Міне, солай. Егер ойлап көрсеңіз, бар оқиға бір нәрсенің айналасына үйірілетін сияқты. Сөз екі дүние – болатын және қиылысатын тірілер мен өлілер әлемі жөнінде болмақ. Яғни, елестер мен аруақтар және сол сықылды ғажайыптар жайлы. Немесе ақылға сыйымсыз құбылыстар мен алдын ала сезіну мен ерекше көру қабілеттері туралы. Міне, ерекшелену осылай болмақ.
Егер осының бәрін жинақтап қорытып көрсеңіз, әйтеуір оның біреуін басыңыздан өткізген болып шығарыңыз хақ. Көздеріне елестер елестейтіндерге алдын ала сезіну оншалықты маңызды емес. Ал өзгелерге алтыншы сезімнің дамуы елесті көруге кедергі келтіретін секілді. Неліктен бұлай екенін білмеймін. Бәлкім, бәрі де адамның өзіне байланысты шығар.
Әрине, бұл екеуінің біріне де қабілетсіз адамдар болады. Мысалы, мына мен. Отыздан асып кетсем де, бірде-бір рет елеспен кездескенім жоқ. Аян беретін түстерді де көрген емеспін. Бірде екі досыммен лифтіде келе жатқам, олар елес көрді. Ал мен ештеңе байқамадым. Олар: "Бізбен бірге сүр костюм киген әйел болды. Жанымызда тұрды", деп дәлелдеп әлек. Ал мен оларға "Ешқандай әйелді көргенім жоқ. Біз үшеуміз ғана болдық қой. Сендер не, естеріңнен ауысқаннан саумысыңдар?" деймін. Бірақ достарымның өтірік айтпағандарын білемін. Олар ондай сужұқпастар емес. Ыңғайсыздау болғаны рас, бірақ бұдан кейін де ешқандай елес көргенім жоқ.
Жалпы, менің елестермен байланысым болған емес, елден ерек ғажайып қасиеттерім де жоқ. Таза табиғилықпен өмір өткізіп жатырмын.
Бірақ бір күні сондай бір ерекше оқиға болды, мен одан қатты шошыдым. Содан бері оншақты жыл өтсе де, ол туралы ешкімге тіс жарған емеспін. Қорықтым. Айта бастасам болды, қайталанатын сияқты елестейді де тұрады. Жақ ашпағаным да сол. Бірақ солай болғанымен де, бүгін біздің еске алу кешіміз, әркім өзінің басынан кешірген қорқынышты оқиғаларын кезегімен айтып жатыр, соңынан үй иесі ретінде менің де бірдеңе айтуым керек еді. Сонымен...
Жо-жоқ. Қол соғудың қажеті жоқ. Бұл оқиғада бәлендей ештеңе жоқ.
Мен елестермен байланысым болмағанын, елден ерек ғажайып қасиеттерімнің де жоқ екенін айттым ғой. Мүмкін, менің әңгімемді тыңдарсыздар да: "Осы да сөз боп па? Бұнда тұрған қорқынышты не бар", дерсіздер. Әбден мүмкін. Солай-ақ болсын. Сонда да тыңдаңыздар.
Мен мектепті елімізде аласапыран болып жатқан алпысыншы жылдары бітірдім. Жүйе бүлінген. Осы толқын мені де шарпыды. Университетке түскім келмеді, ілдебайлап күн көріп, біраз жылымды ел аумағында тентіреумен өткіздім. Осылай өмір сүру керек деп ойладым. Мен немен айналыспадым! Бірнеше мәрте шытырманды жағдайға да тап болдым, тек тауың шағылмасын. Эһ, жастық, жастық! Қазір еске түсіріп, ойланасың: сондай да уақыт болған. Бұл өмірдегі қандай да бірдеңені өзгертуді ұсынсаңыз, қарсы болған болар едім. Болар іс болды. Солай қала берсін.
Кезбелік өмірімнің екінші жылы күзде екі айға шағын қаладағы Ниигата префектурасындағы мектепке түнгі күзетуші боп жұмысқа тұрдым. Жаз бойы тынымсыз жұмыс істедім, сондықтан сәл дамылдағым келді. Түнгі қарауылдың жұмысы - жатқанды ұрма деген сықылды. Күні бойы өзіңнің құжырадай бөлмеңде ұйықтайсың, ал түнде мектепті екі рет айналып шығасың, содан кейін боссың. Қалған уақытта кабинетте музыка тыңдаймын, кітапханада кітап оқимын, тіпті болмаса спортзалда өзіммен өзім баскетбол ойнаймын. Жалғыз өзіңе түнде мектепте мүлде жаман емес. Қорқынышты да ештеңе жоқ. Он тоғыз немесе он сегіз жасар кезіңде көп ештеңеден қорқа да қоймайсың.
Сіз мектепте түнгі қарауыл боп істеген жоқ шығарсыз, бәлкім. Оның міндеті қандай екенін түсіндірейін. Кешкі тоғызда және түнгі үште айналаны бір шолып шығу керек. Тәртіп солай. Мектеп бетоннан салынған үш қабатты ғимаратта орналасқан, аса үлкен де емес, он сегіз - жиырма сынып бар. Музыка кабинеті, лабораторлық кабинет, сурет және қолөнер кабинеті, мұғалімдер және директордың кабинеті және бар. Асхана, бассейн, денешынықтыру және мәжіліс залдары - жапсарлас салынған жеке ғимаратта. Міне, бар объекті осы.
Айнала қарап шығуды талап ететін және арнайы кітапшаға белгі соғатын жиырма "тексеру орны" бар болатын. Мұғалімдер кабинетіне - белгі, лабораторлық кабинетке -белгі... өстіп жалғаса береді. Әрине, белгіні өз бөлмемдегі диванда отырып-ақ қоя салуға болар еді. Оған ар - ұжданым жібермейді. Ол ұйықтап жатқанда біреу-міреу мектепке кірсе, шаң-тозаңды да жұмыс емес, не айтар еді дерсіз.
Сонымен тоғызда және үште қолыма кішірек электр фонары мен ағаш таяқты ала салып, тексеріске шығамын. Фонар сол жақ, таяқ оң жақ қолымда. Мектепте, жоғары кластарда мен кэндомен айналысқам, сол себепті де қолдарым әбден шыныққан. Ол кезде қолында нағыз самурайлық қылышы бар болса да, кез келген қарсыласыммен жағаласа кетер едім. Тек, хас шебермен емес, әрине. Бірақ, ол қашан болып еді. Ал қазір ондай қарым жоқ.
Қазан айы болатын. Түн желді, бірақ жылы, тіпті тымырсық. Кеште масалар қаптап кетті, мен оларды қуып шығу үшін хош иісті екі май шам жақтым. Жел тоқтамастан гуілдеп тұрды. Бассейннің есігі сынық болатын, жел қаттырақ соқса жыныңа тиіп, тарсылдай бастайды. Оны жөндеп қойғым - ақ келді, бірақ қараңғыда баруға мойным жар бере қоймады. Ол солай кеш бойы тарсылдап тұрды.
Тоғыздағы тексеріс ойдағыдай өтті. Бар "орында" толықтай тыныштық. Есіктер құлыптаулы, бәрі өз орнында. Ешқандай өзгеріс жоқ. Бөлмеме қайтып келіп, қоңыраулы сағатты үшке қойдым да, тақуадай ұйықтап қалдым.
Қоңыраулы сағат әрең шырылдады, әдеттен тыс бірдеңе болғанын түсіне қойдым. Иә, бірдеңе болған. Өзімді жайсыз сезіндім, тіпті қалай түсіндірерімді де білмеймін. Тұрғым келмеді... Денем ырқыма көнер емес. Жалпы, айту да қиын - мен қашанда жеңіл тұратынмын. Бойымды әрең жиып, орнымнан ақырын көтерілдім де, тексеріске жиналдым. Есік әлі желден тарсылдап түр. Жоқ, солай - мүлде олай емес сияқты. Мүмкін, солай елес берді ме, әрине, бүл азаптан өзіме - өзім әлі де келе алар емеспін. "Міне, масқара! Неге шыққым келмейді" деп қоямын. Дегенмен, "бару керек" деп шештім. Босаңсымауға тырысып, бар батылдығымды бойыма жиып, аяғымды алға бастым. Фонарым мен таяғымды қолыма алып, бөлмемнен шықтым.
Түн түнеріңкі. Ауа дымқыл, жел қатты соғып түр, әлсін-әлсін теріні шанышқылап өткендей болады. Мен әлі де бойымды толық билей алар емеспін, ойлануға да мұршам жоқ. Ең алдымен денешынықтыру мен мәжіліс залын, бассейнді тексеріп шықтым... Ештеңе жоқ. Бассейннің есігі басымен біресе "иә", біресе "жоқ" деп белгі беретін қалтаң қаққан жынды секілді желден әрлі-берлі шайқатылып түр. Ешқандай жүйесіз: иә – иә – жоқ – иә – жоқ – жоқ - жоқ... Қисынсыз салыстыру деп айтарсыз? Бірақ дәл сол кезде маған шынымен солай көрінді.
Мектеп ғимаратынан ерекше ештеңе байқай алмадым. Бәрі бәз баяғыша. "Орындарды" түгендеп, кітапшаға белгі соғып шықтым. Бәрі де қаз қалпында. Жеңіл дем алып, бара беруге болатын шығар деп ойладым. Ең соңғы "тексеру орны" - шығыс жақ қанаттағы бойлер орналасқан асхананың бір бөлмесі ғана қалған. Ал менің жаппам батыс жақта орналасқан. Қараңғы болса да, бірінші қабаттағы ұзын дәлізбен кері қайтатынмын. Ай шықпайынша онан ештеңе көріне қоймайтын. Ал фонар тек алдыңғы жіңішке жолаққа ғана жарық түсіретін. Сол түні ай тек бұлт арасынан бір сәтке ғана жылт етіп көрінді де, қайтадан қою қараңғылық басты. Қатты дауыл болатын түрі бар.
Сол түні дәлізбен қалай жылдам жүріп өткенімді өзім де білмеймін. Баскетболдық кетам линолеумді шыртылдатып сызып келеді. Әлі есімде, дәлізге жасыл линолеум төселген.
Дәліз ауызғы бөлмемен жалғасып жатқан. Оны кесіп өте бере кенет арт жағымнан бір соққы сезінгендей болдым, қараңғылық арасынан бірдеңенің көмескі кескіні көрінді. Тұла бойым мүздап қоя берді. Қолымдағы таяқты мықтап ұстап, оған қарсы жүрдім. Фонарымның сәулесі тайғанақтап барып, аяқ киімдер қоятын шкафтың жанындағы қабырғаға түсті.
Мен сонда тұрмын. Анығырақ айтсам – сол жерде тұрған айнадан өз бейнем көрінеді. Бұнда кеше ғана айна жоқ еді. Жеңіл дем алып: "Бұл не сонда? Не екенін қайдан білейін!" - деймін ойлана. Айнаның алдына келіп, фонарымды еденге қойып, темекі алып тұтаттым. Азырақ оз бейнеме қарап тұрдым. Көше шамдарының әлсіз жарығы терезеден айнаға шашырайды. Арт жағымда бассейннің есігі қатты тарсылдап тұр.
Темекімді екі-үш мәрте сорып үлгердім, кенет мені біртүрлі күдікті ой баурап алды: мүмкін айнадағы мен емес шығармын. Жоқ, сыртқы келбетіме қарасам, әлбетте нақ өзіммін. Бірақ, сол кезде менің қарсы алдымда мүлде басқа адам тұрды. Бұны мен түйсікпен сезіндім. Солай бола тұрса да, жоқ... дәлірек айтар болсақ, бүл ешқандай күдік-күмәнсіз өзіммін. Бірақ, менің менімнің ар жағындағы - менмін. Өзім қандай болсам, сондай "мен" емеспін.
Бұны қалай айтуға болады...
Мен осынау қас қағым сәтте бір нәрсені толық түсіндім: айнадағы адам мені өлердей жек көреді. Жеккөрушілік - айсберг сияқты аса үлкен әрі қап - қараңғы, оны ешкімнің де оңалта алмасы анық.
Мен тұрған орнымда қаттым да қалдым. Темекім саусағымның арасынан сусып еденге түсті. Айнада да осы көрініс қайталанды. Бір сәт бір-бірімізге шаршаңқы түрмен қарай қалыстық. Бұғаулап қойғандай, қозғалуға шамам келер емес.