ҚОШТАСУҒА ҚҰҚЫЛЫМЫЗ БІЗ ДЕ ЕНДІ...

Қайда барсаң да – Қорқыттың көрі. Жоқтықтың шеңгеліне мықтап бір іліккен кембағал-кедей не істемек?! Әрине, аласұрып ойланады. Басын тасқа да соғады, тауға да соғады. Тіпті болмаған соң кейбіреулер ұрлық жасайды. Алдау-арбаумен шұғылданады. Тіптен кісі өлтіруге де барады. Ақындардың арасында ондайлар көп емес. Әйтсе де, өкінішке орай, бар. Атақты француз ақыны Франсуа Вийон сондай іске араласқан деген сөз бар. Кім білген, солай болса, солай шығар. Әйтеуір оның ұзақ жылдар ұстатпай қашып жүргені рас. Әдебиетші-зерттеушілердің айтуларына қарағанда оның бейберекет өмір сүргені анық. Мастықтың кесірінен қантөгіс төбелеске араласып, қырсыққа шалынғаны және оны өзі де мойындайтыны оның мына өлеңінен белгілі:

Франсуа,

Алдағы

Жүрсін жазаң ойыңда:

Мына бөксе салмағы

Түседі ертең мойынға!

Бұл – жай мойындау ғана емес, өзіне өзі үкім шығару.

 

 (Қадыр Мырза Әли)

 

Серж Мейнар «Ұрымын, қанішермін, ақынмын мен, мен Франсуа Вийонмын» фильмінде аты шулы шайырдың шынайы бейнесін көрсеткісі келген.

Адамның жарлыға айналған күні таныстарынан ажырайтынын,  өлімнен ешкімнің құтқара алмайтынын жазған, жаңсақ басқан қадамдары үшін мұхтаждығын кінәлаған Франсуа Вийон үмітсіздіктен, шарасыздықтан шаршаған жүрегін өлеңмен жұбатты.

 

Лэ. Өсиетнама - 1

VI

 

Қаламасаң да Анжерге кету жалғанда-ай -

Өлімге сүйреу өзіңді.

Көшені кездім алаңдарымнан арыла алмай,

Тауқымет жұтты төзімді.

 

Санамда – соғыс... ал, жаным - өлген... тән - тірі,

Өліктей сұлық жатырмын.

Құтқарады екен жүректі кімнің жарқылы,

Құсаға бойды матырдым.

 

 

Сезімнің Ұлы азабын татқан батырмын.

 

Өсиетнама - 2

ХVII

 

Бағзы заманда Александрдың алдына

Қаһарын төккен кешегі,

Теңізде қарақшылық жасаған ұзақ жыл,

Шынжырын сүйреп Диомед жеткен деседі.

 

Патша сотында кеудесін кесіп әр сұрақ,

Төніпті залым басына.

Сүйектен өткен сөзден у ғана тамшылап,

 

Бақытсыздық кепті қасына.

 

LIV

 

Мен неліктен бостандыққа құмармын,

Еркіндігімді ұрлайтын

мекендерден қашатынды шығардым.

 

Қоштасуға құқылымыз біз де енді,

батпау үшін қайғыға,

Көңілімізді көтеретін күз келді.

 

Құштарлыққа, махаббатқа арбалған,

Қуанышты сәттерге

Аз екен ғой бар ғұмырын арнар жан!

 

Өтініш

 

Молаға ақшасыз баратынымды

Барлығы білуі үшін,

Зымырап ұшыңдар,

Бар дауыстарыңмен айқайлап ұшыңдар,

 

Менің аппақ қанатты өлеңдерім!

 

Жорамал балладасы

 

Жорамалдаймын,

өткенге орала алмаймын!

 

Қай жанның қалай киінетінін,

Қабағы бұлттың қай кезде түйілетінін,

 

Төнетінін де қауіптің неге,

Пенденің зәру боларын алып күнге де,

 

Таңдауым ғана жаңалық ашатынын да,

Қай жерге аспан моншағын шашатынын да,

 

Найзағайлардың мамырда ойнайтынын да,

Терең жыраның тамшыға тоймайтынын да,

 

Білемін!

Өзім туралы ештеңе білмеймін, бірақ.

 

Желге ұшқан шағымдарды да,

Қамыққанды да,

сағынғанды да,

 

Сәт сайын өтірік айтатынымызды,

Сауал аулынан жауаппен қайтатынымызды,

 

Қімнің дос, кімнің дұшпан екенін,

Қасқырдың нендей нәрсеге құштар екенін,

 

Түскі асқа ненің дайындалғанын,

Алыстайтынын уайымнан бәрі,

 

Білемін!

Өзім туралы ештеңе білмеймін, бірақ!

 

Есте жоқ ескі заманда ұмытылған күн,

тағдырын өзгерткендігін ұлы тұлғамның,

 

Кімнің көз алды мастықтан бұлдырағанын,

Кімнің құлдырағанын,

 

Шын махаббатты сезінген ақымақтарды,

Зұлымдық мүлде жойылған атыраптарды,

 

Талантты бақытсыздарды,

 

Білемін,

Өзім туралы ештеңе білмеймін, бірақ.

 

Өмірдің кейде толқытатынын,

Өмірдің кейде қорқытатынын,

 

Таулардың, көлдің, қыраттың көбін,

Жердің бетінде жұмақтың жоғын,

 

Бәрінің күйттейтіндігін көңілдің қамын,

Бәрінің тататындығын өлімнің дәмін,

 

Білемін,

Өзім туралы ештеңе білмеймін, бірақ!

 

Орыс тілінен аударған Марлен Ғилымхан