АГАТА КРИСТИ. ПЕРІШТЕНІҢ ОҚИҒАСЫ

— О, мадам, мүмкін болса сізбенен бір ауыз тілдесуге болар ма екен?

Эднаның мұнысы сандырақ секілді болып көрінуі де мүмкін еді, өйткені ол, Мисс Марплдың қызметшісі-тін. Сосын басқа біреу емес Мисс Марплдың өзімен сөйлесіп тұрған болатын. 

Таныс үнді естісімен Мисс Марпл ізінше: «Əрине, Эдна. Ішке кір де есікті жап. Не айтайын деп едің?» — деді. 

Айтқанын екі қылмай есікті жауып, Эдна ішке қарай жылжыды. Алжапқышының бір ұшын саусақтарымен бүктеп, бір-екі рет жұтынып қойды. 

— Иə, не айтпақшы едің, Эдна? — деді Мисс Марпл жігерлендіре. 

— О, мадам, рахым өтінемін. Немере сіңлім Глэдистің жайы еді. Жұмысынан айырылып қалыпты ол. 

— Қойшы, рас па? Онысы қиын болған екен. Ол қыз ана Оулд Холлда тұратын Скиннерлердің қызметшісі емес пе еді? 

— Иə, мадам, дұрыс айтасыз. Глэдис байғұс абыржып, қатты қамығып жүр. — Бұдан бұрын да Глэдис жиі орын ауыстырып жүрді ғой, солай емес пе?

— Дəл солай, мадам, орын ауыстырғанға əуес-ақ. Бір жерге тұрақтап істей алмайды. Бірақ бір қызығы, осыған дейін ол өз еркімен кетіп жүрген! 

— Ал бұл жолы ше, керісінше ме? — деді Мисс Марпл салқындау сөйлеп. 

— Иə, мадам, сосын ғой оның қатты ренжіп отырғаны. Мисс Марпл ептеп таңданып қалды. Анда-санда қыз қолы бос кезінде шай ішуге келіп-кетіп тұратын. Толық келген, мінезі ауыр, күлімсіреп жүретін. Эдна сөзін жалғастырып: «Мадам, бұл ана Мисс Скиннерден болып отыр», — деді. 

— Сонда қалай, — деді Мисс Марпл асықпай, — Мисс Скиннерге несі жақпай қалыпты? 

Бұл жолы Эдна білетінін бастан-аяқ баяндап шықты. 

— О, мадам Глэдиске бұл өте ауыр тиіп отыр. Мисс Эмилидің сəнді түйреуіштерінің бірі жоғалып, бұрын-соңды болмаған үлкен айқай-шу көтеріліпті. Мұндайды ешкім де қаламайды, əрине, ұят нəрсе ғой. Глэдис те көмегін беріп, барлық жерді тінтіп шығыпты. Мисс Лавиния полицияға барып айтпақшы болған екен. Сөйтсе жаңағы түйреуіш табылыпты. Біреу оны туалет бұйымдарын қоятын столдың тартпасының түбіне тыға салыпты. Глэдис қатты қуанған көрінеді. 

— Дəл соның ертесіне бір тарелка сынса, Мисс Лавиния жүгіріп шығып, Глэдиске бір айдан соң орынды босат депті. Глэдистің байқауынша, тарелканың сынғанын жай желеу етіп отырса керек. Ал шындығында, ол əлгі сəнді түйреуішті ұрлаған да, сосын полиция келеді дегенді естіп, орнына қайта қойған да Глэдис деп ойлайтын көрінеді. Глэдис олай етпейді, ондайға еш қашан бармайды да. Өсек тарап ел сөз қылады деп қынжылады ол. Қыз балаға мұның қиын екенін түсінесіз ғой, мадам? 

Мисс Марпл басын изеді. Ол менмендеу, толықша келген Глэдисті аса жақсы көрмесе де табиғи тазалығына күмəнданбайтын. Сондықтан да мына жағдайдың қыздың бетіне салық болғанын ол өте жақсы сезді. 

Эдна жабырқау үнмен: «Байқауымша, сіз еш нəрсе де істей алмайсыз ғой, мадам?» — деді.

 — Ақымақ болмасын де оған, — деді Мисс Марпл қабағын шытыңқырап. — Егер түйреуішті алмаған болса — алмағандығына менің көзім жетеді — онда абыржитын жөні жоқ қой. 

— Өсек тарайды ғой, — деді Эдна түнеріп. 

Мисс Марпл: «Мен… е… түстен кейін солай қарай барамын. Мисс Скиннерге бір ауыз айтармын», — деді. 

— Үлкен рахмет, мадам, — деді Эдна қуанышы қойнына сыймай. 

 

* * * 

 

Оулд Холл Виктория үлгісімен салынған, айналасын жасыл желек бақ қоршаған үлкен үй болатын. Дəл сол күйінде жалға беруге де, сатуға да болмайтындықтан, бір іскер алып-сатар оны төрт пəтерге бөліп, ыстық сумен жылитын орталық жүйе орнатыпты. Пəтер жалдаушылар жерді ортақтасып пайдаланатын болса керек. Бұл тəжірибе өзін ақтапты. Бір пəтерді ақымақтау бай əйел қызметшісі екеуі жалдап алыпты. Қарт əйел құстарға құмар екен, күнделікті ермегі құсы барларды қонаққа шақырып, соларды күтетін көрінеді. Екінші пəтерді жұмысын қойған индиялық сот пен əйелі, үшінші пəтерді жақында ғана үйленген бір жас семья, ал төртіншісін осыдан екі ай бұрын апалы-сіңлілі əлі ерге шықпаған Скиннер дейтіндер жалға алыпты. Пəтер жалдаушы төрт жұп бір-біріне қатынаспайды екен, себебі олардың бастарын қосатындай ортақ ешнəрсе болмаса керек. Үй қожасына керегінің өзі де сол көрінеді. Өйткені дос адамдар суысса, өзіне келіп бірінің үстінен бірі шағым айтады деп қорқатын тəрізді. 

Мисс Марпл пəтер жалдаушылардың бір де бірін жақсы білмесе де, олармен таныс болатын. Скиннерлердің еңбекке жарамдысы тек үлкені, Мисс Лавиния ғана болатын. Мисс Эмили, кішісі, аурушаң еді. Бірақ Санкт Мэри Миид селосының тұрғындары оның ауруы жасанды, қып-қызыл өтірік деп сенбейтін. Тек Мисс Лавиния ғана сіңлісін шынымен азап шегіп жүр деп есептеп, оның асты-үстіне түсіп, айтқанын істеп, бірдемелерді іздеп шарқ ұрып жүргені. 

Санкт Мэри Миидтегі жұрт Мисс Эмилидің алып бара жатқан ауруы жоқ, əйтпесе, ол əлдеқашан дəрігер Хэйдокты шақыртар еді деген ойда болатын. Осыны біреулер оған жұқалап сездіріпті де. Сөйтсе, Мисс Эмили кірпіктерін зорға қимылдатып, қасын керіп, науқасының жəй науқас еместігін, тіпті Лондондағы ең жақсы деген мамандардың да қолынан ешнəрсе келмей, енді бір аса мықты емшіге тап болып, көз көріп құлақ естімеген жаңа ем қабылдап жатқанын жəне денсаулығы сол емнен түзелуі мүмкін деп шынымен үміттенетінін айтыпты. Анау-мынау дəрігер оның ауруын түсінбейтін болса керек. 

Ойына келгенін бүкпей ашық айтатын Мисс Хартнелл былай депті: «Меніңше, Мисс Эмилидің дəрігерді шақыртпағаны үлкен ақыл болған. Біздің дəрігер Хэйдокқа салсаң, өзінің желпілдек мінезіне басып, «ештеме де жоқ, тұрып жүре беріңіз, қорқатын дым жоқ!» деп қолын бір-ақ сілтер еді. 

Ондай емді менсінбей, Мисс Эмили диванда жата береді екен. Жан-жағына дəрі-дəрмектің неше түрін үйіп қойып, өзіне арнап жасаған тамақтың бірін де татпай, табылуы қиын, қолға оңайшылықпен түспейтін нəрселерді сұрайды екен. 

 

* * * 

Мисс Марплға есікті Глэдис ашты. Оның өңі Мисс Марпл мөлшерлегеннен де жабырқау көрінді. Қонақ күтетін бөлмеде (бұл о бастағы қонақ күтетін үлкен бөлменің ширегі ғана болатын, себебі əлгі үлкен бөлмені кейін ас ішетін, қонақ күтетін, ванна жəне ыдыс-аяқ қоятын бөлмелерге айналдырып жіберген. Мисс Марплды Мисс Лавиния орнынан тұрып қарсы алды. Лавиния Скиннер бойы биік, арықтау, сүйегі ірі; жасы елулерге келген, даусы жуандау, мінез-құлқы тік əйел екен. 

— Қош келдіңіз, — деді ол. — Эмили ауырып жатыр, бүгін байғұстың жағдайы онша емес. Сізбен сөйлессе, көңілі көтеріліп қалар еді, бірақ кейде кісімен дидарласуға да мұршасы келмей қалады. Бишараны қойсаңызшы, шыдамды болғанда керемет ит жанды ғой. 

Мисс Марпл ізетпен жауап қатты. Санкт Мэри Миидте сөз көбінесе қызметшілер жайында болатын. Сондықтан да əңгімені солай қарай бұрып жіберу оған қиынға түскен жоқ. Ол əлгі сүйкімді қыз — Глэдис Холмздың жұмыстан кетпекші болып жүргені жайлы естігенін айта бастады. 

Мисс Лавиния басын изеп: «Бір жұмадан кейін кетеді. Ыдыс-аяқ сындырады. Мұндайды жаным сүймейді», — деді. 

Мисс Марпл күрсініп: «Қазір бəріне де көнуге тура келеді. Селолық жерлерге қыздарды келтіру қиындап кетті ғой. Мисс Скиннер осы жағын ескерсін, Глэдиспен қоштасқанды дұрыс дей алар ма екен?», — деді. 

— Жалшы табу қиын екенін білемін, — деді Мисс Лавиния құптап. — Деверюкстер адам таба алмай жүр, бірақ оған таңданатын түк те жоқ. Ылғи жанжал, түні бойы у-ду, кез келген уақытта ас даярлау қажет, оның үстіне ана жалшы қыз үй шаруасына мүлдем жоқ екен дейді ғой. Оған кездескен күйеудің соры да! Сосын Ларкиндердің қызметшісі де кетіп қалды. Əрине, соттың мінезіне шыдау қиын, оның құлқын сəріде тамақ ішетіні бар, сосын əйелінің сіркесі су көтермейді. Бұған да таңданбаймын. Гармихаел ханымның Жанеті тұрақты мұнда, бірақ мен білсем, ол барып тұрған сүйкімсіз əйел. Ана қарт ханымды əбден билеп алған. 

— Олай болса Глэдис туралы қайта ойланып көрерсіз. Ол — шынында да жақсы қыз. Мен оның үй-ішін түгел білемін. Өте адал, жақсы адамдар. 

Мисс Лавиния басын шайқап: «Менің өз есебім бар», — деді паңданып. 

Мисс Марпл күбірлеп: «Түйреуішіңізді жоғалтып алыпсыз ғой, білем…», — деді. 

— Оны кім айтып жүр. Ана қыз ғой сірə. Шынын айтсам, сол қыздан көремін. Қорыққанынан орнына қайта қоя салған. Бірақ көз жетпеген соң ештеңе айта алмайсың,— деді ол. Сосын əңгімені басқа жаққа аударып — Жүріңіз, Эмилиді көріңіз, Мисс Марпл. Сөз жоқ оның көңілі көтеріліп қалады, — деді. 

Мисс Марпл Мисс Лавинияның соңынан жүрді. Есікті қағып, рұқсат алған соң, ол қонақты əлгі пəтердегі ең тəуір саналатын, перделері жартылай жабық қаракөлеңке бөлмеге алып кірді. Мисс Эмили төсегінде жатыр екен. Күңгірттік пен белгісіз азаптың құшағында секілді. Қаракөлеңкеде ол арық, жасқаншақ адам сияқты болып көрінді. Қалың ақ шалған сары шашын басына бейберекет орай салыпты. Бұйралары қобырап, кəдімгі құстың ұясын елестетеді. Құс екеш құс та мұндай ұяны менсіне қоймас. Бөлме ішінде əтір, көгерген печенье мен зығыр майының иісі шығады. 

Көзін өлімсірей ашып, жіңішке, əлжуаз дауыспен Эмили Скиннер бүгін ауыр күндерінің бірі екенін айтты. 

— Аурудың ең қиын жері,— деді Мисс Эмили солғын дауыспен, — өзінің басқаға масыл екеніңді түсіну екен. Лавиния маған сондай жақсы қарайды. Апатайым-ай, мазаңды алдым-ау! Грелкамның суын ықшамдап бермейсің бе? Тек шақтап қана. Тым көп болса, зілдей болып кетеді, тым орталап жіберсе, лезде суып қалады. 

— Кешір, қалқам, бері берші, ептеп суын азайтайын. 

— Олай болса, суын да ауыстырып берерсің. Үйде кептірілген қатты нан жоқ болар, сірə. Жə, мейлі ештеңе етпес. Керегі жоқ. Сұйықтау шай мен бір тілім лимон болса… лимон да жоқ қой деймін? Жоқ, лимонсыз шай іше алмаспын. Бүгін таңертең сүт ептеп ашып қалған екен, енді сүттен де бетім қайтып қалды. Ешнəрсе етпес. Шай ішпесем де болар. Тек əлсіреп тұрғаным. Естуімше, шаян балық нəрлі болады дейді. Содан жеп көрсем қалай болар еді. Жо, жоқ, күн кеш боп қалды, ол оңайлықпен қолға түспес. Ертеңге дейін ораза ұстармын. 

Лавиния велосипедпен селоны аралап қайту керек дегендей түсініксіз бірдемені міңгірледі де, бөлмеден шығып кетті. 

Мисс Эмили қонаққа болмашы ғана күлімсіреп, кісінің мазасын алғанды сондай жаны сүймейтінін айтты. 

Сол күні кешке қарай Эднаға Мисс Марпл істеген тірлігінен түк те шықпағанын түсіндірді. 

Глэдистің адал еместігі жайлы өсектің селоға тарап үлгіргеніне Мисс Марпл қатты қапа болды. 

Почтада Мисс Бетерби оны ұстай алып: «Джейн, бар ғой, олар Эднаға жазбаша, ынталы, ақылды, ізетті деп мінездеме беріпті, бірақ адалдық жайлы бір ауыз сөз жоқ дейді онда. Меніңше, ең керегі адалдық қой! Естуімше, түйреуішке байланысты бір өсек бар, соған қыздың қатысы болса керек. Əйтпесе, өзің білесің ғой, осы күні асып кеткен сорақы болмаса, жалшысын ешкім де жібере салмайды. Енді оларға басқа кісі табу оңайға түспейді. Бұдан былай қыздар Оулд Холлға мүлде жоламай қояды. Бос күндері үйлеріне барған кезде олардың мазасы жоқ дейді. Көресің əлі, əлгі Скиннерлер басқа ешкімді де таба алмайды. Енді, мүмкін, ана бір жексұрын науқасшаң сіңлісінің өзі тұрып бір нəрсе істейтін болар! 

Апалы-сіңлілі Скиннерлер елге пайдалы қызмет көрсететін бюроның бір бөлімшесінен жəне бір жалшы қыз тауып алыпты, онысы нағыз періштенің өзі екен деген қауесет тарағанда село жұрты қатты ыза болды. 

«Үш жылғы мінездемесі тəп-тəуір, өзі селоны ұнатады екен, сосын жалақыны Глэдиске қарағанда аз сұрайды. Жолымыздың болғанына қатты қуанып жүрмін» деген əңгімені Мисс Марпл балық сататын дүкеннің ішінде Мисс Лавинияның өз аузынан естіп: «Айтатыны жоқ, тым тəуір көрінеді. Тек атына заты сай болса», — деген болатын. 

Сосын Санкт Мэри Миидтегі жұрт жаңағы періштені түбінде айнып қалып, келмейді десті. 

Бірақ əлгі айтқандардың бірі де болмай, жұрт селоның қақ ортасымен Оулд Холл жаққа Рид таксиімен кетіп бара жатқан, үй шаруасының майталман шебері, Мэри Хигинз дейтінді өз көздерімен көрді. Сұлулығын мойындамауға болмады. Тым келбетті, жарасымды киінген əйел екен. 

Келесі жолы, жергілікті священник ұйымдастырған жəрмеңкеге барған кезде, Мисс Марпл Оулд Холлға тағы да соға кеткен болатын. Есікті Мэри Хигинз ашты. Жалшы əйел шынында да өте көрікті екен. Шамамен жасы қырықтарда, жинақы, қара шашты, екі беті алмадай. Толықша денесіне үйлесімді қара көйлек пен ақ алжапқыш жарасып-ақ тұр. Басына үй қызметіндегі əйелдердің қалпағын киіп алыпты. «Кəдімгі баяғы замандағы сүйкімді жалшы əйелдердің бірі дерсің. Өзінің жағымды да бəсең əрі ізетті үні Глэдистің тамағынан шығатын зор даусына мүлде ұқсамайды», — деді Мисс Марпл. 

Мисс Лавинияның өңінен бұрынғыдай қатты шаршамайтындығы байқалады. Сіңлісінен қолы тимей, жəрмеңкеге бара алмай қалғанына өкінсе де ол шіркеуге əжептəуір ақшалай үлес қосыпты. Келесі жолы жəрмеңкеге қаламұш тазалайтын бұйым мен жас нəрестелердің аяғына киетін шұлық тоқып апаратын болыпты. 

Мисс Марпл оған əрінің кіріп қалғанын айтса, Мисс Лавиния: «Мұның бəрі де Мэридің арқасы. Оның алдындағы қыздан құтылғаныма сондай ризамын. Мэриге баға жетпейді. Тамақты сондай əдемі пісіреді, дастарқанның сəнін қалай келтіреді десеңізші. Кішкентай пəтерімізді мұнтаздай таза ұстайды, төсеніштерді күн сайын ауыстырып қағады. Эмилиге сондай жақсы қарайды» — депті. 

Мисс Марпл одан дереу Эмилидің жағдайын сұрастырды. 

— Бейшараны қойсаңызшы, кейінгі кезде тым нашарлап кетті ғой. Əдейі істемейді ғой, əрине, бірақ кейде қатты қиналамын. Көңілі қалаған соң бірдемелерді пісіріп, дайындап алдына қойсаң, мезгілінде ішпей қояды да, жарты сағаттан соң қайта сұрайды. Ол кезде тамақ суып, дəмі кетіп қалады. Енді оны қайта жасауға тура келеді. Мұның бəрі көп жұмыс, бірақ бақытымызға қарай Мэри мүлде ренжімейді. «Жарымжан адамдарды күтуге етім үйренген, оларды түсінемін», — дейді. Мұнысы қандай жеңілдік десеңізші. 

— О не дегеніңіз, — деді Мисс Марпл, — сіз бақытты адам екенсіз. 

— Айтатыны жоқ. Жалбарынғанымыз құдайдың құлағына шалынып, Мэриді тап қылды ғой бізге. 

— Сонда да күдігім бар, — деді Мисс Марпл, — жақсысы жақсы-ау. Лайым солай-ақ болғай, бірақ мен сіздің орныңызда болсам, аз да болса ойланған болар едім. 

Лавиния Скиннер бұл сөздің түйінін түсінбеді. «О не дегеніңіз, ол үшін қолдан келгеннің бəрін де жасаймын, бұған сеніңіз. Егер кетіп қалса, не болатынын білмеймін», — деді. 

— Менің білуімше, дайындық жасап алмай тұрып, ол кете қоймайды, — деді Мисс Марпл пəтер иесіне тесіле қарап. 

Мисс Лавиния: «Үй шаруасы мазасын алмаған адамдардың дүниесі түгел ғой, солай емес пе, Мисс Марпл? Əлгі кішкентай Эднаңыз қалай?» — деді. 

— Оның жағдайы жақсы. Сіздің Мэридей емес, əрине. Бірақ Эднаны мен бүге-шігесіне дейін жақсы білемін, себебі ол осы селоның қызы ғой. 

Мисс Марпл дəлізге шығып бара жатып, науқас əйелдің кейіген үнін құлағы шалып қалды. «Мына бір компресс мүлдем құрғап кетті. Өнебойы дымқыл болып тұруы керек деп дəрігер Аллертон баса айтып еді ғой. Жə, жə, таста оны. Маған бір кесе шай мен бір жұмыртқа əкеліп берші. Жұмыртқа үш жарым минуттан артық қайнамасын, ұмытып кетпе. Сосын Мисс Лавинияны маған жібере салшы». 

Пысық Мэри ауру жатқан бөлмеден шығып, Мисс Лавинияға: «Сізді Мисс Эмили шақырып жатыр мадам» — деді де, тоқтамастан Мисс Марплға есік ашып бермекші болып, сол жаққа жылжыды. Ізет көрсетіп, пальтосын кигізіп, қолына қолшатырын ұстатты. 

Мисс Марпл қолшатырын ұстай беріп, жерге түсіріп алды. Енді оны көтермекші болып еңкейе беріп еді, қолға ұстаған сумкасы қоса түсіп кетті. Аузы ашылып кетіп, ішіндегісі ақтарылып қалды. Мэри шашылып қалған бұйымдарды ұқыптылықпен жинай бастады: бет opамал, керекті нəрселерді жазып қоятын қойын дəптер, ескі үлгімен жасалған былғары əмиəн, екі шиллинг үш пенни ақша жəне бір тал қатты кəмпит. Мисс Марпл кəмпитті алып жатып, ұялғаннан кібіртіктеп қалды. 

— Қап, енді қайттім. Клемент ханымның кішкентай ұлынан келді бұл. Кəмпитті сол сорып жүрген. Сумкамды алып ойнап отырғанын көріп едім. Сол салып жіберген ғой! — деді ол. 

— Мен ала салайын ба, мадам? 

— Е, сөйтсең сөйте қойшы. Үлкен рахмет. Мэри еңкейіп, ең соңғы бұйымды жерден көтеріп алып берді. 

Кішкентай айнаны қайта салып жатып, Мисс Марпл: «Сынбағаны оңды болды», — деп қуана дауыстап жіберді. 

Келесі сəтте Мисс Марпл қош айтысып шығып кетті. Ізетпен есік ашқан Мэри, кəмпитті ұстаған күйі беті бүлк етпей қала берді. 

 

* * * 

Санкт Мэри Миид жəне он күн бойы Мисс Лавиния мен Мисс Эмилидің жаңадан қабылдаған жалшысы туралы неше түрлі мадақтау сөзді естіп жатқан болатын. 

Он бірінші күні село күтпеген жаңалықтан шошып оянды. Мэри, əлгі мінсіз періште, жоғалып кетіпті! Төсегі жиюлы қалпында, сыртқы есік ашылған күйінде қалыпты. Түнделетіп ешкімге сездірмей сытылып кеткен болса керек. 

Жоғалып кеткен тек жалғыз Мэри болмай шықты! Мисс Лавинияның екі əдемі түйреуіші мен бес сақинасы, Мисс Эмилидің үш сақинасы, алқасы, білезігі жəне төрт сəнді түйреуіші қоса жоқ болып шықты! 

Бұл масқараның тек басы ғана болатын. 

Жас келіншек Деверюкстің құлыптанбайтын тартпаға салып қойған бриллианттары мен үйлену тойларында сыйлаған бағалы елтірілерінен айырылып қалыпты. Əлгі сот пен əйелінің бағалы асыл тастары мен біраз ақшасы да қоса алыныпты. Ең қатты сорлаған Гармихаел ханым боп шықты. Ол бағалы асыл тастарынан ғана емес, сонымен қатар үйіне сақтап жүрген көп ақшасынан да қоса айрылып қалды. Бұл кеште Жанет демалыста болатын, ал Гармихаел ханым кешкісін, əдеттегісінше, бақтың ішінде құстарды айналдырып, соларға нанның қоқымын шашып серуен құрып жүрген болатын. 

Мінсіз қызметші, Мэри періштенің қолында барлық пəтердің есігін ашатын кілт болғанына ешкім де күмəнданбады. 

Шынын айту керек. Санкт Мэри Миид селосындағы жұрттың біразы табалағандай, сауап болды деп боп жүрді. Өйткені, Мисс Лавиния өзінің жалшысы, Мэриді жер-көкке сиғызбай жиі мақтайтын. 

— Сұмдық-ай, өмір бойы үйді үптеп жүрген нағыз ұрының өзі екен ғой! 

Тағы бір жаңалықтың беті ашылды. Мэридің өзі ғана із-түзсіз жоғалып кетпеді. Масқара болғанда, Мэри Хигинзге жолдама берген, куəлік қағаздарына кепілдік еткен, арызын қабылдап, мінездемесімен айналысқан əлгі мекеменің, шын мəнінде, еш уақытта да болмағаны анықталды. Мэри Хигинз деген бір шіркеудің деканының қарындасымен бірге тұратын жалшы əйелдің есімі болып шықты. Ол бірақ Корнуолл жақтағы бір жерде сау-сəлемат өмір сүріп жатса керек. 

— Бастан-аяқ ақылмен істелген, — деді инспектор Слэк мойындауға мəжбүр болып. — Керек десеңіз, əлгі əйел гангстерлермен сыбайлас. Былтыр Нортумберленд3 жақта да дəл осындай бір қылмыс жасалған. Ұрланған заттар ізін таптырмай кеткен. Əйелді де ұстай алмай қалған болатын. Бірақ бұл жолы бізден құтыла алмайды! 

Инспектор Слэк əрқашан сенімді сөйлейтін адам болатын. 

Арада бірнеше апта өтті, бірақ Мэри Хигинз дүниені белден басып, əлі еркіндікте жүрген болатын. Инспектор Слэк қанша тырысқанымен түк шығара алмады. 

Мисс Лавиния жылап-сықтады. Мисс Эмили қатты абыржып, мазасы болмаған соң, дəрігер Хэйдокты шақыруға мəжбүр болды. 

Бүкіл село Мисс Эмилидің сырқаты жөнінде дəрігер не ойлайды екен деп, соны білуге қатты ынтызар болды, бірақ дəрігерден батып ешнəрсе сұрай алмады. Дегенмен бұл жөнінде дəріхананың бастығының көмекшісі Миик мырзадан бір жақсы хабардың шеті шығып қалды. Миик мырза ПраисРидли ханымның жалшы қызы Кларамен дəріханадан сыртқа бірге шығыпты. Əңгіме үстінде дəрігер Хэйдоктың тырыспа ауруына қарсы бір сұйық дəрі мен валерианка жазып бергені белгілі болып қалды. Миик мырзаның айтуына қарағанда, жаңағы дəрілер армияда өтірік ауырғандарға берілетін болса керек. 

Көп ұзамай Мисс Эмилия жергілікті дəрігердің жасаған еміне көңілі толмайды екен, денсаулығының қазіргі жайына байланысты Лоңдонда тұратын, ауруының емін білетін маман дəрігерге баруды жөн көреді екен, тек Лавинияның қамын ойлағандықтан ғана солай етпекші екен деген сөздер де, елдің құлағына шалына бастады. Олардың пəтері басқа біреуге жалға берілетін бопты. Осыдан біраз күн өткен соң Мисс Марпл екі беті қызарып, асыпсасып полицияға келді де, инспектор Слэкты сұрады. Инспектор Слэк Мисс Марплды ұнатпайтын. Бірақ бас констебль, полковник Мэлчеттің Мисс Марплға басқаша қарайтынын ол білетін. 

Сондықтан да онша жақтырыңқырамай қабылдап: «Есенсіз бе, Мисс Марпл, маған не жұмыспен келдіңіз?»— деді.

 — Қап əттеген-ай, — деді Мисс Марпл, — байқауымша, асығыс екенсіз ғой. 

— Жұмыс бастан асады, — деді инспектор Слэк, — бірақ екі-үш минут уақыт табуға болады. 

— Қап, — деді Мисс Марпл, — ойымдағыны дұрыстап жеткізіп үлгірсем тəуір болар еді. Ойыңды жеткізуден қиыны жоқ. Білесіз бе, жаңаша оқып, білім алмаған соң, жəй оқытушыны қойсаңызшы. Англия корольдарының өмірбаяндары мен жалпы мағлұмат бергеннен басқа не біледі дейсіз. Тіпті біразының əрі-беріден соң керегі жоқ. Бұл нақты білім беру емес əр нəрсенің басын шату деген сөз ғой. Мен де солай еткелі тұрмын. Айтайын дегенім, Мисс Скиннердің қызметшісі Глэдистің жайы еді. 

— Мэри Хигинз, — деді инспектор Слэк. 

— Иə, ол екіншісі. Бірақ менің айтып тұрғаным Глэдис Холмз. Өжет, өркөкірек қыз. Бірақ өте адал. Осы адалдығына елдің енді көзін жеткізу қажет. Мəселе сонда. 

— Менің білуімше, оған тағылған айып жоқ қой, — деді инспектор. 

— Айып тағылмағанын білемін. Бірақ бұл айып таққаннан да жаман, себебі ел əлі өсек айтуын тоқтатқан жоқ. Қап, əттеген-ай, сасқалақтап тұрғанымды қарашы. Менің ең негізгі айтайын дегенім — Мэри Хигинзді табу керек. 

— Əрине, табу керек, — деді инспектор Слэк. — Ол жөнінде еш нəрсе білесіз бе? 

— Иə, білемін — деді Мисс Марпл. — Сізден бір сұрақ сұрауға бола ма? Саусақ таңбасының сізге пайдасы болар ма екен? 

— Е-е, — деді инспектор Слэк, — бұл жөнінен ол бізден қулығын асырып кетті. Қолына резина қолғап немесе жалшы əйелдің қолғабын киіп алып бітірген болу керек жұмысының көпшілігін. Өте сақ істеген. Ұйықтайтын бөлмесі мен ыдыс-аяқ жуатын жердегі заттардың бірін қалдырмай сүртіп кетіпті. Пəтерден бір саусақтың да ізін таба алмадым! 

— Егер табылса көмегі болар ма еді? 

— Əрине, болар еді, мадам. Скотленд-ярд білуі мүмкін ол таңбаларды. Бұл оның бірінші қылмысы емес, айтпақшы! 

Мисс Марпл басын изеп, жадырап сала берді. Ол сумкасын ашып, кішкентай бір картон қорапты шығарды. Оның ішінен жұмсақ матаға оралған айна көрінді. 

— Қол сумкаға салып алып келдім, — деді Мисс Марпл. — Əлгі жалшы əйелдің саусақтарының таңбасы бар онда. Меніңше, онды болуға тиісті, өйткені айнаны алардың дəл алдында ол өте бір жабысқақ зат ұстаған болатын. 

Инспектор Слэк тесіле қарап: «Оның саусақ таңбаларын əдейі алдыңыз ба?» — деді. 

— Əрине, солай. 

— Ендеше, сіз одан сезіктеніп қалғансыз ғой? 

— Қалай десем екен, мен оның атына заты сай еместігін сезгенмін. Мұны Мисс Лавинияға айттым да. Бірақ ол менің айтқанымды құлағына да қыстырған жоқ! Жаман жерім, білсеңіз, инспектор мырза, мінсіз періштелерге сенбеймін. Бəріміздің де кемшілігіміз бар, ал үй шаруасы ол кемшіліктерді бірден көрсетеді! 

— Сонымен, — деді инспектор Слэк өзіне-өзі енді келіп, — мен сізге шыныменен қарыздармын; мыналарды Скотленд-ярдқа жібереміз. Олар ақ пен қарасын айтуға тиісті. Слэк сөзін аяқтағанда Мисс Марпл басын бір жағына ептеп қисайтып, оған мұқият мəн бере қарап отырған болатын. 

— Шамасы үйге жақынырақ осы төңіректен іздеу керектігін ойланбаған болдыңыз ғой, инспектор? 

— Мисс Марпл, осы сіздің не айтқыңыз келіп отыр? 

— Мұны түсіндіру қиын, қисынсыз нəрсеге тап болсаң көбіне ол түкке тұрмайтын ұсақ-түйек болуы да мүмкін. Сенсеңіз, мен мұны көптен байқағанмын. Əлгі Глэдис пен түйреуішті айтамын. Ол өте адал қыз, түйреуішті алған жоқ. Олай болса Мисс Скиннер неге ол қыздан көреді? Мисс Скиннер ақымақ емес, шаруасын білетін əйел! Жалшы табудың киын екенін біле тұра, ол жап-жақсы қызды босатып жіберуге сонша неге асықты? — Бұл ойландыратын нəрсе, білсеңіз. Сондықтан да мен ойландым. Көп ойландым. Сосын тағы бір нəрсені байқадым! Мисс Эмили науқасшаң əйел, бірақ аурушаң адамның ешбір дəрігерді шақыртпағанын бірінші рет кездестіріп отырмын. Дімкəс адамдар əдетте дəрігершіл болушы еді. Мисс Эмили ондай емес!

— Бұнымен не айтпақсыз, Мисс Марпл? 

— Менің айтайын деп отырғаным, білсеңіз, Мисс Лавиния мен Мисс Эмили ерекше жандар. Мисс Эмили уақытының көбін қараңғы бөлмеде өткізеді. Ана шашы жасанды болмаса… мен құлағымды кесіп берейін. Айтайын дегенім, ана ашаң, аққұбаша, сұрғылт шашты, дімкəс əйел мен қара шашты, қызыл шырайлы, толықша əйелдің бір адам болуы əбден ықтимал. Сосын Мисс Эмили мен Мэри Хигинзді бір мезгілде көрген адамды кездестіре алмадым мен. 

Кілт біткеннің үлгісін түсіріп алуға да, пəтер иелерінің қырсырын, несі бар — несі жоғын білуге де уақыт əбден жеткілікті болды. Енді жергілікті жалшы қыздан құтылады да, Мисс Эмили селодан жаяу тартып кетеді. Келесі күні ол Мисс Мэри Хигинздің кейпіне еніп, вокзалға қайта келіп түседі. Сосын шаруасын бітірген кезде, Мэри Хигинз зым-зия жоқ болады. Оның соңында улап-шулап, опық жеген ел қалады. 

Оны қайдан табатыныңызды мен сізге айтайын, инспектор. Мисс Эмилиді Скиннердің диванынан табасыз! Маған нанбасаңыз саусақтарының таңбасын алып көріңіз, бірақ менікі дұрыс екеніне көзіңіз жетеді! Скиннерлер — айлакер ұрылар, жəне, сөз жоқ, олар заңсыз сауда жасайтын алып-сатарлармен сыбайлас. Бірақ бұл жолы олжаларын алып кете алмайды! Мен оларға жергілікті бір қызымыздың арын таптатып қоя алмаймын! Глэдис Холмз — адал қыз, ары таза, елдің бəрі мұны білетін болады əлі! Сау болыңыз, инспектор! 

Инспектор Слэк есін жиғанша, Мисс Марпл аяғын нық басып шығып кетті. 

— Міне, керек болса, — деді ол міңгірлеп. 

— Ал егер осыныкі дұрыс болса ше? 

Көп уақыт өтпей-ақ Мисс Марплдың сөзінің дұрыстығына көзі жетті. Полковник Мэлчетт Слэкті үлкен табысымен құттықтады. Ал Мисс Марпл болса, Глэдисті Эднамен қоса шайға шақырып, оған бір дұрыс жерден жұмыс табылса, сонда тұрақтап түбегейлі қалуға ақыл қосты.