Қораздар мені бала кезімнен жек көретін. Оның неден басталғаны есімде жоқ, бірақ қоқиланған қоразға жолап кетсем болды, қантөгіссіз аяқталмайтын. Сол бір жазда мен Абхазияның таулы ауылдарының бірінде, өз туыстарымның үйінде тұрдым. Бүкіл отбасы – анасы, екі бойжеткен қызы мен екі ересек ұлы – таңсәріден жұмысқа: біреулері жүгері отауға, біреулері темекі жинауға кетеді. Үйде жалғыз қаламын. Атқарар шаруам жеңіл әрі жағымды. Лақтарға су-жемін берем (су-жем болғанда жаңғақтың судырлаған жапырақтары), түске таяу бұлақтан мөлдір су тасимын – қысқасы үйге қараймын. Қарайтын да алып бара жатқан шаруа жоқ, дегенмен қырғилар адам бар екенін сезсін әрі үй балапандарына тиіспесін деп анда-санда айқайлауыма тура келеді. Осындай еңбегім үшін қала тайпасының шіліңгір өкілі ретінде маған тауықтың астынан қос жұмыртқа алып, жарып ішуге рұқсат етілгендіктен ол шаруаны аса ыждағаттылықпен әрі ықыластана жүзеге асыратынмын.
Ас үйдің сыртына тоқыма қобдишалар ілінген, сонда тауықтар жұмыртқалайды. Тауықтардың неліктен осы қобдишаларға жұмыртқалайтыны маған жұмбақ. Аяғымды ұшынан басып барып, жұмыртқаны сипаймын. Сол сәтте өзімді інжуді оп-оңай қағып алатын Бағдат ұрысындай сезініп, олжамды дереу қабырғаға соғып, сора бастаймын. Бұдан сезіктенген жақын маңдағы тауықтар қыт-қыттай жөнеледі. Өз шаруамды тындырған маған мына өмір әрі мағыналы, әрі ғажап көрінеді. Саф ауа, дәмді тағам – солардың арқасында жері өте құнарлы бау-бақшадағы асқабақ тәрізді мен де толыса түсемін.
Үйден екі кітап тауып алдым: Майн Ридтің «Бассыз салт аттысы», Уильям Шекспирдің «Трагедиялары мен комедиялары». Біріншісі мені таңғалдырды. Кейіпкерлерінің есімдері жағымды әуен секілді сыңғырлап тұр: Морис-мустангер, Луйза Пойндекстер, Капитан Кассий, Колхоун, Эль Койот және ақыр аяғында испан әсемдігінің бүкіл жарқылын аңдататын Исидора Кобаруби де Лос-Льянос.
«– Кешірім сұраңыз, капитан, – деді де Морис-мустангер оның маңдайына тапаншасын тақады.
– О, тоба! Басы жоқ!
– О, елес! – деп айқайлап жіберді капитан». Мен кітапты басынан аяғына, аяғынан басына дейін және қиғаштап екі рет оқып шықтым.
Шекспирдің трагедиялары көмескі әрі мәнсіз көрінді. Есесіне комедиялары автордың маңдай терін толық ақтапты. Патша сарайлары сайқымазақтардың сәні емес, ал сайқымазақтар патша сарайларының сәні екенін түсіндім.
Біз тұратын үй төбешікте орналасып, тәулік бойы жел өтінде тұрғандықтан нағыз таулықтар сияқты төзімді әрі мықты болатын.
Шағын бастырманың ернеуіне қарлығаштың ұясы жабысып тұр. Қарлығаштар бастырмаға тура және екпіндей ұшып келіп, тұмсықтарын ашып, құлап кете жаздап, асыраушыларына қарай қомағайлана талпынған шықылдақ балапандарының жанына келіп қонақтайды. Олардың қомағайлығы тек ата-аналарының қажырлығымен ғана шендесе алады. Қарлығаш кейде балапанына жемтігін беріп алып, сәл шалқайып, ұясының ернеуінде қақшиған күйі қалады да, тек басын ғана жаймен жан-жаққа бұрады. Сосын қас-қағым сәтте ернеуден сырғып түсіп, қалықтап ұшып, бастырмадан шыға жөнеледі.
Тауықтар аулада жайбарақат жайылып, торғайлар шырылдап, балапандар шүйкілдесіп жүр. Бірақ бүлікшіл сайтандардың қалғитын түрі жоқ. Менің айғайлап ескертуіме қарамастан бұл жерге күн сайын келеді де тұрады. Біресе шүйліге, біресе жер бауырлай келіп, балапанды қағып алып, қуатты қанаттарын қағып, биікке өрлеп, орман жаққа ұзап кете барады. Бұл өзі бір әсерлі көрініс болатын, мен кейде оның кетуіне әдейі жол беретінмін, кейін ар тазалығы үшін айғайға басатынмын. Қаршыға алып кеткен балапанның кейпі аянышты әрі аңғал бағынышты аңғартатын. Егер де мен дер кезінде айғайға бассам, онда қаршыға балапанды бүріп ала алмайтын, бүріп алған жағдайда да уысын жазып жіберетін. Мұндай жағдайда біз қорқыныштан қалшылдап тұрған балапанды бұтаның арасынан тауып алатынбыз.
Бір бауырым мұндайда оны:
–Келе болмайды, – деп басын шауып тастайтын да ас үйге аттандыратын.
Тауықтар патшалығының көсемі – дәу сары қораз. Оның өзі құдды шығыстың қандықол патшасы секілді өзінше паң, салтанатты әрі зұлым болатын. Бірнеше күннен кейін оның мені жек көретінін және реті келсе, менімен ашық шайқасқа түскісі келетінін аңдадым. Бәлкім, ол менің жұмыртқа алып жеп жүргенімді байқап қалған болар, бұл оның еркектік намысына тисе керек. Не болмаса қаршығалардың шабуылы кезінде менің немқұрайдылығым оның ызасын келтірді-ау деймін. Меніңше, осының екеуі де оған әсер еткен, ал ең бастысы – оның ұйғаруынша, тауықтар үстінен билікке таласатын адамның пайда болуы. Кез келген жауыз патша секілді, ол бұған шыдап тұра алмады. Қос биліктің ұзаққа созылмайтынын түсіндім де алда болатын шайқасқа дайындық жасап, оның әрбір қимылын бақылай бастадым. Қораздың батылдығына дауым жоқ.
Қаршығалар шүйліккен кезде тауықтар мен балапандар қыт-қыттап, у-шу болып басын сауғалап жан-жаққа тым-тырақай қаша жөнелгенде ол аулада бір өзі қалып ашулана қыт-қыттап, өзінің гаремінде тәртіп орнатуға ұмтылатын. Ол тіпті ұшқан құстарға қоқиланып, бірнеше нық қадам басып та қоятын, бірақ жерде жүретіндердің ұшатындарға жете алмайтындығы себепті оныкі бос әурешілік еді.
Әдетте ол аулада не бақшада екі-үш ашынасымен бірге, басқа тауықтарды да көзінен таса қылмай жайылып жүретін. Арасында мойынын созып, қауіп төніп тұрған жоқ па дегендей аспанға да қарап қоятын.
Аулада бара жатқан құстың көлеңкесі түссе, не қарғаның қарқылы естілсе, ол дереу басын жауынгерше қақита жан-жағын шолып, сақ болыңдар дегендей белгі беретін. Тауықтар ондайда оны қорқа тыңдап, тығылатын жер іздеп әлек. Көбінесе мұны ол ашыналарын әдейі үрейлендіріп, өз ырқына көндіріп, өзіне толық бағынышты ету үшін жасайтын. Тарамыс уыстарымен жер күреп, кейде қандай да бір жемтік тауып ала қойса, тауықтарды бар даусымен той тойлауға шақыратын.
Жетіп келген тауық оның олжасын жеп жатқанда қоқиланып қанаттарымен жер сызып, өзінің мырзалығына масаттанған ол сол тауықты бірнеше рет айналып үлгеретін. Мұның соңы, әдетте, зорлаумен аяқталатын. Зорлауға ұшыраған тауық абыржулы күйде есін жиғысы келіп, әрі не болғанын түсіну үшін қатты сілкініп жатады, ал қораз болса жеңісіне масайрап, тоқмейілсіген күйде төңірегіне көз тастайды.
Егер ықыласы ауған тауықтан басқа тауық жетіп келсе, ол өз олжасын қалқалап, не болмаса өзінің жаңа ашынасын шыр-пыры шыға шақырып, өзге тауықты қуып әлек. Ал оның жаңа ашынасы болса, талдырмаш, балапан сияқты сүйкімді ақ тауық еді. Ол жаймен қоразға жақындап, мойынын созып, олжаны ептілікпен шоқып алып ешқандай ризалық белгісін білдірместен жөніне кетті.
Ауыр табандарымен жер тарпыған ол ашынасының ізінен тіпті өзінің масқаралық күйін сезе тұра, бектігін сақтауға тырысып жүгіріп кетті. Бірақ қуып жете алмады, ақыр аяғында ауыр тыныс алып тоқтай қалды да мен жаққа көзінің қиығын салып, ештеңе болмағандай сыңай танытты.
Былайша айтқанда, оның тойлауға шақыруы көбінесе алдамшы болатын. Шоқитын да нәрсе жоқ екенін тауықтар да білетін, дегенмен оларды ұрғашыларға тән қызығушылық сезімі ылғи да жолдан тайдыратын.
Күн өткен сайын қораздың бетпақтығы күшейе түсті. Мен аулаға өтсем, ол менің батылдығымды сынағысы келген сияқты біраз уақыт қыр соңыма
түсіп алатын. Арқамды аяз қарығандай сезімде тоқтап, әліптің артын бағуға
мәжбүр боламын. Ол да тоқтап, күтіп тұрады. Дегенмен, күркіреген күн жаумай қоймайды. Ақыры жауып тынды.
Бір күні түсте ас бөлмеде тамақ жеп отырғанымда ол ішке кіріп, есіктің алдында тұрып алды. Оның алдына бір уыс жүгері ботқа тастадым, бірақ, оным бекер болды. Ол менің бергенімді жеп жатып, бәрібір менімен ымыраға келмейтінін аңғартты. Енді басқа шара қалмады. Мен шала жанған ағашты оған сілтеп қалдым, бірақ ол ыршып түсті де мойнын күжірейтіп маған сұсты көздерін қадады. Мен тағы да оған қарай шала жанған ағашты лақтырдым. Жанына түсті. Ол жоғары секіріп, «қарғысын қардай боратып», маған қарай жұлқына ұмтылды. Оның өшпенділігінің ыстық лебі мені шарпып өтті. Өзімді орындықпен қалқалап үлгердім. Оған келіп соғылған қораз жеңілген аждаһадай жерге жалп етіп құлады. Ол түрегелемін дегенше қанатымен жер сабалап, одан соққан суық жел аяғымды жауратты.
Римдіктердің қалқанды тасалағаны сияқты мен де орындықпен жүзімді қалқалап есік жаққа қарай жылжып, орнымды өзгерттім.
Аулаға өтіп бара жатқанымда ол маған үсті-үстіне шабуыл жасады. Шабуылдаған сайын маған ол көзімді шоқуға талпынған сияқты көрінді. Ол бәрібір мен жүзімді қалқалаған орындыққа соғылып жерге жалп етіп құлай берді. Қолымның тырналған жерлері қанталап, ауыр орындықты көтеріп жүруім бірте-бірте қиындай түсті. Бірақ ол менің бірден-бір қорғанышым еді.
Міне қораз тағы да шабуылға өтті – қанаттарын бар пәрменімен сермеп тағы шүйлікті, бірақ бұл рет ол менің «қалқаныма» кеп соғылмай, күтпеген жерде оған кеп қонжиды. Мен болсам жалма-жан орындықты лақтырып жібердім де бастырмаға жетіп, одан әрі бөлмеге кірдім де есікті тарс жаптым.
Тұла бойым телеграф бағанасындай гуілдеп, қолдарымнан қан сорғалап тұр. Сөйте тұрып тың тыңдадым: антұрған қораздың есік сыртында мені аңдып тұрғанын анық сездім. Әлден уақыттан соң ол есіктен кері шегініп,
бастырмада жезтырнақтарын тықылдатып, маңғазданып біраз уақыт жүріп алды. Сөйтіп жүріп ол мені шайқасқа шақырды, бірақ мен бекіністе отырғанды жөн санадым. Ақыр аяғында ол күтуден жалықты ғой деймін, қораның жақтауына секіріп мініп алып, «мен жеңдім» дегендей масаттана қоқиланды. Менің бауырларым қоразбен соғысқанымды біліп, күнделікті турнир өткізе бастады. Айқын басымдыққа ешқайсымыз жете алмадық, екеуміз де үсті-басымыз тырналып, қанға боялып жүріп жаттық.
Менің қарсыласымның қызанақтың тілігі сияқты етшең айдарынан таяқтың сайраған іздерін байқау қиын емес-ті; оның салтанатты түрде қоқиып тұратын құйрығы да солпиып қалды, бірақ өз күшіне деген сенімі артып, бетпақтана түсті. Енді ол таңертең бастырманың жақтауына қонып, мен жатқан бөлменің терезесінің алдында шақыратын жексұрын әдет шығарды. Өзін мықты санайтын секілді.
Шайқас әр жерде: аулада, бақшада, бақта жалғасып жататын. Егер мен жеміс алу үшін інжір не алма ағашына өрмелесем, ол менің жерге түсуімді сабырлықпен күтіп тұратын болды. Оның өркөкіректігін басу үшін әртүрлі айлаға барып, бір күні тауықтарға жем бере бастадым. Оларды шақырғанымда қораз қатты ашуланатын, бірақ тауықтар сатқындық жасап, оны тастап кететін. Үгіттеуінен қайран болмайтын. Мұнда да барлық жердегі сияқты жалаң үгіт нақты мүддеден жеңіліп қалатын. Терезеден шашқан қос уыс жүгерім ержүрек тауықтардың тектік үйірлігі мен отбасылық дәстүрлерін ұмыттырып жіберетін. Ақыр соңында тәйтіктің өзі де келіп, тауықтарға озбырлана қарайды, ал тауықтар болса, өздерінің нашарлығынан ұялмастан, жүгері шоқуды жалғастыра береді. Бірде апам балаларымен бақшада жұмыс істеп жүргенде қоразбен тағы да шекісіп қалдым. Бұл менің әжептәуір тәжірибе жинақтап, байсалды жауынгерге айналған кезім еді. Ащы таяқты қолыма алып, оны айыр сияқты қолдана отырып, бірнеше сәтсіз әрекеттен соң қоразды тықсырдым. Оның қуатты денесі жанталаса қарсыласты, әр қимылы таяқ арқылы маған электр тогындай әсер етті.
Ессіз ерлігім мені жігерлендіре түсті. Таяқты қолымнан шығармай қыса түсіп, еңкейе беріп, қолайлы сәтті пайдаланып допқа секірген қақпашы сияқты қоразға қарай секірдім. Бар күшіммен алқымынан ала түстім. Ол қатты серпіліп қанатымен бетімді сабалап, құлағымды тұндырып жіберді. Оның тарамыстанған тығыз денесі уысымда қалтырап, бұлқынды. Өзімді жылан ұстап тұрғандай сезіндім. Екінші қолыммен оның аяқтарын қапсыра ұстап едім, тырнақ кіргізер жер іздеп ербең қақты.
Бірақ, дегеніме жеттім. Тіктелдім. Қораз болса, әлсіз дыбыс шығарып, қолымда салбырап қалды. Осының бәрін тамашалап тұрған әпкем мен бауырларым жеңісімді көріп күліп жіберді. Күлгендері жақсы ғой! Тұла бойымды қуаныш кернеді. Бірақ арада бір минуттай уақыт өткенде мен тағы да қобалжи бастадым. Жеңілген қоразға кенет жан бітіп, менен өш алу үшін тағы да арпалысқа түсті. Қолымды жазып жіберсем тағы шабуылға көшеді, ал ұстап тұра берейін десем, қарым талып барады.
– Бақшаға лақтыр! – деп кеңес берді әпкем. Қоршауға жақындадым да, тас боп қалған қолдарыммен қоразды бақшаға қарай лақтырып жібердім.
Қарғыс атсын! Ол, әрине, бақшаға барып түскен жоқ, ал қоршауға қонақтап, қанаттарын қомдап, сәлден соң маған қарай жұлқына ұмтылды. Мен болсам қаша жөнелдім, қорыққаным соншалықты «Мама!» деп айқайлап жібердім.
Жауыңа желкеңді көрсетіп қашу үшін не нағыз ақымақ, не көзсіз батыр болуың керек. Мұны батырлықтан істегенім жоқ, сол үшін де сазайымды тарттым.
Қашып бара жатқанымда ол мені бірнеше рет қуып жете жаздады, ақыр соңында мен сүрініп кетіп, құлап қалдым. Ол менің үстіме мініп алып, қанды кекпен қырылдаған дыбыс шығарды. Егер бауырым жүгіріп келіп, оны қағып түсіріп, бұтаға қарай лақтырмағанда омыртқамның быт-шыты шығар ма еді, кім білсін. Біз оны өлді деп ойлағанбыз, алайда ол кешке таман бұтаның арасынан жуасып, мұңайып шықты.
Әпкем жарамды жуып жатып:
– Бұдан былай екеуіңіздің сиыспайтыныңыз анық. Ертең біз оны қуырып жейміз, – деді.
Келесі күні бауырым екеуміз оны ұстауға бекіндік. Бейшара, басына тықыр таянғанын сезді. Бізден түйеқұстың жылдамдығымен қашты. Бақшаның қоршауынан ұшып өтіп, бұтаға кіріп, кейін жертөлеге барып тығылды, сол жерде біз оны ұстап алдық. Әбден болдырған, жүзі кейісті. Маған ол: «Сенімен жауласқаным рас. Бұл нағыз ерлердің әділ соғысы еді. Бірақ мен сенен мұндай сатқындықты күтпеп едім», – деп тұрған секілді көрінді. Мен қатты қобалжып, одан жүзімді бұрып кеттім. Көп ұзамай бауырым оның басын шапты. Оның денесі секіріп, ыршып, қанаттары дірілдеп, қан атқылаған мойынын қаусырғысы келген сияқты бүгіліп бара жатты.
Қауіпсіз, бірақ кісі зерігерлік өмір басталды.
Дегенмен, түскі ас керемет болды, ал ащы жаңғақ тұздығы менің тосын мұңымды сейілтіп жіберді.
Сол қораздың нағыз жауынгер екенін енді білдім, әттең ол уақтында өмірге келмепті. Қораздар соғысының дәуірі өткелі қанша заман! Ал адамдармен соғысу – далбаса.
Орыс тілінен тәржімалаған Абатбай КІРҚАБАҚОВ