Кенжетайдың үйіне ауыл ақсақалдары жиналып, көпке дейін үн-түнсіз отырды.
- Сендер неге үндемейсіңдер?— деді Кенжетай. Олардың ішіндегі ең қадірлісі Оразбай ақсақал бір күрсініп, жәйімен сөз бастады:
- Түз тіршілігі қиындап кетті, міне, енді біз де қартайдық, бастан өткерген өмірімізді ойлап тұрсақ, Ойхой бұрынғы көргеніміз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған рахат бір дәурен екен. Енді міне, кәзір көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп жүрген сұмдықты бүйтіп көргенше, естігенше, жас күнімізде өлгеніміз артық еді. Алла тағалам мұнша ғұмырды неге берді екен біз бейбаққа.
- Иә, бұдан да өлген жақсы. Адамның өмірі деген не, тәйірі, даланың тентек желі сияқты: тірлік етесің, қуанасың да қайғырасың, сосын өлдің-өштің,- деп сабақтады сөзді Дүйсен ақсақал.
- Менің қандай әнші-жыршы болғанымды бәрің де білесің, әнімде де, сәнімде де мін болмады, жыршылардың алды емес пе едім, ал енді не болды — со бір көңілді де көрікті әндер қайта өлді емес пе? Қазақ сорлы өмірінде күліп, жадырап көрмегендей-ақ, қайдағы бір мұңлы-зарлы әндер пайда болды, — деп Мағаш қарт та бірер сөзді қыстыра салды.
Тіршілік еңсені көтермейді... тақыр кедейге айналып барамыз, шығын көп, кіріс аз, жер жұтаң, мал аз, енді қайтіп күн көреміз? Бай-бағыландар балаларын қалаға жіберіп жатыр, бірақ бауырластарының өмір-тірлігін жеңілдетем деп, сол оқыған шіркіндердің біреуі де елге қайтпайды.
- Ұлыма не болды, айтыңдаршы, ағайын? Әлгіде сендер келіп кіргеннен-ақ бір сұмдықтың болғанын білгенмін — деді Кенжетай бәсең үнмен.
- Иә, біз суық хабар әкелдік, сенің балаң сонау жақта, үлкен шаһарда дүние салыпты, — деді Отар шал. Кенжетай көзіне жас алды да, орнынан ұшып тұрып, шыпта қоршауды ысырып, сұңқылдай тіл қатты:
- Міне, мына кейуанаға қараңдаршы, баласын жоқтап, үн-түнсіз егіліп отыр.
- Қысылма, Боғайла, қайғыда ұят бола ма? Дауыстап жылап, шеріңді бір тарқат: есіттің ғой, сорлы балаң үлкен қалада өліпті, шық бері шыпта перде ішінең саулы інгендей аңыра.
Бірақ Боғайла басын көтермейді, қасірет жеңген қария ләм деп тіл қатпайды.
- Менің көзімнен де жас парлайды, бірақ мен баламды жоқтап, егіліп тұрғам жоқ. Міне, сендер, айналайың, маған сол қайғыны естіртуге келдіңдер, абайлап басып, ақырын сөйлеп, сылап-сипап қайғыма ортақ болып отырсыңдар, осындай ауыр қасірет алдында, тіпті, менің дұшпандарым да бас иеді, әйтпесе олар менің қайғыма қуанысып сақылдап күлер еді-ау! Дүниеде менің ұлымның өлімінен де өткең орны толмас қасірет бар, ол үшін бізге тірі жан келіп, көңіл айтып, қайғымызды жеңілдетпейді, тек қатал рақымсыз жауларымыз ғана «шоқ-шоқ» деп күліп, көзімізден шұқиды.
Қазақ халқы жұтап, қырылып барады, нағыз қасірет міне осы. Ән-жырдың да мұңлы бола бастағаны міне осыдаң қуаныш-жұбаныштың да азайып кеткені міне осыдан Байлардың балалары «дана боламын» деп қалаға кетеді.
Кедей сорлылар қалаға бір жапырақ нан іздеп барады.
Міне, Кенжетай нені ойлап жылайды, ал ана бейбақ жан дегенде жалғызын жоқтап еңірейді...
Ақсақалдар да ағыл-тегіл жылап отыр.