АРТЮР РЕМБО. ЖЫНДЫ ҚЫЛЫП БІТЕДІ ЫЛҒИ ЖЕЛ ДЕ ОНЫ...

СОҢҒЫ ӨЛЕҢДЕР

Естелік

І

 

Тұп-тұнық су бала шақтың көз жасындай тым кермек,

Әйелдердің ақ тәндері ұмтылады күнді аңсап.

Жалаулардың жібегіне торын сәуле құрған шақ,

Жасырынған жар астына қызды лала гүл көмбек.

 

Жыбырлап жүр періштелер. –

Жо-жоқ...  алтын ағыс па? –

Шөп ішінде жатыр оның ылғал қолы көз қарып,

Оған түк те етпейді әсер –

төніп келген қозғалып –

Үстіндегі көлеңке ме, әлде түпсіз ғарыш па?!

 

ІІ

 

Көз алдында ылғал  әйнек,

сабын көбік бұрқаған,

Су шаяды бар төсекті алтын құсап бозамық,

Қыздың жасыл бөз көйлегі ерікті алып тозаңып,

Сәмбі талға қатты ұқсайды құстың әнін қымтаған.

Сарғыш қабақ көне ақшадай бедерлі екен.

Қызған қан.

Лала гүлдей ашылады жұбайыңның пәктігі,

Кешкі арайды дірілдетіп тұр бөлмеде тәтті үні,

Күңгірт айна шақырды оны –

батар күннен қызғанған.

 

ІІІ

 

Көрші орманның алаңқайы.

Жас әйел от тұтатты,

Қолында оның қолшатыр мен езілген гүл...

Пәк талғам.

Ал балалар шөпке отырып,

сафиянмен қапталған

Қолдарына ап оқып жатыр қасиетті кітапты.

 

Әттең...

әлгі кетіп қалды...

Сәл қысты да қолынан.

Жол үстінде қош айтысқан періштедей елесі.

Төбе артынан көрінбейді...

Үрей буған денесі

Барады еріп әлгі суық қарайғанның соңынан.

 

ІҮ

Сәуірдегі Ай,

бұл киелі төсекке алтын құй бүгін,

Кім ұға алар қалың,

таза қайғыларын шалғынның?..

Жағадағы иесіз қорған –

моласындай бал-күннің,

Оған бүгін жазғы кештер жүргізеді билігін.

Жел сыбдыры.

Жылайды үнсіз қорғандағы бөрене,

Сыбыс аулап тынып қалған сақшы-терек тынысы.

Сұп-сұр жазық, –

еш елестің білінбейді сыбысы.

Ал шал болса, етеді еңбек –

қайраңдағы кемеге.

 

Ү

Күлгін судың ойыншығын жасаймын деп қапылман,

Қолым қысқа, тәнім әлсіз,

жылжымайды қайығым.

Сарғыш гүлді жұлудың да таба алмаймын ылайығын–

Күл төгілген су түбінен көкпеңбек боп шақырған.

Тал қанаты кетті қозғап өрмекшінің шатырын,

Қамыс, құрақ жаншып кеткен көнді гүлдер тағдырға.

Таңар екен қатал тағдыр қай батпақ, қай балдырға

Қайығымды – су түбіне батып кеткен ақырын?..

 

ТАҢҒЫ ТӘТТІ ОЙЛАР

 

Тәтті түс қандай жазғы таңдағы,

Ғашықтар гүлдей ашылған.

Кешкі тойлардың наз-жұпарлары

Күн шапағымен шашылған.

 

Алайда зәулім құрылыстардың

Көкке ұмтылады бастары.

Балташылардың ұлы құштарын

Паш қылып, жырға басты, әні!

 

Шөлдерге жазып бастай ма хатын,

Өтеді мұнда ай-күні.

Жерде жүр олар –тасқа айналатын

Шаһардың барлық байлығы.

 

Кетіп қал, Шолпан, осылар үшін,

Кете тұршы енді бір сәтке.

Өзің таңдаған ғашық әні үшін

Қонақтап қалсын нұр шөпке.

 

Шаруагерлердің патшайымысың,

Еңбекқорларды әлдендір!

Желпітіп желдің патсайы күшін

Құйылсын бойға ән мен жыр!

 

ЖАС ЖҰП

 

Терезеде –көк кеңістік, перде –көк,

Сықап жиған сандық көп.

Жоқ іште орын.

Қабырғада жүр,әнеки,өрмелеп,

Үй Елесі жалаңаштап тістерін.

 

Әрине, бұл әруақтардың ермегі –

Бей-берекет ескі затқа ол құмар.

Африка перизаты төрдегі

Бұрыштарға ырымы бар тор құрар.

 

Кіндік шеше тұрса-дағы жақтырмай,

Кіреді де, ол қалады тығылып.

Жұпсыз кірген жас жұбайға тап мұндай

Кім сыйлайды таңғаларлық жылылық.

 

Жас жұбайдың жұбы жоқта үнемі

Жынды қылып бітеді ылғи жел де оны.

Су пері де секіреді, күледі,

Желпіп ашып қуыстағы пердені.

 

Бал айының түні қандай!

Ұғысқан

 Жымиысты жанарларда ай жанған.

Егеуқұйрық тісін қайрап бұрыштан

Мақсаттарға жеткізбейді ойға алған.

 

Тыныштыққа сықылданып оқ тиген,

Жарқ етпесе терезеден от нағыз, –

Вифлеем*әруақтары –ақ киген,

Көкшіл түсті сол әйнекте сақтаңыз!

 

***

 

Тал астында қасқыр үні анайы,

Жейді қолға түскен құсты жабайы.

 

Қауырсынын тастады оның түкіріп,

Мен отырмын өзімді жеп бітіріп.

 

Жемістер тұр, мені жұлып алса деп,

Жұтты өрмекші шегіргүлді қанша көк.

 

Басқадай бір ой жоқ менің басымда,

Сүлейменнің храмының қасында.

 

Назар салмай бұл ғаламның шуына

Қайнасам ғой, –гүлдер терлеп буыма.

 

Араласып темірдің тат-уына

Қосылсам ғой Кедронның суына!

 

КӨЗ ЖАСЫ

 

Жайлау,

құстан,

шаруа әйелден шаршадым,

Нәзік орман саясында іштім мен.

 

Арасына тізе бүктім аршаның,

Сәскедегі бу көшеді үстімнен.

Мына құты қуантпайды,бірақ та,

Мылқау бұта, аспанды бұлт қусырған.

Не ішуші ем өз күркемнен жырақта? –

Тер шығарғыш жұттым алтын сусыннан.

 

Асхананың маңдайшасы секілді

Кірлеп кеттім.

Күн күркіреп кенеттен.

Қап-қара өлке.

Көлдер, вокзал не түрлі,

Көк түн кешіп жүрмін қалай?

Не бетпен?

Ызғарлы жел көмді жерді мұзбенен,

Жатыр құмнан,

ормандардан көшіп өң.

Пенделердей алтын, маржан іздеген

Тым көп ішіп кетпедім бе осы мен?

 

КЕТУ

Жетеді маған,

бұл күнге дейін көргенім.

Сансыз елеске жолығып жүрмін бар жерде.

Жетеді маған,

бұл күнге дейін алғаным,

Аспанның асты,

күн мен түн түгел толып тұр шаһарлардың мәңгі шуына.

Жетеді маған,

бұл күнге дейін білгенім,

Аялдамалары ғұмырдың. –

О, Елестердің Гуілі!

Жаңа шулар мен жаңа махаббат арасындағы кету –

бұл кету!

 

Светқали Нұржан (АЙТ-МАН)

БАТЫС БАЯНЫ (тәржімалар)