* * *
Қала — қапас, қара шапан жаяды,
Қандай бақыт — тымық сәуле шашқанда
Қарап тұру төбеңдегі аспанға
Үнсіз тыңдап дұға-жырды аялы.
Қандай бақыт баққа кіру саялы
Шалғын кешiп; аңызақтан қашқанда;
Көз жүгірту әсем, жарқын дастанға
Махаббатты әспеттеген баяғы.
Сосын жігіт өз үйіне оралып,
Бұлбұл үнін естіп жолай орманнан,
Бұлтты көріп зеңгір көктен торланған,
Мұңаяды қуанышы тоналып,
Бір күн өтті мүжілген һәм толғанған,
Періште-нұр бара жатыр жоғалып...
* * *
Жыл ішінде төрт маусым бар әрқилы,
Төрт маусымың бар сенің де, дем-жүрек.
Көктем — мұңсыз, көңіліміз шалқиды,
Бақыраштан іштік нәр дәм елжіреп.
Жаз бойына тiл сол балды талмайды,
Жан қалықтап, қос қанатын жаяды.
Сосын күз кеп, суық ызғар сарнайды,
Тығылатын пана керек саялы.
Көз тоқтатар ештеңе де ілінбей,
Тұнар көңіл көк тұманды тырнамай.
Өмір өтіп бара жатыр білінбей,
Іргедегі іркес-тіркес жылғадай.
Сосын — қаңтар. Кебін-көрпе төселді.
Қайтпекшіміз?! Пенде-ғұмыр осы енді.
ӨЛІМ ТУРАЛЫ
I
Өлім деген ұйқы ма шын құрсақ түп:
Болса тірлік кіл елес түс — ғажап той,
Жұбана ма кеуде сәнге бір сəттік?
Өлімді ойлау, о, бәрібір азап қой.
II
Пенде, бірақ ел кезсе де бұрлыға,
Қимайды ғой дүниені арайлы.
Ойламай-ақ қасіретті де, мұңды да
Әр таң сайын оянғанды қалайды.
* * *
Жол мынау, көк шаң бұрқылдар,
Долишке жетсем, су кешіп
Тәтті нан берсе сылқымдар,
Топ-томпақ қыздар гулесіп.
Бұртиды Бетти (оңбайсың,
Сөйледім, түртіп қалдым да:
«Мен - Джек, сен – Джил болғайсың?
Тізесін бүкті шалғынға.
«Сыбыр бар, біреу келе ме?»,
«Жел ғой бұл» — көңілім марқайды.
Қылымсу деген немене,
Шалғынға сылқым шалқайды.
«Сыбдыр бар, әне, бар тыңда!»
Дедім мен: «Тоқтат сен мұны!»
Керілді үнсіз қалпында
Венера сынды белгілі.
Долишке, о, кім көп келді,
Мақсатын, о, кім хош етті?
Таптады, о, кім шөптерді
Езгілеп шалғын-төсекті?
ӘН
I
Жай жүр, жаным, атта еденді үңіліп,
Ұйықтады жұрт, демді ішіме тартамын.
Қызғаншақ қыз естіп қалса құрыдық,
Изабелла, ғажап тіккен қалпағың!
Фея-қыздай жерге тәні тимеген,
Ауадағы көпіршіктей билеген –
Болсаң-дағы, ұмыт артық қыбырды,
Қызғаншақ қыз қалт жібермес сыбырды.
II
Шөп қалғыды, тұнып қалды ағыс та,
Түн кірпігін жапты түнек-алақан.
Айқай-шудың кетті бәрі алысқа,
Топтанып ап гуілдемес саратан.
Ұялшақ Ай және бәрі жұлдыздың
Кірді бұлтқа — кінəміз бе бұл біздің? —
Аймақ түгел от-сәуледен құтылған,
Тек нəркес көз, тек ерін-тіл жұтылған!
III
Тістемеші! Абайлап сүй! Ақырын!
Құрымыз ғой - ұсталғаннан сақтағай!
Ернің қайда? ыңырсиды мақұл үн.
Әне, кемпір, көрген түсі — тәтті арай.
Раушанды тәтті ұйқыға балқыған
Табар біздің жұпар сезім аңқыған.
Құшақ, білек ғажап сырлар шертеді,
Өбіп тұрмын! Қандай тәтті дерт еді!
СОНЕТ ТУРАЛЫ СОНЕТ
Бұйырғаны рас болса сөз маған —
Сылдырлатқан күн-мерзімнің кісенін.
Белгілі ғой мен тұтқынға түсерім.
Сыңғыр сонет жүрегімді қозғаған
Зерлі кебіс тігем, бұл жұрт мақтасын,
Поэзия жалаңаяқ қалмасын.
Тексеремін лираның тақтасын,
Әуендердің аялаймын жалғасын,
Жіті назар мейірімін арнасын.
Мидас патша жауып байлық-қақпасын
Күзеткендей сақтаймыз біз өлеңді.
Өлі шөптер, жоғал, бізді шақырма!
Тұтқындағы муза, дайын бол енді,
Кісен орнын гүл басады жақында.
Аударған Ертай Ашықбаев