СОМЕРСЕТ МОЭМ. ҚҰСАҒА БАТҚАН ӨМІРЛЕР

Норман Грейндж плантатор болатын. Таң атар-атпастан тұрып, жұмысшыларын тексеріп, плантацияны байқап, аралап шықты. Кәушік ағаштарына салған кесіктердің дұрыстығын тексерді. Міндетін атқарып біткен соң үйіне келіп, жуынып, тамақ ішуге отырды. Тамақты қарпып жеді, өйткені таңғы асы да, түскі асы да осы еді. Борнеода мұны бранч деп атайды. Әйелі қарама-қарсы отыр. Тамақ үстінде газет оқыды. Ас үйде қараңғы болатын. Қазандардың сыры кеткен, су құйып қоятын графин сырылып біткен, ыдыс-аяқтың шеті сынған, шатынаган, бір сөзбен айтқанда қара кедейшілік, бірақ бұған бәрі үйреніп кеткен баяғыда. Үстел үстіне ең болмағанда гүл қойып қойса, көңілдірек болар ма еді, бірақ бұл ешкімнің де ойына келмеген сияқты. Тамақтанып біткен Грейндж кекіріп алды да трубкасын тұтатты. Үстел үстінен тұрып дәлізге шықты. Ол әйеліне мүлдем мән беретін емес, бейне ол мұнда жоқ сияқты. Дәліздегі тоқыма креслоға жантайып оқуын ары қарай жалғастырды. Миссис Грейндж болса қолымен темекі салынып тұрған қаңылтыр сауытты сипалап, ішінен темекі ап тұтатты, өзі шай ішуін тоқтатпады. Кенет есік жаққа елең ете қалды, құлағы біреулердің баспалдақпен көтеріліп келе жатқанын шалып қалды. Қызметшісі жалғыз емес, жанында  бір даяк, бір қытайлық ер адамдар бар, күйеуіне барды. Танымайтын адамдар мұнда өте сирек келетін, сондықтан да миссис Грейндж оларға не керек екенін тіпті білмеді. Орнынан тұрып есікке жақындады, тың тыңдады. Әйелдің Борнеода тұрғанына ұзақ жылдар өтсе де, тілі тек қызметшіге не істеу керектігін түсіндіруге ғана жететін. Сондықтан, дәліздегі әңгіменің не туралы боп жатқанын ол еміс-еміс қана ұғынды. Күйеуінің дауысына қарағанда, ол ашулы. Алдымен қытайлыққа, сосын даякқа сұрақ қойған сықылды. Сөздеріне қарағанда аналар күйеуін бірнәрсені істеуге көндіре алмай жатқандай. Ақыры, күйеуі қабағы ашылмаған күйі креслодан тұрып, еркектермен бірге үйден шығып кетті. Қатты таңданған әйелі – миссис Грейндж, жып етіп, ешкімге естіртпей дәлізге атып шықты. Күйеуі өзенге қарай түсіп барады. Арық иықтарын қиқаң еткізген күйі ол ішке еніп кетті. Бірақ әп-сәтте қайта шықты, енді күйеуі шақырып жатыр еді.

-Веста!

Ол дәлізден көрінді.

-Төсек-орын дайында. Жағада қайықта ақ адам жатыр. Қатты науқас.

-Ол кім?

-Мен қайдан білейін, шайтан алғыр! Оны жаңа ғана әкелді.

-Бірақ біз үйге кім көрінгенді кіргізе алмаймыз ғой.

-Сандалмай тез айтқанды істе.

Осы сөздерді айтып ол өзенге қарай қайта кетті. Миссис Грейндж қызметші баланы шақырып ап бос бөлмеге төсек жабдықтарын апаруды әмір етті. Сосын өзі баспалдақтың жоғарғы жағына тұрып ап аналардың келуін күтті.  Көп ұзамай олар да келді, иықтарына сап көтеріп келе жатқан көрпенің үстінде адам жатыр. Ол аналарды өткізіп жәберу үшін шетке шықты, көзінің қырымен жатқан адамның түрін көріп қалды: боп-боз екен.

-Мен не істейін?- деп сұрады ол күйеуінен.

-Ары жүр, беталды сөйлеме, болды.

-Қандай сыпайы едің.

Науқасты кіргізіп, бірнеше минуттан соң олар бөлмеден шықты.

-Барып жүгінің жайын шешейін. Үйге кіргіздіретінін үйге кіргізейін. Оның жанында қызметші жігіті бар екен, сондықтан жанына жоламасаң да болады.

Ал оған не болған?

-Безгек. Апара жатқан қайықшылар оны өліп кете ме деп қорқады, сондықтан да ары қарай жүзуден бас тартып отыр.  Аты Скелтон.

-Бірақ ол өлмейді ғой?

-Өлсе жерлейміз.

Бірақ Скелтон өлген жоқ. Келесі күні таңертең ол оянып, төсекте жатқанын көрді, төбесіне шіркейден қорғайтын торлама ілініпті. Қайда екенін тіпті де білмейді. Арзанқол темір, қатты төсек. Бірақ қайықтан соң мұның өзі жұмақтай боп көрінеді! Көзіне қолдан жасалған тұрпайы киім салатын жәшіктен басқа ештеңе түспеді және, ол да қолдан қағылған, бір ағаш орындық тұр екен. Оған қарама-қарсы қабырғада пердемен жабылған есік тұр, дәлізге апаратын есік болса керек.

-Конг!- деп дыбыс берді ол.

Есіктегі пердені түріп,  қызметшісі кіріп келді. Қожайынының безгектен беті бері қарағанын көрген қытай қызметшінің бет-ауызы күлімдеп кетті.

-Сіз кіскене жакси боп калдиниз ба, кужаиним. Мен уте куаништимин.

-Мен қайдамын?

Конг бәрін түсіндірді.

-Жүк орнында ма? – деп сұрады Скелтон.

-Иә, әлине.

-Жігіттің аты кім? Үй иесін айтамын?

-Нолман Глендж мылза.

Сөзін растау үшін бір кітапты ұсынды, оның алғашқы бетінде иесінің аты жазылыпты: «Норман Грейндж». Скелтон авторға да көз салды, Френсис Бэкон. Бұл оның «Тәжірибелер» атты еңбегі еді. Осындай адам аяғы баспайтын жерде, Борнеодағы плантатордың үйінде осындай кітапты көру біртүрлі қызық екен.

-Оны көруге қуанышты болатынымды айтып бар.

-Кужаин казил үйде жок. Жакин алада киледи.

-Жуынып алсам қайтеді? Құдай біледі, шын айтам, қырынбасам болмайды.

Скелтон орнынан тұруға ыңғайланды, бірақ басы айналып кетті. Әлі құрып, айғай сап барып төсекке құлап түсті. Бірақ Конг сақалын қырып, жуындырды. Ауырғалы бері үстінен шешілмеген киімдерін шешіп, ауыстырды. Одан кейін Скелтон жатып демалды. Көп ұзамай қожайынның келгенін айтып қызметшісі келді. Есік қағылып, бөлмеге ірі денелі, білекті еркек кіріп келді.

-Жағдайыңыз жақсы боп қалды деп естідім,- дед ол.

-Иә, әлдеқайда жақсардым. Халім мүшкіл кезде баспана бергеніңіз үлкен мейірімділік. Басыңызға таудан түскен тастай болдым-ау деймін.

Грейндж көп сыпайылық сақтап жатпай, тіке жауап қайтарды:

-Мұнда тұрған не бар дейсің.  Халіңіз өте жаман болды. Даякалықтардың сізден құтылғысы келгеніне таң қалмаймын.

-Сіздің мазаңызды алмаймын, ауруым ептеп қайтқанша ғана боламын. Егер, қайық табылса, бүгін-ақ кетіп қалуға болады.

-Бұл жерден таппайсыз. Әзірге осында қалғаныңыз дұрыс болар, тәуір болғанша. Өте әлсізсіз.

-Сізге ыңғайсыздық тудырам ба деп қорқам.

-Неменеге, түсінбеймін. Өзіңіздің қызметшіңіз бар екен.

Грейндж плантацияларын аралап жаңа ғана келген беті болатын. Үстіндегісі кір-кір қысқа шалбар, хаки түсті жейде, басында кең жиекті май-май қалпақ. Бұнысына қарап, оны маусым кезінде жалданатын жұмысшы деп ойлап қалуға әбден болады. Қалпағын шешіп, білегімен маңдайының терін сүртті. Шашы қысқа, ақ шалыпты. Беті қып-қызыл боп күнге күйген, етті, жалпақ. Сирек мұртты. Аузы үлкен, мұрны қысқа, таңқы келген. Кішкене көздері қатыгез әрі ашулы.

-Маған оқуға бірдеңелер бермес пе екенсіз?- деп сұрады Скелтон.

-Не оқисыз?

-Бәрібір. Тым ақылды кітап болмаса болды.

-Менің өзім роман оқудың патшасы емеспін, бірақ біраз кітап табуға болады. Әйелім тауып береді. Жеңіл-желпі кітаптар болуы мүмкін, одан басқасын оқымайды. Мүмкін сізге де ұнап қалар.

Ол басын изеді де шығып кетті. Аса ілтипатты мырза емес екен. Бірақ тақыр кедей екені анық – Скелтон жатқан бөлме, қожайынның сырт келбеті осыны айқын аңғартып тұр. Мүмкін, ол осы қожалықта басқарушы болып жұмыс істейтін шығар, тиын-тебен ғана табатын шығар. Қонақ қабылдау, оның үстіне қызметшісімен бірге – оған қалтасы тым таяз сияқты.  Қойшы, сонымен біз бенефис ұйымдастырдық, бірақ Виктор мен әйелінсіз өте аз жинадық. Ал барлық есептерді төлеп біткен кезде қолымызда алдындағысынан да аз қалды. Мен, әрине, қатты састым, не қыларымды білмедім. Сол кезде Норман пайда бола кетті, маған ұсыныс жасады. Ең күлкілісі, біз екеуміз енді ғана танысқан едік. Бірде ол мені мәшинеге мінгізіп аралды аралатқан, бір-екі рет еуропалық мейрамханаға шайға шықырып, биге барғанбыз. Еркектер бірнәрсені шын көңілден жайдан-жай жасай салмайды, соған қарағанда, ол менімен біраз көңіл көтергісі келді-ау деймін, бірақ мен әбден піскен, әккі қыз болатынмын, сондықтан ондай пиғылға мені айналдырмай-ақ қой деп бірден айттым. Алайда, ол маған ұсыныс жасағанда, сенер-сенбесімді де білмедім. Ол маған Борнеода шағын қожалығы бар екенін, біраз шыдай тұрсақ ақшаның астында қалатынымызды айтты. Қожалығы сұлу өзеннің жанында, ал айнала қалың джунгли. Осыны маған суреттеп бергенде көз алдыма керемет табиғаттың көрінісі келді. Оның әңгімесінде барлығы әдемі еді. Уақыт болса тоқтамайды, отызға да келдім, оның үстіне жұмыс табу да қиындап барады. Ал өз үйіңнің тағы басқа нәрселердің  қожайыны болу, өзіңмен-өзің болу мен үшін жақсырақ боп көрінді. Енді кім-көрінгеннің есігін қағып қаңғырмайсың. Пәтерге төлейтін ақыны қайдан тапсам екен деп түні бойы көз ілмейтін кездер болмайды. Ол кезде Норман әдемірек болатын – кеуделі, жауырыны қақпақтай, батыл мінезді. Ешкім де мені есеппен күйеуге шыққаным үшін кінәләй алмайды.- Кенет ол үнсіз қалды. –Мынау сол! Мені көргеніңізді айтпаңыз оған.

Ол отырған орындығын ала сала тез арада үйге кіріп кетті. Скелтон таң-тамаша күйінде сасып отырып қалды. Әйелдің сырт бейнесі, көз жасы, айтып берген оқиғасы, тынымсыз жүйкеге тиетін жұлқыма ауруы, оның үстіне күйеуінің дауысын ести сала зәресі зәр түбіне кете қорқатыны, аяқастынан тұра қашуы – осының бәрін ол түсіне алмады. Не деп ойлауға болады?

Бірнеше минуттан соң Норман Грейндждің дәлізде жүргені естілді.

-Сізге жақсы боп қалғанын білдім,- деді ол.

-Рахмет, тәуірлеп қалдым.

-Егер бранчқа қосылғыңыз келсе, үстелге тағы бір адамға ыдыс қойдырармын.

-Рахмет, қуана-қуана қосыламын.

-Тамаша. Кеттім, жуынып, киімімді ауыстырып келейін.

Ол шығып кетті. Көп ұзамай үйдің қызметші баласы келді де Скелтонға оны қожайынның күтіп отырғанын жеткізді. Скелтон оның артынан жүріп шағын қонақ бөлмеге кірді, терезе перделері түсіп тұр екен, ыстық кірмесін деген болу керек. Бөлмеде түрлі-түсті қытай, ағылшын жиһаздары қалай болса солай қойылыпты. Жорнал үстелінің үстінде түрлі ұсақ-түйектер шашылып жатыр. Қапырық, әрі жайсыз бөлме екен. Грейндж малайларша үстіне жеңіл күртеше киіп алыпты, өзі күжірейген болса да мына киімде қарапайымырақ боп көрінеді екен. Ол Скелтонға әйелін таныстырды. Әйелі бұның қолын бейне бірінші рет көріп тұрғандай қысты, танысқаныма қуаныштымын дегендей бірдеңелерді айтты. Қызметші бала тамақ дайын деп белгі берген соң, олар ас үйге өтті.

-Сізді біздің өлі тыныштық жайлаған жақта алғаш рет болып тұрмаған адам деп естідім.  – деді Грейндж.

-Менің мұнда болғаныма екі жыл өтті. Мен антропологпын, біздің өркениетімізбен мүлде жанаспаған тайпалардың мінез-құлықтары мен салт-дәстүрлерін зерттеймін.

Скелтон қожайынның түріне қарап, мұны еріксіз қабылдап отырғанын сезгендіктен, бұл жағдайға қалай түскенін айтып бергенім дұрыс болар деп шешті. Скелтон өзі орналасқан ауылды тастап шыққаннан кейін өзенге жету үшін он күн жол жүреді. Жете салысымен екі қайық жалдап, біріне өзі отырып, екіншісіне қызметшісін отырғызып және жүкті тиеп жүзіп кетеді. Өзінің қайығына бірге алып алған көрпені төсеп рахаттана, төбесіне тігілген күнқағардың астына аунай кетеді. Осы уақытқа дейін денсаулығы ешқашанда сыр беріп көрген емес, осыны ойлап жатқанда түсінгені, мұндай ойлар басына келетін болса, демек денсаулығының да сыр беруі ғажап емес екендігі. Бірақ кеше кешкісін қонған түземдіктің үйінде жергілікті адамдар қолдан жасайтын арақтан көп ішкен болатын. Бірақ ол бұған әбден үйреніп кеткен, сондықтан да басы одан ауырып тұрған жоқ. Өзін біртүрлі сезінді. Үстінде жейде мен балағы қысқа шалбардан өзге ештеңе жоқ, бір уақытта қалтырай бастады. Бұл бір қызық еді, себебі, күн деген ыстық. Скелтон қолын қайықтың ағашына басып қалып еді, күйіп кеткендіктен жұлып алды: оттың үстіндегі табадай қызып тұр екен. Егер қазір жанында қалың күртесі болса киіп алар еді. Біраздан соң тіпті кәдімгідей денесі мұздай бастады, тісі-тісіне тимей сақылдады. Бүк түсіп, басынан аяғына дейін дірілдеп жатты да қалды. Бойы еш жылынар емес. Не боп қалғанын өзі де сезе бастады.

-Құдайым-ау,- деді ол. –Безгек.

Қайықшылардың ішіндегі басшысын шақырып:

-Конгты маған жібер деп айғайлады.

Анау екінші қайықтағыға белгі беріп, өзінің ескекшілеріне тоқтауды бұйырды. Бірер минуттан соң қайықтар тұспа-тұс жанасты, сөйтіп Конг мынаның қайығына ауысты.

-Мені безгек ұстап қалды, Конг,- деді ол ыңқылдап. –Жолға алып жүретін дәрі-дәрмектер қобдишасын аш, тағы да, маған көрпе әкеп берші, жалынамын. Қатты тоңып барам.

Конг қожайынына көп көлемде хинин берді де, қолына түскен барлық нәрселермен үстін жауып қойды. Олар тағы да жолға шықты.

Скелтонның жағдайының нашарлап кеткені сонша, оны жағаға шығармады, сондықтан ол түнді қайықта өткізді.  Екінші және үшінші күндері хәлі бұдан да нашарлап кетті. Қайта-қайта жанына ескекшілер кеп қарап кетеді, тек басшылары  ғана ұзақ тұрып, басынан-аяғына дейін мұқият қарайды.

-Теңізге қанша күн қалды, -деп сұрады Скелтон қызметшісінен.

-Төлт-бес. –Конг осыны айтып үнсіз қалды. – Басшы алы қалай жузбейм дид. Үйіне кайтам дид.

-Сандалмасын.

-Басшысы сизди тым әлсиз, өледи дид. Ал өлсениз, портка осылай балсам, маган пале болад дид.

-Мен өлейін деп жатқам жоқ,- деді Скелтон. –Әлі-ақ тұрып кетем. Менде әдеттегі безгек қана.

Конг үндемеді. Оның бұнысы Скелтонның жынына тиді. Ол қытайлықтың бірдеңені ойлап отырғанын сезіп отыр, онысын айтқысы келмейді.

-Айт қане, не ойлағаның бар, нақұрыс - деді ол қырылдай айғайлап.

Конгтан шындықты естігенде Скелтон мазасызданып кетті. Қайықтардың басшысы кешке қонағасы тоқтайтын жерге келгенде, бұдан ақшасын алып, таң атқанша қайықтарымен кері жүзіп кетпекші екен.   Олар өлім аузында жатқан адамды ары қарай алып жүруге қорқатын көрінеді. Скелтонның оны айнытатын, сөйлейтін күші де жоқ еді, тек оларға үлкен соманы уәде етіп қана ары қарай жүзуге көндіре аламын деп ойлады. Күні бойы Конг пен басшы екеуі саудаласты, бірақ  түнге жақын жағаға тоқтағанда басшы Скелтонға кеп ары қарай жүзбейтінін айтты. Жақын арада бір үй бар, сонда ауруыңыздан айығып кеткенше жата тұруыңызға болады деді ол. Сөйтіп, Скелтонның жүктерін таси бастады. Скелтонның өзі жағаға шығудан үзілді-кесілді бас тартты. Конгқа тапаншасын алғызып, жақын келген кез-келгеніңді атып салам деп үрейлендірді аналарды.

Конг, ескекшілер және басшы жағадағы үйге қарай көтерілді. Скелтонды жалғыз қалдырып кетті. Ол қайықта бірнеше сағат бойы кірпік қақпай күтіп жатты, безгегі болса жанын шыдатпай,  күйіп-жанып барады. Көңі кеуіп, басы әңкі-тәңкі бола бастады. Әйтеуір дегенде от көрініп, адамдардың дауысы естілді. Қытайлық қызметшісі, жанында ересектеу келген еркек бар, ана үйде тұратын адам болса керек, мұның жанына жақындады. Скелтон қытайдың не айтып жатқанын түсіну үшін бар күшін жиды. Ағыспен төмен қарай бірнеше сағаттан соң, ақ адамның үйі бар екен. Егер Скелтон келіссе, басшы соған жеткізіп саламын депті.

-Сіз оған иә деніз., - деп кеңес берді, Конг. – Мүмкін ана ак адамнын уйинде каик бал болал, сонда тенизге тез-тез жетемиз.

-Ол кім?

-Плантатол, – деп жауап берді Конг.  – Жігіт айтад, ак адамнын кәушик плантациясы бал дид.

Скелтонның сөйлесуге де шамасы жоқ еді. Сол сәттегі бар арманы – ұйқыға кету ғана болды. Сөйтіп ол еріксіз келісті.

-Шынымды айтсам, ары қарай не болғаны есімде жоқ, – деп сөзін аяқтады ол. –Әйтеуір оянсам, сіздердің үйіңізге кеп қалған құдайы қонақ екенмін.

-Мен даякалықтарды еш кінәләмаймын,- деді Грейндж. –Мен өзенге түсіп, сізді көргенде, ісіңіздің нашар екенін түсіне қойдым.

Миссис Грейндж үндемеген қалпынан айнымады. Скелтон әңгімесін айтып отырған кезде оның қолы мен басы әрбір белгілі бір уақыт сайын қайта-қайта жұлқынумен болды, бейне қандай да бір, көзге көрінбейтін сағат механизміне бағынатын сияқты. Күйеуі одан тұздық әперіп жіберуді сұрады. Бұл оның әйеліне назар аударған жалғыз ғана реті болды. Сол сәт әйелінің жұлқынып қалғанын көрсеңіз, шошып кетер едіңіз. Ол оған ләм-мим деп ауыз ашпастан тұздықты алып берді. Оның Грейнджден зәресі ұша қорқатынына қарап, Скелтон өзін біртүрлі сезінді. Бұл қызық екен, қарап отырсаң, жаман адам емес сияқты.  Өзі оқыған, ақымақ та емес, ақкөңіл болмаса да, қиын-қыстау кезде қолынан келгенше көмек беретін адамға ұқсайды. 

Тамақтанып біткен соң, ыстық қайтқанша далаға шықпау үшін, олар бөлмелеріне тарап кетті.

-Сағат алтыда бір тостақ ішімдік ішуге күтем, - деді Грейндж.

Скелтон ұйқысын қандырды, суға түсті, кітап оқыды, сосын дәлізге шықты. Миссис Грейндж жанына келді.  Мұны торуылдап тұрған сияқты.

-Ол кеңседен келді. Сізбен тілдескім келмейтін түр жасайтыныма ренжімеңіз, егер сізбен жақсы сөйлесетінімді біліп қалса, ертең-ақ сізді қуып шығады.

Ол осыны естілер-естілмес сыбырлады да, үйге жып етіп кіріп кетті. Скелтон не ойларын да білмеді. Осы бір сырға толы үйге ол қалай ғана келе қалды екен. Скелтон тар қонақ бөлмеге кірді, сонда үйдің қожайыны күтіп отыр екен. Скелтонның мазасын үйдегі тақыр кедейшілік алған еді, бұлар қонақ кіргізбек түгіл өз нандарын әрең тауып жүрген адамдар. Бірақ Грейндждің ызақор және секемшіл адам екенін аз уақытта-ақ байқап қалды, сондықтан да оған ақшаны қалай ұсынуды білмеді. Қалайда тәуекел еткенді жөн көрді.

-Тыңдаңызшы, - деді ол, - менің осында әлі бір-екі күн қалатын түрім бар, егер жатын орнымның ақысын төлеуге рұқсат етсеңіз, маған жақсы болар еді.

-Соны да сөз деп. Сіздің мұнда тұрып жатқаныңыздан маған бір тиын да зиян келмейді, өйткені үй несие берушілердің құзырына өткен, ал тамағыңызға кететін шығын тіпті санауға да тұрмайды.

-Ал ішімдік? Оның үстіне, темекіні сізден тартып отырмын.

-Бізге бөтен кісі жылына бір рет қана келеді. Оның өзі округтің полициясы немесе сол сияқты ресми қызметкерлердің бірі. Ал мен сияқты тақырда отырған адамға бұдан артық енді ештеңе де зиян келтіре алмайды.

-Онда, менің құрал-сайманымды аларсыз? Маған енді оның қажеті болмайды, ал егер қаруларымнан біреуі ұнап қалса, оны қуана-қуана беремін сізге.

Грейндж кідіріп қалды. Кішкентай дүниеқор көздері жалт ете түсті.

-Егер қаруыңызды сыйласаңыз, кеткен тиын-тебенді жүз есе ғып қайтарғаныңыз болады.

-Онда, келістік.

Олар шығыс салты бойынша, батқан күннің қызылына қарап отырып, соның құрметіне содалы виски ішті. Екеуі де шахмат ойайтынын білген соң, бір партиясын ойнап тастады. Миссис Грейндж бөлмесінен тек кешкі асқа ғана шықты.  Тамақ дәмсіз екен. Сылдыраған сорпа, өзен балығы, қатты боп піскен ет, қанты көп қосылып кеткен пудинг. Норман Грейндж бен Скелтон сыра ішті, миссис Грейндж болса құр су. Өздігінен бір ауыз сөз айтпады. Скелтон тағы да, оның күйеуінен өлгенше қорқатынын ойлады. Сыпайылық сақтай отырып, ол әйелді бір-екі рет әңгімеге араластыруға тырысса да ол үндемеді. Тіпті одан сайын шошып қалды. Басы мен қолы дірілдеп тынымсыз жұлқынды. Осыдан соң, оны мазалаудың еш қажеті жоқ деп шешті. Кешкі ас бітісімен ол орнынан тұрды:

-Сіздерді шараптарыңызбен бірге қалдырамын, - деді ол.

Еркектер ол есікке қарай беттегенде орындарынан тұрып ілтипат білдірді. Айдаладағы аралдағы өзеннің жағасындағы мына кіп-кішкентай күрке сынды үйде тәрбиеліліктің осындай түрін сақтау біртүрлі қорқынышты көрінер еді, бұл керісінше жабайылық сияқты.

-Айтқым келетіні, шарап жоқ, мүмкін бенедикттен аздап қалған болар.

-Алаңдамаңыз.

Олар Грейндж екеуі біраз әңгімелесті, біраздан соң анау есіней бастады. Ол ертеңгілік таң атпай тұрып оянатын, содан да сағат кешкі тоғызға қарай көзі жұмылып, мүлги бастайтын.

-Мен қисаяйын. – деді ол.

Ол Скелтонға басын изей сап орнынан тұрды да кете берді. Скелтон да осыдан соң өз бөлмесіне барып жатып қалды, бірақ ұйықтай алмады. Ыстық әлі қайтқан жоқ, ұйқысы, бейне, қашып кеткендей. Мына үй мен оның тұрғындарының айналасына, ауасына дейін бір сұмдықтың иісі сіңіп кеткендей.  Неліктен осындай ой қамап алғанын түсінбеді, жаны жайлана алар емес, тезірек мына үй мен оның иелерінен құтылған кезде, Құдайына мың алғыс айтатыны анық. Барынша тезірек кету керек. Грейндж өзі туралы көп сөйлесе де, онымен алғашқы кездескенде білгенінен артық  еш жаңа нәрсе біле алмады. Сөзіне қарағанда, тақырға отырған кәдуілгі плантатор. Ол соғыс біте салысымен жер сатып алып, бірден кәушік отырғызған екен, бірақ ағаштар өнім бере бастаған кезде, кәушіктің бағасы тым арзандап кетеді, сондықтан да тақырға отырып қалған, қазіргі күні өмір сүрудің амалы ғана. Плантация мен үйін кезінде үлкен пайызға кепілге қойып қойған екен, енді міне, кәушіктің бағасы қайта көтерілген уақта, бар тапқан-таянғаны несие берушілерге кетіп жатыр. Малай еліндегі ең үйреншікті оқиға. Грейндждің отансыз адам болып шыққаны ғана қызығушылық тудыратын. Ол осында, Борнеода туған, әке-шешесі осында қызмет еткен. Сосын өсе келе оны Англияға оқуға жібереді, он жеті жасында осында қайтып оралған, содан бері аттап ешқайда бармаған, тек соғыс кезінде Месопатияға ғана барған. Англия ол үшін ештеңе де емес. Онда не достары, не туыстары жоқ. Жергілікті плантаторлардың көбі, шенеуніктер сияқты, Англиядан шыққандар. Олар сонда демалыстарын өткізіп, зейнетке шыққанда қайтып оралуды армандайтын. Ал Норман Грейндж ше, ол Англияда не істейді?

-Мен осында тудым,- деді ол, -осында өлемін. Англия үшін мен бөтенмін. Солардың салттарын суқаным сүймейді, не туралы сөйлесетінін түсінбеймін де. Бірақ мында да мен бөтен адаммын. Малайлықтар мен қытайлықтар үшін мен ақ адаммын, тілді олардан артық білсем де ақ адам боп қала берем олар үшін. – Сосын бір уақытта былай деді: - Әрине, ақылды адам болғанымда, малай әйелге үйленіп, қазір бір қора метис балаларым болар еді. Бұл осында туып-өскендер үшін жалғыз жол.

Бірақ Грейндждің жүрегінің түбінде жатқан ауыр бір сыр бұған ғана  байланысты емес сияқты, тіпті қаржылық қиындықтар да емес. Колонияда тұратын басқа ақ адамдар туралы ол бір ауыз жақсы сөз айтпады. Олар бұны осында туып-өскені үшін жек көретін сияқты. Ол ызақор, өмірден түңілген, әрі өзін өте жоғары қоятын адам еді. Скелтонға кітапханасын көрсетті. Кітаптар көп емес екен, есесіне жақсы таңдалып, сұрыпталған. Ағылшын әдебиетінің ең озық үлгілері, ол үнемі оларды қайталап оқып шығатын, бірақ кітаптар оны мейірімдірек болуға, рақымдылыққа үйретпепті, жанының бір де бірін қылына әсер етпеген. Ол бұларды тек өзінің өркөкіректігінен ғана оқып шығатын. Оның нағыз ағылшынға тән, байсалды сырт келбеті – сол тәннің ар жағындағы жанына мүлдем қарама-қайшы-тын.  Осы бір бетперденің ар жағында қатерлі қара адам бағып отырғандай.

Ертесін таңертең Скелтон сәл ғана уақыт жалғасатын салқын ауаны кеудесін кере жұту үшін, дәліздегі орындыққа трубкасы мен кітабын алып жайғасқан беті еді. Бойын әлі әлсіздік билесе де, өзін жақсы сезінді. Көп ұзамай миссис Грейндж келді. Қолында үлкен альбомы бар екен.

-Мен сізге ескі суреттерім мен мен туралы жазылған пікірлерді көрсетуге әкелдім.  Мен ылғи да осындай боп жүрген адам деп ойлап қалмаңыз. Ол плантацияға кетті, енді екі-үш сағаттан соң оралады.

Миссис Грейндж сол баяғы көкшіл көйлегінде, сол күйі шашы таралмаған қалпы біртүрлі толқып тұрғандай боп көрінді.

-Бұл менің өткенімнен хабар беретін жалғыз ғана көз. Кейде, өмір сүргім келмей кеткен кездерде, мен осыған қараймын.

Ол Скелтонның жанына отырды. Скелтон альбомды қарай бастады. Жергілікті газеттердің бетінде миссис Грейндж туралы, ол қыз кезінде Веста Блейз деген атпен сахнаға шыққан екен, аздап жазылыпты, олардың астын мұқият сызып қойыпты. Ескі суреттерге қарап отырып, оның жас кезінде сүйкімді болғанын, бірақ айтарлықтай, жарқ ететіндей ештеңесі жоқ екені белгілі еді. Ол музыкалық комедия, ревю, фарстарда ойнаған. Фотосуреттер мен пікірлерді оқып шығып, оның аса дарынды емес, ортанқол актриса болғанын түсіну қиын емес еді, сахнаға, әйтеуір сүйкімділігі мен әдемі дене бітіміне байланысты кеп қалған болуы керек.  Миссис Грейндждің өзі осы газет қиындыларын жаңа ғана көргендей, құныға оқиды. Қолы дір-дір етіп, басы жұлқи береді.

-Театрда жұмыс істеу үшін қорған адамың болу керек. Ал менің ешкімім болған жоқ.  –деді ол. –Егер маған тағдыр бір мүмкіндік бергенде ғой, тамаша мансапқа қол жеткізер ем. Ал менің болса, жолым болмай-ақ қойды, әйтпесе не дейсің.

Осының бәрі жасанды шықты, осы айтқандары, бейне өзін көсемсіп ақтап отырған адамдай.

-Айтайын, сіздің қазіргі жағдайыңыз  бұрынғы өміріңізден жақсы сияқты, меніңше, - деді Скелтон.

Ол альбомды жұлып алып, сарт еткізе жапты.  Ауруы асқынып, бұлқынып, булығып, басы мен қолдары селкілдей жөнелді. Қараудың өзі мүмкін емес еді.

-Не айтқыңыз келіп тұр, сіздің? Сіз менің мұндағы өмірім туралы не білесіз? Мен баяғыда-ақ өле салар едім, бірақ, мен білем, ол менің өлімімді күтіп жүр. Осылай ғана одан кегімді ала алам. Тірі болам, өмір сүремін. Ол тіріде мен де тірі болам. Ох, оны қалай ғана жек көремін десеңші! Мен көп ойландым, мүмкін оны улауым керек болар? Бірақ батылым жетпеді. Уды қайдан алуды да білмеймін. Оның үстіне қытайлықтар мына плантацияны алуыма рұқсат етпейді, мені қуып жібереді. Ал, мен, қайда барам? Менің мынау кең дүниеде бір де бір жақыным жоқ қой. Скелтон меңірейді де қалды. Ананы есінен адасты деп ойлап қалды бір сәт. Не дерін белмейді. Әйел оған тесіле қарады.

-Бұлай айтқаным, сізді таң қалдырып тұрған болар. Бірақ мен не деп тұрғанымды өте жақсы білемін. Ол да мені өлтіргісі келеді, бірақ шешіле алмайды. Ол біледі, мұндайды қалай жасау керектігін өтте жақсы біледі. Біледі, малайлықтардың қалай өлтіретінін де біледі. Ол осында туған. Ол бұл ел туралы бәрін біледі. Скелтон тілге келді.

-Түсінесіз бе, миссис Грейндж, мен сізге мүлдем бөтен адаммын. Маған мен білуге тиіс емес нәрселерді айтып тұрмын деп ойламайсыз ба? Бұл ақылға сия қояр ма екен? Айтпағым, сіз өте жалғызлікті өмір сүресіз. Күйеуіңіз екеуіңіз бір біріңізді жақтыртпайтыныңыз байқалып тұрады деп айтпасқа шарам жоқ. Енді, істеріңіз алға жылжығанда, сіздер Англияға кете аласыздар ғой.

-Барғым келмейді, Англияға. Менің кімге айналғанымды көргенде, мен олардан ұялатын боламын. Менің қаншада екенімді білесіз бе? Қырық алты. Ал мен алпыстан асқан кемпірге ұқсаймын, мен мұны білемін. Сондықтан да сізге суреттерімді көрсеттім, мен үнемі осындай боп жүргем жоқ. Құдайым-ау, қалай ғана өмірімді өз қолыммен құрттым! Адамдар Шығыстың романтикасы туралы сөз қылады. Енді, келсін, көрсін, бастарына өздері қаптасын. Ал мен ауыл театрының қарапайым костюмері боп-ақ жұмыс істей берер ем, осылай қиналғанымнан сол артық. Осы бір, құдай ұмытқан қараңғалғыр жерге келгенше, мен ешқашан жалғыз боп көрген адам емеспін. Айналам адамдарға толып жүретін, жыл бойы бір адаммен бір ауыз тіл қатыспау дегеннің қандай азап екенін білсеңіз ғой. Бәрін ішіңде ұстайсың. Апталап тірі жан көрмей, осылайша он алты жыл өмір кешу, тек өлердей жек көретін, жан-тәніңмен лағынет жаудыратын адам ғана жаныңда жүрсе – ешкімге тілемес едім, мұндай азапты.

-Қойыңызшы, енді. Бәрі соншалықты жаман емес.

-Мен шындықты айтып тұрмын. Сізге өтірік айтудың маған не керегі бар? Сізді енді өмірімде екінші рет көрмеймін де, мен туралы не деп ойлайтиыныңызға да түкіргенім бар. Тіпті діттеген жеріңізге жетіп осы естігендеріңізді айтып берген күніңізде де, маған келіп-кетері жоқ. Сізге: «О,сұмдық-ай, ол жындыханаға қалай қонып жүрсіз? Жолыңыз болмаған екен. Күйеуі бөтен, ал әйелі селкілдеген жынды. Ол көйлегіне жұғып қалған қанды сүртем деп шошынып, сондай ауруға ұшыраған дейді, бірақ нақты не болғанын ешкім де білмейді. Әйтеуір бұл мекендерде ешкім болмаған кездерде бір көмес оқиға болған деседі». - деп айтатын шығар естіген адамдар. Шынында да, өте көмес оқиға, қазір бәрін сізге айтып беремін. Маған түкке де тұрмайды. Ал сіз анда барғанда клубта отырып, достарыңызды бір күлдіріп алуыңызға болады. Есесіне бір-екі рет тегін шарапқа тойдырары анық, осындай қызықты оқиға айтып бергеніңіз үшін. Бәрін шайтан алсын! Құдайым-ау, қалай ғана мына елді жек көрем десеңші! Мына өзенді де жек көрем! Мына үйді де жек көрем! Шайтан алғыр кәушікті де жек көрем! Мына  түземдіктерді жер жұтсын! Осылардың бәріне өлім келгенше шыдауыма тура келеді, ал ол келгенде, қолымнан ұстайтын дәрігер де, тіпті досым да болмайды, жан адам болмайды.

Ол өксіп-өксіп жылады – ұстамасы қозды. Миссис Грейндж еңкілдей жылап, ентіге сөйлейді. Скелтон әйелдің осыншалықты құса болғанын көрмеп еді. Осындай қайғыны сезіне алатын адам деп ойламаған еді ол туралы. Оның әрбір сөзінен қасіреттің үні шығады. Скелтон жас еді, отызға да келмеген. Өзін қалай ұстарын білмеді, ешқашанда мұндай жағдайда болып көрмеген. Бірақ үнсіз қалуға дәті шыдамады:

-Кешіріңіз, миссис Грейндж, мен сізге көмектескім-ақ келеді.

-Мен сізден көмек сұрап тұрғам жоқ. Маған енді ешкім де көмектесе алмайды.

Скелтон қатты састы. Сөздерінен әйелдің бір көмес, сырлы оқиғаға қатысы бар екенін ұғуға болатын. Мүмкін ол қайғылы, әрі қауіпті оқиға да болар, егер онысын бұған айтып берсе, арылса, жеңілдеп қалар деп ойлады.

-Мен бөтен біреудің ісіне тұмсығымды сұққым келмейді, миссис Грейндж, бірақ, егер анау оқиғаны айтып беріп арылып, жеңілдеп қаламын десеңіз – мен сізге оны ешқашанда тісімнен шығармауға уәде беремін.

Ол кенет жылауын тоқтата қойды. Оған үнсіз ұзақ, қадала қарады. Шешіле алмай тұр. Айтпауға болмайтындай, сырын ұстай алмайтындай. Бірақ, басын шайқады, терең күрсінді.

-Көмектеспейді. Маған енді ештеңе де көмектеспейді.

Ол орнынан ұшып тұрып кетіп қалды.

Бранч үстінде тек еркектер ғана отырды.

-Әйелім кешірім сұрауымды өтінді.– деді Грейндж. –Басы қатты ауырып жатыр, төсек тартып қалыпты.

-Өкінішті.

Скелтон Грейндждің өзіне сенімсіз  әрі жау көзбен барлай қарағанын сезіп қалды. Кенет ол Грейндж әйелі екеуінің құпия сөйлескенін біліп қойып, ананың бұған бір айтылуы тиіс емес нәрселерді айтып қойғанынан қорқатын болар. Скелтон әңгіменің қиюын келтіруге тырысқанмен, қожайын бір ауыз жауап қатпады. Түскі ас сол күйінде бір ауыз сөз алмаспастан аяқталды. Тұрып бара жатып, Грейндж былай деді:

-Түріңізге қарасам, тәуір боп қалған сияқтысыз, сондықтан мына үйде қалуға онша зауқыңыз жоқ болар деп ойлаймын.Оның үстіне мына жер ит түмсығы батпайтын қалың жыныс. Мен қызметшіні өзенге жібердім, сізді теңізге дер уақытында жеткізіп сала алатын екі қайық жалдайды. Қайықтар сағат таңғы алтыда күтіп тұратын болады.

Скелтон түсіне қойды бәрін. Қателеспепті. Грейндж мұның әйелмен сөйлескенін біліп қойған, содан да ананың артық бір нәрсені айтып қоюынан қорқады. Сондықтан да бұдан тезірек құтылуға асық.

-Ілтипат көрсеткеніңізге үлкен рахмет,- деді Скелтон, жымиып. –Мен шынында да, өзімді жақсы сезінемін.

Бірақ Грейндждің көзі мүлдем күліп тұрмаған болатын. Ашулы екені байқалып тұр.

-Кейінірек бір мәрте шахмат ойнармыз,- деді ол.

-Өте жақсы. Сіз кеңседен қашан келесіз?

-Бүгін аса маңызды жұмысым жоқ. Үйде қаламын.

Қызық, деп ойлады ішінен Скелтон, өз құлағына өзі сенер емес, бірақ Грейндждің даусынан мұны ықтырғысы келетіні анық екені түсінікті болды. Соған қарағанда, бұның әйелімен сөйлескенін тіпті де қаламайтын сынды. Миссис грейндж кешкі асқа да шықпады. Екі еркек кофе ішіп, темекі тартып алды. Сосын, орнынан атып тұрған Грейндж:

-Ертең ертемен оянасыз. Сізге ұйықтайтын кез болды деп ойлаймын. Сіз жолға шығатын кезде мен ендігісін плантацияны аралап кетемін, сондықтан да сізбен қазір коштасамын.

-Тоқтай тұрыңыз, мен қару-жарағымды алдырайын. Ұнатқаныңызды таңдап алғаныңызды қалаймын.

-Қызметшіні жұмсайын.

Қаруларды алып келді, Грейндж ұнағанын таңдап алды. Мұндай тамаша сыйлыққа түк ризашылық та білдірмеді.

-Менің сізге берген тамағым мен темекімнің құны мынаның жанында көк тиынға да тұрмайтынын сіз жақсы түсініп тұрсыз ба?- деп сұрады ол.

-Сіз менің өмірімді сақтап қалдыңыз. Ол үшін ескі қарудың еш қымбаттығы жоқ деп ойлаймын.

-Жарайды, өзіңіз солай шешсеңіз, қарсыласпаймын. Сонда да, көп рахмет.

Олар бір-бірінің қолын қысты.

Ертеңгісін таңертең жүкті қайыққа тиегенде, Скелтон қожайынның қызметшісінен миссис Грейнджбен қоштасуға бола мма деп сұрады. Анау біліп берейін деп кетіп қалды. Көп күттірмей, миссис Грейндж бөлмесінен дәлізге шықты. Үстінде жапон жібегінен тігілген қызғылт түсті халаты бар екен, онысы әбден тозған, арзанқол шілтерлері сетінеп, майланып, мыжыр-мыжыр боп  кеткен.  Бетін қалың ғып опалапты. Бетінің екі ұшы қып-қызыл. Еріндері алқызыл ашық түсті далаппен айғыздалып боялған. Басы әдеттегіден де қатты жұлқынады, қолдары сол баяғыдай артына қарай селкілдей береді. Осы қимылын ең алғаш рет көрген кезде, Скелтон әйелдің арт жағындағы бірнәрсеге назар аудартқысы келетіндей қимыл сияқты боп көрінгені есіне түсті, қазір қарап тұрса, шынымен де, жабысқан бірдеңені сүртіп  тастағысы келетіндей боп көрінеді. «Қан» деген еді миссис Грейндж.

-Сізге рахметімді айтпай кетіп қалғым келмеп еді,- деді Скелтон.

-Қойыңызшы.

-Жақсы, онда сау болыңыз.

-Мен сізбен бірге жағалауға дейін түсейін.

Жол аса алыс емес еді. Ескекшілер жүкті орналастырып жатқан. Скелтон қарсы беттегі жағаға қарады, түземдіктердің үйлері көрінеді.

-Ескекшілер ана беттен болар? Сол жерде ауыл бар сияқты.

-Жоқ, бар болғаны бірнеше үйшік. Бұрын онда кәушік ағаштарының плантациясы болған, бірақ компания тақырға отырды да, тастап кетті. Иен қалды.

-Сіз ол жақта болып па едіңіз?

-Мен? – деп шоршып түсті миссис Грейндж, аяқастынан басы мен қолы тынымысыз қозғалақтап, қолы жанын сабап кетті. – Жоқ. Жай ма?

Скелтон сасып қалды. Осындай жай сыпайылықтан қойылған ғана сұрақтан соншалықты шошынатындай не болғанын түсіне алмады. Бірақ әйтеуір, әйел қалпынатүсті, екеуі қолдарын қысып қоштасты. Ол қайыққа жайғасты. Ескекшілер жағадан жылжып суға түсті. Миссис Грейнджге қол бұлғады. Қайық ағысқа ілесіп, жүзіп бергенде, кенет, әйел бар даусымен жанұшыра айғай салды:

-Мен үшін, Лестер-скверге бас иіп қайтыңызшы.

Скелтон иығын басқан ауыр жүктен арылғандай, терең дем алды. Ескекшілердің қарымды қағысы қайықты анау қорқынышты үйден, бақытсыз болса да, шошындыратын адамдардан алысқа әкете берді. Миссис Грейндждің айтқысы кеп, тілінің ұшында тұрып қалған әлгі оқиғасын өзіне айтпағанына қатты қуанды. Олардың басынан өткен трагедиясын да, есуастыққа толы ешбір оқиғасын да тыңдағысы да, білгісі де келмейді. Әйтпегенде, ол мұның мазасын алып, сол адамдарды қайта-қайта есіне түсіре берер еді. Ол бейне қорқынышты түс көргенде ұмытқысы келетініндей, мына адамдарды да солай тез ұмытуға асықты.

Ал миссис Грейндж болса қайыққа ұзақ қарап тұрды, мүйістен айналып, көзден көрінбей кеткенше ұзақ қарады. Сосын ақырындап үйге көтерілді, бөлмесіне енді. Бұл жер алакөлеңке еді. Ыстықтан барлық терезе перделері түсірілген. Бірақ ол ұсақ-түйек заттарын қоятын үстеліне отырып, өз-өзін айнадан қарай бастады. Норман бұл айнаны үйленгендерінен соң бірден сыйға тартқан болатын. Бұны жасаған жергілікті ағаш шебері, айнаны Сингапурден тапсырыспен алдыртты, есесіне үстел мұның өзінің сызбасымен, өзінің қалауымен жасалған еді. Үстел үлкен болатын, сондықтан да оған қажетті заттары мен косметикалық бұйымдарының бәрі сиятын. Бұндай үстелі болуын ол талай армандаған еді, бірақ еш сатып ала алмаған. Үстелді алғаш көргенде қалай қуанғаны әлі есінде. Күйеуін қапсыра құшақтай алып, ернінен сүйген еді.

-Ай, Норман, қандай жақсы едің!- деді ол. – Осындай жігітке күйеуге шыққан менің бағым бар екен, солай емес пе?

Сол шақтарда ол бәріне таңдана, шаттана қарайтын. Айналасындағы өмірге, өзенге, джунглиге қарап, бақылап, тамашалағанды ұнатататын. Түрлі-түсті құстар мен көбелектерге қызығатын. Үйді жөндеуге бірден кірісіп кетті. Барлық жерлерге өзінің суреттерін іліп қойды. Гүлдерге арналған вазалар алып, ұсақ-түйек әшекейлер ілді үйге.

-Осылармен үй сәндірек көрінеді, - дейтін өзі.

Ол Норманды сүйген жоқ, бірақ ұнататын. Оның үстіне күйеуге шыққан қандай жақсы – күні бойы түк істемейсің, граммофонға пластинкалар қоясың, романдар оқисың, бал ашасың. Ертеңгі күнді ойлап бас қатырудың керегі жоқ. Кейде, әрине ішің пысады, бірақ Норман бұған үйреніп кетесің деген, әрі бір жылдан соң, тіпті әрі кеткенде екі жылдан соң оны Англияға үш айға апарам деп уәде еткен. Оны өзінің достарымен таныстыратын болады. Ол Норман тетралдық өмірдің қыр-сырына қызығатынын білетін, сондықтан да оған өзінің сахна төрінде қалайша керемет ойнағанын, табысқа жеткенін айтып беретін, әрине, мұның бәрі жалған еді.  Сол өмірін тастап, плантаторға күйеуге шыққанда қандай құрбандыққа барғанын күйеуі түсінсін деп ойлайтын. Бейне ең танымал актрисалармен құрбы-құрдас  болғандай сөйлейтін, шын мәнінде тіпті олармен танысуға да мүмкіндігі болған емес. Олар отандарына оралған кезде кейбір нәрселер үшін ақталуға тура келетін болар, бірақ ол үшін алаңдамайды, өйткені Норман театр өмірі туралы дым да білмейді. Оның үстіне егер осы бір қарапайым еркекті өз ығымен жүргізе алмаса, онда он екі жыл сахнада ойнаған актриса болмай кетсін. Бірінші жылы тамаша өтті. Кей сәтте өзін аяғы ауырлап қалғандай сезінетін. Бірақ қателескенін білгенде екеуі де қапаланып қалды. Сосын оны мұң торлады. Күнделікті бір нәрселерді қайталап жасай беруден ол мезі бола бастады және өмір бойы  осылай істей беретінін ойлағанда тіпті жаны қиналып кетті. Сол жылы Норман плантацияны қараусыз қалдыра алмайтынын айтты. Екеуі біраз шекісіп қалды. Міне, сол кезде ол бұны қорқытатын сөздер айтқан:

-Англияны жек көремін! Маған салса, сол қарғыс атқан елге мүлде бармас едім!

Миссис Грейндж жалғыздыққа үйреніп кеткен болатын, сөйтіп бірте-бірте өз-өзімен сөйлесе бастады. Бөлмесін іштен кілттеп алып сағаттар бойы өз-өзімен сөйлесетін. Қазір де, бетіне опа жағып отырып, айнаға қарап сөйлеп отыр, бейне ар жағындағы әйел басқа адамдай.

-Сол кезде бірден түсіну керек еді, қоймай отырып, өзің жалғыз кете беруің керек еді. Мүмкін, Лондонда жұмыс табылып қалар ма еді. Менің тәжірибем де, бәрі де бар. Сосын оған енді келмеймін деп жазып жібере салар едім. –Ол Скелтон туралы ойлады. – Айтып бермегенім өкінішті болды. –деп жалғастырды ол сөзін. – Енді сәл ғана қалып еді. Мүмкін оның айтқаны дұрыс болар, мен жеңілдеп қалар ма едім. Қызық, естігенде не айтар еді? –Ол Скелтонның оксфорд ағылшындарына тән сөйлеу мәнерін есіне ап, кекете жөнелді: - «Кешіріңіз, миссис Грейндж, сізге көмектескім келеді». – Шиқылдап күліп алды. Бірақ күлкісі қырылдағанға көп ұқсайтын.  –Егер Джек туралы айтып бергенде... Джек... Ох, Джек!

Үйленгендеріне екі жыл өткенде оларда көршісі пайда болды. Кәушіктің бағасы қатты қымбаттады, соған орай барлық жерлерде плантациялар пайда бола бастады. Қарама-қарсы жағадағы жерді бір үлкен компания сатып алды да плантация өсіре бастады. Ең басынан бастап-ақ онда бәрі молынан болды, өйткені компания бай еді. Олар жалдаған басқарушының өз жеке баркасы болды, содан да көңілі қалаған кезде бірер тостақ көршімен бірге тастап жіберу үшін әп-сәтте ақ келе қалатын. Оның аты Джек Карр болатын. Ол Норманға мүлде ұқсамайтын. Ең алдымен ол джентльмен болатын. Жеке мектеп пен университет тәмәмдаған. Жасы отыз бестердегі жігіт. Норман сияқты бойшаң әрі ірі денелі емес, керісінше нәзік еді. Бір сөзбен айтқанда фрак киген оған көбірек жарасар еді. Оның үстіне, шашы толқынды бұйра, көзі күлімдеп тұрады. Тура бұл армандаған еркек. Ол оны бірден ұнатты. Лондон, театр туралы сөйлесетін адамның пайда болғаны қандай тамаша. Өзі ақкөңіл, көңілді. Қалжыңдасқанда оған ешкім жетпейді. Екі апта өтпей жатып-ақ, бұл оған, екі жыл бойы Норманға үйрене алмағанынан да тез бауыр басып кетті.  Норманды жете түсіне алмайтын еді, оның бойында бұған қолжетімсіз бірдеңе бар. Әрине, Норман бұны құлай сүйетін, өзі туралы бәрін айтып берсе де, ол бұдан бірдеңені жасыратындай сезінетін, әрине, әдейі емес, бірақ оның бойында бұл тілмен жеткізе алмайтын бір бұған жат нәрсе бар. Кейінірек, Джекпен жақын таныса келе оған өз жайын жасырмай айтатын болып алды, ал Джек болса бұны Норманның осы жерде туып-өскендігімен байланыстырды. Қаны бөлек болса да, осы жерде өскені оның мінезінде өз белгісін қалдырады, оның бойында шығыс адамына тән қасиеттер бар деген ол. Қалай тырысса да, ол ешқашан нағыз ағылшын бола алмайды.

Миссис Грейндж бос, қаңыраған үйде бар даусымен сөйлеп отыр, өйткені қызметші мен аспаз сырттағы үйшікте болатын. Ағыш қабырғалардан сыртқа естіліп тұрған дауыс адамның айтқан сөздеріне емес, дүңгір-даңғыр бей-берекет дыбыстарға айналып кеткен. Ол бейне, Скелтон қасында отырғандай сөйлесе бастады. Скелтон шынында да жанында отырса, оның апыл-ғұпыл айтқандарын түсіне алар ма еді.

Көп ұзамай, Джек Каррдың оны ұнатып қалғанын білді. Бұл оны толқытып жіберді. Ол жеңілтек әйел емес-тін, бірақ сахнада ойнаған жылдары біраз нәрсе басынан өткен еді. Гастролдерге шыққанда анда-санда бір бұзықтыққа баратыны да болған. Бірақ, қазір еш қарсылықсыз берілуге еш құлқы жоқ, олай етпек те емес. Онда тым қолжетімді боп көрінері анық. Бірақ, мынадай жердің  түбінде  өз мүмкіндігіңді жіберіп алу да ақымақтық болар еді. Ал Норманға келсе, қалай деуші еді, көзбен көрмеген соң, елдің не дегеніне пысқырғаны бар. Джек екеуі бір-бірін жақсы түсінді, ерте ме, кеш пе кездесудің болатынын екеуінің де іші жақсы білді, бірақ қолайлы сәтті күту ғана қалды. Ол сәт те туды. Бірақ, артыннан бұлар ойламаған бір нәрсе болды: олар бір-біріне өлердей ғашық боп қалды. Егер қазір осыны Скелтонға айтып беріп отырса, ол да бұлай боп шыққанына еш сенбес еді, басында бұның өзі де сене алмаған, басқалары қалай сенсін. Екеуі қарапайым адамдар – еркек көңілді, жай ғана плантатор, әйел ақылы тасып тұрмаған, ортанқол деп айтуға келмейтін актриса-сымақ, жас та емес. Бар мақтанары – әдемі дене бітімі мен сүйкімді бет-әлпеті ғана. Жай ғана байланыс кенет буырқанған сезімге айналды, екеуі де шыдас беріп тұра алмайтын халде еді. Бір-біріне тартылды да тұрды, тартты да тұрды. Айырылысқан кездерінде өздерін ең бақытсыз адамдар деп ойлайтын, жандарын қоярға жер таба алмайтын. Норман мүлде мезі ғып бітті, бірақ әйел оған мойынсұнды, өйткені ол күйеуі ғой. Ал қазір, тіпті ашуын келтіреді, өйткені Джек екеуінің арасында асу бермес тау боп тұр. Екеуі қашып та кете алмайды, себебі Джек Каррдың түгі жоқ, сондықтан да жұмысын тастау туралы тіпті де ойламайтын. Кездесу қиын болды. Екеуі де үлкен тәуекелге баратын. Сәті түсе қалып, кездесе қалса, онсыз да тынып жанып жатқан отқа бұл қылықтарымен май құя түсетін. Махаббаттары бір жыл өткен соң да басылмады, тіпті өрши түсті. Сол жылдар махаббат пен азаптың дәмін қатар тартқан жылдар болды. Кейін, аяғының ауыр екенін білді, баланың әкесі Джек Карр екеніне бір сәт те күмән тумады. Әйел өте бақытты еді. Әрине, өмір өте қиын еді, кейде осының бәріне шыдайтындай күші қалмағандай сезінетін өзін. Бірақ, бала туады, сонда бәрі де өзгереді. Ол Кучингте босануға дайындалып жүрген. Джек Каррды компанияның бір жұмыстарымен Сингапурге жіберді, сонда бірнеше апта болатын болды. Алайда ол тез оралуға уәде берді, әрі келген кезде түземдіктердің бірінен хабар беретінін айтқан болатын. Ақыры дегенде, көптен күткен хабар жеткенде, қуанғанынан жылап жібере жаздады. Оны осыншалық сүйетінін енді түсінді.

-Джек келді деп естідім,- деді ол кешкі ас ішіп отырғанда күйеуіне. – Таңертең қайықпен сонда барып келейін – ол маған бір нәрселер әкеп беремін деген.

-Олай етпегеніңді қалар едім. Кешке дейін өзі де кіріп шығады, өзі-ақ әкеп береді бәрін.

-Ой, оғанға дейін шыдамаймын. Бәрін тезірек алып көргім кеп барады!

-Жақсы, қалағаның болсын.

Ол Джек туралы айтпай қала алмайтын. Кейінгі кезде күйеуімен араласуы сиреп кетті. Сол күні кешке ол қатты толқып жүрді, тіпті аузы жабылмай сөйлей бергені есінде.. ең алғаш үйленген жылы да осылай боп еді. Әдетте ол таңғы алтыда тұрып алатын, сол күні өзенге одан да ертерек түсті де жуынып алды. Үйдің жанында өзен иректеліп өтетін, сол жерде суға түсуе өте ыңғайлы болатын, тап-таза суға көңілді жүріп түсіп алды. Үйге кеп бір шыны шай ішіп алды да, қайыққа отырды. Өзеннен жергілікті бір бала алып өтті. Жолға бақандай жарты сағат кетті. Жағаға жақынырақ келгенде көзімен Джекті іздей бастады.Бұның келетінін біледі ғой, күтіп алуы керек. А, міне өзі де көрінді! Жүрегі дүрсілдей жөнелді. Жігіт қайықтан түсуіне көмектесіп, қолынан ұстай алды. Олар соқпақпен жоғары қарай көтерілді, ешкімнің көзі жетпейтін нуы қалың жерге жеткенде олар тоқтай қалды. Жігіт құшағына алды, әйелі оның жүрек тұсына басын қойды. Бір-бірін қатты  сағынған екен. Оның еріндері мұның ернін тауып алды.  Ыстық от бойларын шарпыды. Олар қайда тұрғанын, қанша тұрғандарын да ұмытып кетті, уақытты сезер емес. Ештеңені де ойламады. Сол сәт бұлар үшін тоқтап қалғандай. Кенет бір қатты екпінмен келген соққы екеуі де сұлатып салды. Сол сәтте–ақ тарс еткен құлақ жарар дыбыс естілді. Түк түсінбей, үрейленіп кеткен ол Джекке жабыса түсті. Джек мұны дір-дір етіп қатты құшақтап алды, бұның демі бітіп барады. Бір кезде ол ақырындап құшағын босатып, сусып құлап бара жатты.

-Джек!

Ол оны  сүйеуге тырысып бар күшін салды. Бірақ ол тым ауыр еді, жерге сұлап түсті. Не болғанын білмеді, бар есінде қалғаны денесі ып-ыстық боп кетті, бұған қан атқылап жатыр. Сол сәт зар дауысы шықты. Біреудің қатты қолдары бұны жұлып алды. Бұл Норман еді. Әйел есінен адасты. Не боп жатқанын түсінбейтін халде.

-Норман сен не істедің?

-Өлтірдім.

Әйел оған түсінбеген кейіппен қарады да, оны кеудесінен итеріп жіберді.

-Джек! Джек!

-Жап аузыңды! Барып біреуді ертіп келемін. Бақытсыз жағдай болды.

Ол соқпаққа түсіп көзден таса болды. Тізерлей кетіп, Джектің басын көтерді.

-Сүйіктім менің, - деп зарлады ол. – Сүйіктім, сүйіктім...

Норман адамдар ертіп әкелді, олар бәрі Джекті көтеріп үйге апарды. Сол түні түсік тастады. Бірнеше күн бойы өлім мен өмірдің аузында жатты. Әрең дегенде есін жинағанда көргені осы аурудың бойына жабысқаны. Норман өзін алысқа қуып жіберер деп ойлады. Бірақ ол өйтпеді, себебі өзіне төніп тұрған қауіптен қорықты, елдің күмәнінен қорықты. Жергілікті адамдар біраз өсектеді де қойды, округтің полицейі келіп біраз қинады, сұрақ жаудырды, бірақ бәрінің Норманнын қорқатыны сонша, олардан жөні түзу ештеңе ести де алмады. Мұны сол күні қайықпен арғы жағаға апарып тастаған кішкентай бала жоқ боп кетті. Бұл жақтарда адамды өле сала бірен жерлейді. Полиция денені алып шығам дегеннің өзінде одан сау-тамтық та қалмас еді. Сондықтан Норманның айтқандарын ешкім де жоққа шығара алмайды. Бірақ полицей Норманның айтқандарына сенбеген күйінде кетті.

-Бұның бәрінде бір шикілік бар.– деді ол. –Дегенмен, дәлелдер жоқ болғандықтан, сіздің айтқаныңызды қабылдағаннан басқа амал жоқ.

Әйел бұл жерден кетіп қалу үшін бәрін де берер еді, бірақ мына ауруы оның барлық үмітін шорт кесті. Не ол қалады, не ол аштан өледі. Ал Норман оны қалдыруға мәжбүр, әйтпесе бәрі ашылып, оны өлім жазасына кесетін болады. Содан бері ештеңе де өзгерген жоқ. Ешқашан өзгермейді де. Бірінен соң бірі тартылған бірізді жылдар өтіп жатыр.

Кенет миссис Грейндж үнсіз қалды. Оның сақ құлағы соқпақпен келе жатқан адам аяғының дыбысын естіп қойды. Норман келді. Басы тоқтаусыз селкілдеп, қолы дірілдеп кетті. Ол жанталаса үстел үстінен өзінің сүйікті далабын іздей бастады. Ерніне жағып алды, сосын кенет еркелеген баланың ойыны құсап, мұрнына жақты. Ол мюзик холлда ойналатын комедияның қызылтанау кейіпкерінен аумай қалды осы сәт.  Айнаға қарады да қарқылдап күліп жіберді.

-Шайтан алсын мына өмірді!- деп айғайлады ол. 

 

Аударған  Гүлшат  Бақытжанқызы