенің тамыр соғысын тексерді, қызуын өл­ше­ді. Дереу қалың кітапқа: “Ыстығы 41,6 градус, тамыр соғысы 116. Науқас есін біл­мейді. Бөрт­пе сүзек пе деген қауіп бар”, – деп жазып қойды.

Санитар осымен шаруа тәмам дегендей қалың кітаптың бетін тарс жапты. Кітаптың сыртында: “Смоленск жұқпалы аурулар госпиталі”, одан сәл төменірек “1400 орын”, – деген жазу бар.

 Гессені зембілмен қайта көтеріп ала жөнелді. Баспалдақпен жоғары көтерілгенде Гессенің тақырлап алынған жылтыр басы бір жағына ауып, бұлғалақтап бара жатты. Ол тақырбас орыс солдатын көргенде әрдайым күлуші еді. Өзінің мына түрін көрмейді-ау! Зембіл көтерген санитардың бірі мұрнын тартқыштай береді, тұмауратып қалған түрі бар.

 Осы сейсенбіде

фрау Гессе өзінің көршісіне келіп, есік қоңырауын басты. Есік ашылған бойда ол күйеуінен келген хатты көрсетіп:

 – Оған капитан шенін беріпті. Міне, өзі мен капитан болдым, рота командирі етіп тағайындады деп жазыпты. Білесіз бе, ол жақта қырық градус аяз көрінеді. Хаты тоғыз күн жүріпті. Конверттің сыртына: “Жіберуші – капитан Гессе” – деп қол қойыпты, – деді қуанышын жасыра алмай бастырмалата.

Келіншек конверт сыртындағы жазуды көрсетпекке көршісіне хатты ұсына берді. Бірақ ол көзінің қиығын да салмады. – Қырық градус аяз де, сорың құрғырлар қалай шыдап жүр екен? – деді бар болғаны. – Қырық градустық аяз!

Осы сейсенбіде

санитарлық қыз­мет­тің подполковнигі Смоленскідегі жұқ­палы аурулар госпи­талі­нің бас дәрі­герінен:

– Күнделікті қан­ша адам көз жұ­мып жатыр? – деп сұрады.

– Бес-алтау...

– Сұмдық, – деді полковник еңсесі түсіп.

– Айтары жоқ ауыр жағдай, – деді бас дәрігер қын­жыла. Әңгімелесіп тұр­ғанда екеуі бір-бірінің көзіне қара­мауға тырысты.

 Осы сейсенбіде

театрда “Сиқырлы флейта” концерті. Фрау Гессе сонда бармаққа жиналып, ернін бояп жатты.

Осы сейсенбіде

 Элизабет медбике өзінің ата-анасына: “Егер құдіретті құдайдың барына сенбесек, мұндайға төзу мүмкін емес”, – деп жазды. Бөлмеге кезекші дәрігер кіргенде ол орнынан тұрды. Дәрігер Ресеймен соғыстың бар тауқыметі өз мойнына түскендей бүкірейіп, еңкіш тартып кеткен.

– Мүмкін тағы бірдеме берерміз оған? – деп сұрады ақырын ғана медбике одан.

– Жоқ. Оған енді ештеңе көмектеспейді, – деді дәрігер. Мұны айтқанда өзінің дәр­менсіздігіне қысылғандай үні құмығып, баяу шықты. Кейінірек капитан Гессенің денесін пала­тадан алып шықты. Дүрс еткізіп тастай салған дыбыс естілді.

– Күндегісі осы... Мәйітті апарып ақырын жатқызуға болмай ма тегі? Үнемі осылай лақтырып тастай береді, – деді бір науқас зығырданы қайнап.

 – Өлдің Мамай, қор болдың деген осы, – деді оған көршісі ән ырғағына салып. Кезекші дәрігер бір төсектен кейін екін­шісіне жақындап, науқастарды аралап жүр. Күндегі дағдысы осы. Күні-түні осылай. Күн демей, түн демей аурулар арасында бүкшең қағып жүргені. Ресеймен соғыстың бар азабы мен тозағы тап бір өзінің иығына түскендей белі бүкірейіп алып, екі аяққа дамыл бермейді. Дәлізде зембіл көтерген екі санитар сүрініп-қабынып, ары-бері безектеуде.

 – Бүгін осымен төртіншісі капут, – деді тұмау тиген санитар мұрнын қорс-қорс тартып.

Осы сейсенбіде

 кешкісін Улла өзінің үй жұмысы дәптеріне: “Соғыс уақытында әкелер­дің бәрі – солдат... Соғыс уақытында әке­лердің бәрі – солдат...”, – деп жаза бас­тады. Ол осы сөйлемді он қайтара жазып шықты. Әр жолы бас әріптен бастады. “Солдат” сөзін “соғыс” сөзі сияқты “о” әрпі арқылы қатесіз жазды.

Аударған Шәрбану Бейсенова