Біздің деревняда ақкөңіл де жайдары қыздарды жақсы көреді. Ал, бірақ ол жайдары қыз тым шектен шығып, жұрттың көзінше жыртыңдап күле берсе немесе өзінің жеңіл мінезімен көзге түссе деревня халқы, әсіресе, ерлер жағы ондай қызды бұрынғыдай сыйлауды қояды. Жас жігіттердің есін алған сұлу бикеш Катрина де Мажимонмен де осындай жағдай болды. Бұл жел секілді мың құбылып, жеңіл мінез тапқан сұлу бикеш әр кездескен көлденең көк аттымен жатырқамай сөйлесе беретіні ел ішінде талай өсекке тақырып болып еді. Ол тіпті әлдебір қалтарыстарда жігіттермен сүйісе береді екен деген де сөз шықты. Ал би кештерінде көңіл білдірген жігіттерге өзінің қол орамалын сыйға тартатын әдеті және бар екен. Ойлап қарасаңыз, бұл тіпті де салмақты, тәрбиелі қызға үйлесетін қылық емес екені анық. Сол уақытта мұндай қылықтар, тіпті бір қарағанда түкке тұрғысыз болып көрінсе де, қыз баланың мейлінше бетімен кеткендігінің көрінісі саналатын. Қызының жеңіл мінезділігі бәрінен бұрын Катриннің анасының мазасын май ішкендей етті.
–Мен сен қызды бар ғой, – дейтін ол ашуланып, – кім бірінші айттырып келсе соған беріп жіберем, тіпті ол сайтан болса да мейлің.
Несін айтасыз, шешесі бұл сөздерді шын жүрегімен таусылып айтатын. Шынында мұндай сөздер неткен қауіпті? Несін айтасыз, ойланбай сөйлеп аузынан жазған анасы қызынан да өткен ақылсыздық жасады. Ақыл тоқтатқан әйел әр сөзін ойланып айтуы керек еді. Күндердің күнінде деревняда сырт тұрпаты келісті көрінетін бейтаныс біреу пайда болды. Оның қолдары жіңішке және қан-сөлі жоқтай бозарып тұратын. Бұл оның көлеңкеде өскен қалалық екенін аңғартса керек. Бұл бейтаныс адамның алтын тысты әлдебір кішкентай кітаптар оқып, серуендеп жүргенін деревнядағы біраз адам көріпті. Дегенмен, бұл оқымыстың қолындағы кітабына біржола ақыл-есін жоғалтпаған екен. Катриннің жап-жас өңі, көрген жанның көзін алатын сымбаты, адамға қарағандағы батыл көзқарасы бейтаныстың да назарын алабөтен өзіне аударды. Бейтаныс жігіт бойжеткенді бірнеше күн бойы аса жоғары дәрежеде сыйлап, кез келген қыздың арманындағыдай қызмет көрсетіп, айтарлықтай ерекше әсер сыйлады. Шынында Катрин бұған дейін мұндай сый-сияпат көрді дейсіз бе, бұған дейінгі жігіттер қызды өздеріне қарату үшін соншалық алашапқын болып әуре болмайтын, мүмкін, бұл қыздың өзінің кінәсінен де шығар, ал бұл жолғы жігіт тарапынан көрген сый-құрмет расымен де алабөтен ерекше болатын. Әйтеуір, Катриннің бақыттан басы айналды.
– Өмірімде алғаш рет нағыз ғашықтық дегеннің қандай болатынын осы жолы сезіндім-ау деген еді қыз салтанатты түрде анасының алдында. Бұл сөздерді ол әрі мойындағандай, әрі сырын ашқандай жеткізді.
–Меніңше ол да мені сүйетін секілді.
– Сонда араларыңда не болды? – деп уайым етті анасы.
– Әңгіме сонда болып тұр емес пе? Ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе болған жоқ. Бірақ, сіз естісеңіз ғой, оның менімен қалай сөйлесетінін. Ол сондай ізетті. Қалай аялайтынын көрсеңіз ғой. Мені біресе райхан гүліне, біресе лалагүлге теңейді.
– Бұл жақтыкы еместігі бірден көрініп тұр. Әйтпесе сені баяғыда-ақ әурелеп естен тандырған болар еді. Дегенмен сен одан айрылып қалмауға тырыс. Басқаларға көз салушы болма.
– Уайымдамашы, анашым. Маған одан басқаның енді керегі де жоқ. Оның көздерін айтсаңшы! Оның маған қадаған көздері жалын атып тұрады ғой!
Осы сәтте қайырымды бейтаныстың тосыннан пайда болуы анасы мен қызының әңгімесін үзіп жіберді, жігіт Катриннің өзіне тұрмысқа шығуға келісімін сұрады, оның мұнысы бекзадалық десе болғандай еді, ескі дәстүр бойынша қыздың келісім сұраған сәтте Катрин бейне бір маркиза секілді еді, сырт қараған адам тебіренбеу мүмкін еместей. Катриннің анасының есі шыққаны сондай, қызын дәл сол сәтте беріп жіберуге бар еді, бірақ, олай етсе мұнысы әбестік, ерсі көрінері сөзсіз, сондықтан ертеңге дейін ойлануға уәде етті. Мезгілсіз уақытта жасалған бұл ұсыныстың бір ауыз сөзсіз қабыл алынғандығы айтпаса да көрініп тұрған болатын. Жас жұбайлар некелерін шіркеуде қиды. Бұл рәсім де өзгелердікінен ерекше болды. Ерекшелігі сол– күйеу жігіттің шоқынғаны жөнінде куәліктің болмауы себепті пірадар олардың некесін қиюдан мүлдем бас тартты. Бірақ бейтаныс оның орнына жазбаша куәлік ұсынды. Жазбаша куәлікте ол дүниеге келген Монмеди қаласы Людовик он төртіншінің кезінде өртке оранған, алапат өрт кезінде тіркеу кітабының да өртеніп кеткені айтылған. Дұға жасау кезінде күйеу жігіттің аяқтары серейіп құрысып қалғандықтан себепті ол мүлдем бүгіле алмағаны болмаса, одан өзге рәсімдерді күйеу жігіт асқан ыждағаттылықпен орындады. Айтпақшы, қатты буған жөтел де күйеу жігіттің шоқынуына біраз кедергі келтіргендей болды. Бірақ, мұның өзі оның ерекше құлпырған өңін бұза алған жоқ. Айтпақшы, бұл куйеу жігіттің жасын айыру қиынға соғатын. Кез келген әйелдің назарын аударатын келбеті оның нағыз гүлдену шағында екенін байқатса да, ақылдылығы мен байыптылығы оны көпті көрген қарияға ұқсататын, ал қиялшылдығы жас жігіттердікіндей еді. Алғашқы кездері жас жұбайлардың бақытты екендіктеріне ешкім шүбә келтірмеген. Күйеу жас жұбайының бабын табуға жанын салатындай. Катриннің үйі үнемі тап-таза, сынық шөп көлденең жатпайтын. Бірақ, жас келіншектің үй жинаумен айналысып, не киім жуып жатқанын ешкімнің көрмейтіні тағы рас. Арада біраз уақыт өткенде Катриннің жүзін мұң торлайтын болды, ол бұрынғыдай ертеден кешке дейін ән салуды да қойды. Тіпті деревня көшесіне де шықпайтын нағыз үйкүшікке айналды. Оның ендігі өмірі тек есіктің аржағында өтіп жатты. Енді жас жұбайлардың үйі жағынан шаң-шұң ұрыс-керіс естілетін болды. Бұл керіс тіпті барған сайын күшейіп, күллі маңға ап-анық естілетін болды, кейде бұл керіс тоқтап, өлі тыныштық орнайды. Кейде өлі тыныштықтың ұзаққа созылатыны сондай, олардың шиферленген шатыры үстінен түтін будақтағанда ғана ол үйде адам тұратыны аңғарылар еді. Артынан қайтадан айқай-шу шығатын. Бұл Катриннің шешесінің мазасын алды, уайымға батырды. Бірде Катрин үйінен бірер сағатқа қашып шығып, күйеуі таяқпен ұрып көкала қойдай еткен түрімен анасына келді.
–Анашым, енді қайтсем екен? Мен шынымен де сайтанның өзіне күйеуге шыққан секілдімін. Сіздің маған ашуланғанда айтқан сөздеріңіз есіңізде ме? Шынымен де маған алғаш рет сөз салған осы болатын. Міне, сіздің тілеуіңіз орындалғаны сондай, менің кімге күйеуге шыққанымды көрдіңіз бе? Енді маған көмектесіңіз, әйтпесе, таяқтан көз ашпай қор болатын түрім бар.
– Қайғырма, – деді сонда анасы.
– Біз оған көрсетеміз әлі. Тіпті табанын жалтыратуға да шамамыз келеді. Сен менің не айтқанымды мұқият тыңдап ал. Кешке жатарда ұйықтайтын бөлмеге кіргенде өзіңмен бірге киелі суды ала кір. Шоқынып ал да, киелі суды күйеуіңнің үстіне бүркіп жібер. Бірақ, алдын ала есікті мықтап бекітіп ал, аңғал-саңғал қуыс-тесікті бітеуді де ұмытпа. Тек құлыптың тесігіне ғана тиме, қалғанын өзім жайғастырамын.
Катрина ешуақытта шешесінің айтқанын дәл осылай бүге-шігесін қалдырмай орындап көрмеген шығар. Айтқанының бәрін мүлтіксіз орындады. Ал, оның күйеуі шынымен де сайтан болатын, киелі судың алғашқы тамшысының өзі оның есін шығарды, судың әр тамшысы тура табаға шыжғырылған май секілді қоңырсып жатты. Сайтан қорғану үшін құлып салатын жерге қарай жанталасты. Бірақ, енесі ол жерге бөтелке қоя қойып, әлгі түтінге айналған бәлекетті шөлмек тоса қойып ұстап, көзді ашып-жұмғанша шөлмектің аузын тығындап үлгерді. Ал, сосын бөтелкені үйдің манындағы ағаштың түбіне, адам аяғы көп жүретін жерге әкеліп, өзінің қызының бақытсыздығымен қалай есептескенін дүйім жұртқа көрсеткісі келді. Болған оқиға туралы құлақтанып үлгергендер әдейі келіп, кесапатты сайтанға тілін шығарып, мұрын көрсетіп, әбден мазақтады. Ол болса біресе бөтелкенің әр жеріне соғылып шыр көбелек айнала берді, біресе ұйықтап қалғандай көрінді. Енесін біресе қорқытып көрді, біресе майда тілімен алдандырып алдап та көрді, әйтеуір, қолынан келген амалын жасап-ақ бақты. Бірақ, өмірдің талай өткелінен өтіп, талай қуды көрген қартаңдау әйел оның алдағанына ермеді, жастығын қайтаратын сиқырлы майға да алданбады, ай толық туғанда төмпешікті алтынға айналдыру туралы уәдесіне де сыр бермеді. Сайтан бұл әйелдің қызымен қанша уақыт бірге тұрған болса, сонша уақыт бойы бөтелкеде отырды. Ақырында ол бұдан былай бұл маңайға келмейтін, көрінбейтін болып ант етті және онысына сендіріп, бақаның қанымен қол қойды. Бұл сертін бөтелкеде отырып жазды. Енесі оны бөтелкеден босатқан бойда «күйеубала» үш ақ зор қадам жасап, көзді ашып-жұмғанша көкжиекке сіңіп жоғалды. Осының бәрін басынан кешірген Катрин арада аз уақыт өткенде қабағы ашылып, өзіне сай жақсы күйеу тапты, күйеуі оны өз үйіне, аулаққа қарай алып кетті. Жаңа күйеу бала болған жайдың бәрінен, әсіресе, енесінің сайтанның өзін жеңген батырлығынан хабардар болғасын ба, әлде өзі де енесінен ептеп қорқыңқырап қалған ба онымен тек алыстан сыйласқанды жөн санады. Шынында да, сақтанғанды сақтайды деген бар...
Аударған Жадыра Шамұратова