Шынымен, амандасатындай кім қалды өзі? Директор ханым қайтыс болды. Ысмайыл қажы жоғалып кетті. Жан дегенде жалғыз қызым қырдың қасқырына бұйырды. Мысық өлді. Өрмекшінің үстіне қысқаш құлап, ол да сеспей қатты. Далада қар жауып тұр. Қар жауған сайын басымды қа бырғаға ұрғым келетіндей көңілім құлазиды. Дәрігер: «Жабыққан кезде сыртқа шық. Кеудеңді сағыныш кернеп, жалғыз қалғанда өзіңмен сырласып, дауыстап сөйлес», – деген. Адам өзінің «сабыр тасының» қуыршағына айналады деген осы екен-ау.
Дәрігер: «Далаға шығып, айқайла. Қалаған адамыңды қарғап-сіле», – деген.
Қар керемет жауып тұр. Алдымен ауада баяу қалықтап барып жерге қонса, енді ұшқындай бастады. Осылай жалғаса берсе, жуық арада тоқтай қоймайды. Үлкен челленің бірінен басталған.
Ескі қар жерде қатып жатыр. Адамдар үйлерінің төбесіндегі қарды тар көшелерден басқа қайда төгеді?
Сабылып, арлы-берлі жүру – палуандар мен спортсмен жастардың, мектептері жабылып қалған ессіз балалардың ісі. Егер жаумаса, қымбатшылық басталып, құрғақшылық орнап, су мен тоқты шектейді; жауса, өмір тоқтап, мектепте сабақ болмайды. Кеше кешке «Алаи» көшесінің жарығы сөніп қалды.
Кукәб Сұлтан күрсінің түбінде отырып, қараңғылыққа тесіле қарады. Бір кезде қатты алаңдап, байыз таба алмай кетті. Бөлмеден, қараңғылықтан шықпаса, жынданып кетермін деп ойлады. Түрегеліп, қарманып, төмен түсті. Қараңғыда есіктің алдына шықты. Үскірік аяз сезілді. Көршінің баласы жылады. Алдыңгүні түнде су құбыры жарылды. Кукәб Сұлтанның қоқысын шығармағанына үш күн болды. Білім және тәрбие министрлігінің зейнетке шыққан қызметкері Кукәб Сұлтанның біреу шығарып берсе дейтіндей көп қоқыр-соқыры жоқ. Су құбырының жарылғаны оның мүлкіне зиян келтірмеді. Бөлмесі жоғары қабатта орналасқан. Үлкен екі бөлмесі, ас үйі, дәретханасы, бойжетіп отырған үш қызы, дәу, жалқау, ебедейсіз әйелі бар Панирпур мырзамен көрші. Оны «Панирпур» деп атап жүрген көршілер. Себебі ол «Жале» көшесінде сүт өнімдерін сатады. Еш- кімге қарыз бермейді, тіпті сізге де. Шын аты Шариатпур Йаздани болған.
Кукәб Сұлтан дәрет алып, дәрет сындыру үшін төменге түсіп, ас үйдің шүмегінен су алатын. Қайта-қайта шығып, қызыл иегі мен тілін қанатып тастайтын тісімен көп тамақ жасамайды. Бөлмесі аядай. Мүлкі де жоқ. Барын қызына жасау етіп, күйеу баласының үйіне жіберген.
Кукәб Сұлтан күрсінің түбінен тұрып, терезеден қарды тамашалады. Үйлердің төбелері әп-сәтте ағарып шыға келді. Көршінің үйіндегі шыршалардың үстін қар басып қалды. Қарсыдағы айқышты шатырлардағы мұз сүңгілері кеше де, алдыңгүні де болған. «Қоустың» бірінен ілініп тұр.
Кешеден бері кеудесін қажы Ысмайылға деген сағыныш кернеп, тек соны ойлаумен болды. Инемен тікенді шығару сияқты енді тек азабына төзу ғана қалды. Арамыздағы махаббат қандай еді. Тез өте шыққаны өкінішті. Жазда директор ханым Евинге кеткенде қажы Ысмайыл монша жағатын. Оны моншаға түсіріп, жуындыратынмын. Ол да менің арқамды ысып, қытықтағанда екеуіміз қосыла күлетінбіз. Бір-бірімізді еркелететінбіз, ғазал оқитынбыз. Ауланың ортасындағы директор ханымның төсегінің үстіне кілемше төсеп отыратынбыз. Шарап ішіп, масаятынбыз. Содан кейін директор ханымның масаханасының ішіне кіріп, құшақтасып жататынбыз. Ол маған оқуды үйретті. Мен оған «Әмір Арсаланды» оқитынмын. «Әмір Арсаланды» бес рет, «Шамсе ва ғақғақені» үш рет, «Бусейе Озраны» екі рет оқыдық. Директордың үйі кітапқа толы еді. Алып оқып, кейін орнына қоятынбыз.
Ысмайыл қажы мектептің қарауылы болды. Мен үйде директор ханымға қызмет ететінмін. Бейшараның жұмысы да болмайтын. Анардың дәнін тазалап, сағат онда мектепке апаратынмын. Анар жоқта шәрбәт жеткізетінмін. Түскі ас әзірлейтінмін. Кешкі ас ішпейтін. Бір стақан сүт ішіп ұйықтайтын. Құдайым-ай, осы қаладағы барлық қызықты көрдік. Қанша театр мен кинотеатрға бардық. «Бағдад ұрысы», «Арап Лоуренсы» «Нью-Йорктің құпиясы» фильмдері мен «Аршин Мал Алан» опереттасын төрт-бес рет көрдік. Ол кезде ақшамыз берекелі болатын. Директор ханым маған қызметақы төлейтін. Ысмайыл қажы министрліктен жалақы алатын.
Дәрігер: «Өзіңмен сөйлес. Шаттандыратынды немесе қапаландырғанның бәрін сыртқа шығар. Ішіңе сақтама», – деген.
Кербалаға барып, тәубеге келдік. Перзент сұрадық. Құдай бізге Рубабені берді. Келесі жылы Ысмайыл қажы таңертең жұмысқа кетіп, кешке оралмады. Дардай еркек ізім-қайым жоғалып кетті. Директор ханым, полиция – бәрі қажы Ысмайылды іздеді. Өзім де Рубабені құшақтап алып, ана кеңседен мына кеңсеге жүгіріп, табалдырықтарын тоздырдым. Ысмайыл қажы жер жұтып қойғандай жым-жылас жоғалды. Рубабені ұйықтатып қойып, жападан жалғыз отырып, шылым шегетін болдым. Сөйтіп жүргенде директор ханым ның мысығы да иіс шығысымен қасыма жайғасып, көзін жұмып, пырылдайтын болды. Түтінді оған қарай үрлегенде керілетін. Дегенмен мысық өз өлімімен өлді. Содан кейін өрмекшіні де түтінге үйреттім. Бөлменің бұрышына тор жайыпты. Иіс шығысымен төменге түсіп, манғалдың қасынан тапжылмайтын. Бір күні үстіне қысқаш құлап, өрмекші де сеспей қатты.
Директор ханым өтініш жазып, мені Ысмайыл қажының орнына өз мектебіне қарауылдыққа жұмысқа кіргізді. Өле-өлгенше үйінде тұрғызды. Құдай жарылқағыр, маған: «Жұмысың екі есе артты. Тіпті жақсы. Доссыз ұзақ ғұмырға тек жұмысбастылықпен ғана төзесің», – дейтін. Темекі тартқаныма ренжитін. Қайта-қайта айта берген соң қойдым. Оның үстіне жұмысым көп болып, оны тартатын уақытым да қалмады.
Үйде директор ханымның жұмысын істеп, түзде мектеп тазаладым. Дәретхана жудым. Қыздардың оқу үлгерімде- рінің табельдерін үйлеріне апарып, шайпұл алатынмын. Мерекелерде қыш құмыраларға ладан гүлін егіп, көзелерге бидай өскіндерін өсірдім. Жасымық егіп, директор ханымның бөлмесіне қоятынмын. Кейде мұғалімдердің де үйлеріне тасыдым. Он тұманнан екі тұманға дейін шайлық беретін. Бұл жұмыстың бәрін Рубабе қатарынан кем болмауы үшін істедім. Мектеп бітіріп, куәлігін алғанша бай-манаптың қызындай киіндірдім. Егер директор ханым қайтыс болмағанда күйеуге де шығармас едім. Директор ханым көз жұмып, далада қалдым. Он сегіз жылдық еңбек өтіліммен мені жасың келді деп зейнетке шығарып, директор ханымның үйінен қуып шықты. Қызды Лачини мырзаның кеңсесінде жұмыс істейтін ана кердең, пасыққа күйеуге беруге мәжбүр болдым. Қайтем, қызым сұлу, бастықтар- дың қыздарындай киініп, апта сайын шаштаразға баратын. Енді зейнетақы мен жалдап тұратын бөлмеммен бұрынғыдай шашылып-шабыла алмадым. Қызым университетке де түсе алмады.
Дәрігер: «Көңілің жайлану үшін қалаған адамыңды қатты дауыстап, қарғап-сіле», – деді. Менің тілімнің дұғасы – қарғыс. Мейірімді болғаныма Құдай куә. Арықты, ағаш, дарақты, аспандағы айды жақсы көрдім. Ешкім маған намаз, ораза, дұға мен мадақ үйреткен жоқ. Зияратқа барған да Ысмайыл қажының арт жағында тұрып намаз оқыдым. Ол дауыстап оқығанда мен де ішімнен қайталай бердім. Теһранға оралған соң ұмытып қалдым. Есесіне қарғап-сілеуді білемін. Заманның пасықтары мен нәкестерінің түгел жер-жебіріне жетемін. Кейін оңбағанға айналған мәрттері, бара-бара нақұрыс болғандарды лағынеттеймін. Дегенмен көбі адамшылықтарын сақтап, сөздерінде тұрып өлді. Талайлар жым-жылас жоғалды. Құдай баршаның өткенденрін рақым етсін. Директор ханым айтатын: «Біздің бақытсыздығымыз – мәрттерді жауыздарға айналдыратындығымызда. Біздің қанымызды тамырымыздан сорып алып, қансыз зымиян қылады».
Реза мырзаны Мәжіліске әкелді. Өңкей ығай мен сығай отырды. Қайта-қайта: «Реза мырзамен сәлемдес», – дейтін. Мен: «Кіммен амандасам?» – деп сұрайтынмын. Қой, тұрайын. Сүт сатып әкеп, күріш ботқасын пісірейін. Жоқ, «ферени» жасаймын. Бірақ мына көктайғақта қалай барам? Жақында сатып алған америкалық «Белла» бәтіңкем аяғыма үлкен. Тісім қақсайды, мойным мен оң құлағым шуыл- дайды, оң жақ тізем ауырады. Кеше кештен бері қажы Ысмайылды ойлай бергеннен басым дыңылдап тұр. Баруым керек. Егер бөлмеде жалғыз отырып, өз-өзіммен сөйлессем, ойым сан-саққа жүгіріп, елегізе бастаймын. Аяғымды газетпен орап, қағаздың үстінен өзім тоқыған жүн шұлықты кисем бәтіңкем дәл болады. Тоқыма деген бұл күні қандай пайдалы. Адамды жаман ойдан артылтады. Мансұр мен Масұдқа арнап он жүн жемпір тоқыдым. Әдемі түрлі өрнек салдым. Оларға енді менен сыйлық алуға тыйым салды. Тоқимын да тарқатып тастаймын. Арнап тоқитын ешкімім жоқ. Ақшам да тасып бара жатқан жоқ. Бәрі қымбаттап кетпеді ме? Бұл күні тек адамның жаны ғана арзан.
Алғашқы күні-ақ: «Бұл дүниедегі барым – жалғыз осы балам. Мені баламнан алыстатқаның Құдайдың көңіліне қош келмейді», – дегем. Бірақ әлгі тексіз о бастан ұрыс іздеді. Әйтпесе неліктен үйді менен жырақта болу үшін Саба бағы жақтан алды? Бір ауыз хақ сөз айтқаным үшін қолымнан сүйреп, баламның үйінен қуып шықты. Не істеу керек екенін білемін. Панирпур ханымнан масқаралайтын дұға үйренемін. Шалбарымды басыма киіп, үйдің төбесінің үстіне шығып, көңіліме қаяу түсірген күйеу баламды масқаралау үшін дұға тілеп, оны қарғаймын.
Панирпур ханым дұғаның түр-түрін біледі. Ана күні үйдің төбесінде «масқара дұғасын» оқы деп өзі айтпады ма? Бейсенбі күні түнде Рашед мырзаның аза рәсімі өтеді. Көршілер де естісін деп радионың дауысын қатты шығарып қояды. Қамар әл-Мүлік Вазиридің әнін естігім келеді. Ән салғанда бұлбұлша сайрайды. Директор ханымда Қамар әл-Мүліктің бірнеше пластинкасы болған. Кімге бұйырғанын білмеймін. Жазда мектепте каникул басталғанда Құдай оған рақым еткір директор ханым Евинге, Даракеге кеткенде біз аулаға су шашып, өзіміз еккен шырайгүлдерді суғарып, жүзім ағашымен көмкерілген шатырдың астында граммофонды қосып, Қамар әл-Мүліктің, Иқбал Сұлтан- ның, Реза Зелидің пластинкаларын қойып тыңдайтынбыз. Лимоннан шәрбәт дайындап, Ысмайыл қажының қолына ұстатып, ас болсын дейтінмін. Ол маған алдымен өзің іш деп сыйлайтын.
Егер Рубабе Мансұр мен Масұдты да ала келгенде көңілім бір көтеріліп қалар еді. Масұдқа: «Сені тышқан жеп қояды», – десем: «Сенің өзіңді тышқан жеп қояды!» – дейді. Оған: «Әжеңе бетіңнен бір рет сүйгізші», – деп жалындым. Бетін әкеп, ерніме төседі.
Масқаралауды сұрайтын дұғаны үйдің төбесіне шығып оқу керек. Күн түсіп тұруы шарт. Мұны Панирпур ханым айтты. Панирпур ханымды қыс түспей тұрып көрген болатын. Үйдің төбесінде отырып, көкөніс тазалады. Күн шақырайып тұрған. Мен де барып, кір жаяйын дегем. Жаным қатты жабырқап жүрген. Амандастым. Сол күні емен-жарқын сөйлесіп, сырластық. Оған жақсы өмір сүріп, дүниенің қызығын көргенімді, күйеу балам мен оның зұлымдығы туралы айттым.
«Құдай оның масқарасын шығаруы үшін масқаралайтын дұға оқы», – деді.
Сол күннен бастап неліктен маған қырын қарайтынын түсінбедім. Мені көре қалғанда, тіпті танымайтын сыңай танытатын. Мен де амандаспайтын болдым. Соған қарамастан одан масқаралайтын дұға үйренуге барамын. Күн шығып тұрғанда, әрі үйдің төбесінде қар көп болмағанда ғой.
Құдай жыртық көрпесін сілкігенде барлық жерге үлкен көрпесінің мақтасы шашылды. Әлі шашылып жатыр. Астапыралла... Жоқ, басым істемейді. Қатын, күпіршілікті көп айтқандықтан бақытсыздыққа ұшырадың!
Бірауыз сөзге келіп: «Сені де еркек дейді екен-ау?! Өзің мен еңгезердей ағаларың баламды бітірдіңдер. Айы-күні тақап отырған әйел бір қолымен баланың кәстрөлін ұстап, екінші қолымен иттің баласы Масұдты қолынан жетелеп, бәріңнің кіріңді жуады, үтіктейді, түскі ас, кешкі ас пісіреді. Шешең тек тәспиық тартып, бұйыруды ғана біледі. Ағаларың құдды күң тауып алғандай. Өзің кеңседен келе жатқанда өлгенің туралы хабар естілсе екен! Қызым жылы су әкеп, табаныңның мүйізгектерің кеуектаспен ысқылап отырғанын көр болғыр мына өз көзіммен көрдім», – дедім. Үйлеріне бара жатқанда ілгері басқан аяғым кері кететін. Шешесі түнеріп, қызым екеуімізді жазғырғанда, ағалары келеке етіп күлгенде, жанымнан түңілетінмін. Олардың үйіне сирек баратынмын. Бір жолы кешке қарай балабақ- шаға барып, немерем Масұдты көрмек болдым. Қарасам, Рубабе бір қолында баланың кастрөлі, зат сатып алатын сөмкесі, екінші қолымен Масұдты жетектеп алыпты. Айы-күні таяп қалған әйел қардың үстінде тайғанақтап, Масұд та: «Апа көтер, көтер...» – деп қыңқылдап келеді екен. Не- меремді қолыма алып, қызыммен бірге жиіркенішті үйлеріне бардым. Күйеу бала күрсінің түбінде шекілдеуік шағып отырды. Шешесі бөлменің ортасында сырт көзге намаз оқып жатты. Ағалары әлі келмепті.
«Сен шынымен еркексің бе? Өлген хабарыңды естірткір! Балаңды балабақшадан өзің әкеле алмайсың ба?» – дедім. Көкайылданып, аузыма келгенді айттым.
Алғашында таңданып, орнында сілейіп тұрып қалды. Кейін күрсінің түбінен тұрып, қолымнан ұстап, сүйрелеп, сыртқа лақтырып жіберді де: «Даланың жыны, қазымыр қатын, жәдігөй», – деді. Айтпағаны жоқ.
Оның үстіне қол көтеретіні тағы бар. Қызымды ұрады екен. Көршілерден естідім. Қызыма: «Шешең сені жалшылық пен мектептің қарауылы болып тапқан нанмен өсірген жоқ па?!» – депті. Тіпті қызымның Мансұрды кіндік шешесіз босанғанын білдім. Қазір бір жас, сегіз айға келіп қалған болуы керек. Бәлкім, сөйлейтін де шығар. Енесінің: «Екінші балаға кіндік шешенің не қажеті бар?» – дегенін естідім. Өзі босандырыпты. Көршілер де көмектескен көрінеді. Мұның бәрін естігенде шыдай алмадым. Бір «ман» мандарин сатып алып, қызымды көруге бардым. Өңі қашып, реңсізденіп, жағдайы мүшкілге айналыпты. Төсектен басын көтеріп отыратын шамасы болмады.
«Шеше, бұл жерде қалма. Бар! Мандариндерді де алып кет. Егер келгеніңді білсе, мені соғады. Төсектен тұратын күш қайда?» – деп жалынды.
Бір төбе кір жиналып тұр екен. Ыза болып кеттім: «Рубабе! Жолыңда құрбаның болайын. Бұл өмір емес, өлім. Біз Құдай рақым еткір әкең екеуіміз дүниенің қызығын көрдік. Сен неге тауқіметке төзуің керек? Адамға өмір бірнеше рет берілуші ме еді? Әкең сені құндақтайтын, бесік жырын айтатын, жуындырып, серуендеуге шығаратын», – дедім.
– Шеше, екі балам бар. Ажыраса алмаймын. Оның үстіне маған жаман қарамайды ғой.
– Жалшылық ететінің бар, осынша оқудың қажеті жоқ еді, ей, Рубабе! Баланы алдап тұрмын деп ойлайсың ба? Енді басыңды қандай бәлеге душар еткенін қалап едің?
Масұдтың мектебіне де баруға тыйым салды. Үйлері жақтағы ет, азық-түлік, сүт өнімдері дүкендеріне қызым- ның көршілерінің бірін көріп қалармын деген оймен барамын. Олар бәлкім, қызымның өзін көрер немесе әлгі сандалбай иттің дауысын естір.
Рубабенің көзілдірік тағып жүргенін естідім. Қызым «көп оқығандықтан» көзілдірік тағатын болыпты. Уа, қапыл жүрек! Қызымды басынан ұрғандықтан көзілдірік таққан шығар? Не естімедім десеңізші? Қызымды жәбірлеп, басын жарыпты, Масұдты соғып, немеремнің құлағын қанатыпты. Күйеу балаға мен айтқан қарғыстың бірі тисе, жеті ұрпағына да жетер еді. Амал не, залым әрдайым аман.
– Ей, Рубабе! Біз әкең екеуіміз бұл дүниенің бар қы- зығын көрдік. Сенен де ештеңе аяған жоқпыз. Саған мен үйімде жұмыс істетпегеніммен, күйеуіңнің үйінде қиналып жүрсің. Алайда дәл осылай деп ойламап ем. Ұятсыз апайлары ауырған кезде шешелерінің үйіне келіп жатады. Қақалып, түйіліп қалғырлар! Сендерді кім күтеді?! Әрине, Рубабе!
– Рубабе, оған шырын апарып бер!
– Балапаннан сорпа жаса!
– Сүт сатып әкел де, жылытып бер!
– Бер, шашалып қалсын!
Құдай рақым еткір директор ханым айтатын: «Қызыңды тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмайсың. Сабағын оқысын дейсің. Рубабені өзінің табынан шығарғың келеді. Бірақ әйелдің шын мәнінде жұмысшы табынан екенін білмейсің ғой». Қабіріңе нұр жаусын, ханым. Әулие екенсің ғой, шіркін. Қой, тұрайын. Сүт сатып әкеліп, күріш ботқасын пісірейін, жоқ «ферени» жасаймын. Мына құрғыр тіс те қақсағанын қоймады-ау...
Дәрігер: «Жалғыздықтан жабыққан сәтте сыртқа шық», – деген.
Орнынан тұрып, айнаға қарады. Шашының түбі ақ, ортаңғы бөлігі қызыл шұбар, ұш жағы қарғаның жүніндей қап-қара екен. Күйеу баласы жәдігөй деп тегін ат қоймапты. Адам күрсінгенде ақ шаштың кеудеден шығатынын білмейді ғой.
Осы Рубабеге аяғы ауыр болғанда тоғызыншы айда кеу десінің жоғары тұсы қышыды. Директор ханым: «Баланың шашы шығып келеді. Нәрестенің шашы анасының жүрегінен өседі. Қалай десек те, қазіргі жағдайда әйел шын мағынасында жұмысшы табынан», –деген болатын.
Күрсінің бұрышын итеріп, текеметтің астынан бір тұман алды. Жасауға деп анадай күйеу баланың үйіне жіберген күрд кілемшесі обал болды-ау...
Басына жамылғысын жауып, қолына қызыл түсті қолшатырын ұстап, аулаға шықты. Абайлап келе жатты. Қолымен дуалды, темір құбырлар мен жұрттың үйлерінің терезелерін таянып жүрді. Тісін шығарып, аузынан алып тастамапты. Бірақ иегі опырайып, беті әжім-әжім болып адамдардын көзіне көрінгісі келмеді. «Алаи» көшесін түгел жүруі керек. Содан кейін «Сазман барнаменің» артынан айналады. «Шаһ Абад» көшесінде дүкеннің түр-түрі бар. Полиция учаскесінің жанынан «Жале» көшесіне жетіп, Панирпур мырзаның дүкенінен сүт сатып алмақ болды. Сүт бітіп қалыпты. Бөтелкедегі де, пакеттегі де, жай сүт те жоқ екен.
...Қараң қалғыр, Теһран! Нәкестер мен пасықтардың бас- тарына қирағыр! Қытымыр, суық қысыңмен, ыстық, құрғақ жазыңмен әдірем қал! Не өзені, не тал, терегі, не су ағатын жылғасы жоқ Теһран! Директор ханым айтпақшы, су құрғататын қағаз бетіндегі жауһардың сиясындай барлық жерге жайылып, шаяндай айналаға шеңгеліңді салып жатырсың. Қараң қал, құрбақа, шаяндардың қаласы!
Ет дүкеніне барса, Панирпур мырзаның әйелі ет сатып алып тұр екен. Қойдың санына тапсырыс беріпті. Жапар мырза қолына пышағын ұстап, санды бұзып жатты. Түсі жағымды ирандық қойдың жас еті көрінді.
– Екі келі, жеті жүз грамм.
Әлбетте, адам тегін семірмейді, бұғағы босқа салбырамайды. Панирпур ханым басына жүн шәлі тағыпты. Қолына қолғап киген. Костюмі мен белдемшесінің сыртынан тон жамылған. Костюмінің қалтасынан елу тұман қағаз ақша шығарып, Жапар мырзаға ұсынды. Жапар мырза қолын қанатып алыпты. Байлап алған матаның сыртынан қансырап көрініп тұрды.
Панирпур ханымның кетуін күтті. Қолын созып, бір тұманды Жапар мырзаға ұсынды. Жапар мырза май, тері, аздаған ет пен мұздатылған бір сүйекті сөреден алып, таразыға тартты. Кукәб Сұлтан: «Жапар мырза, қай көрден алғаның белгісіз мына қатқан етіңді маған берме. Мұның теректің астына көметін тыңайтқышқа жарайды», – деді.
Жапар мырза ашуланып: «Келетіні осы. Бір тұманға бұзаудың қоң етін берем бе енді?» – деді.
Қалдықты газетке орап, Кукәб Сұлтанның қолына ұстатты. Егер қажы Ысмайыл тірі болғанды мұндайға батылы барар ма еді?
Кукәб Сұлтанның бойын қатты қорқыныш биледі. Қорқыныштың өзі аурудың бір түрі еді. Қалған өмірінде осылай жалғыз қалудан, күйеу баласы онымен ешқашан татуласпайтыннан, қызының жүзін көре алмаудан қорықты. Жанармай стансасының жанында бір рет аяғы тайып, құлай жаздады. Мұз басқан аяқжол шыны секілді екен. Мұздың бетін қар жауып жатты. Мұның келесі қаупі – қар. Қар қалың түсіп, үйінен шыға алмай, «Саба» бағына жете алмай, қызының үйінің айналасындағы сүт, ет, азық-түлік дүкендеріне бара алмай, одан хабарсыз қалудан алаңдады. Қар қатты жауып, есіктерді басып, ашылмай, адамдар үйлерінің төбесі арқылы кіріп-шығатын күннен зәресі ұшты. Көршілерінің бәрінің шатыр жабындары бар. Өзінің жолы жабылып, бөлмесінде қамалып қалудан құты қашты. Со дан кейін Жапониядан келді деген әлгі ауруға шалдығып, денесінде су қалмайтындай құсып, жалғыз өзі бөлмесінде қараусыз қалып, өліп, шіріп кетеді.
Бірақ өлімнен үрейленген жоқ. Мейірімді адам өлімнен қорқа ма? Қардан, аурудан, жалғыздық пен жабық есіктерден, күйеу баласының қаһарынан ссескенгенімен, өлімнен қорыққан жоқ. Тек ауырғанын, өліп бара жатқанын өзі сезбесе болды. Ұйықтап бара жатқандай болса екен. Енді Панирпур ханым сияқты Мүңкір-Нәңкірден, қабірдің алғашқы түнінен, мың жылдың елу күнінен үрейленбеді. Ешқайсына сенбеді.
Жалғыздықтан елегізбеу үшін жұмыспен айналысқан абзал. Енді қанша тарқатып, қанша тоқуы керек? Түйіншектерін ақтарып, қиюға жарайтын матаны жинап, құрақ көрпе жасауға отырайын деп ойлады. Бірақ кім үшін? Қызы бұдан бір нәрсе алуға қорқады. Ондай болса кім үшін тігеді? Тіпті кім үшін, не үшін тірі өзі? Кіммен амандасады? Адам онымен сәлемдесетіндей кім қалды?
Балалардың қай жәһәннәмның аңғарынан көшеге шыға келгені белгісіз. Қармен атысып ойнап, мұздың үстінде сырғанап, жүргіншілердің жолын тайғанаққа айналдырып жатты.
Қардың бір жентегінің қолшатырының үстіне тиген дыбысы естілді. Қолшатырын жинап, қарғамақ болып, бұрылды. Балалардың беттері қызарып, шаттанып, сырғанақ теуіп жүр екен. Оларды балағаттағысы келмеді. Әлде өзі бір кезде жас болмады ма? Дүниенің қызығын көрмеді ме? Балалар «Алаи» көшесінің басында үлкен аққала жасапты. Жасаған аққалалары – жалғыз көзді ер адамның сұлбасы. Екінші көзіне бір тұтам дөңгелек қара матаны қара арқанмен байлап қойыпты. Басына қара қалпақ кигізіпті. Өштерін содан алғысы келгендей, өздері тұрғызған аққаланы қармен атып жатты. Ойынға берілгендері сондай беттерінің ұшына қан жүгіріп, жүздері алаулап, көздері ұшқын атты. Біреуі қардың үстімен сырғанап, Кукәб Сұлтанға жа қындады. Бір үйдің шатырынан төменге су ағатын құбыры ның түбіне жеткен кезде баланың аяғы шалт тайып, Кукәб Сұлтанға соғылды. Екеуі де құлады. Бала тапырақтап тұрып жатқанда мұны басып кетті. Кукәб Сұлтанның өзі бір жаққа, шатыры екінші жаққа, сатып алған еті, ет емес, еттің қалдығы қолынан түсіп, қар мен мұздың бетіне шашылып қалды. Кукәб Сұлтан баланың осылай қашып кеткеніне сене алмады. Далада, ылдида жалғыз өзі мұз бен қардың үстінде қалып қойғандай сезінді. Дәрігерінің бұйрығы бойынша айқайға басты:
«Ұятсыздар! Шаталар! Мектепті сендер адамдарға ша буыл жасасын деп жауып па?! Тұқымдары қай көрде жарылып, мына тексіздердің пайда болғаны белгісіз! Әй, адамдар! Көмектесіңдер! Мына арамза мені өлтірді. Жерге сұлатып сап, қашып кетті. Қолым, не аяғым сынған шығар.
Біреуің келіп, қолымнан ұстап, жерден тұрғызыңдар! Өлгендеріңнің хабары естілсін! Тек сәнденуді, пенжектеріңнің қалтасынан елу тұман шығарып, екі-екі келіден ет сатып алғанды ғана білесіңдер ме? Бас амандықтарың үшін бір рет болсын көршілерге бір кәсе айран тараттыңдар ма? Уа, Құдай! Қайғың шешеңнің жүрегін ауыртсын! Уа, Құдай! Маған сенің өлгенің туралы хабар айтсын! Уа, Құдай! Мені баламнан ажыратқан сен арманыңа жетпей қал! Рубабе, қайдасың? Шешеңнің қандай қорлыққа ұшырағанын қарашы! Уа, Ысмайыл қажы, сен қайдасың? Бір кезде мен қандай мейірімді әйел едім. Енді қараңдар! Уа, Құдай! Ешбір ғазиз қор болмасын! Егер адам біреуге: «Көзіңнің жоғары жағын дағы қас» деп шындықты айтып, сынаса, оны жақтайтын неше түрлі туыс-туғаны табылады. Сол жақындарың қайда қазір?».
Қасына көшеде кетіп бара жатқан бірнеше адам келді.
Қара сақалды, көзілдірікті бір жігіт тізерлеп, Кукәб Сұлтан ды қолынан ұстап тұрғызды. Жамылғысын жерден көтеріп, қарын қағып, басына жапты. Хиджабсыз сүйкімді келіншек еттің қалдығын жинап, газетке орап, қолына ұстатты.
Кукәб Сұлтанның жүрегі дүрсілдеп кетті. Ауызынан кермек дәм сезді. Соған қарамастан келіншекке күлімсіреді. Кенет мына жігітті өзі армандаған, бірақ қолы жетпеген күйеу баласы, мына әйелді өзінің қызы, қаланың бүкіл халқын туыс-туғаны, жақыны деп ойлап, көңілі көтерілді. Бәрімен амандасып, жатып кеп жылады. Қажы Ысмайыл тап кеше ғана жоғалып кеткендей көз жасын көлдетті.
Парсы тілінен аударған: АЙНАШ ҚАСЫМ
Симин Данешвар (1921-2012) – Иранның көрнекті жазушысы, әдебиеттанушы ғалым, аудармашы, Стэнфорд университетінің түлегі. Ол Иранда кәсіби деңгейде парсытілінде шығарма жазған алғашқы әйел. Танымал жазушы Жалал Але Ахмадтың зайыбы Симин Данешвар 1968 жылы Иран Жазушылар одағының басшысы болып сайланды. Симин Данешвар «Өшкен от», «Пейіш сынды қала» повестер жинағы мен «Савушун», «Адасу аралы», «Адасқан түйеші» романдары мен «Кімге сәлем берем?» әңгімелер жинағын жазды. Оның ең атақты шығармасы – әлемнің он жеті тіліне аударылған «Савушун» романы.