Кешқұрым шақ еді. Бір құл Рашйоумон (ежелгі астана Киотоның орталық даңғылындағы ұлы қақпа) түбінде жауынның басылуын күтіп тұрды. Үлкен қақпаның түбінде одан басқа ешкім жоқ. Тек лакпен боялған, жарылып кеткен діңгекте бір тал шегіртке қонақтауда. Рашйоумон Судзаку даңғылында орналасқан соң бұл адамнан басқа жаңбырдың толастауын күткен ичимэгаса мен момиэбоши киген екі-үш кісі болуы керек еді. Бірақ бұдан басқа ешкім көрінбейді. Неге десеңіз, соңғы екі-үш жылда Киотоны жер сілкінісі, дауыл, өрт, аштық сияқты апаттар бірінен соң бірі басты. Шаһар ішіндегі қаңырап қалған жалғыз бұл көше емес. Кюкиге (тарихи кітап) қарасақ, Будда мүсіні мен Будда құралдарын талқандап, лакпен боялған, алтын-күміспен қапталған ағаштарды жол жиегіне үйіп тастап, отын етіп сатқан деседі. Шаһардың жағдайы осы болған соң иесіз Рашйоумонды жөндеу ісін қолына алған ешкім жоқ. Ту-талқаны шыққан қала ішін ит-құс кезді. Ұрылар қаптады. Ақырында іздеушісі жоқ мәйіттерді осы қақпаға әкеліп, лақтырып тастайтын әдет пайда болды. Күн көзі жасырына бұл қақпа маңына аяқ басуға ешкімнің жүрегі дауаламайды. Оған қоса бұл жерге қарға-құзғын үймеледі. Күндіз қарасаң қаптаған қарға шеңбер сыза шибиді (патша сарайы, ғибадат үйлерінің шатырының екі ұшына орнатылған балық пішінді мүсін) айнала қарқылдап, ұшып жүреді. Күн батар шақта қақпа үстіндегі аспан арайланғанда құстар себілген күнжіт дәніндей айқын көрінеді. Қарғалар қақпа төбесіндегі өлі денелерді шоқуға жиналған. Ал бүгін кешқұрым болған соң ба, бірде-бір қарға көрінбейді. Тек ұзын-ұзын шөп басқан, шытынаған тас баспалдақтың әр жерінен қарғаның саңғырығы ағараңдайды.
Әбден өңі кеткен, жұқа астары бар көк кимонолы құл жеті басқышты баспалдақтың ең үстінде бетіндегі бөрткендерді сипалап, алаңсыз ғана жаңбырдың басылуын күтті. Жаңбыр басылса да, құлдың барар жері жоқ. Әдетте, әрине, иесінің үйіне қайтатын. Бірақ иесі оны 4-5 күн бұрын босатқан. Алдында жазғанымдай, бұл Киотоның қаңырап қалған шағы. Құлды ұзақ жыл қызмет еткен иесінің босатуы да осы алапаттың нәтижесі. Сондықтан «құл жауынның басылуын күтіп тұрды» дегеннен гөрі «жаңбыр астында қалып, тығырыққа тірелген құлдың барар жері жоқ еді» десек, дәл болар. Оның үстіне бүгінгі ауа райы мынау, Хэйан династиясы құлының ұнжырғасының түсуіне аз үлес қоспады. Ақшамға таяу жауған жаңбырдың саябырситын түрі жоқ. Құл ең алдымен ертеңгі күнім не болады деген ұшы-қиыры жоқ уайымға беріліп, бағанадан Судзаку даңғылына жауған жаңбыр дыбысын тыңдамаса да естіп тұрды. Пайдасыз нәрсені пайдаға жаратам деп, амал іздер мұрша жоқ. Амал іздесе қақпа түбінде немесе жол жиегінде аштан өлу ғана қалады. Одан соң бұны осы қақпаның үстіне алып келіп, ит сияқты тастар. Амал іздемейін десе, құлдың ойы бір жолды сан айналып, осы жерге тоқталды. Бірақ бұл «егер» қанша уақыт өтсе де «егер» боп қалады. Құл амал таба алмайтынын мойындай отырып, бұл «егерден» дәнеңе шықпайтынын түсініп, ұры болғаннан басқа амал жоғын ұқты. Қатты түшкірді де, орнынан сылбыр көтерілді. Кешкі салқындағы Киото бір жылылық күткендей суық еді. Жел қақпа діңгектерінің арасын қараңғылықпен жағаласып соғып өтеді. Лакпен боялған діңгекке қонақтаған шегіртке жоғалыпты. Құл мойнын қисайтып, сары кадзами (тер сыртқы кимоноға өтпес үшін киілетін ішкі жейде) сыртындағы көк кимононың жағасын көтеріп, қақпаның төңірегін көзбен шалды. «Жел, жаңбыр тимес, кісі көзіне түспес орын болса, бір түнеп шықсам» деп ойлады. Қуанышқа орай қақпа төбесіндегі мұнараға апаратын, лакпен боялған кең баспалдақты байқады. Оның үстінде кісі баласы бар дегеннің өзінде кілең өліктер ғой. Құл беліндегі ағаш сапты семсерін қынынан шығып кетпестей тұтып, сабан дзоури киген аяғын баспалдақтың ең төменгі басқышына қойды. Біраз уақыт өтті. Рашйоумонның мұнарасына апарар кең баспалдақтың ортан белінде бір еркек мысық сияқты бүрісіп, демін ішіне тартып, жоғары жақты бақылап тұр. Мұнара төбесінен жанған оттың ұшқыны әлгі адамның оң жақ бетіне түседі. Қысқа қылдардың ортасындағы қызғылт іріңді бөртпелері бар бет бұл. Құл жоғарыдағының бәрі өлік екеніне о бастан сенген. Баспалдақтан екі-үш басып қараса жоғарыда біреу от жағып, алау ары-бері жылжып отырған сыңайлы. Бұны бірден байқағаны – бұлыңғыр сары сәуле бұрыш-бұрыштағы өрмекші торы жапқан төбеде көлбеңдеуде. Жаңбырлы түні Рашйоумон қақпасының төбесінде от жағып отырған жай адам емес. Құл кесіртке тәрізді аяқ дыбысын білдіртпей, асығыс баспалдақ үстінен ең жоғарғы басқышқа дейін жорғалағандай көтерілді. Одан соң кеудесін барынша жазып, мойнын алдыға созып, қорқа-қорқа мұнара ішіне сығалады. Қараса мұнара ішінде, елден естігеніндей-ақ біраз сүйек оп-оңай тасталған қалпы шашылып жатыр. Жалын сәулесі шарпылған айнала тарлау, сүйектің санын да біле алмады. Үрейленіп тұрып байқағаны ішінде жалаңаш сүйек те, кимонолы мәйіттер де бар. Әрине, әйел-еркек, бәрі аралас. Және бұл мәйіттер бұрын тірі адам болды деуге сенбестей, топырақтан илеп жасалған қуыршақ тәрізді ауыздары ырсиып, қолдары созылып, еденде иленген күйі жатыр. Оған қоса кеуде бөліктері оттың алаңсыз сәулесіне шомып, төменгі бөлігінің көлеңкесін көмескілетіп, мәңгілікке мылқау боп үндері өшкен. Құл мәйіттердің мүңкіген иісінен мұрнын бүркеді. Бір кезде қолы мұрнын жабуды да ұмытты. Көріністің әсерінен иіс сезу сезімінен айырылғандай. Құлдың көзі сол сәтте мәйіттердің ортасында тізерлеп отырған кісіге түсті. Хиноки ағашының қабығының түсіндей кимоно киген, аласа бойлы, жүдеу, ақ шашты кемпір самырсын тамызық ұстап, мәйіттің бетіне қарап отыр. Ұзын шашты болғанына қарағанда әйелдің мәйіті. Құл қорқыныш пен қызығушылық аралас сезімде демін ішіне тартып, тына қалды. Кемпір самырсын тамызықты еденге қойды да, бұған дейін қарап отырған мәйіттің мойнынан қос қолдап ұстап, дәп бір үлкен маймыл кіші маймылдың битін тергендей кейіпте ұзын шашты бір талдап жұла бастады. Шаш қолдың қимылына сай оңай үзіліп жатса керек. Шаш бір-бірлеп жұлынған сайын, құлдың жүрегінен қорқыныш біртіндеп өше бастады. Сол сәтте кемпірге деген жек көрушілік сезімі оянды. Жоқ, бұл кемпірге қатысты дегеніміз қате болуы мүмкін. Дұрысы зұлымдық атаулыны жек көру сезімі күшейіп барады. Осы кезде біреу бағана қақпа түбінде өзі ойлаған «аштан өлу ме, әлде ұры болу ма?» деген мәселені қайта көтерсе, ойланбастан аштан өлуді таңдар еді. Пенденің зұлымдығын жек көрген жүрек кемпірдің еденге шаншыған самырсын тамызығы сияқты лапылдап жатты. Құл, әрине, кемпір өліктің шашын неге жұлып отырғанын түсінбеді. Бұл әрекетті жақсылық пен жамандықтың қайсысына жатқызарын білмеді. Бірақ құл үшін бұл жаңбырлы түні Рашйоумонның үстінде өліктің шашын жұлу деген еш кешіруге болмайтын зұлымдық еді. Осы сәтте құлдың бұған дейінгі ұры болуға деген ниеті ұмыт қалды. Құл екі аяғына күш жинап, баспалдақпен жоғары қарай көтерілді. Содан соң ағаш сапты ұстап, ілгері адымдап, кемпірге жақындады. Кемпірдің қорыққанын айтпаса да болады. Құлды көргенде сақпаннан атылғандай атып тұрды.
Қайда барасың? Құл мәйітке сүрініп, қашпақ болған кемпірді бөгеп, ақырды. Кемпір құлды итеріп өтпек болды. Құл оны өткізбес үшін кеудесінен кері итерді. Екеуі өліктің ортасында біраз үнсіз ұстасты. Бірақ кімнің жеңіп, кімнің жеңілетіні белгілі. Құл ақыры кемпірдің білегінен ұстап, жерге атып ұрды. Тура тауықтың сирағындай, терісі сүйегіне жабысқан білек. «Не істедің? Айт! Айтпасаң көресің». Құл кемпірді ұрып жіберді де, семсерін қыннан суырып, өткір жүзін көз алдына тақады. Бірақ кемпір үнсіз. Дір-дір еткен қос қолын сермеп, демін ішіне тартып, көзі ұясынан шығып кетердей бақырайып, қасарысқан күйі мылқау тәрізді үнсіз тұр. Осы кезде құл алғаш рет бұл кемпірді өзінің еркі билейтініне көзі жетті. Бұл ойы өртеніп жатқан зұлымдықты суытты. Тек бір істі тындырып, ол толыққанды жүзеге асқанда туатын тәкаппарлық пен көңіл толу сезімі ғана қалды. Құл кемпірге көз тастап, даусын сәл жұмсартып былай деді: – Мен қала күзетшісі емеспін. Қақпа түбінен өтіп бара жатқан жолаушымын. Сондықтан сені арқандайын деп тұрған емеспін. Қазір мына қақпа үстінде не істегеніңді айтсаң болды. Сол кезде кемпір бақырайып тұрған көзін одан да зорайтып, құлдың жүзіне қарады. Қабағы қызарған құзғындай өткір көзімен қарады. Одан соң әжім-әжім мұрнымен бірігіп кеткен ернін, бірдеңе тістегендей жыбырлатты. Жіңішке жұтқыншағы бүлк-бүлк етеді. Сол кезде тамағынан қарғаның қарқылындай дауыс құлдың құлағына жетті. – Мына шашты жұлып, мына шашты жұлып, парик жасамақ болдым. Құл кемпірдің жауабы қарапайым болады деп күтпеген еді, көңілі құлазып қалды. Түңілумен бірге ескі ыза жек көрушілікпен қосылып жүрегіне ұялады. Кемпір мұны байқап қалса керек. Бір қолымен мәйіттің басынан жұлынған ұзын шашты ұстап, құрбақаның әлсіз үніндей дауыспен міңгірледі. – Иә, өлген кісінің шашын жұлу қалай болғанда да жаман іс шығар. Бірақ мұндағы өліктер құр жатыр ғой. Мен шашын жұлған әйел жыланды 4 сундей етіп, (1 сун – 3,03 см) кесіп, күнге қақтап, кепкен балық деп сарай күзетшілеріне сатқан. Жұқпалы аурудан өлмегенде қазір де сауда жасап жүрер еді. Бұл әйелдің сатқан кепкен балығын дәмі жақсы деп, қарауылдар сатып алатын. Мен бұл әйелдің істегенін бұрыс деп ойламаймын. Аштан өлмес үшін амалсыздан барды. Қазір менің жасағаным да жаман іс емес. Мұны істемесем аштан өлер едім, амалсыздан барған әрекет қой. Амалсыз істегенімді білсе, бұл әйел менің кінәламас еді. Кемпір осылай еді. Құл семсерін қынына салып, семсердің сабын сол қолымен ұстап, әңгімені салқынқандылықпен тыңдады. Оң қолымен іріңді қызғылт бөрткенді сипап тұрып тыңдады. Құлдың жүрегінде бір батылдық пайда болды. Бұл әлгінде қақпа түбінде тұрғанда бұған жетпеген батылдық еді. Оған қоса қақпаның төбесіне шығып, мына кемпірді ұстаған кездегі батылдық мүлдем басқа жаққа ауып кеткендей. «Құл аштан өлу, әлде ұры болу» дегенді ойлаған жоқ. Сол сәтте аштан өлу туралы ой санасынан мүлдем шығып кеткен еді. Солай де. Кемпір әңгімесін аяқтағанда құл кекете тіл қатты. Және ілгері бір қадам басып, оң қолын еріксіз бөрткеннен ажыратып, кемпірдің жағасынан алып, былай деді: Ал, мен… Мен де дегенімді істемесем аштан өлетін тәнмін ғой. Құл жылдамдата кемпірдің кимоносын шешті. Одан соң аяғына жармасқан кемпірді мәйіттің үстіне теуіп құлатты. Баспалдақтың аузына дейін бар болғаны бес қадам, құл шешіп алған хиноки қабығының түсіндей кимононы қолтығына қысып, баспалдақпен көзді ашып-жұмғанша қара түнекке сүңгіп кетті. Өлгендей боп құлаған кемпір сәлден соң мәйіттің арасынан жалаңаш күйде көтерілді. Зарлады ма, еңіреді ме, әйтеуір дауыс көтеріп, әлгі жанып тұрған оттың сәулесін пайдаланып, баспалдаққа жорғалап жетті. Қысқа ақ шаштары жалбырап, қақпа түбіне көз тастады. Сыртта қара түнек қана.
Құлдың қайда кеткені белгісіз.
1915 жылы болған оқиға.
Жапон тілінен аударған
Шарапат ЖЫЛҚЫБАЕВА