Қасқыр асыраған егiздер
(Чюбу аймағының аңызы)
Хида тауының қойнауында қасқырлар жортып жүрген кез. Ол заманда қасқырға аңшы атаулы тимейдi екен. Таудағы бөрiлердiң арасында адасқан адамға жол көрсетушiлерi де болыпты. Анасынан айырылған сәбидi емiзiп бағатын қасқырлар да бар дейдi. Сондай таулы ауылдың бiрiнде баласы жоқ ерлi-зайыпты өмiр сүрiптi. Екеуi таудағы алып ағаштың түбiне барып, таудың пiрiне сиынып бала тiлептi. Тiлектерi қабыл болып, егiз қыз дүниеге келедi. Бiрақ әйел босана салысымен көз жұмады. Асыраушысынан айырылған қос сәби iңгалауын қоймапты. Әкесi қос бөбектi көтерiп, таудағы алып ағашқа барады. Қараса ағаштың түбiнде бiр қасқыр қос бөлтiрiгiн емiзiп жатыр екен.
— О, Көк Бөрi! — дейдi сәбилердiң әкесi. — Мына екi нәрестенi де бауырыңа баса гөр. Екеуiн емiзiп бақ. Өскен соң бөлтiрiгiңе әйел ғып әпер. Ал, саған табыс еттiм, қош — деп, адам қос сәбидi қсқырдың бауырына салады да, өзi керi қайтады. Бұл жай қасқыр емес, талай жетiмдi асыраған қасиеттi Бөрi болатын. «Таудың пiрi рахым қылды» деп, тәубе етедi әлгi кiсi.
Қасқыр бөлтiрiктерiмен бiрге адамның балаларын емiзiп, асырайды. Адам да өз балаларының қалай өсiп жатқанын бақылап жүредi. Екi қыз бойжетедi, қос бөлтiрiк бөрiге айналады. Бiрақ күздiң бiр күнiнде қос көкжал өлiп қалады. Қыздар өксiп-өксiп жылап, мерт болған қасқырларды көмедi. Қасқырлардың өлгенiне қыздардың әкесi қуанбаса, мұңаймапты. Ол қыздарының бөрiге әйел болуын қаламап едi.
Егiздер екi шаруаның ұлдарына ұзатылады. Олар келiн болған күннен бастап күйеулердiң өңi бозарып, күннен күнге жүдей бередi. Жiгiттiң бiрiнiң әкесi баласынан соншалықты арықтауының себебiн сұрағанда ол былай дептi:
— Күнде түнде әйелiмнiң бас жағында алып қасқыр отырады. Маған отты көздерiн қадап, дәп бiр атылып келiп, менi талайтындай сұс көрсетедi. Ұйқыдан да, күлкiден де айырылдым.
Екiншi қыздың күйеуiнен оның нелiктен жүдеп кеткенiн сұрағанда ол да дәл осындай жауап берiптi. Екi бөлек үйде бiрдей оқиғаның орын алғанына жұрт шынымен де таң қалады. Екi жiгiттiң әке-шешесi, «ол неғылған қасқыр екен, көрейiк» деп, түнде ұйықтайтын бөлмеге сығалайды. Бiрақ бөрiнiң рухы күйеу жiгiттен басқа ешкiмнiң көзiне көрiнбептi. Күндер жылжыған сайын екi жiгiт арықтап, ақырында құр сүлдерi қалып, аяғын алып жүре алмайтын деңгейге жетедi. Екi үй ақылдаса келе қос келiндi төркiнiне қайтарыпты дейдi.
Диірмен
(Тоухоку аймағының аңызы)
Ертеде ағайынды екі жігіт болыпты. Олар теңізден балық аулап күн көріпті. Күндердің бір күнінде кішісі үйленіп, бөлек отау құрып кеткен екен. Үйленген жас жігіттің тұрмысы нашарлап, қыс келгенде ішер асы болмай қалыпты. Жаңа жылға бір күн қалғанда күріштің қабының түбі қағылған соң жігіт өзінің ағасына барып, екі-үш рет тамақ пісіретіндей күріш сұрайды. Ағасы жекіп, қуып жібереді. Еңсесі түскен жігіт үйіне құр қол қайтқысы келмей, тау ішін кезіп келе жатса, асудан ақсақалды қария кездеседі. «Балам, жол болсын» деп, қария жігіттен жөн сұрапты.
—Жаңа жылда ырымға пісіретін күріш болмай, таудан бірдеңе табыла ма деп келгенім ғой, — дейді жігіт.
— Қап, қиын болған екен. Мә, мынаны ал да, ғитбадатханаға бар, — деп, ақсақал жігітке манджю (күріштен пісірілген тәтті күлше) береді. — Ғибадатхананың артында алып ағаш өсіп тұр. Түбінде қуыс бар. Соған түс те, жүре бер. Алдыңнан ергежейлі кісілер кездеседі. Олар сенің күлшеңе қызығып, сатуды сұрайды. Сен ақша да, алтын да алмай, күлшені тас диірменге айырбаста.
Жігіт алғысын айтып, ғибадатханаға барады да, алып ағаштың түбіндегі тесіктен төменге түседі. Алдынан құжынаған ергежейлілер шығады. Олар улап-шулап, манджю күлшеге жабысады. Жігіт ақысына тас диірменді сұрайды.
— Бұндай диірмен дүниежүзінде жоқ. Оны саған бере алмаймыз. Одан да ақша берейік, — дейді ергежейлінің басшысы.
Жігіт «Онда манджюді бермеймін» деген соң ергежейлілер күлшені амалсыз тас диірменге айырбастайды.
Жігіт диірменді көтеріп, асуға жеткенде алдынан баяғы ақсақалды қария шығады. «Балам, бұл диірменді оңға айналдырсаң қалаған затың шығады, солға айналдырсаң дереу тоқтайды» дейді ол. Қуанышы қойнына сыймаған жігіт үйіне келеді. «Күріш шық» деп, диірменді оңға айналдырып еді, қап-қап күріш пайда болды. Содан соң ерлі-зайыптылар диірменнен балық сұрады. Сөйтіп екеуі жаңа жылды шадыман көңіл-күймен қарсы алды.
Жаңа жылдың алғашқы таңы атқанда жігіт диірменнен үй сұрады. Қасиетті диірмен үйді де, қораны да, үйір-үйір жылқыны да берді. Содан соң жігіт «Диірмен, дастарханға ас мәзірін толтыршы» деп еді, той дастарханы пайда болды. Тәтті-дәмді тамақта есеп жоқ. Жігіт ауыл-аймақты түгел шақырып, той жасады. Қонақ боп ағасы да келді. Жігіт жалғыз ағасынан жасырсын ба, ғажайып диірменнің құпиясын ашып берді. Той тарқап, кеш батты. Жігіт ұйқыға кеткенде ағасы бөлмеге кіріп, тас диірменді алып шықты. Қомағайлығы ұстап, тойдан қалған тәтті-мәттіні де дорбаға салып алуды ұмытпады. «Мына диірмен менің барлық тілегімді орындайды. Бұл елден кетіп, теңіздің ар жағына барып, сол жақта билік құрамын» деп ойлаған ағасы кемеге мініп, арғы жақты бетке алып жүзе беріпті. Құр отырғанша деп, інісінің үйінен ұрлап алған тәттілерді жепті. Тәтті күлшені көп жегенін өзі де білмей қалыпты. Содан тұзды тамақты аңсай бастапты. Ол кезде теңіздің суы қазіргідей тұзды емес, тұщы екен дейді. «Енді диірменге керегімді жасатып алайын» деп, жігіттің ағасы «тұз шық, тұз шық» деп, тас диірменді оңға айналдырыпты. Сол сәтте атқылаған тұз кеменің ішін басып қалып, жота-жота боп үйіле бастапты. Ұры «тұз тоқта» десе де тұз шығуын қояр емес. Ұры диірменді солға бұрау керегін білмейді екен. Таудай боп үйілген тұздың салмағымен кеме суға батып кетіпті.
Сол диірмен әлі күнге теңіздің түбінде жатыр деседі. Оны ешкім солға айналдырып тоқтатпаған соң бүгінге дейін теңіздің астынан бұрқыратып тұз шығарып жатыр дейді. Теңіздің суы ащы болатыны сондықтан екен.
От аралы
(Акита префектурасының аңызы)
Бұл оқиға Кадзуно қонысын адамдар қоныстана бастаған кезде болған. Осаридзава жеріндегі тау түнекке оранып, мың жыл бойы мүлгіп жатты. Тұман басқан тыныштықты тау бөктеріндегі орманды жарып кірген адамдардың дауыстары мен жан – жануарлардың арқыраған, ыңырсыған, ақырған, улап – шулаған дауыстары бұзды. Тау жаңғырды. Бүлдірген теру үшін бұта – бұтаның арасын кезіп кеткен әйелдер мен бала – шағаның көңілді дауыстары жаңғырықпен бірге қайталанып жатты. Тауға тіршілік біткен еді.
Бірде түн ортасында Осаридзава жеріндегі Ооморияма тауы дәп бір шаңқай түс кезіндегідей жарқырады. Кенет төрт жақтан алтын сәулелер түсті. Тау тербеліп, ұшқын шықты да, лапылдаған жалын аралы тауды жарып, қалықтай көтерілді. Он сегіз құлаш тереңдіктен жарқырай көтерілген алтынның жалыны ұшқын шашып, жеті түсті кемпірқосақ пайда болды. Жалын аралы айдаһар боп ысылдады.
Лапылдаған арал өзеннің үстіне төніп еді, су бұрқ – сарқ қайнап, егістіктің үстіне ұшып еді, егін демнің арсында күйіп кетті. «Бұл бір жын айдаған арал ғой. Бұл біздің жоғарыдағы иеміз — Арыстанның қаһарынан болған іс». Ауылдағы ең жасы үлкен ақсақал бас болып, ел Арыстан пірге құрбандық шалып, алпауыт аралдан құтқаруды сұрады. Сол – ақ екен, жүз сиыр бір мезгілде мөңіреп, тау қайтадан тербелді де, Оомориямадан отты қол шықты. Жалын аралы бұрынғыдан да биіктей түсіп, түнгі аспанды көлегейледі. Кенет ұлы майдан басталғандай тау күңіреніп, Солтүстіктегі Това даласынан Оңтүстіктегі Тадзава көліне дейінгі аралықта жалынды толқындар ұшқын шаша тербелді. Түн жарық болса Ооморияманың оты сөніп, Осаридзаваның тауы таңғы тұманға оранып, мүлгиді.
Кадзуно ауылының ақсақалы ауылдың тайлы – таяғын қалдырмай түгел жинады. «Жалын аралы мәңгілікке ғайып болды. Арыстан піріміз құтқарды. Ал енді жүрегінің түгі бар жігіттер, тау қойнауына кіріп, от тауының нағыз өзін көру керек», — деді ақсақал. Қайратты ерлерден бастап, қарияларға дейін қолдарына қаруларын алып, Ооморияма тауына бет алды. Батпақты жерлерден өтіп, келе жатса, қызыл су ағып жатқан далаға кезігеді. Кенет тұман сейіліп, жарқыраған алып жартас баяу көтерілді. Сөйтсе, жалын аралымен арпалысқан Арыстан Пір жартасқа айналған екен. Ел көп ұзамай суы бұрқырай шашыраған сарқырамаға келіп жетті. Алып арал сол жерден қақ айырылған екен. Жалын аралының қаны қазір де өзен суын бояп жатыр.
Қанаты он үш құлаш Арал-айдаһардың кеудесі сиырға, денесі алтын мен күміске айналыпты. Ауыл адамдары алып аралдың қарнын тіліп, ішектерін кесіп еді, жарқыраған алтын, күміс, қола сияқты қазына бірінен соң бірі шығып жатты. «Жалын аралы алтын мен күмісті қорек қылған екен. Демек, осы маңда алтын мен күмістің тауы бар деген сөз. Қазыналы тау қайда екен?» деді ел. Ауыл ақсақалы былай жауап қайтарды: «Қазыналы тау Ооморияманың қойнауында емес. Ол тау бұл таудың арғы бетінде болу керек». Ақсақалдың айтқанындай – ақ, Ооморияманың ар жағында бір тау бар екен. Тұман сейілген соң алтын мен күміс тамшылары тау үстіне себелей бастады. Кемпірқосақтың шұғыласымен шағылысқан асыл тау осы еді. Осаридзаваның Алтын тауы мен Күміс тауы осылай ашылыпты.
Кісі жұтқыш қылыш
(Хоккайдо префектурасының аңызы)
Хоккайдо префектурасындағы Асахикаваға таяу орналасқан айндардың (Жапонияның солтүстігін мекендейтін этнос. Ш.Ж.) бір ауылында көне қылыш бар екен. Ол сол елдің қолбасшысының үйіндегі рорунпярада (айндардың Құдайға сиынатын орны. Ш.Ж.) ескі кездемеге оралып сақталыпты. «Ораудың ішіндегі қасиетті қылышты ашып алуға болмайды» деген сөз ел ішіне тараған соң әлгі орауға ешкім қол тигізбейді екен. Бұл қылыш ерте замандарда ел шетіне жау келгенде арнайы дұғасы оқылса, жүздеген жау әскерін бір өзі жайпап салатын ғажайып қасиетті екен. Қасиетті дұғаны білетін қариялардың қатары сиреген соң қолбасшы оны жан баласына көрсетпей үйінде сақтапты.
Бірде мынандай тосын оқиға болады. Әлгі ескі ораудан найзағай тәрізді ұшқын шығады. «Апырмай, бұл ненің белгісі болды екен?» деп, көргендер аң-таң боп тұрғанда әлгі жарқ-жұрқ еткен қылыш әуеге көтеріліп, ауылдың үстінен қалықтай ұшты да бір үйдің төбесіне түсті. Қылыш түскен үйдің адамдары үні шықпастан мерт болды. Қылыш әрқайсысының денесіне оңдырмай із тастапты.
Бүкіл ауыл дүрлігеді. Қолбасшы қылышты орауымен қосып, бір тәулік жүріп отырып, жан баласы бармайтын тау қойнауына апарады. «Бұл жерден қылышты ешкім таба алмас. Ол әуеге қайта көтерілсе де асқар таулардан аса алмайды. Қылышқа құрбан болар тіршілік иесі бұл таулардың арасында жоқ» депті қолбасшы. Сөйтіп, ол жартастың үстіне қылышты қоя салып, жылдам басып кейін қайтады.
Қылыштан құтылдым деп, қуанып, үйіне келген қолбасшының өңі бозарып, сілейіп тұрып қалады. Сөйтсе, қылыш рорупярадағы орнында сол қалпы жатыр. Қолбасшы «Бұны мұнда кім алып келді?» деп аң-таң болады. Сиқырлы құпияны ешкім түсіне алмапты. Түн де қоюланады. Қолбасшы әрі ойлап, бері ойлап, аждаһа қаруға тас байлап өзенге тастауға бекінеді. Таң ағарып ата бергенде: «Әке, әке! Анау бәрін қырып жатыр» деген қызының даусынан оянады. Рорунпяраның үстіндегі орау ашық жатыр. Қылыш ізім-ғайым. Сөйтсе, сиқырлы қару түн ортасында ұшып шығып, үйлерді шетінен шауып жатыр екен. Ауыл үрейдің түпсіз тереңіне батқандай күй кешеді. Елдің зәре-құты қалмай, берекесі кетіп тұрған шақта бір жолаушы осы ауылға келіп түсіпті. Жұрт бастарына төнген тажалдың жайын баяндап береді. Жолаушы олардың сөзін тыңдап болған соң былай депті:
— Бұл эпетам деген кісі жұтқыш қылыш. Мен талай елді аралап келе жатқан адаммын. Баяғы заманда айн жұртына келген жау эпетамның шақұр-шұқыр еткен дыбысынан қорқып-ақ шабуылдауға батылы жетпей, кейін қайтады дегенді естігенмін.
— Ертеде жаудың мысын басқан қылыш бүгін өз елін шабуда. Одан құтылудың амалы бар ма? — деп сұрайды ауыл халқы.
— Ол тасты азық етсе ғана тыншиды, — дейді де, жолаушы орнынан көтеріліп, өз жөніне кете береді.
Қолбасшы қылышты темір жәшікке салып, айналасын бес-алты таспен бекітіп, аузын мықтап жауып тастады. Содан бастап түн сайын жәшіктің ішінен қыртылдаған дыбыс шығатын болыпты. Шамасы қылыш тастарды кеміріп жатса керек. Арада бір ай өткенде қыртылдаған дыбыс та басылып, қылыш тыншиды. Бірақ көп ұзамай тағы бір түні найзағайдай шартылдаған жарқылды зат ауыл төбесіне көтеріліп, кездескен жанның бәрін шаба бастапты. «Бұл жалмауыздан құтылатын жол бар ма?» деп, зар жылаған елдің етегі жасқа толыпты. Бейнебір халықтың зарын естігендей-ақ, сол сәт ғайыптан Әулие пайда болып, қолбасшыға мынаны айтады:
— Бұл қылыштан құтылудың бір ғана жолы бар. Хотойпауцтың астындағы Асамтоо деген түпсіз терең дарияға барғын. Сол дарияның жанындағы құлама жартасқа алтарь жасап, сиыну қажет.
Ел қуанып, Әулиенің айтқанын істеді. Қолбасшы жұртын жинап, Көк Аспаннан медет тіледі. Бір кездері болғанда биік жартас қақ айырылып, дария толқындары тулай бастады. Қолбасшы ескі орауды ұстап тұрып: «О, Жаратқан! Мына қылышты өзің ала гөр!» деді де, дарияға сүңгітті. Тынысын ішіне тартқан айн елі көріністің үнсіз куәгері болды. Дария толқындарындай елестеген есепсіз иірімдер су бетіндегі көп жылан екен.
Қылыш содан қайтып ауылға оралмапты. Бір ғажабы қасиетті қару дарияға тасталған соң ел шетіне бірден жау келіпті. Сол кезде қарсы амал табар жалғыз ғана бақсы шығып, тауда жасырылған бір көне қылышты қолына алып, сермеп: «Эпетам! Ақсақалдардың біреуін таңда!», — депті. Сол-ақ екен, әлгі қылыш дарияға тасталған эпетам қылышындай айбынды дыбыс шығарып, от шашқанда жау сескеніп, кейін қайтыпты дейді.
Еркек жегіш әйел
(Хоккайдо аңызы)
Ертеде алыстағы Солтүстік теңізінде кілең әйелдер тіршілік ететін арал болыпты. Тулаған теңіз бетіндегі кемелер аралға тақап барса да, аралға аяқ басқан еркек атаулы кері қайтпайды екен. Сонымен бұл «әйелдердің жұмақ аралы» деп аталыпты. Эдзо өлкесінің балықшылары да, тепсе темір үзетін жігіттер де, белі бүкірейген қария да «Шіркін-ай, сол таңғажайып аралды бір көрсек» деп армандапты. Бірақ ғажайып аралдың қайда екенін ешкім білмепті. Еркектер арал жайын тек ауызша әңгімелерден біледі екен: «Сол аралда күндіз-түні құшағың әйелден босамайды-мыс», «Тұрғындары шетінен сұлу екен», «Ол аралға барған жанның қайтуы қиын дейді».
Бірде балық аулауға шыққан кеме қалың тұманға кез болады. Бағытынан адасқан кеме белгісіз жаққа еріксіз жүзе беріпті. Кенет жарқ еткен бір сәуле пайда болады да, теңіз бетіне ғажайып арал қалқып шыға келеді. «Ау, бұл әйелдер аралы ғой»». Кемедегі ерлер гүжілдесіп құрлыққа шығады. Алайда, жасықтау бір жігіт серіктеріне қосылмай, кемеде қалып қойған екен.
Арада бірнеше күн өтіп, әлгі жігіт еліне оралады. «Сұмдық үрейлі жер екен» дейді өңі боп-боз болған жігіт. «Расында кілең әйелдер тіршілік етеді екен. Арасында жалмауыз кемпір де бар. Аралға барған жігіттердің бәрі мерт болды. Оларды шетінен өлтіріп жатқан кездегі дыбыстарды мына өз құлағыммен естідім». Оның сөзін тыңдап тұрған балықшылар қорқыныштан көкпеңбек боп кетеді. Жігіт әңгімесінің төркінін қарт балықшы былай деп түсіндіріпті.
— Мен бала кезімде атамнан арғы Бабаларым айтқан хикаяларды жиі тыңдайтынмын. Солтүстік теңіздегі аралды бізге ұқсамайтын бір тайпа мекендейді екен. Аралдағы әйелдердің тістері аса өткір де, ерлерін кеміре берген соң еркек атаулы мерт болып, өңшең әйел заты қалған көрінеді.
Төңіректегі балықшылар үндеместен көкпеңбек боп тұра берді. Тек бір жас жігіт мырс етіпті. Бұл жігіт жолдастарының ортасындағы ең бір ақылдысы еді. Ол бірден кемені жасақтап, Солтүстікке тартып кетеді. Жігіт талмастан жүзе береді, жүзе береді. Бір уақыттар болғанда ғажайып аралға да жетеді. Сол-ақ екен, сұлулығы көзді қарықтырар келіншек жартас басында пайда болады да, жігітті өзіне шақырады. Қара шашы аппақ тәнін жауып, тобығына төгіліп тұр. Жігіт жақындай бергенде сұлу толықсыған денесін жарқ еткізеді де, жартас саңылауына түсіп кетеді. Жігіт алдын-ала дайындап алған қайрақты саңылауға сүңгітіп жібереді.
Тістің сынған дыбысы естіліп, әйелдің өкірген даусы жетеді құлаққа. Жігіт судан шыққан затты ұстап көріп еді, жүзі мұқалған екен. Әйел әлгі қайрақты кеміргенде тісі сынған екен. Жеңісіне қуанған жігіт шат көңілімен еліне оралып, балықшыларға болған жайды айтып береді. Қайрағы барлары қайрақ алып, қайрағы жоғы өзге тас құралдарды алып, ғажайып аралға барып, сұлуларды «сынақтан өткізеді». Содан кейін еркектер аралға еш кедергісіз қоныстаныпты. Жапониядағы барлық аралды халық қоныстанып отырғандықтан қазір сол таңғажайып аралдың қайда екенін ешкім білмейтін көрінеді.
Теңiзге батқан арал
(Ооита префектурасының аңызы)
Бұл оқиға ертеде болған едi. Беппу шығанағы Бунго деп аталған заманда, сол аймақта Урию деген алып арал бар едi. Одан басқа Оохисамицу, Хигашисумйоши деген сияқты көптеген аралдар шығанақты алып жатыпты. Беппуға Ооитадан жұрт қайыққа мiнiп барады екен. Амида, Аун сияқты ғибадатханалары көз тартатын ерекше жаннат өлке ғой.
Арал елi балық аулап күн көрiптi. Халқы кеңпейiл, сондай ғажап арал екен. Урию елiнде мынандай бiр көнеден жеткен өсиет бар болатын: «Халайық, тату болыңдар. Бiрлiгi жоқ елдi Камисама (Жаратушы) жазалайды. Арал бүкiл халқымен суға батып кетсе, жаза дегенiмiз сол болады. Егер ел iшiнде ұрыс-жанжал болып, Камисама аралды суға батырса, ғибадатханадағы ағаштан ойылған Эбисудiң* өңi қызарары сөзсiз. Ынтымақта өмiр сүрейiк, ағайын».
Осы өсиет ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, арал халқы айрандай ұйып отырыпты. Егер екi адам керiсiп қалса, үшiншiсi «Камисаманың қаһарына ұшырамайық» деп, басу айтады екен. Бiр жылы аралдың оңтүстiк батысындағы Сакарацу деген ауылда тұратын, өзi ырым-тыйым дегенге сенбейтiн бiр дәрiгер былай дептi: «Қандай надандық! Арал суға батушы ма едi?! Ал батырып көрейiк». Ол шыдай алмай түн iшiнде Эбисудiң ғибадатханасына барып, қызыл топырақпен ағаш мүсiннiң бетiн бояп, қайтадан ауылына келiп жатып қалады. Таңертең ғибадатханаға келген ауыл адамы бетi қып-қызыл Эбисудi көрiп, шошып кетедi. «Сұмдық болды, халқым-ау, ендi арал суға батады».
Эбисудың бетi бiр түннiң iшiнде «қызарып» кеткенiн естiген ел «Апырай» десiп, жүгiн бунап-түйнеп, Ооита аймағына көшудiң қамын жасайды. Бiр күн өтедi, екi күн, үш күн өтедi. Арал суға батпайды. Он күннен соң да ештеңе болмайды. Дәрiгер «Көздерiң жеткен шығар. Ескi наным, ырым-тыйым дегенге сенудiң түкке қажетi жоқ» деп кеудесiн кере, мақтана сөйлептi.
Сол күнi Урию аралы сiлкiнiптi. Жердiң қозғалысы бүкiл аралды шайқапты. Жердiң сiлкiнiс күшi сағат сайын күшейiп, үйлер қирап, тас дуалдар күйреп, жойқын апат орын алыпты. Такасама мен Юфу тауларынан өрт шығып, аймақты жалын шарпыпты. Күн ұясына батқанда жердiң сiлкiнiс күшi сәл бәсеңдептi. Сол сәтте ақбоз атқа мiнген ақ сақалды қария аралды айнала «Арал суға батып барады. Қашыңдар» деп, ұрандатып өтiптi дейдi. Бұны естiген халық қайыққа сыйғанынша мiнiп, Оита шаһарына, Хиджи қаласын бетке алып жүзсе, бiрталайы, аман қалудың амалын таппай теңiзге секiре бастапты. Ал теңiзге батып бара жатқан арал бетiнде дүние мүлкiн қимай, затын құшақтағандар ғана қалыпты. Теңiз тулап, нән толқындар аралды бiр көтерiп, түпсiз тұңғиыққа батырып жiберiптi. Оохисамицу, Хигашисумйоши сияқты алып аралдар да, шағын аралдар да теңiз қойнауына кеткен екен. Жартасты Ооги тауы да су астында қалыпты.
Беппу шығанағының түбiнде әлi күнге дейiн сансыз арал қарауытып жатыр. Бүгiнде сол теңiздiң жағасында он шақты шаһар бар. Балықшылардың арасында Беппу астындағы ежелгi қаланың тас жолдарын көргендер бар деседi.
*Эбису — Жапон мифологиясындағы байлық пен берекенiң пiрi. Бақыттың жетi пiрiнiң бiрi (Ш.Ж.).
Қызыл мысық
(Кумамото префектурасының аңызы)
Бiр көп балалы кiсi жұпыны тiршiлiк етiптi. Бiрде балаларына беретiн тамақ табылмаған соң бiр байдан қарызға ақша алады. Қарызды қайтаратын күн жақындаған сайын бай күнде кедейдiң үйiне келiп, «Ақшамды жылдам қайтар» деп айта берiптi.
Кедейдiң беретiн ақшасы болмай жыларман күй кешедi. Бай «Жаңа жылға дейiн ақшамды өсiммен бермесең, үйiңдi тартып аламын» дейдi.
Кедей жаңа жыл келгенде да қарызды қайтаратын ақша таба алмай зар қағады. Әйелi соңғы бiр уыс күрiштi пiсiрiп балаларының алдына қоя бергенде ақшасын алмаққа бай келедi. «Көрiп отырсың ғой, қаптың түбiн қағып, балаларға соңғы тамақты нәпақа етiп берiп отырмыз. Өтiнемiн, күте тұрыңызшы, әйтеуiр бiр күнi қайтарармын» деп жалынса да, бай көнбейдi. Қайта одан бетер ашуланып, ошақ түбiнен бiр уыс топырақты алады да дастархандағы пiскен күрiшке шашып жiбередi. Кедейдiң әйелi балаларын құшақтап зар еңiрейдi. Сөйтiп, бай кедейдiң бала-шағасын шырқыратып, үйiн тартып алады.
Кедей балаларын шұбыртып, ауыл сыртындағы дарияға келедi. Алдымен кедейдiң қарт әкесi екi баланы құшақтап дарияға құлайды. Содан соң қалған балалар да бiр-бiрлеп суға секiрiп, кедейдiң отбасы тулаған судың түбiне кеткен екен.
Ал кедейдiң зәбiр көрiп налыған рухы қызыл мысыққа айналып үйiнде қалыпты. Мысықтың мияулаған үнi бүкiл ауылға естiледi екен. Қызыл мысықпен бiрге байдың отбасында толассыз нәубет басталады. Алдымен үйi өртенедi. Содан соң балалары шетiнейдi. Ең соңында байдың өзi жынданып өледi. Бiреу жерiн алып, үйдi бұзып, басқасын тұрғызған екен, қызыл мысық сонда да кетпептi. Қаншама уақыт өтсе де әлгi орынды мекендейтiн әрбiр отбасының тағдыры түрлi апаттарға ұшыраумен аяқталады екен.
Итбас атауы қалай қойылды?
Қазіргі Окадзаки қаласындағы «Тұт ағашы храмы» тұрған орын бұрын Итбас деп аталған. Бұл шаһар ежелден жібегімен даңқы шыққан қала екен. Осы қалада жалғыз ғана аппақ ит болыпты. Ит өте қабаған болғандықтан кісілер оның көзіне түспеуге тырысады екен. Ал жібектің маусымы басталғанда-ақ, ит үй-үйдегі жібек құртының түгін қалдырмапты. Тек бір үйде ғана жалғыз тал жібек құрты қалыпты. Әлгі үйдің қызы жібек құртын ит көзінен таса жерде, тұт ағашының жапырақтарымен қоректендіріп, өсіре бастапты. Жібек құрты күннен күнге үлкейіп, тышқандай болады. Біраз уақыттан соң үлкендігі мысықтай болады. Бірде ақ ит оны байқап қалады да, қағып салады. Бүкіл Окадзакидегі жалғыз жібек құртынан айырылған қыз ағыл-тегіл жылапты. Бір ғажабы, жібек құртын жеген ақ иттің қабағандығы қалып, жуаси бастапты. Кенет ит жата қалады да, ұйқыға кетеді. Қыз қараса иттің танауынан аппақ жіптің ұшы көрінеді. Қос ішектей шұбатылған жібектің бітер түрі жоқ, шыға береді, шыға береді. Үш жүз орам болғанда ұйқыдағы иттің демі бітіп, өліп кетіпті. Ел ақ ит Жібек пірінің қаһарына ұшырады десті. Жібек құртын өсірген қыз қала сыртындағы тұт ағашының түбіне итті көмеді. Кейін сол орынға Итбас храмы (синтоистік храм. Ш.Ж.) тұрғызылады. Сол маңда Итбастың тасы деген тас бар екен. Тасқа қол тигізуге болмайды, ақ ит ашуланады деседі сол өлкенің тұрғындар.
Кедейлiк пен Байлық
(Тоухоку аймағынан)
Ерте, ерте, ертеде бiр ауылда кедей жiгiт өмiр сүрiптi. Әке – шешесi дүниеден өткен соң жалғыз қалған жiгiт үйленiптi. Келiншегi әрi ақылды, әрi сұлу болғандықтан бүкiл ауыл тамсанып, екеуiне тiлектес болыпты. Бiрақ екеуiнiң тұрған үйлерiн баяғыдан Кедейлiктiң пiрi мекендеп, өз әмiрiн жүргiзiп келедi екен. «Ей, байғұс! «Жақсы әйел алдым» деп мәз – ау! Менiң құзырымда екенiн бiлмейдi», — дептi Кедейлiктiң пiрi. Жас ерлi – зайыптылар өздерiн жұпыны тұрмыстың иесi билеп-төстеп отырғанын бiлместен, тырбанып еңбек ете бердi.
Олар алакеуiмде әтештiң даусымен оянып, бетi-қолын жуған соң егiстiкке барады. Екеуi таңғы асқа дейiн талай жұмысты тындырып тастайды. Жiгiттiң әйелi данго (күрiш күлше. Ш.Ж.) пiсiрсе де, каю (сұйық ботқа. Ш.Ж.) әзiрлесе де: «О, жебеушi пiрiмiз! Ниетiмдi қабыл ала гөр!» деп сиынатын. Бұның бәрiн Кедейлiктiң пiрi көрiп тұрады, әрине. Жiгiт келiншегi екеуi еңбек еткен сайын Кедейлiк әлсiрей бердi. «Осыншалық бар пейiлiмен iс iстеу дегендi бұрын көрмеген едiм. Қап, күшiмдi кемiттi – ау», — деген Кедейлiктiң пiрi кiшiрейе берiптi.
Ерлi – зайыптылар тынымсыз еңбектенген соң тұрмыстары оңала бастады. Үш жыл өттi. Жаңа жыл қарсаңында келiншек тұздалған балық сатып алып, дәмдi тағамдар әзiрледi, мочи (күрiштен пiсiрiлген нан. Ш.Ж.) пiсiрдi. Күйеуi екеуi:
Ертең Жаңа жыл,
Жаңа жыл ғажайып.
Ақ нан болсыншы,
Майдай сакэ толсыншы, —
деп өлеңдеткенi сол екен, жылаған дауыс келедi құлақтарына. «Бұл кiм болды екен?» деп, аң-таң болған олар төңiрегiне қарады. Сөйтсе дәл төбелерiнде бiр шал еңiреп тұр.
– Қария, қайдан келдiңiз, көз жасты төгетiндей не жағдай болды?
– Жыламай қайтейiн? Мен Кедейлiктiң пiрi едiм. Бұл үйдi көне заманнан берi мекендеушi едiм. Сендердiң жағдайларың оңала бастаған соң қастарыңа жолау мүмкiн болмай қалды. Тағдырым тiптi қиындайын деп тұр. Бұл үйге Байлықтың пiрi келе жатыр. Менi қуып шықпақ. Бiрақ бұл үйден шыққым келмейдi. Сол себептi жылаймын.
Кедейлiктiң пiрi осыны айтты да көзiнiң жасын төгiп – төгiп жiбердi. Өз үйiнiң пiрiн көрген жiгiт қатты таңқалды. Бiрақ шалға жаны ашып: «Осы уақытқа дейiн бiрге өмiр сүрiп келгендiктен, сiздi ешқайда жiбермеймiз. Бiзбен бiрге тұра бересiз. Ал Байлықтың пiрi келсе бәрiмiз бiрiгiп қуып шығамыз», — деп жұбатты. Келiншек те күйеуiнiң сөзiн қоштап: «Иә, сiзге көмектесемiз. Байлықтың пiрiн қуамыз», — дедi.
Кедейлiк қуанып кеттi де, былай дедi:
— Онда менi асыраңдар. Күш жинамасам болмайды ғой.
Келiншек бiр қазан тамақты тақыл – тұқыл шалдың алдына қойды.
— Қандай дәмдi! — дедi, жалмаң қаққан Кедейлiк. — Ендi, байлық кiрiп көрсiншi бұл үйге!
Сол кезде түн ортасы болды дегендей қоңырау үнi естiлдi де, бар сән – салтанатымен Байлық кiрiп келдi.
— Ей, Кедейлiк! Еңбекқор адамдарды билеп – төстегенiң жетедi ендi. Шық, бұл үйден!
— Не деп тұрсың? Бұл баяғы заманнан берi менiң мекенiм. Жеңе алмайсың менi!
Бiр қазан тамақты жеп алған Кедейлiк күшейiп, Байлықпен ұстаса кеттi.
Энсадо гаттачя!
Энсадо гаттачя! (ұран. Ш.Ж.)
Байлық пен Кедейлiк сумоистер сияқты күрестi. Не дегенмен Байлықтың пiрi күштi емес пе? Кедейлiк ентiгiп қалды. Шайқалақтап барып құлай жаздады. «Көмектерiң қайда, ұмыттыңдар ма? Жеңу керек, жеңу керек!».
Жiгiт әйелi екеуi Кедейлiкке жақтасты. Күш бiткен Кедейлiктiң пiрi Байлықтың пiрiн әп – сәтте итерiп, шығарып жiбердi.
Жiгiттiң үйiне Байлықтың пiрi кiшкентай балғаны қалдырып кетiптi. «Бұны ұмытқаны жақсы болды», — деп қуанды Кедейлiк. Содан соң балғадан қажеттi нәрселерiн сұрай бастады:
— Маған күрiш бер, мисоширо (соя сорпасы. Ш.Ж.) iшкiм келедi. Қане, мисоширо, шық! Ақша, шық!
Сол-ақ екен, балғадан шыққан ақша тау боп үйiлiп қалды. Ол ол ма, қап – қап күрiш, бөшке – бөшке мисоширо пайда болды. Ерлi – зайыптылар шаттанып «Үй бер, баланы да, қораны да шығар!» — дедi жамырасып.
Түс көргендей күй кешкен ерлi-зайыптылар әлгi төбедегi шалға қарады, да танымай қалды. Сөйтсе, кiшкентай балғаны қолына алған соң Кедейлiк Байлыққа айналып кетiптi. Ерлi-зайыптылар Жаңа жыл мерекесiн шат – шадыман қуанышпен қарсы алды. Үйiне Байлықтың пiрi үстемдiк еткен соң олар дәулеттi өмiр сүрiптi.
Судың ұрығы
(Ямагата префектурасының аңызы)
Бұл оқиға ертеде болған едi. Ямагата префектурасындағы Удзен елiнiң Монден деп аталатын ауылы бар едi. Жүдеу ауыл егiстiктi суғаруға су таппайтын. Көл де, бұлақ та, өзен де болмаған соң, сусыз тiршiлiк тiптi де қиын болатын. Тау мен таудың арасындағы жазыққа қолдан көлшiк жасап, күрiш егетiн. Сол ауылда Йодзаэмон деген шаруа бар едi. Бiр күнi ол Ямагатаға барады. Келе жатса құлағына шуылдаған балалардың дауыстары естiледi. Қараса бiр топ бала жыланды олай – бұлай айналдырып, әбден қинап жатыр екен. Йодзаэмон оларды көре сала “Балақайлар, осыншалық қатыгез болар ма едiңдер? Қане тоқтатыңдар!” дейдi де, жыланды еркiне жiбередi.
Йодзаэмон өзiнiң шаруаларымен Ямагатаға барады. Iсiн бiтiрiп, үйiне қайтып келе жатқанда күн де ұясына еңкейе бастаған. “Егер Йодзаэмон мырза…” деп, бiреу сөйлегендей болады. Дауыс шыққан жаққа жалт қараған Йодзаэмон сiлейiп тұрып қалады. Йодзаэмонды әсем дауысмен тоқтатқан жас қыз едi. Бұл дүниеде осындай таңғажайып сұлу болады екен – ау. “Мен перiнiң қызы Отохимэмiн. Ақ жыланға айналып, серуендеуге шыққанымда тентек балалардың қолына түсiп, мерт бола жаздадым. Жаным қысылған сәтте құтқарғаныңыз үшiн мың алғыс, Сiзге. Сол үшiн Перi сарайына қонаққа келiңiз” — дейдi қыз. Йодзаэмон “Оқасы жоқ…” дегенi сол — ақ екен, Могами өзенiнiң толқындарының үстiне сиқырлы салы қалқып шыға келедi. Отохимэ мен Йодзаэмон салыға мiнгенде, салы толқынды тiлiп өтiп теңiздiң тұңғиық түбiне сүңгiп, перi сарайына жетедi. Өң мен түстiң арасындағы Йодзаэмон ғаламат сарайға қалай кiргенiн байқамай да қалады. Асыл тастардан салынған сарайдың еденi лағылдан, терезелерi су хрусталiнен жасалған. Ол Перiнiң ғаламат сарайын тамашалаумен күнiн өткізiп жата бередi. Перi қыздарының қалықтаған әсем биiне сүйсiне қараған Йодзаэмонге осының бәрi түс тәрiздi. Бiр кездерi болғанда Йодзаэмон таусылмайтын тамаша көрiнiстерден де жалыға бастайды. Есiне ауылы түседi. “Биыл жаңбыр жаумады. Күрiштi қалай суғарар екенбiз. Елге тезiрек қайтуым керек” — дейдi ол. Перiлердiң патшасы одан қандай сыйлық қалайтынын сұрайды. Отохимэ Йодзаэмонды зат сақтайтын сарайға апарады. Мiне, ғажап, бар қымбат дүние осында екен. Жетi түске құбылып, жарқ-жұрқ еткен тәж де, асыл тастармен көмкерiлген қылыш та осында. Йодзаэмон ең қымбат тастармен көмкерiлген ат әбзелдерiн де көрдi. Көздiң жауын алатын қымбат кездемелердi айтсаңшы! Йодзаэмоннның асыл заттардан басы айналды. Бұның бәрiн ол бұрын – соңды көрмеген едi. Бiр кезде анау бiр сандықшаның қалқасында тұрған екi нәрсе көзiне оттай басылды. Иә, бұл сакэ құятын токкури (торсық. Ж.Ш.) ғой. Байқаусызда көзi шалған қос токкури тым көне екен. “Анау екi токкуридiң iшiнде бабымен пiсiлген сакэ бар шығар” — дейдi, Йодзаэмон. Перi патшасы: “Оның iшiнде судың ұрығы сақтаулы” деп жауап қатады. “А, судың ұрығы ма? Сол дәннен қанша су керек болса, сонша алуға болады ғой. Сiздер суға зәру емессiздер ғой. Мен осы ұрықты қаладым”. Перi паташсы Йодзаэмонға қос токкуридi ұстатты. Йодзаэмон судың ұрығын елiне апарып, ауылын суға қалай кенелтетiнiн көзiне елестетiп, балаша қуанды. Қуанышын жасыра алмай, шаттанып күлдi. Өз күлкiсiнен өзi селт етедi. Көзiн ашып қараса, жұтаң бөлмеде жатқан оның қасында көне кимоно ғана бар. “Түс көрген екенмiн” дейдi ол. Сол сәт көңiлi құлазып қалады. —“Бар болғаны түс екен”.
Йодзаэмон сыртқа шықты. Таң ағарып атып келедi. Кокудзоусамаға (кеңiстiктiң Пiрi. Ж.Ш.) сиыну үшiн тауға көтерiлдi. Рәсiм бойынша әдеттегiдей қолын шапалақтатып, содан соң иiлдi. Қараса кеше көрген қос токкури Кокудзоусаманың дәл алдында тұр. “Ау, судың ұрығы осы ғой, — қос токкури. Йодзаэмон токкурилердi қолына алып иiскеп, шайқап көрдi. Токкурилердiң аузынан сакэнiң иiсi шығып тұр. Ал iшiнде тұп – тұнық су бүлкiлдейдi. Йодзаэмон токкуридiң ауызын ашып едi, лақылдай құйылған су дария боп аға жөнелдi. Бiр кезде тауды өрлей тасып аққан өзен пайда болды. Екiншi токкуридi ағытып едi, Йодзаэмонның өзi сумен ағып кете жаздады. “О, қасиетiңнен айналайын, Су. Суды шығару қандай қиын!”. Йодзаэмон шөлге айналған өлкенi жiбiткен Пiрге сиынды. Сарқырай ақққан Су сай – саланы қуалай жөнелдi. Бiр, екi, үш, төрт… санап көрсек, қырық сегiз бұлақ ағып жатыр. Ал токкуридегi судан пайда болған көл айнадай жалтырап жатыр. Содан берi Монден ауылы судан тапшылық көрмептi. Аспаннан тамшы тамбаған жылдары да егiстiгiн қасиеттi Сумен суғарып, тiршiлiк етiп келедi.
Шарафат Жылқыбаева