Шекара бөлімшесінде өту кезегін күткен жеңіл көліктер соншалықты көп емес еді. Содан шығар, әдеттегі шартты жұмыстар тез атқарылды. Әрбір қарт адам үшін бельгиялық мың франктан төлегеннен кейін шекарадан өтуге ресми рұқсат берілді. «Бенилюкске қош келдіңіз» делінген тақтайша ерекше көзге түседі. Оның астына «Әлем бойынша ең керемет қызмет көрсететін жер» деп жазуды да ұмытпапты. Кеденнен жүгіре шыққан Джеймс қолындағы рұқсат қағазын желпілдеткен күйі британдық номер ілген итальяндық көлігінің есігін ашып рульге отырды. Отырып жатып көз қиығымен әбден қартайған кәрі әкесіне көз тастап өтті. Қимылсыз отырған кәрі адамның бетінен ауру табы анық байқалады, жан-жағына жастық қойып, аяғын жамылғымен қымтап тастапты. Қасында Элин отыр.
– Енді бір жарты сағатта айтқан жерде боламыз, әке, – деді Джеймс тыныштандырған дауыспен. Әкесі жауап орнына жөтелді, басын қинала бұрып, мағынасыз жанарын терезеге аударды. Кіп-кішкентай қуыршақтай әппақ үйлерден кейін үлкен деревнялар шыға берді, артынша қалашық та көрінді.
– Бұл жерде бала мен велосипедтен көп нәрсе жоқ сияқты ғой ! – деді таңғалған дауыспен Элин.
– Пансионаттан орынды алдын ала алып қойғанымыз мұндай жақсы болар ма, – деді Джеймс кімге қаратып айтып отырғаны белгісіз. – Енді жүйкеңді жұқартып ештеңе іздеудің де қажеті жоқ.
Джеймстің әйелі өзінен біршама жас көрінетін. Көздері үлкен, әдемі біткен қасына дүрдиген еріндері мен салпия біткен аузы үйлеспей тұратындай. Туристерге арналған пышақтың қырындай кітапшаны ашып қаланың жобасына шартты белгілер арқылы үңілді.
– Анау шіркеудің қасынан оңға бұрылу керек, – деді ол. – Сосын үлкен бұрылысқа шейін жүріп, тағы оңға бұрылып, сол тұстан каналға қарай шығатын кішкене көшелерді іздеу керек. Қонақүй қызыл дөңгелекпен көрсетілген.
Ол өзі киген юбкасына мұқият үңіле қарап, көзге көрінер-көрінбес жіңішке жіпті алып тастады да, қасында отырған қартқа көз салды. Қария ояу екені не ұйқыда екені белгісіз, көздері жұмық еді. Олар шіркеуге дейін келді де оңға бұрылып кең көшеге түсті,
– Енді бұрылысқа дейін, – деді Элин жолдан көз алмаған күйі.
– Таптық – деді күйеуі үйлердің жоғарғы жағында алтын жалатылған әріптермен «Герцог гербі» деп жазылған жазуға мұқият көз тоқтатып. Жасы елулерге еркін енген, қызыл күнқағар киген ер адам ерсілі-қарсылы жүріп, жеке орынтұрақты қарауылдап жүр екен. Қолын біресе олай, біресе былай сілтеп, Джеймске көлікті бос орынға қоюға көмектесті. Бұларға жақындап келіп көліктің терезесінен әуесқойлықпен үңілген күйі :
– Көтеріп кіргізу керек пе, мырза? – деп сұрады.
– Иә, мархабат, – деп басын изеді Джеймс, артқы орындыққа мойын бұрып, бірдеңеге уайым еткендей маңдайы тыржиыңқырап. Бұл кезде әкесі де көзін ашты.
– Келіп қалдық па, – деді естілер-естілмес күбірлеп.
Оған жауап берген ешкім болмады, асығыс орындарынан көтеріліп, бала-келіні өздеріне қарай асығыс адымдаған санитарларға есік ашуға ыңғайланды. Олар сыпайы амандасып, зембілдерін көліктің қасына қойды. Бірі көлікке енбек болғанда басындағы күнқағары көлікке тіреліп қалып, желкесіне түсіп кетті, онысын жөндеп, енді қарияны қолтығынан көтеріп бір демде көтеріп алып шықпақ болды. Ол аяғына күш салып соншама тырысқанымен , бірақ, бүгілген күйде бұл тіпті ыңғайсыз болып шықты.
– Сен әуелі оны аяғынан тартып өзіңе қарай жақындатып көрші, – деді қасындағы серігіне. Әрең дегенде науқас адамды өздерінің ыңғайына қарай бұрды. Кәбеңкеде орындықтар арасында тұрған санитар еріксіз басын шайқап, «қария әлі де қайратты екен» деп қалды. Олар екеулеп жүріп қарияны көтеріп, нәселкеге салып, аяғына жамылғысын жаба салып, ішке алып кетті.
– Кеттік, деді Джеймс әйеліне, – заттарды соңыра келіп алармын. Ол есікті кілттеген жоқ, көлікті қарауды қарауылға нұсқады. Алдында нәселке көтерген ақ халаттылар, дәл жанында әйелі, бәрі қонақүйге бет алды. Қонақүйдің кең кіреберісіне кірген бойда санитарлар нәселкені еденге қойды. Ауруы жанына батқан Джеймстің әкесі басын екі жағына кезек бұрып ыңырсып жатыр. Қызғылт униформалы әкімгер-әйел Джеймсті әдеттегі үйреншікті қызметтік жымиыспен қарсылады. Джеймс өзінің аты-жөнін және өзінің алдын ала тапсырыс беріп қойған номерді айтты.
– О, әрине, мінекейіңіз, мынау сіз тапсырыс берген үш номердің кілті. Ванна сіздің бөлмелеріңіздің ортасында орналасқан. Ал, бұл мырзаны – деді зембіл жақты иегімен нұсқап, «А» бөлмесіне орналастырамыз. Мырза ресторанға өздігінен түсе ала ма?
– Жоқ, ол кісі қатты сырқат, – деп жауап берді Джеймс.
– Сіз біздің қонақүйде тек үш күнге қаласыздар ма, мүмкін, сіздерге алты немесе тоғыз күндік пансионға тапсырыс берген ыңғайлы болатын шығар? Мәселе былай ғой, көптеген кленттер бізге келгеннен кейінгі бастапқы жоспарларын өзгертіп жатады.
Осылай деген әкімгер әйел үлкен парақты алдына жақындатып, әлдебір цифрларлы асығыс толтырып жатты.
– Жоқ, – деді Элин тез-тез жауап беріп, біз тек бастапқыда келісілгендей үш күнге қаламыз, солай емес пе, Джеймс?
– Иә,мен де солай ойлаймын – деп міңгір етті күйеуі.
Ол құжат парағына түрлі белгілер мен сандарды асқан шапшаңдықпен түсіріп, бұлардың аты-жөндерін бір деммен жазып жатқан саусақтарға мағынасыз тесіліп қарап тұрған.
– Сіздердің ресми рұқсаттарыңыз бар ма?
– Рұқсат дейсіз бе? Джеймс бір сәтке абдырап қалғандай көрінді.
– Оны сіздерге шекарадан өткен кезде беруге тиіс болатын.
– А, әрине!
Өз ісіне кәнігі болған қағаз толтырушы бұл ұсынған қағазға бір көз тастап, оны да жаңа толтырылған құжатқа қоса шырт еткізіп бекітіп тастады. Қағаздан көзін айырмаған күйі
– Екі ретттік жиырма жеті саны, – деп әндете дауыстады.
Санитарлар зембілді көтеріп, Джеймс пен Элин олардың соңдарынан ілесті. Лифт бірінші қабатқа келіп тоқтап, оның есігі жеңіл ашылған бойда бес адам ішіне сүңгіп кетті.
– Екеумізге басқа бір қонақүйден бөлме жалдаған жақсы болатын ба еді? Элин бұл сөздерді зілденіп айтқандай көрінді.
– Иә, бірақ, олай етсек екі есе шығынданатын едік, әрі бізге әкейді көріп отыру да қиын, оған қайта-қайта келіп әуреге түсіп жүретін едік, – деді Джеймс чемоданды қопарыстырып жатып. Біреу есік қақты. Туфлиін шешіп жатқан Элин түрегеліп отырып, бетіне түскен шашын артқа қайырды. Ішке үш ер адам енді.
– Медициналық бақылауданкелгенбіз, – деп өздерін таныстырғаннан кейін үлкені шаруасына көшті: – Сіздердің емдеуші дәрігерлеріңіздің қорытындысын көруге бола ма? Не нәрсені де алдымен түсінгіш Элин дереу Джеймсқа бұрылып:Смитсонның берген қағаздарын сұрайды, – деді. Ол шабаданды ақтарыстырып, пластик пакетті суырып алып шықты да дәрігерге ұсынды. Мәшінкемен жазылған қағазды қолдарына алып үңіліп оқи бастағандардың бірі астыңғы ернін тістелей берді, ал қалғандары қуыршақ секілді қимылсыз тұр. Оқып болғаннан кейін ішіндегі үлкені қалтасынан сия қаламсапты алып, астыңғы жағына әлденелерді тізіп жаза бастады. Бұдан соң үшеуі де қолдарын қойысты, кезек Джеймске келді.
– Мына жерге қолыңызды қойыңыз. Ал, ханым мына жерге.
Остеннің, Кале мен Зеебрюгтің, Хук-ван-Холланде мен Флиссингеннің көлік паромдарындағы тіршілік барған сайын қыза түсуде. Әдеттегідей көктем мен күз айларында Бенилюксте жолаушылардан дамыл болмайды. Шекарадағы жол полициясы бөлімшелері осынау қозғалыс тасқынын тікұшақпен бақылап, кептелістер жайында баяндап, кейбір көліктерді айналма жолға қарай бағыттап жатады. Джеймс, Элин мен ауру әкейдің мұнда келген кезі де сондай бір мазасыз маусымға тап келген. Осындай қарбаласта ойлағаны оңынан туып, сәтін салып барлығы үшін алдын ала есептескеніне Джеймс аса риза күйде. Ерлі-зайыпты екеу барда виски ішіп отырды, бірақ жан дүниелерінде бір мазасыздық бары аңғарылады.
– Не болса да онымен бәрі жақсы болса екен, – деді Элин. Ол шылымын біртүрлі мазасыз күйде ара-арасында ғана асығыс сорады да күлін түсіріп қояды. Айналасын шола қарайды. Айналадағы үстелдерде жағалай кәрі кісілер отырған еді. Олардың осынау сергектіктерінің өзінен бір жасандылық аңғарылатындай, дегенмен олар өзара көңілді күйде шүйіркелесуде. Джеймс ойланған күйі қоңыр сұйықтық толы стаканды айналдыра бастады.
– Мен оған барып келейін, – деді ол бір кезде.
– Онда барғанда не бітірмексің? Әйел бұл сөздерді біртүрлі қатқыл, даусынан ашу байқалып айтты.
– Оған ине салды, қазір ол ұйықтап жатыр. Голландияның ауасы оған пайдалы болады. Ертең тағы да дәрігерлер келеді. Олар үнсіз отырып қалды, ал бұрылып қараған кезде залдың ортасында жалғыздан жалғыз билеген қартты көрді. Оның көзі ұшқын атып тұр еді, ол ештеңеден қысылмастан Элен мен барменші келіншекке кезекпен кезек көз салды. Қарияның балалары әкелерін жайлап жымиған күйі және ептеп тыжырынғандай алыстан бақылап тұрды, тіпті біреулері қол орамалымен көзінің жасын сүртіп, сіңбірініп те жатыр. Бір уақытта қарттың балаларының біреуі барменші келіншекті шақырып алып онымен екі-үш ауыз тіл қатыстқаннан кейін, келіншек билеп жүрген қарияға барып оның құлағына әлдене деп сыбырлады. Қария басын изеп, қабырға жақтағы былғары банкеткада отырған балаларына қасын көтеріп, барменші келіншектің қолтығынан алып, есіктің артына сүңгіп кетті. Ал, бірнеше минуттан кейін барменші келіншек қайтып келіп өз жұмысына қайта кірісті. Бардағы кейбір қариялар қалтырған қолдарымен стакандарын үстел үстіне орналастырып, босап қалған би алаңын кезе бастады.
– Ал, керек болса, мен не естіп тұрмын! – Джеймс әкесіне бұл сөздерді көтеріңкі леппен, басын айқап, тілін тілін сорып тамсаыпп айтты:
– Шаяндар, креветкалер, устрицалар мен шампан, осылай ма?!
– Бұл жерде менің таңдауыма болады ғой, – деді әкесі ыңқылдай сөйлеп. –егер бұл маған зиян болса... Мен көптен бері дәмді бірдеңе жегенді аңсап жүр едім, ал мұнда маған рұқсат етті.
Ол тағы да көздерін жұмды, оның аузы кемсең-кемсең еткенін, және ерні дірілдегенін ұлы осы жолы анық көрді.
–Алдымен шампаннан жақсылап ұрттап ал, – деді баласы құптаған үнмен. Қарт көзін ашпаса да келіскен түрмен басын шайқады. «Дин-дон» деп үн қатқан есік қоңырауын бұлар біраздан кейін барып аңғарды. Элин орнынан ұшып тұрып, есікті ашты. Дөңгелекті үстел дыбыссыз жылжып кіріп келеді. Оның үсті балық тағамдары мен шаян етінің иісі аңқыған күміс ыдыстарға толы еді. Әкей шаршаған күйде көзін әрең ашып, мұқият дайындалған ас мәзіріне көз салды.Джеймс пен Элин оны бас жағына және иық тұсына жастықтар қойып, алдына тамақ салынған бірнеше табақты қойды. Қария аузына салған тағамды жай,мұқият шайнаңдап, ақырын жей бастады. Қарияның ұлы мен келініне қараған көздерінде алғыс бар еді. Бұл кезде төменгі үлкен банкет залында өзін жалғыз сезінгендер үшін салтанатты дастархан ұйымдастырылып жатқан болатын. Пациенттерге ең бір қолға түсе бермейтін аса құнды теңіз өнімдері мен экзотикалық тағам түрлері үлестіріліп жатқан. Джеймс пен Элин лифтіден шығып, дәлізбен жүріп отырып өз бөлмелеріне бет алғанда 23-номерден зәресі ұшып жанұшырған адам шықты да, оның артынан жантәсілім еткелі жатқан адамның ең соңғы сәттегі әлсіз үнін бұлар анық естіді. Бұл кезде ол есікке дәрігер мен медбике де барып үлгерген болатын. Дәрігер өзінен өзі құты қашқан мырзадан әлденелерді сұрап жатты да, қабағын көтерген күйі көңілтолмаушылық білдірген бір -екі сөз айтты.
– Жүр, барға барып ептеп бірдеңе ішсек қайтеді, – деді Элин күйеуіне абыржи тіл қатты. Джеймс иығын ауыр қозғап:
– Әкейге кіріп шығамыз, – дегенді нығарлай айтты. Бұлар кіргенде қарт өз төсегінде тып-тыныш, бейбіт күйде ұйықтап жатқан болатын. Түскі астың орны жиналыпты. Джеймс кереуетке бүгіліп, демін ішіне тартып тұрып, әкесінің демалғаны білінер білінбес кәрі кеудесіне көз адмастан қарап біраз тұрды. Әкесінің әлі де тірі екеніне осылайша көз жеткізгісі келгендей. Күйеуінің бұл қылығына біртүрлі үрпиіп қараған Элин есік алдында тұр. Ертеңінде сағат ондар шамасында қонақүй ғимараты алдынан кеше түнде қайтыс болған адамдарды тиеген ашық-қоңыр түсті фургон көлігі қозғалды.
– Ағылшындар да кетіп барады! – деп таңғала тіл қатты көліктұрағында болып жатқан жайлардың бәрін сырттай бақылап тұрған Элин. Жергілікті жердегі аграрлық кезеңнің ақыры құрдымға кетті. Елдегі экономикалық қиындық экономикалық жағынан қуатты мемлекеттердің өздерінде өнеркәсіп салаларын автоматтандыруды енгізген кезінен басталған болатын. Индустрияны қайта құру мен кибернетика саласындағы басқару жүйесіне көшу кезеңіндегі айтарлықтай шығындарды қысқа уақыт аралығында жабу мүмкін болмай қалды. Ел өнеркәсіп орындарын дамытуда үлкен индустриалдық державалардан бірнеше жылға артта қалып қойған еді. Экономиканың ескі жүйесін сақтап қалған осынау жағдайда одан ары қарай бәсекелестікке қол жеткізу дегеннің өзі мағынасыз болатын. Үкіметтік дағдарыстардан кейін жағдай тіпті қиындап кетті. Бірнеше айдың ішінде ғана экспорт нөлге түсті. Осылайша Бенилюкстің бір кездерде туристер үшін жұмақ болған ғажап кезеңі де көзден бал-бұл ұшты. Кішкентай елде турист қызығарлықтай ештеңе қалмады. Дағдарыстың шешім шығаруды тездеткені сондай, екі аптаға созылған айтыстан соң, католиктік оппозицияның қарсылығына қарамастан, парламентте шекара асып келген азаматтардың ұлты мен азаматтығына қарамастан эфтаназияны жүзеге асыруды заңдық тұрғыдан реттеуге қатысты заң жобасы мақұлданған болатын. Ірі әуе компанияларының Схипхолдан Завентемаға дейінгі аралықтағы ұшақтарды қондыру аймақтарына көктем мен күзде қосымша рейстер орны енгізілді. Бар болғаны 70 гульденге кез келген шекаралық,кедендік бөлімшелерде ауруды жанға батырмайтын өлімді таңдауға ресми рұқсат қағазы берілетін болды. Міне, осы кезден бастап-ақ қонақ үйлер мен ательелердің басында бұрын соңды болмаған бір ғажайып кезең орнады. Жазылмайтын дертке ұшырғандар мен кәрі-құртаң адамдарды о дүниеге жанын қинамай, ауырсындырмай аттандыратын жаңа қызмет түрі пайда болды. Химик-метрдотелдер науқастың қалауы бойынша әзрленетін соңғы ас мәзіріне цианисті калий, пентотал, морфин секілділерді езіп қосып беретін болды. Әрине, мұнымен бірге аспаздық шеберлікті де назардан тыс қалдырмады. Пансион номерін үш күнге, алты немесе тоғыз күнге жалдауға болатын, осы күндерің бірінде дәрігердің өзі болсын, медбике немесе даяшының өзі-ақ сізді шекара асып алып келген жүгіңізден біржола босатар еді. Джеймс есікті ашып номерге енді. Элин терезеден сыртқа көз салып тұр екен.
– Медбике әкейге кетті, – деді ол. Оған көмектесу үшін. Ол қайтадан ұйқыға кетті. Джеймс те оның қатарына терезе алдына тұрды, әйелі қараған жаққа көз салды, отельдің алдында таңертеңгі сейіл құрып жүрген кемпірді көзі шалды. Баласының қолынан ұстап алған кәрі адамға жүрудің өзі мұң болатын, бірақ сонда да бұл кемпір баласына мықты сүйенген күйі ілбіп болса да жүріп барады.
– Олар екеуінің бұл жерде осылай қосақтасып жүргендеріне алты күн болған.Есік қаққан кезде екеуі бірдей келісіп алғандай «иә» десті, ішке медбике кірді.
– Бәрі артта қалды, – деді ол.
– Қызық, – деп күбірледі осы сәтте Джеймс өзіне өзі күбірлегендей, біз бәрін алдын ала білдік, бірақ, бұл сонда да біртүрлі тосын әсер етеді екен.
– Ол кісі ұйықтап жатқан кезде мен оған күшәла (мышьяк) егіп жібердім, – деді медбике, никельденген қорапты жауып жатып.
– Менің сағатым келген кезде мен де, сөз жоқ, осы жерде ғұмырымды аяқтар едім – деді Джеймс.
– Бұл жерде жақсы қызмет көрсетеді!
Төменде көшеде баласына байланып қалғандай сүйене ілби басқан кемпір сейілін аяқтап, подьездің баспалдақтарымен ақырындап әрең көтеріле бастады. Оның баласы, басын салбыратқан жас жігіт өз ойымен өзі алысқан күйде еді, ал анасы кәрі жанарымен алдына мағынасыз қарап келеді.
Орысшадан аударған Жадыра Шамұратова