Түнгі сағат он екі еді.
Елеуреп, ебіл-дебілі шыққан Митя Кулдаров, өз әке-шешесінің пәтеріне құстай ұшып кірді де барлық бөлмелерді жылдам аралап шықты. Әке-шешесі ұйықтап жатқан. Қарындасы төсегінде, романның ең соңғы парақтарын оқып жатыр еді. Гимназист-бауырлары ұйықтап қалған.
- Сен қайдан жүрсің?-деп таңғалды әке-шешесі,- Саған не болды?
- Ой, сұрамаңдар! Мен тіпті күтпеп едім! Жоқ, мен мүлде ештеңе күтпегем! Бұл...бұл тіпті адам сенгісіз!
Бақыттан, аяғынан түрегеп тұруға әлі құрыған, Митя қарқылдай күліп, креслоға отыра кетті.
- Бұл адам сенгісіз! Сіздер тіпті елестете де алмайсыздар! Міне, қараңыздаршы!
Қарындасы төсегінен атып тұрды да үстіне көрпесін жамыла сап, ағасына таянды. Гимназистер оянды.
- Саған не болды? Өң-түсің жоқ қой!
- Шешей, бұл қуаныштан! Енді мені күллі Ресей біледі!Түгел! Бұл жарық дүниеде колледж тіркелушісі Дмитрий Кулдаровтың барын бұрын тек сіздер ғана білдіңіздер, ал енді бұны күллі Ресей біледі! Шешей! О, құдай-ау!
Митя атып тұрып, барлық бөлмені кезіп шықты да қайта отырды.
- Ия, не болды сонша? Дұрыстап айтсаңшы!
- Сіздер жабайы аң құсап тірлік кешудесіздер, газет оқымайсыздар, жариялылыққа ешқандай көңіл аудармайсыздар, ал газеттерде қаншама көп кереметтер бар! Егер бірдеңе бола қалса, қазір бәрі әйгілі, ештеңе жасырын қалмайды! Мен қандай бақыттымын! О, құдай-ау! Газеттер тек атақты адамдар жайлы ғана басады ғой, ал енді алыпты да мен туралы басыпты!
- Не дедің? Қайда?- Әкесінің өңі бозарып кетті. Шешесі құдай бейнесіне көз тастады да шоқынды. Гимназистер ұшып тұрып, ұйықтағанда киетін етегі шолақ жалғыз жейделерімен, үлкен ағаларының қасына таянды.
- Ия, тап солай! Мен туралы басыпты! Енді мен жайлы күллі Ресей біледі! Сіз, шешей, мына нөмірді естелікке сақтап қойыңыз! Анда-санда оқырмыз. Қараңдар!
Митя қалтасынан газет нөмірін суырып алып, әкесіне берді де көк қарындашпен қоршалған жерін саусағымен шұқыды.
- Оқыңыз!
Әкесі көзілдірігін киді.
- Оқысаңызшы!
Шешесі құдай суретіне қарады да шоқынды.Әкесі жөткірініп алып, оқи бастады:
«29 желтоқсанда кешкі сағат 11-де колледж тіркелушісі Дмитрий Кулдаров...
- Көрдіңдер ме, көрдіңдер ме? Әрі қарай!
- ...колледж тіркелушісі Дмитрий Кулдаров, Козихиндер үйіндегі Кіші Бронныйдағы шарапханадан мас күйінде шығып...
- Бұл мен ғой Семен Петровичпен... Бәрі егжей-тегжейлі сипатталыпты! Жалғастыра беріңіз! Әрі қарай! Тыңдаңдар!
- ...мас күйінде шығып, аяғы тайып кетіп, Юхновск уезіндегі Дурыкин қыстағының шаруасы Иван Дротовтың ат айдаушысының атының астына құлады. Үріккен ат, Кулдаровты аттап өтіп, екінші гильдиялы мәскеулік көпес Степан Луков отырған шананы оның үстінен сүйреген күйде көшемен зымырады және оны аула сыпырушылар тоқтатты. Бастапқыда ес-түссіз халде жатқан Кулдаров полиция бөлімшесіне апарылып, дәрігер куәгерлік етті. Оның көкжелкеден алған соққысы...
- Бұл мен ғой, әкей, соққы тиген. Әрі қарай!Сіз әрі қарай оқыңыз!
- ...оның көкжелкеден алған соққысы, жеңіл деп саналды. Болған оқиға туралы хаттама жасалды. Зардап шегушіге медициналық көмек берілді...»
- Желкеге салқын су басуды бұйырды. Оқыдыңдар ма енді? А? Міне, тап солай! Енді күллі Ресейге кетті! Бері әкеліңдер!
Митя газетті алды да, бүктеп, қалтасына сұқты.
- Макаровтарға жүгірейін, оларға көрсетейін...Сосын тағы Иванецкийлерге, Наталия Ивановнаға, Анисим Васильичке көрсетуім керек...Зымырайын! Хош болыңдар!
Митя күнқағарлы фуражкесін киді де масаттана, шаттанып көшеге шауып шықты.
Орыс тілінен қазақшаға аударған: Заря ЖҰМАНОВА