Дүниеде өзен суының иісі туралы не даланың тыныштығы туралы айтудан қиын нәрсе жоқ. Айтқанда да қасыңдағы әңгімелесіп отырған кісі сол иісті анық сезіп, сол тыныштықты түйсініп білетіндей етіп айтудан өткен ауыр нәрсе бола қоймайтын да шығар. Алуан түрлі жағдайларда біздің жадымызда тосыннан-тосын пайда болатын Пушкин өлеңдерінің "хрустальды (Блоктың айтуынша) әуезін" сөзбен айтып қалай жеткізуге болады.
Әлемде жүздеген құбылыстар бар. Бізде соларды білдіретін сөздер мен лебіздер жоқ. Құбылыс таңғаларлық болған сайын, неғұрлым тамаша болған сайын, олар туралы біздің шалажансар сөзімізбен әңгіме айту оңай емес. Біздің орыс өмірінің болмыс-бітіміндегі таңғажайып және көбіне-көп түсіндіруге келмейтін құбылыстарының бірі Александр Блоктың поэзиясы мен ғұмыры болып табылады.
Блоктың қанды-қасіретті қазаға ұшыраған күнінен бері қарай уақыт қаншама көп өткен сайын, осынау кемеңгер адамның біздің арамызда өмір сүріп келе жатқан фактісінің өзіне сену қиындап барады. Ол біздің көпшілігіміз үшін төтенше адамдармен, Жаңғыру дәуірінің ақындарымен, бүкіл адамзат аңыздарының батырларымен ұласып-ұштасып кеткен жан. Мәселен, мен үшін, Блок адамзаттың аттары жартылай аңызға, тіпті жалпы аңызға айналып кеткен Орланд, Петрарка, Абеляр, Тристан, Леопарди, Шелли секілді адамдармен немесе қысқа ғұмырында шөл-баябанда талан-таражға түскен адам жанының шокты қызуы туралы айтқан, әлі күнге түсінілмей келе жатқан Лермонтов - бала сияқты адамдармен бір қатарда тұр.
Блок Лермонтовты алмастырады. Ол туралы ақын: "Оның ызалы торығуынан - өзгеше көктемді сағынғаны сезіледі" - деген қайғылы да дәлме-дәл сөзді айтқан.
Мен Блокты ешқашан да көрмегенімді, тыңдамағанымды өз ғұмырымның жоғалып кеткен ең үлкен асылы деп есептеймін. Мен Блокты естіген емеспін, оның өлеңдерді қалай оқығанын білмеймін, бірақ мен сол туралы шағын зерттеу жазған ақын Пясттің сөзіне сенемін. Блоктың даусының тембрі алыстан шыққандайын көмескі, бір қалыпты да байсалды болған. Оның даусы тіпті замандастарына жақындағы алыстан шыққан дауыс ретінде естіледі екен. Онда ұзаққа дейін дыңылдап тұратын ішектің гуілі сияқты, сиқырлы да қажырлы бірдеңе болған.
Мен сөз етіп отырған Блок, менің ой-санамда, менің ғұмырымда дәйекті тіршілік етіп келеді, ол туралы ешқашан басқаша ойлай алмаймын. Мен онымен бірге үн-түнсіз көп түндерді бірге өткіздім, мен оның кітап бетін аша салып, оқи жөнелетін, әндетіп тұрған жолдарынан жүрегім талай рет тоқтап қалғандай болып көрінді. "Бұл дауыс - сенің даусың, оның түсініксіз дыбысына ғұмырым мен қайғымды да беремін". Ол менің ғұмырыма, тіпті алыстағы ауыр жастық шағымда, емін-еркін енген болатын, мен үшін ол тап қазір, Есениннің сөзімен айтқанда, "алыс жолға опасыз көр-жеріңді жинайтын да кез келді" дегенмен бірдей. "Опасыз көр-жер" ішінде ешқашан да Блоктың өлеңдері болмайды. Өйткені олар опасыздық заңына, іріп-шіру заңына бағынбайды да, біздің жерімізде адам тірі тұрған кезде және "кереметтердің кереметі" - азат орыс сөзі жоғалмай тұрған кезде, өмір сүре береді.
Иә, мен Блокты білмегеніме өкінемін. Блок - адамды біз енді тірілте алмаймыз және өзіміздің күнделікті өмірімізде ешқашан да көре алмаймыз. Бірақ өмірде табиғаттың қатыгез заңын жиі-жиі керек етпейтін, сол себепті де жұбанышты, кереметпен тепе-тең түсетін бір құбылыс бар. Ол құбылыс - көркем өнер. Өнер біздің санамызда бәрін де жасай алады және бәрін де қайта жаңғырта алады! "Соғыс пен бейбітшілікті" қайта оқып шығыңызшы, сіз сонда артыңызда жасырынып тұрған Наташа Ростованың күлкісін анық есітетініңізге және оны тірі, шынайы адам ретінде жақсы көретініңізге кепілдік ете аламын.
Блокты сүюдің, Блокты аңсап, торығудың күштілігі сондай, ерте ме, кешпе, ол әйтеуір өзінің екінші рет тууын басынан өткеріп, қайсыбір поэмада не хикаятта мүлде тірі, күрделі, әсем де әсерлі күйінде қайта пайда болады. Менің оған кәміл сенетін себебім, еліміз әлі таланттардан тарығып отырған жоқ және адам рухының күрделілігі әлі де бір қорытындыға келіп, біткен жоқ. Кешіріңіз, енді мен бұл арада әзім туралы бірнеше сөз айтпақшымын. Мен өзім туралы өмірбаяндық хикаят жазып, онда өз ғұмырымның орта тұсына дейін келдім. Бұл мемуарлар емес, автор шын мәніндегі оқиғалардан шегінуге еркі бар нағыз хикаят. Бірақ басты нәрсеге келгенде мен сол оқиғаларды аз ба, не көп пе, әйтеуір, сақтап отырамын. Өмірбаяндық хикаятымда мен өз ғұмырым туралы, ол ақиқат болмыста қандай болса, мен де дәл солай етіп жазудамын. Бірақ әрбір адамның, оның ішінде менің де, екінші ғұмырым, екінші ғұмырбаяным болуы керек. Жұрт айтатыңдайын, ол нағыз шынайы өмірде "шықпай қойды", болмады. Ол тек менің үміт-тілегімде және менің қиялымда.
Міне, мен сол екінші ғұмырымды жазғым келеді. Жазғанда егер мен оны әр түрлі кездейсоқтыққа кіріптар болмай, өзімнің ерік-жігеріммен жасаған күнде, оның даусыз қандай болатыны жөнінде жазбақпын. Осынау екінші "өмірбаянымда" мен Блокпен жүзбе-жүз дидарласқым келеді және дидарласа аламын да, тіпті онымен достасып, ол туралы не ойлайтынымның бәрін түгелдей, зор құрметпен, ет жүрегім елжірей отырып жазар едім. Осы талабыммен, мен, өз кеудемдегі Блок ғұмырын ұзарта түскім келеді.
Сіздің менен соның өзі неге керек деп сұрауға қақыңыз бар.
Бұл менің ғұмырымның жарасымды-үйлесімді болуы үшін, және өз ғұмырымның мысалы арқылы Блок поэзиясының күш-қуатын көрсеткім келеді. Блокты көрмегенімді мен тағы да қайталайын. Оның ғұмырының соңғы жылдарында мен Петербордан шалғай жерде болдым. Бірақ мен қазір осынау жоғалтқан асылымның орнын жанамалап та болса, толтырғым келеді. Бәлкім, бұл сырт көзге аңқаулық та болып көрінер, бірақ мен Блокқа байланысты нәрселердің бәрімен - адамдармен, жай-жағдаймен, Петербор табиғатының суреттерімен кездесуді іздеп жүремін. Ол, ақын қайтыс болғаннан бері өзгермеді десе де болады.
Мені көптен бері Ленинградтан Блок тұрып, қайтыс болған үйді табу жөніндегі өзіме де түсініксіз бір тілек азаптай бастаған еді, бірақ тапқанда, ешбір кісінің көмегінсіз, ешкімнен сұрамай-ақ және Ленинград карталарын қарап, тексермей-ақ, міндетті түрде тек бір өзім ғана табуым керек еді. Міне, енді мен Пряжка өзенінің қайда жатқанын (сол өзеннің жағалауында казіргі Декабристер көшесінің бұрышында Блок тұратын) еміс-еміс білетін мен, Пряжкаға қарай жаяу жүре бердім, бірақ тірі жаннан жол туралы ештемені сұрамадым. Неге олай істегенімді өзім де онша түсіне қоймадым. Мен жолды соқыр сезіммен табатынымды, менің Блокты жақсы көретін құштарлығым, жетекші секілді мені қолымнан ұстап, оның үйінің табалдырығы алдына апаратынына кәміл сендім. Бірінші ретте мен Пряжкаға дейін жете алмадым. Су тасқыны басталып кетті де, көпірлер жабылып қалды.
Мен тек дірілдеп жаурап, батыстағы меңіреу, сұрғылт лайсаңға қарай бердім. Пряжка со жақта. Со тұстан соққан дымқыл сызды жел бет қаратпай, қою түнекті айдап келеді, сол түнекте, қара дауылдағы тас кемелер сияқтанып, айлапаттай алып үйлер қарауытып, биіктей көрінеді.
Мен Блок үйінің теңіз жиегінде тұратының, балтық дауылының бірінші соққысын қабылдайтынын жақсы білетін едім. Мен Пряжкадағы үйге тек екінші рет іздеп шыққанда ғана барып жеттім. Менің қасымда, екеуміздің Блоктің үйін іздеп шыққанымыздың өзінен-ақ, жүзі мұң мен қуаныштан жадырай жайнаған, албырт тірлік иесі, он тоғыз жастағы қызым бар болатын. Біз Нева жағалауын бойлай жүріп келе жаттық, неге екенін білмеймін, со жолдың бәрін мен жадымда айдан анық сақтап қалдым. Судырап түсіп жатқан жапырақтар үйіріле ұшып жүрген бұлдыр түнекті қазан айының күні еді. Бұндай күндері селдір тұман жер бетіне ұзақ уақытқа шөгіп қалғандай болады. Ол кеудеңді, көңіл-көкірегіңді ашып, шойын торларды аса уақ су тозаңдарымен бүркеп тастайды.
Блоктің "Күз күнінің көлеңкесі" деген сөзі бар. Со бір күн де сондай көлеңкелі, қарауытқан суық күн болды. Соғыс қоршауы кезінде снарядтардың жарықшақтарымен жараланған оқшау үйлердің әйнектері күңгірттене жылтырап тұрды. Таскөмір түтінінің иісі өкпені атады - шамасы, оны порт жақтан жел айдап әкеліп жатқан сияқты. Біз өте баяу жүріп келе жаттық, жиі-жиі тоқтап, айналамыздан көрінген нәрселердің бәріне қарағыштай бердік. Неге екенін қайдам, Блоктың үйіне, кісі жалықтыратын Офицерлер көшесі арқылы емес, дәп осы жолмен қайтатынына көзім анық жететін секілді. Шалаулы су мен ағаш үгінділерінің иісі бұрқырап шығып тұр. Сол арада, Неваның со бір құлазып жатқан жиегінде, мақталы кеудеше киген қыздар айналмалы арамен қайың отыңдарын зырылдатып, кесіп жатыр. Ағаш үгінділері, шұбатылған фейерверктер секілді, ұшып түсіп жатыр, араның әрдайымғы кісіні зығыр ететін зырылдауы бұл арада бір түрлі жұмсақ, құмығып естіледі. Ара қоңырлатып, ән салып тұрғандай. Қара сулы жарманың - бұл Пряжка еді - ар жағынан кеме жасайтын зауыттардың стапелдері - құрастыру алаңдары, трубалар, түтіндер, фабриканың ысталған ғимараттары көкке "мойындарын" созып тұр. Мен Блок пәтерінің терезелері батысқа, осынау зауыт суретіне, теңіз кемелеріне қарап тұратынын білетін едім. Біз Пряжканың жиегінен келіп шықтық, мен со мезетте аласа тас төлелердің сырттарынан кәдуелгі көзге таныс үлкен кірпіш үйді көрдім. Блоктің үйі осы болатын.
- Міне, біз келдік те, - дедім мен қасымдағы серігіме.
Ол тоқтай қалды. Көзінен қуаныш оты жалт етті де со заматыңда со бір қуаныш нұрына жылтырап көз жасы қосылды. Ол өзін-өзі тежегісі келіп еді, бірақ көз жасы еркінен тыс шығып, титімдей тамшылар кірпігінен мөлдірей үзіліп түсе бастады. Сосын көз жасын жасыру үшін, қызым менің иығымнан ұстап, жеңіме бетін баса қойды. Үйдің терезелерінен Ленинградтың күңгірт жарығы жылтырап көрінді, бірақ біз екеуміз үшін, бұл жер де, осынау жарық та қасиетті болып елестеді. Мен балғын ұрпақ өзінің ең бірінші ұялшақ та арлы махаббатын алғыс сезімімен қай ақынға бағыштап беретін болса, сол ақын қандай бақытты деп ойладым. Жасөспірімдер жас ақынды ардағы ретінде таниды. Өйткені Блок біздің түсінуіміз бойынша, әманда боздақ болған және солай болып қала береді де. Қасіретті өмір сүріп, қасіретті қазаға ұшыраған ақындардың бәрінің дерлік тағдыры солай болған. Тіпті ажалына аз уақыт қалған кездің өзін де, тірі жанға айта алмаған және сол шешілмеген күйі қалған ішкі қорқынышынан азап шеккен Блок, жастықтың сыртқы келісті кескін-келбетін сақтап қалды.
Бұл арада кішкене ғана шегініс жасау керек. Өз шығармашылығымен ел-жұртты елітіп, еліктіріп әкететін жігерлі ақын, жазушылардың бар екені жалпы көпке аян.
Олардың сіздің ой-санаңызға, тіпті мысқалдап болса да енген, прозалары мен өлеңдері сізді дүр сілкіндіріп, ой тасқынын, бейнелер шоғырын тудырады және осының бәрін міндетті түрде дереу қағазға түсіруге еліктіріп, ертіп әкетеді. Осы мағынадан алып қарағанда, Блок көп ақындар мен жазушыларға қапысыз да қатесіз әсер еткен. Өзінің өлеңдерімен ғана емес, өмірінің де көп жағдаяттарымен ықпал жасаған. Мен енді бұған, онша ұрымтал болмаса да, есіме түскен бір мысал келтірейін. Александр Гриннің өлерінде жазған, бірақ әлі жарияланбаған "Нәуетек" атты романы бар, Со бір романдағы жай-жағдайы, көптеген майда-шүйделері Блоктың Бретандағы, Абербрака деген шағын портта өткізген өмірі туралы айтқан әңгімелеріне сәйкес келеді. Блок сол арада тұңғыш рет теңіз тіршілігімен қоян-қолтық танысады. Ол оны балаша таңғалдырады. Бәрі де оған ертектегідей болып қызық көрінеді. Ол шешесіне былай деп жазады: "Біз теңіз дабылдары қоршауында өмір сүріп жатырмыз. Бас маяк - шамшырақ әрбір бес секундта жалт-жұлт етіп, біздің қабырғаларымызға жарығын түсіріп тұрады. Портта қарусыздандырылған 20-жылдардың (өткен ғасырдағы) фрегаты тұр, ол Мексика соғысында болған, ал енді қазір зәкірін тастап, демалып тұр. Оны "Мельпомена" деп атайды, Тұмсығында теңізге ұмтылған ақ мүсін бар".
Хаттан тағы бір танымал үзінді келтірейік: "Жақында айналмалы маяктардың біреуінің күзетшісі қайтыс болды, ол машинаны кешкі ісіне әзірлеп үлгірмепті. Сонда оның әйелі кішкентай екі баласын машинаны түні бойы қолдарымен айналдырып тұруға күштеп көндіреді. Сол үшін әйелге Құрметті легион орденін береді".
"Мен, орыстарда тап осылай етер еді", деп ойлаймын, - деп жазады Блок.
Міне, сол аралдағы Абербракаға жақын жерде Саизон деген көне бекініс қоныс тепкен еді. Француз үкіметі, толық тозып біткені және мүлде қажетсіз болып қалғаны үшін, оны тым арзанға сатпақшы болады. Блок, шамасы, сол бекіністі шынымен-ақ сатып алғысы келеді. Ол тіпті оның жерін өңдеу, бау-бақша өсіру мен ғимаратты жөндеудің бәрі жиырма бес мың франкке түсетінін есептеп шығарады да. Бұл қорғандағы нәрселердің бәрі: жартылай бұзылған көтергіш көпірлері, казематтары (бас паналайтын үй), оқ-дәрі қоймалары мен ескі зеңбіректердің бәрі де романтикаға толы еді. Туыстары оны сатып алудан Блокты азғырып, айнытады. Бірақ ол ескі бекініс жөнінде дос-жарандарына жырдай етіп, көп-көп әңгіме айтады - арманы ақыл-ой қисынына оңай көне қоймайды. Грин сол әңгімені есітіп, роман жазады, онда бір қарт кісі "Нәуетек" деген сұлу қызымен бірге, үкіметтен көне бекіністі сатып алып, соған көшіп кіреді де, құлазып жатқан қорған қалдықтарын жұпар иісі аңқыған тоғай мен гүлзарға айналдырады. Романда әр түрлі оқиғалар болып жатады, бірақ қайырымды (баяғыда қарусыз қалған) бейбіт романтикалық қорғанның өзі бәрінен де тәуір жазылады. Сол сияқты ағаштарының, бұталары мен гүлдерінің аты-жөнін анықтап, балын тамыза жазған. Блоктың кейбір өлеңдерінің мені де - бір қараған кісіге бір түрлі түсініксіздеу болып көрінетін идеяға құрылған - көңіл күйлері со бір өлеңдермен ортақ болып келетін бірнеше әңгімелер жазуға ынталандырғанын мойындаймын. Осы бір ой менің есімнен қазір де шығар емес. Әзірше тұп-тұтас күйінде, Блоктың "Ресей" деген өлеңінен шыққан, "Жаңбырлы таң" деген бір ғана әңгімені жаздым.
Мүмкін боп мүмкін емес те
Жеңілдер ұзақ жолдағы
Бір жанар алыс елестей,
Жалт ете қалса болғаны.
Мен Блоктың ғұмыры мен поэзиясына өз түсінігімді бере алмаймын және бергім де келмейді. Мен Блоктың Ресей мен адамзаттың болашақтағы сын-сынақтары алдындағы әулиелік және мистикалық шошынуының түпкі мәнін де аңғара алмаймын; оның жазмыштық жалғыздығы, айықпас күмән-күдіктері және апаттық күйректігі, революцияны тым күрделі түрде қабылдауы маған мүлде жат.
Мен Блоктың әрі еліктіретін, әрі тәнті ететін бір қасиеті, оның ғұмыры мен толысып піскен өлеңдерінің кемеліне келген, дәлме-дәл поэзиясы. Тірі бейнелерден, қан-жанынан айырылған, әдейі солай жасалған тәнсіз символизмнің бұлдыр тұманы - ол тек ұзаққа созылған гимназиялық желік қана. Кейбір кездері мен Блоктың көп дүниесі соңғы буын адамдарына, жаңа жастарға түсініксіз ғой деп ойлайтыным да бар. Мәселен, оның кедей Ресейге сүйіспеншілігі мүлде түсініксіз. Қазіргі жастардың көзқарасына жүгінсек, "Қайыршы да қаңсыған ауылдар хисапсыз көп, көз жетпейді, қарауытқан қат күнде, алыс шалғын алауы тек жылтылдап тұрған" сорлы елді қалай жақсы көресің.
Жастардың мұны түсінуі қиын, өйткені бұндай Ресей қазір жоқ. Ауылдың Блок жете біліп, жақсы көрген сапа-қасиеті де жоқ. Егер әлі де, меңіреу деревнялар, ағаш төселген жолдар, жыныс түкпірлер қалған болса да, бірақ сол деревнялар мен меңіреу түкпірлердегі адам мүлде басқа. Ұрпақ ауысты, енді қазір немерелері аталарын түсінбейді, ал кейде тіпті балалары әкелерін түсінбейді. Немерелері қайыршылықты түсінбейді және түсінгісі де келмейді, ол баяғы ән-жырлармен жылап-жоқталған, аңыз-әпсаналармен, ертектермен безендірілген, үнсіз де тілсіз ынжық балалар- дың көз жанарымен, жасқаншақ қыздардың төмен түскен кірпіктерімен әсемделіп, әшекейленген, елкезбелер мен мүгедектер хикаядарынан шошып сескенген, орман-тоғайда, көлдерде, шорамықта, кемпірлердің жоқтау-жылауында, есік-терезелері жабылып, шегеленген үйлерде өзімен бірге тұрып жатқан со баяғы жан торығатын құпия сырларды және сол сияқты ғажайып кереметтерді сезініп түсінбейді және түсінгісі де келмейді. "Қалғимын мен, қалғуымның сыры бар, сол сырымда ұйықтап жатсың, сен Русь(орыс.)". Со бір сұрқай үйлерді, жоқтау-жылауды, күл-қоқыстың, алабота-қурайдың иісін жақсы көру үшін, осынау күллі жүдеу-жадаулық сыртынан орман-тоғайлармен белдеуленіп, жыныс-түкпірлерімен қоршалып жатқан Ресейдің қуқыл тартқан сұлулығын көру үшін де кісіге өз халқын сүйетін аса үлкен, төзімді жүрек, ұлы махаббат керек болар еді. Оны Блоктың алдында өткен көптеген кісілер де көрген болатын. Бірақ ол Русь өліп бара жатқан еді. Блок оны жылап-жоқтады да жырына қосты:
Қара дүрсін табытта сен жатырсың
Шалажансар шартықсың, сен, Русь!
Жаңа Ресей, "Жаңа Америка" Блок үшін оңтүстік далаларында бас көтереді:
Жоқ, ол жақта айдардан жел еспейді,
Сайын түзде қылқұйрықты шоқпар сілтенбейді...
О жақта фабриктер моржалары қараяды,
О жақта зауыттар гудогы аңырайды.
Аға буынның адамдарына ескі және жаңа Русьте тең дәрежеде танымал, Ресейді осылай кең көлемде білуі - сол буынның байлығы.
Ескі Ресейді білмей, оның "кереметті кереметтей етіп көрсетіп, өлшеуішпен өлшеп қойғанын" білмей, ескі деревняны және бүкіл елді шарлап, таңғалып, тамсанып жүрген кезбелерді білмей, Куликов даласы үстінен батқан күннің қанды шапағын көрмей, жаңа Ресейді білу мүмкін емес.
Блоктың махаббат туралы өлеңдері - дуалы. Күллі дуалы нәрсе сияқты, оларды түсіндіруге болмайды, ол бір азап. Олар туралы бірдеңе айту мүмкін емес десе де болады. Оларды қайталап оқи беру керек, қайталап айта беру керек, сонда оны әрбір айтқан сайын жүрегіңнің лүпілдей соққанын сезініп, оның жан-жүрегіңді елжіретер әрбір әуез-әуенінен күйіп-жанып, олардың кісі жадында кенеттен және біржолата еніп, жатталып қалатынына шексіз таңдана беру қажет. Оның осынау өлеңдерінде, әсіресе "Бейтаныс әйелде" және "Думанханада" поэтикалық шеберлігі шырқап, шегіне жетеді. Ол тіпті кісіні қорқытады, ақыл-ой жетпес тұңғиық болып көрінеді. Мүмкін, осынау өлеңдер туралы ойлай келе, Блок өзінің музасына қарап:
Терістіктің түнінен де зұлым-ды,
Алтын түсті шараптан күшті мас етер
Сыған махаббатынан да қызулы еді
Сенің аймалаған құмарлығың қатерлі...
Блоктың махаббат туралы өлеңдері уақыт өткен сайын күшейе түседі, адамдарды бедерлі бейнелерімен аңсатып, сағындырады. "Оның сусылдаған жібегінен аңыз лебі соғады", "Мен сиқырлы жағалау мен сиқырлы шалғайды көремін", "Тұңғиық көк көздері алыс жағада жайнаңдайды".
Бұл әйелдің мәңгілік қасиеті туралы өлең ғана емес, бұл көпті көрген де, көрмеген де жүректі бірден тұтқындайтын орасан зор поэтикалық күш-жігердің арыны. Блоктың өлеңдерін қайдағы "беймәлім күш" тек бір ғана поэзия емес, поэзияның, музыка мен ойдың, әрбір адам жүрегінің соғуымен үндесіп-үйлесіп жататын, әлі де өзінің белгілі бір сәтте анықтауышын таба алмай келе жатқан көркем өнер құбылысына айналдырады.
Бұл үшін оның бәрімізге белгілі бір шумағын оқысақ та жетіп жатыр:
Үркек құстай сен жұлқындың ұмтылып,
Жеп-жеңіл боп өте шықтың көрген түстей.
Хош иіспен бір күрсіндің, кірпігің қалғи бастады.
Судырасып сыбырласты жібек көйлек.
Өзінің өлеңдері мен прозасында Блок Ресей тарихының 90-жылдардағы беймезгіл кезеңінен бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін, философиялық, саяси және діни мектептердің аса күрделі шым-шытырық байланыстарына дейін, қазан революциясына дейін, "ақ раушаннан алқа тағып" жеткенге дейін аса ұзақ жолдан өтті. Ол поэзияның сақтаушысы, менестрелі, қара жұмысшысы және оның данышпаны болды.
Блок данышпандар өлшеусіз көп уақыттар шалғайына өз жарығын төгіп тұрады деген еді. Осынау сөздер толығымен оның өзіне қатысты. Біздің, жазушылар мен ақындарымыздың, әрқайсымыздың тағдыр-таланымызға оның тигізген әсері, бірден байқала бермегенімен, төтенше маңызды екені даусыз. Мен сонау жасөспірім кезінен-ақ оның аса улы мына бір сөздерінің мәнісін анық түсінген едім:
Кездейсоқ кірбеңдерін өшіре сал,
Көресің сонда өмірдің ғажаптығын...
Мен Блоктың осы бір ақыл-кеңесінен айнымауға тырыстым. Және мен оған шексіз ризамын. Біз оның данышпандық жарығына шомылып келе жатырмыз, және оның осы данышпандығы еліміздің болашақ ұрпақтарына, тек бұдан да гөрі айқынырақ болып, жетуі мүмкін-ақ деп ойлаймын.
Аударған Әбілміжін Жұмабаев