ГИ ДЕ МОПАССАН. ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Бойдақтар компаниясында өт­кен көңілді кешкі астан соң маған ескі танысым:
– Елисей алаңымен серуендеп қайтсақ қайтеді? – деді.
Сонымен екеуміз жай басып,екі қапталын жапырақтары селдіреп қал­ған сидиған ағаштар көмкерген ұзын аллеяның бойымен жүріп ке­леміз. Айналадан мынау Париж қоз­­­ғалысының мәңгілік тұншы­ғың­қы гуілінен өзге шу естілмейді. Бетімізді кешкі самал өбеді.Тұнжыр аспан бетінде алтын түстес сансыз көп жұлдыз шаңытып жатыр.
Жолдасым сөйлеп келеді:
– Неге екенін қайдам,түнде осын­да келсем болды,тынысым кеңіп,қиялым қиянға самғап жүре бе­реді. Кейде ақыл-ойымды бір жа­рық сәуле көктей өткендей бола­ды, сол сәтте мен мынау тылсым жа­ратылыстың бар құпиясын аша алатындай көрінем.
Кей – кейде ағаштардың ара­сы­нан қосарласқан жұптар қылаң бе­реді. Міне,сәкіде отырған осын­дай жұп бізден жасырынғысы кел­ген­дей бір біріне жабыса қалды. Жол­дасым тағы сөйлеп кетті:
– Бейшаралар ! Бұндайлар ме­нің бойымда жеккөрушілік емес, ке­рісінше соншалық бір аяушылық се­зімін туғызады. Адам өмірінің сан­сыз құпияларының маған біреуі ға­на мәлім: бізді Жаратушы жал­ғыз­дықпен жапа шектіріп қойған, біздің бүткіл тіршілігіміз содан құтылудың қамынан өзге дәнеңе емес. Әне, анау сәкіде ашық аспан ас­тында бір-біріне жабыса қалған сүйіс­кен жұп та біз секілді, бүткіл тір­шілік иелері тәрізді қас-қағым сәт­ке болса да жалғыздықтан құты­лу үшін жанталасып бағуда,бірақ олар да, біз де мәңгілік жападан-жал­ғыз қалпымызда қала бермекпіз. Біреулер мұны айқын, біреулер әл­сіздеу сезінеді, бар айырмашылық осын­да ғана.
Біраздан бері мен аяусыз азапқа түс­тім, өйткені мен өзімнің жалғыз еке­німді ұқтым. Түсінесің бе, одан құ­тылудың ешқандай жолы жоқ! Біз­дің бүткіл талпыныстарымыз, ал­қынған жүректеріміз, тәтті сөз­дері­міз, айқасқан құшақтарымыз бұдан құтқара алмайды, біз әрдайым жападан-жалғыз болып қала бере­міз.
Мен сені осы серуенге үйіме жал­ғыз қайтқым келмегендіктен ер­тіп шықтым, мені қазір өз пәте­рім­дегі оңашалық қинайтын болып жүр. Бірақ бұның да пайдасы ша­малы. Мен қазір сөйлеп келем, сен тың­дайсың, екеуміз қатарласып бір­ге келеміз, алайда біздің әрқай­сы­мыз бәрібір жалғызбыз. Сен мені түсінесің бе? «Рухы кедейлер ба­қытты» дейді Қасиетті жазуда. Олар – бақыттың елесін жоғалтпағандар. Олар біз секілді жалғыздықтан жапа шекпейді, олар мен секілді өздерінің менменшіл сезімін қанағаттандыру үшін біреулермен иық түйістіріп, қатар жүру үшін жанталаспайды, олар­дың мұрнына мәңгілік жалғыз­дық дегеннің не екенінің иісі де кі­ріп, шықпайды.
Сен мені есінен адасқан біреу деп ойлап келе жатқан шығарсың. С­о­лай емес пе? Бірақ сен мені дұ­рыс­тап тыңда. Мен өзімнің жападан – жал­ғыз екенімді сезінген күннен бас­тап күн өткен сайын бір шеті де, ше­гі де жоқ, жарыққа шығу ешқан­дай мүмкін емес жер астының қа­раң­ғы қапасына түсіп бара жатқан сияқ­тымын. Мен сол қапастың іші­мен жүріп келем, жанымда тірі жан иесі жоқ. Бұл қапас – біздің өмірі­міз. Кейде мен әлдеқандай шуды, дауыстарды, айқайларды есітем… Мен сол жаққа жеткенше асығам. Алай­да, олардың қайдан шығып жат­қанын ешқашан біле алмайтын бо­лармын, сондықтан өзімді құша­ғына алған қараңғы қапастан менің өзге жанды кездестіруім мүмкін емес тәрізді. Енді түсіндің бе?
Осы бір жантүршігерлік жайды аң­ғарған жандар болған өмірде. Мюс­се былайша аһ ұрады:
– Келе жатқан кім? Шақырған кім мені?
– Ешкім де. Бұрынғыша жапа­дан – жалғызбын, әне, менің де са­ға­тым соқты. О, жалғыздық! О, қайыр­шы тір­лік!
Бірақ бұл оның қас — қағым сәт­тік сезімі ғана, менікі секілді өмірлік қа­ғидасы емес. Ол өмірді елестер­мен, қиялдармен байытқан ақын болатын. Сондықтан ол жалғыздық жа­пасын мен секілді шеккен жоқ.Әлемдегі ең ұлы көріпкелдердің бірі болғандықтан мынау қу тіршіліктен бақытын ұшырата алмаған Гюстав Флобер өзінің ашына әйеліне: «Біз­дің бәріміз де құладүз қумекендеміз, сон­дықтан біреуді біреу түсінбейді» деп жазған болатын. Иә,ешкімді еш­кім түсінбейді, біз не десек те, не ой­ласақ та, не істесек те, біреуді біреу­­дің ұқпайтынын жоққа шығара ал­майсың.
Бізден өте алыста жатқандықтан өзіміз оның болымсыз ғана бөлігін көре алатын, қалған сансыз көп шо­ғырлары шетсіздік пен шексіз­дік­ке сіңіп кеткен мынау жарқыра­ған дәндер секілді жұлдыздар әле­мін­де не болып жатқанын жер біле ме? Мүмкін жұлдыздар бәрі жина­лып жалғыз денені құрайтын бір тән­нің бойындағы молекулалар се­кілді бір біріне тым жақын орналас­қан болар?
Жердің жұлдыздар әлемінде не бо­лып жатқанын білмейтіні секілді пенде де келесі пенденің бойында қан­дай құбылыстар жүріп жатқанын біле алмақ емес. Біздің бір бірімізбен арамыз осынау аспан шырақтары­ның араларынан гөрі алыс, өйткені біздің ойымыз түпсіз тұңғиық.
Біз бір-бірімізді өліп-өшіп
сү­йе­­міз және қолымызды бір-бірі­мізге қанша созсақ та, бәрібір тұта­сып кете алмаймыз. Тұтасуға, сіңісуге деген ұмтылыс біздің жаны­мызды жегідей жейді, алайда, бұл ниеттен түк те шықпайды: қызуы­мыз – жа­лынсыз, құшағымыз – қауқарсыз, ай­маласуымыз – адыра. Біздің бір бірі­мізге сіңіп кеткіміз келеді, алай­да, осыған қанша ты­рыссақ та, бір-біріміз соғысқаннан өзгеге шамамыз жоқ. Мен біреуді сүйген кезде ба­сым­дағы жалғыз­дықты одан сайын се­зіне түсем, ондай кезде басқа жан­мен сіңісудің, тұтасып кетудің мүм­кін еместігі бұрынғыдан да ай­қындала түседі.
– Міне, мына кісі, – деді ол маған шырадай жанған көздерін қадап, – мені мұқият тыңдауда. Бірақ ол не жайлы ойлап келеді? Иә, ол не ойлайды? Менің жанымды осы сұрақ жегідей жейді. Сен бұл азаптың мәнін түсінесің бе? Мүмкін ол мені жек көріп, іштей ма­зақтап келе жатқан шығар? Мүм­кін ол менің айтқандарымды өз ақыл безбеніне сала келе, мені ке­ле­келеп, өзі бір есуас, ақымақ біреу екен деп, іштей күліп келе жатқан бо­лар? Оның не ойлап келе жат­қа­нын қалай білуге болады? Оның мені, менің оны жақсы көретінім се­кілді жақсы көретінін, не көр­мейтінін, оның домаланған кіш­кен­тай шақша басында не болып, не қойып жатқанын қалай білуге болады? Осы бір біз ешқашан білуге де, бағыттауға да, ауыздықтауға да, жеңуге де болмайтын, басқа біреудің миындағы әрі жұмбақ, әрі асау ой неткен сұмдық құпияға толы де­сеңіз­ші!
Ал мен ше? Мен де біреуге қан­ша берілгім келіп, оған жанымның бүткіл терезелерін айқара ашпақ боп, қанша ұмтылсам да, қолымнан ештеңе келмейді. Әрқашан ойым­ның менен басқа ешкім бойлай ал­майтын ең терең түкпірлерінде бәрібір мендік құпия қалып қояды. Оны менен өзге ешкімнің аша алуы мүмкін емес, өйткені ешкім маған ұқсамайды, сондықтан ешкімді еш­кім ұға алмайды. Ең болмаса осы ми­нуттарда сен мені түсіндің бе? Жоқ. Сен мені есуасқа санайсың! Сен менен қазір ат-тоныңды ала қашуға дайынсың! Сен «Бұған не болған?» деп ойлайсың. Егер бір кезде менің жабырқаған жанымды ұғар болсаң, маған келіп: «Мен сені түсіндім!» дегейсің, мен сонда ең болмаса бір сәтке болса да бақытқа бөленейін.
Әсіресе әйелдер менің жалғыз­дығымды айқын ұқтырады. О, Жаратқан! Олардың мені қанша­лықты азапқа салғанын білсең ғой! Олар мені еркектерден гөрі алдам­шы үмітпен көбірек еліктірген бо­ла­тын.
Жүрегіңе махаббат келіп ұя сал­ғанда, сен рахатқа батып, өзіңді өрісің кеңейгендей сезінесің. Мұның не­ліктен екенін білесің бе? Мұндай көл-көсір бақыттың неден болаты­нын түсінемісің? Бұл тек қана енді сенің жалғыз еместігіңді сезінген­нен. Саған енді адамзаттан алыстау мен жалғыздықтың азабы келмеске кет­кендей көрінеді. Неткен адасу десеңізші!
Әйел адам біздің жүрегімізді кеміріп жатқан жалғыздық жапасын бізден де гөрі өткір сезінеді, жалпы, арманның алдамшылығының се­беп­тері де осы әйелдер.Бір қараға­ны­ның өзі біздің есімізді танды­ра­тын осы бір ұзын шашты, таң­ғажайып жараты­лыс иесімен оңаша, бетпе-бет қал­ған ғажайып сәттер саған да таныс болар. Ессіз таңырқау менің ақы­лым­ды тұманытып жібереді! Жа­ным­ды тәтті алданыш баурап алады! Әне-міне дегенше ол екеуміз енді бір-бірімізге сіңіп кететіндейміз. Бірақ мұның бәрі бос әуре, арадағы күту­мен, үмітпен, алдамшы қуа­ныш­пен өткен бір аптадан соң мен өзімнің жалғыздығымды бұрың­ғыдан да гөрі терең сезіне түсем.Әрбір сүйісуден, әрбір аймаласудан кейін жалғыздық сезімі күшейе түседі. Неткен қорқынышты, нет­кен азапты құбылыс! Ақын Сюлли Прюдом былай дейді: «Аймаласудың баршасы түкке тұрмайтын махаб­баттың ессіз құмарлығы ғана, Тән­дердің одағы арқылы жандар табыса алмақ емес»
Кейін қоштасуға тура келеді. Осы­мен бәрі бітті дей бер! Біз бір сәт­ке өзімізге бұ дүниенің бүткіл қызығындай боп көрінген әйелдің жан аңсарын ешқашан түсіне де, біле де алмаймыз. Тіпті тәндеріміз бен жандарымыз бір біріне сіңіп, құпия аймаласқан сол бір балдай тәт­ті минуттарда біз оның жанының ең терең түкпірлеріне бойлағандай бо­лып көрінгенімізбен, оның аузы­нан абайсызда шығып кеткен бір ауыз сөз біздің осы бір алдамшы үмі­­­тімізді тас-талқан етіп, оны мен сенің араңдағы терең құзды қараңғы түнде жарқ еткен найзағайдай осып өтеді. Дегенмен өзінің жаратылыста бар болуымен ғана сені бақытқа бө­лейтін, сүйген әйеліңмен өткізген осы бір үнсіз кештерден артық еш­теңе жоқ бұл жалғанда. Осыдан ар­тықты дәметудің қажеті жоқ, өйт­кені екі жаратылыс иесі ешқашан бір бүтінге айнала алмайды!
Егер маған келетін болсақ, мен қа­зір жұрттың бәрінен жанымды бө­лектеп алғам. Мен өзімнің неме­не­ге сенетінімді, не жайында ой­лай­тынымды, не нәрсені жақсы көретінімді ешкімге де айтпаймын. Өзім­нің жалғыздық жапасына таңы­лып қалғандығымды білген­дік­тен мен дүниеге бей – жай қа­рай­мын және ештеңеге пікір қос­паймын. Менің өзгелердің көз қарас­тарында, ұрыс – керістерінде, рахаттары мен сенімдерінде не жұмысым бар. Жұртпен бөлісетін ештеңем болмағандықтан да мен бұл дүниеге салғырт қараймын. Ме­нің құпия ойларым танылмаған күйін­де қалады. Сондықтан менің кәдуәлгі сауалдарға беретін қара­пайым жаттанды жауаптарым мен өп-өтірік күлкім бар.
Сен мені түсінесің бе?
Біз ұзын аллеяны жүріп өтіп, Сал­танат аркасына жеттік. Жұлдыз­дар Келісім алаңына қарай ауыпты. Ол жаймен сөйлеп келе жатып бұ­дан басқа да менің есімде қалма­ған көп жайларды баян етті. Ақырында ол Париж көпірін бойлаған гранит ескерткіштердің бірінің жанына келіп тоқтады. Кенет менің таны­сым әлгі ескерткішті қолымен нұс­қап, қатты дауыстап жіберді:
– Біздің бәріміз мына тас сияқ­ты­мыз!
Бұдан соң ол басқа ләм-мим де­местен жөніне кетті. Ол мас па, әпен­ді ме, әлде кемеңгер ме – бұған осы кезге дейін ақылым жетпейді. Кей­де ол маған өте шыншыл жан се­кілді елестесе, кейде есуас болып кө­рінеді.

Орыс тілінен аударған
Серік Асылбекұлы