— Сонымен құлағымыз сізде, Б... ханым,— деді Генри Клитеринг оны жігерлендіріп.
Үй иесі, Бэнтри ханым, оған жақтырмай қарап, салқындау үнмен: «Сізге бұдан бұрын да мені Б... ханым деп атамаңыз дегенді ескертіп едім. Бұл құрмет емес қой»,— деді.
— Шахразада делік онда.
— Ша... әлгінің аты кім еді? Ол да болғым келмейді. Мен дұрыстап әңгіме айта алмаймын, сенбесеңіз Артурдан сұраңыз.
— Долли, сен әңгімеге шеберсің— деді полковник.— Бірақ кесте тігуге олақсың.
— Әнеки,— деді Бэнтри ханым. Ол қолына ұстап отырған гүл тұқымдарының каталогын алдындағы столдың үстіне сарт еткізіп тастай салды.— Мен бағанадан бері құлақ қойып тыңдап отырмын, бірақ «ол бүйтті, мынау сөйтті, сіз таңданып қалдыңыз, олар ойланып
қалды, бәрі іштей сезді» дегеннен қалай ғана жалықпайсыздар. Бірақ менің миыма ештеңе кірмей-ақ қойды. Сосын келіп мені қолқалайсыздар! Сіздерге айтатын әңгімем жоқ.
— Өтірігіңізге құдай береке берсін, Бэнтри ханым,— деді доктор Ллойд. Ол сенбегенін сездіре, ақ кіре бастаған басын мысқылдай шайқады.
Жасы ұлғайған Мисс Марпл өзінің жұмсақ даусына салып: «Бол, жаным...» — деді.
Бэнтри ханым, бұрынғысынша, айтқанынан қайтпай, қасарысып басын шайқай берді.
— Менің өмірімде қызығатын ештеме де жоқ екенін сіздер білмейсіздер ғой. Жалшылардың өзі неге тұрады, сосын ыдыс-аяқ жуатын қыз табу деген қиындап кетті емес пе? Киім сатып алу үшін, тісті емдету үшін қалаға барасың сандалып, Эскоттағы ат жарысы тағы бар, бірақ оны Артур ұнатпайды. Содан соң бақтағы шаруа да жетерлік...
— Аха!— деді дәрігер Ллоид.— Бақ демекші, бәріміз де білеміз оны жақсы көретініңізді, Бэнтри ханым.
— Бағы болған тамаша шығар,— деді Джейн Хелиер, уыздай жас, әдемі актриса.— Онда да бірақ күрек ұстап, жер шұқылап, қолды оймаса деймін де. Өз басым гүлдерді сондай ұнатамын.
— Бақ демекші,— деді Сэр Генри,— әңгімені осыдан бастайықшы.— Қане, Б... ханым, бастаңыз? Ұлы тұқым, қауіпті нардис, ажалдың шөбінен...
— Қойыңызшы, сізге не болған?— деді Бэнтри ханым.— Қазір ғана сіз айтқан соң есіме түсті. Артур, әлгі Клодерхэм Кортта1 болған оқиға есіңде ме? Білесің, ана Эмброуз Бэрси қарт ше? Өзі бір сондай кішіпейіл, сүйкімді адам деп жүруші едік қой!
— Әрине есімде. Е, ол өзі бір қызық оқиға еді ғой. Бастап жібер, Долли.
— Сен айтып берсең дұрыс болар еді соны.
— Басты қатырмай, бастап жібер. Айтатыныңды өзің айт. Мен өзімдікін жаңа ғана айтып бердім ғой.
Бэнтри ханым демін ішке тартып бір рет терең күрсініп қойды. Қолдарын уқалап, қатты ойланған адамның сыңайын танытты. Сосын суырыла сөйлеп кетті.
— Сіздерге көп айтатын ешнәрсе жоқ. «Ажалдың шөбі» дегеннен барып есіме түскені ғой. Бірақ мен өзім бұл оқиғаны «Шалфей мен пияз» дер едім.
— Шалфей мен пияз дейсіз бе?— деді дәрігер Ллоид.
Бэнтри ханым оған басын изеді де: «Бұл былай болып еді»,— деп баяндай бастады.— Артур екеуміз Клодерхэм Корттағы Эмброуз Бэрсидікінде қонақтап жатқан болатынбыз. Бір күні қателесіп, бақтан едәуір шалфей мен дигиталистің2 жапырағы қоса жұлыныпты. Дәмін кіргізу үшін, сол күнгі кешкі асқа даярлаған үйректердің ішіне әлгі жапырақтардан аямай салса керек, елдің барлығы уланды. Ал Сэр Эмброуздың қамқорлығында жүрген бір бишара қыз өліп те кетті.
— Обал-ай, обал-ай, - деді Мисс Марпл,— не қылған қайғылы оқиға еді.
— Аянышты ғой, солай ма?
— Қош,— деді Сэр Генри,— содан соң не болған?
— Ештеңе де болған жоқ,— деді Бэнтри ханым,— осымен бітті;
Елдің бәрі демдерін ішке тартып тына қалды. Бұрын ескертіп айтса да, әңгіме осылайша келте қайырылады деп ойламаған болатын.
— Әйткенмен, қымбатты леди, әңгіменің осымен бітуі мүмкін емес,— деді Сэр Генри келіспей.
— Сіз тек қайғылы оқиғаның болғанын ғана айттыңыз, бірақ оның қандай жағдайда өрбігені туралы тіс жарып ештеңе демедіңіз ғой.
— Иә, әрине, тағы да біраз қосуға болады,— деді Бэнтри ханым.— Бірақ бәрін мен айтып қойсам, қызығы болмайды ғой.
Бэнтри ханым отырған адамдарға жағалай бір қарап шықты да, жайлап: «Мен сіздерге әңгіменің майын тамызып, нақышына келтіріп айту қолымнан келмейтінін ескерткенмін» — деді.
— Аха!—деді Сэр Генри. Орындығына түзетіліп отырды да, көзілдірігін киіп: «Шынын айтсам бар ғой, Шахразаде, мынауыңыз адамды сергітетін нағыз соны әңгіме екен. Тапқыр болсаңдар әуселелеріңді көрейін деп тұрсыз ғой. Қызықтыру үшін жорта айтып тұрмағаңынызға кім кепіл. Мисс Марпл, сіз бастап жібермейсіз бе?
— Мен аспазшы жайын білгім келеді,— деді Мисс Марпл. Өзі не ақымақ, не тәжірибесіз әйел ғой деймін.
— Ақымақтың нағыз әзі,— деді Бэнтри ханым.
— Соңынан ол жылап-жылап алып: «жапырақтарды жұлып, ас пісіретін бөлмеге шалфей деп әкеп берген, оны мен қайдан білейін?» — дегенді айтыпты.
— Өз ақылымен істемейтін біреу болды ғой, онда,— деді Мисс Марпл.— Жасы егде тартқан, сірә асты тәуір пісіретін әйел болар?
— Иә, тамаша пісіреді,— деді Бэнтри ханым.
— Сіздің кезегіңіз кеп қалды, Мисс Хелиер,— деді Сэр Генри.
— А! Сонда қалай, сұрақ қояйын ба? Арада Джейн ойланғанша біраз үзіліс болып қалды. Сосын ол: «Шынымды айтсам, не сұрарымды білмей отырмын»,— деді.
Оның әдемі жанары Сэр Генриге жалбарына қарады.
— Қалайша жоқ, оқиғаға қатысты адамдар жөнінде сұрамайсыз ба, Мисс Хелиер?— деді Сэр Генри жымиып.
Джейн әлі де не сұрарын білмей отырып қалды.
— Кейіпкерлерді ретімен айтып берсін,— деді Сэр Генри жайлап қана.
— Иә, дұрыс,— деді Джейн,— Бұл бір дұрыс ұсыныс екен.
Бэнтри ханым тез-тез саусақтарымен әңгіменің кейіпкерлерін санай бастады: «Сэр Эмброуз, Сильвия Кин (әлгі қайтыс болған қыз), оның құрбысы — Мод Вий — өзі бір ұсқынсыз қараторы қыз екен, бірақ елге ұнады әйтеуір. Қалай жолын табатындары миыма кірмейді. Сосын Эмброуз мырзамен кітап жөнінде пікірлесуге келген Керл дейтін біреу болды. Кітап болғанда, білесіз ғой, әлгі сирек кездесетін, латын тілінде жазылған, көгеріп иістеніп кеткен түсініксіз қолжазбалар. Есіктес тұратын көршісі, Джерри Лориимер дейтін кісі болды. Оның жері, Феярлиз, Сэр Эмброуздың жерімен шектес екен. Одан соң орта жасқа келген, қайдан болмасын мысық секілді жылы орын тауып ала қоятын Карпентер дейтін семіз әйел болды. Байқауымша, ол әйел Сильвияның әрі тәрбиешісі әрі серіктесі көрінеді.
Бэнтри ханым, байқауымша, Мисс Хелиермен қатар отырғандықтан келесі кезек маған тиетін секілді. Егер олай болса, мен сізден алдымен оқиғаның қалай өрбігенін және ана адамдардың кім екенін қысқаша сипаттап беруіңізді өтінер едім.
— Оу!— деп Бэнтри ханым екі ойлы болып қалды.
— Сэр Эмброуздан бастап жіберіңіз, енді,— деп сөзін жалғастырды Сэр Генри.— Ол өзі қандай адам еді?
— Иә, ол бір елден ерекше қарт, қарт емес-ау, жасы алпыстан аса қоймаған адам болатын. Бірақ өзі өте нәзік еді. Жүрегі нашар, жоғары көтеріле алмайтындықтан үйіне лифт қондыруға мәжбүр болған. Содан да болар кәрі көрінетін. Мінезі жібектей, кішіпейілдің кішіпейілі десе болар еді оны. Оның ашуланғанын, абыржығанын ешқашан көрген емеспіз. Шашы әдемі, аппақ, әсіресе даусы сондай сүйкімді болатын.
— Дұрыс,— деді Сэр Генри.— Сэр Эмброузді білдік. Енді әлгі Сильвия қызға көшелік, өзінің аты-жөні қалай еді?
— Сильвия Кип. Ол сұлу, шынында да өте сұлу болатын. Шашы — ақсары, өңі керемет еді. Ептеп топастау көрінетін.
— Жә, болар, Долли,— деді күйеуі ұнатпай.
— Артур, әрине олай ойламайды,— деді Бэнтри ханым жақтырыңқырамай.— Ал шындығында оның ақылы аздау болатын, тыңдауға тұрарлық ештеңе айтпайтын.
— Келбетті жанның бірі еді өзі,— деді полковник жылырақ сөйлеп.— Теннис ойнағанын көрсең оның, керемет дерсің. Өзі өте көңілді жүретін. Жүріс-тұрысы қандай еді шіркіннің. Жас жігіттердің оны көргенде аузының суы құритын еді десем, қателеспеспін.
— Бұл жерің артықтау болып кетті,— деді Бэнтри ханым. Ондай қыздар жігіттерге ұнамайды қазір. Тек сен сияқты кәрі-құртаңдар ғой мұнда, жас қыз десе, ішкен асын жерге қоятын.
— Тек жас болу жеткіліксіз,— деді Джейн.
— Оған қоса еркекті үйіріп әкететін Ж. Қ. болуы керек.
— Немене,— деді Мисс Марпл,— Ж. Қ. деген не пәле тағы?
— Жыныстық қасиетті айтамын,— деді Джейн.
— Иә,— деді Мисс Марпл.— Біздің кезімізде мұны «қыз қылығымен жағады» деуші еді.
— Сипаттама жаман шыққан жоқ,— деді Сэр Генри.— Әлгі сіз «мысық секілді» деген серіктес әйел қандай кісі еді, Бэнтри ханым?
— Мысық дегенде кәдімгі мысықты айтып отырған жоқпын,— деді Бэнтри ханым.— Мүлде басқа. Үлкен ақ мамық жастықтай томпиып, әрдайым пыс-пыс етіп жүретін толық әйелді айтқаным ғой. Эделайд Карпентер сондай болатын.
— Жасы қай шамада?
— Қырықтарда. Сол үйде Сильвияның он бір жасар кезінен бері тұратын болса керек. Өте әдепті әйел. Бақытсыз жағдайға тап болып, жесір қалған. Бай туыстары көп болғанымен қалтасында көк тиыны жоқ. Өз басым аса ұната қоймадым. Пысылдаған толық адамдарды да көңілім қаламайды.
— Керл мырза ше?
— Е, еңкіш тартқан егделеу адам. Ондайлар көп-ақ, тіпті бірін-бірінен айыра да алмайсың. Иістенген кітаптары жайлы бірдемелерді айтқан болып еді, басқа уақытта үнін ести алмадық қой. Сэр Эмброуз оны онша жақсы білмесе керек.
— Әлгі есіктес Джерри туралы не айтасыз?
— Өте сүйкімді жігіт. Сильвия екеуі сөз байласып қойыпты. Аянышты жері де осы болып тұр ғой.
— Енді, меніңше...— дей беріп, Мисс Марпл тежеліп қалды.— Не дейсіз?
— Жәй, әншейін, қымбаттым.
Сэр Генри қарт әйелге сұқтана қарады. Сосын ол ойға шомып: «Сонымен әлгі екі жас сөз байласты дедіңіз ғой. Оларына көп уақыт болып па?» — деп сұрады.
— Бір жылдай болса керек. Сэр Эмброуз бұған басында Сильвия өте жас деп қарсы болыпты. Бірақ сөз байласқандарына бір жыл уақыт өткен соң, ол райынан қайтыпты. Жақында үйлену тойлары да өтпекші екен.
— Солай де! Қалыңдықтың ақшасы бар ма екен?
— Мәз емес. Жылдық табысы бір-екі жүз фунттың шамасы көрінеді.
— Ол арада күдікті ештеме жоқ, Клитеринг,— деді полковник Бэнтри жымиып.
— Ендігі сұрақтың кезегі дәрігердікі,— деді Сэр Генри.— Осымен мен де болдым.
— Білгім келіп отырғаны, негізінен, кәсібімізге байланысты,— деді дәрігер Ллоид.—
Тергеу кезінде медицина тарапынан қандай қорытынды жасалды екен. Онда да Бэнтри ханымның есінде болса ғана.
— Еміс-еміс есімде,— деді Бэнтри ханым.— Тамақтан дигиталиннің уы табылды.
Дәрігер Ллоид басын изеді.
— Бұл шөп — дигиталис, жүрекке өте қатты әсер етеді. Жүрек ауруының кейбір түріне бұл таптырмайтын шипа. Жалпы қызық жәйт екен. Дигиталистің жапырағы қосылған тамақ осыншама қауіпті болады деп ешқашан да ойламас едім. Улы жапырақтар мен әртүрлі бүлдіргендерді жеп уланып қалу жөнінде тым артықтау айтылып жүр. Улар мен алкалоидты бөліп алу үшін үлкен дайындық пен жауапкершілік керек екендігін елдің бәрі біле бермейді.
— Осыдан бір күн бұрын,— деді Мисс Марпл,— Макартур ханым Туми ханымға бір ерекше өсімдіктің тұқымын беріп жіберіпті. Сөйтсе Туми ханымның аспазшысы әлгілерді пияз екен деп Тумилер тұтас уланып қалыпты.
— Бірақ одан олар өлген жоқ қой,— деді дәрігер Ллоид.
— Жоқ,— деді Мисс Марпл құптап.
— Мен білетін бір қыз да удан қайтыс болды,— деді Джейн Хелиер.
— Әлгі қылмыстың төңірегінде ғана сөйлейік,— деді Сэр Генри.
— Қылмыс?— деді Джейн селк ете қалып.— Мен мұны кездейсоқ нәрсе деп отырсам.
— Егер бұл кездейсоқ оқиға болса,— деді Сэр Генри ізетпен,— Бэнтри ханым оны бізге айтпаған болар еді. Жоқ, менің байқауымша, бұл сырттай ғана кездейсоқ оқиға сияқты. Ал шын мәнінде мұның артында бір құпия тұр. Есімде қалған бір оқиғаны айтайын. Әртүрлі адамдармен бір үйде қонақта болып, тамақтан кейін әңгіме соғып отырғанбыз. Қабырғада неше түрлі ескі қару-жарақтар ілулі тұрған. Қонақтардың бірі жай қалжыңдап, атты адамдар ұстайтын ескі үлкен пистолетті ала салып, ататын адам секілді екінші біреуге кезеді. Сөйтсек, қару оқтаулы екен, атылып кетіп әлгі адамды өлтірді. Әлгі жағдайда біз, біріншіден, жаңағы қаруды даярлап оқтап қойған адамды, екіншіден, мүлдем кінәсі жоқ адамды жаңағыдай дөрекі қалжыңға баруға өз әңгімесімен итермелеген кім, соны анықтауға тиісті болдық.
Менің ойымша, біздің шешейік деп отырған мәселеміз де соған ұқсас. Дигиталистің жапырақтары тамаққа жорта араластырылған. Егер сіз аспазшының кінәсі жоқ деп, шынында да оның кінәсі жоқ қой, солай емес пе, шығарып тастайтын болсақ, мынандай сұрақ туады: «Жапырақты теріп, оны ас даярлайтын жерге әкелген кім?»
— Оның жауабы оңай,— деді Бэнтри ханым.— Түгелдей болмаса да, сұрақтың екінші жартысының жауабы былай. Жапырақты ас үйге Сильвияның өзі апарған. Салат, тамаққа салатын әртүрлі шөп, бірнеше түп жас сәбіз, тағы сол сияқтыларды жинау Сильвияның күнделікті міндетіне жататын. Өйткені бағбандар әлі көк, піспеген нәрсені жұлғанды ұнатпайды, әбден пісіп, дәрежесіне жеткенде ғана жинағанды тәуір көреді. Сильвия мен Карпентер ханым мұндайдың талайын өз көзімен көрген болатын. Бір бұрышта шалфейдің арасында шынымен дигиталис есіп тұр екен, сондықтан қателесуі әбден мүмкін.
— Бірақ жапырақтарды Сильвияның өзі жұлды ма?
— Мұны.ешкім де білмейді. Солай болар деген болжам жасалды.
— Болжам деген,— деді Сэр Генри,— қауіпті нәрсе.
— Бірақ Карпентер ханымның араласпағанын мен жақсы білемін,— деді Бэнтри ханым.— Себебі сол күні ертеңгісін ол террасада менімен бірге серуендеген болатын. Ол жерге біз ертеңгі астан кейін шыққан болатынбыз. Көктемнің ертелігіне қарамастан күн ерекше жылы болатын. Баққа Сильвия жалғыз кеткен, қайтқанда оның Мод Виймен қолтықтасып келе жатқанын көрдік.
— Олар жақсы дос екен ғой, солай ма?— деп сұрады Мисс Марпл.
— Иә,— деді Бэнтри ханым.— Мод Вийдің бірдеме айтқысы келді, бірақ айтпады.
— Онда ол көп болды ма?— деді Мисс Марпл.
— Екі жұмадай,— деді Бэнтри ханым. Оның даусы біртүрлі өзгеріп шыққандай болды.
— Мисс Вийді сіз ұнатпадыңыз ғой деймін?—деді Сэр Генри.
— Жоқ, ұнаттым, ұнаттым.
Дауысындағы мазасыздық енді ұлғая түскен болатын.
— Сіз бірнәрсені бүгіп қалып тұрсыз ғой, Бэнтри ханым,— деді Сэр Генри оны сөгіп.
— Мен де секем алып қалып едім,— деді Мисс Марпл,— бірақ айтатынымды аяғына жеткізбей қоя салғанмын.
— Сіз қай тұста секем алып едіңіз?
— Сіз ана қызбен жігіт сөз байласып қойып еді деген тұста. Ең аяныштысы да осы деп едіңіз ғой. Менің не айтқым келіп отырғанын білгіңіз келсе, дәл сол тұста солай деуін десеңіз де, дауысыңыз бір түрлі сенімсіздеу шығып еді.
— Өзің қандай сұмдық адамсың,— деді Бэнтри ханым.— Бәрін де көріп-біліп отыратын сияқтысың. Иә, мен бірнәрсені ойланып қалып едім. Оны айтудың керегі бар ма, жоқ па деп тұрғаным ғой.
— Айтуыңыз керек,— деді Сэр Генри.— Ешбір бүкпесіз айтқаныңыз жөн болады.
— Жә, ол мынау — деді Бэнтри ханым.— Бір күні кешкісін, дәл әлгі қайғылы жәйт болатын күні кешкісін, тамақтың алдында сыртқа террасаға шығып едім. Қонақ үйдің терезесі ашық тұр екен, Джерри Лоример мен Мод Вийді көзім шалып қалды. Жігіт... қызды сүйіп тұр екен. Әрине, жай кездейсоқтық па, әлде басқа жағдай ма, ол арасын біле алмадым. Оны ешкім де айта алмас. Алайда Сэр Эмброуз Джерри Лоримерді жек көретінін білетінмін. Мүмкін жас жігіттің әлгіндей жағын сезген болар. Бірақ күмәнсіз бір нәрсе, әлгі Мод Вий жігітті шынымен жақсы керетін. Үстінен түсіп қалған кезде, оның жігітке қарағанын көрсеңіз. Меніңше, Сильвиядан гөрі жігіт жаңағы қызбен жақсы үйлесіп кеткен болар еді.
— Мен Мисс Марплдан сізден бұрынырақ бір сұрақ сұрайын деп отырмын,— деді Сэр Генри.— Білгім келіп отырғаны, трагедиядан кейін Джерри Лоример Мод Вийге үйленді ме?
— Иә,— деді Бэнтри ханым.— Алты ай өткен соң үйленді.
— Ах! Шахразада, Шахразада,— деді Сэр Генри.— Әңгімені қалай бастағаныңызға таң қаламын да! Етін түгел сылып алып, құр сүйегін тастапсыз ғой, біздің алдымызға.
— Қай-қайдағыны шығармаңызшы,— деді Бэнтри ханым.— Ет деген сөзді айтпаңыз. Вегетариандар ол сөзді қолданбайды. Олар «еш уақытта да ет жемейміз» дегенді айтқан кезде, жегелі отырған бір үзім етті де тастап кетесің. Қерл мырза вегетариан болатын. Ол ылғи да оразасын кебек тәріздес бір нәрсемен ашатын. Ол сияқты қартаң тартқан, сақалды, еңкіш кісілер көбінесе мәжнүндеу келеді ғой.
— Олар іш киімдерін де өздері тігіп киеді.
— Құдайым-ау,— деді оның күйеуі.— Долли, Керл мырзаның іш киімі туралы не білуші едің?
— Ештеңе де білмеймін,— деді Бэнтри ханым басын жоғары ұстап.— Солай шығар деген ойым ғана.
— Мен бағана айтқаныма өзгеріс енгіземін,— деді Сэр Генри.— Оның орнына «сіз қойған мәселедегі кейіпкерлер өте қызық екен. Мен олардың бәрін енді ғана түсіне бастадым» дер едім, солай ма, Мисс Марпл?
— Адам табиғаты әрқашанда қызық, Сэр Генри. Бір типтес адамдардың ылғи біркелкі әрекет ететіне таңқаламын.
— Екі әйел, бір еркек,— деді Сэр Генри.— Адамзаттың атам заманнан келе жатқан үш бұрышы. Мәселенің тұғыры да осы ғой? Меніңше, солай деп ойлаймын.
Дәрігер Ллоид тамағын қырнап: «Менде бір ой бар еді» — деді ұялшақтап.— Сізді де уланып қалды деді ме, Бэнтри ханым.
— Неге уланбайын! Артур да, елдің бәрі де уланып қалды!
— Мәселе сонда, бәрі де,— деді дәрігер.— Менің ойымды түсініп отырсыз ба? Кім істесе де, бір түрлі түсініксіздеу. Адам өміріне қалай болса солай немқұрайлы қарайтын немесе тисе терекке, тимесе бұтаққа деген біреудің ісі ғой бұл. Ішіндегі бір адамды істен шығару үшін, әдейі сегіз адамды бірдей құрбандық етуге бас тігетін біреу бар дегенге өз басым сенбеймін.
— Сіздің ойыңызды түсіндім,— деді Сэр Генри ойға кетіп.— Мен бұл арасын ойламаппын.
— Ол адамның өзі де уланып қалмай ма екен?— деді Джейн.
— Кешкі тамаққа сол күні келмей қалған біреу болды ма?— деді Мисс Марпл.
— Бәрі де стол басында болатын,— деді Бэнтри ханым басын шайқап.
— Меніңше, Лоример мырзадан басқасының бәрі де болды, солай ма қымбаттым? Ол үйде жоқ болатын, жоқ әлде болды ма?
— Бекер айтасың, ол кешкі тамақты сол үйден ішкен,— деді Бэнтри ханым.
— А!—деді Мисс Марпл, даусы өзгеріп.— Онда бұл мәселеге мүлде басқаша қарауға тура келеді.
Өзіне ренжігеннен қабағы түйілген Мисс Марпл: «Сонша ақымақ болғанымды қарашы»— деді күбірлеп.— Барып тұрған ақымақтық.
— Шынымды айтсам, сіздің ойыңыз маған маза бермей отыр, Ллоид,— деді Сэр Генри.— Тек әлгі қызды, басқа емес, дәл сол қызды ғана уландырып өлтіру мүмкін бе?
— Олай істей алмайсыз,— деді дәрігер.— Бұл мені енді мынадай ойға әкеліп тіреп отыр. Айталық, құрбандыққа шалынғалы отырған о баста қыз емес, басқа біреу болса ше?
— Немене?
— Тамақтан уланған жағдайда оның ақыры немен тынатынын ешкім де білмейді.— Тамақты бірнеше адам бірге ішеді. Немен тынады? Бір иә екі адам ептеп ауырады, айталық екеуі немесе одан да көбірегі қатты уланады, біреуі өледі. Шамамен осылай болады, бірақ дәл не боларын анық білу мүмкін емес. Бірақ кейде басқаша да болуы мүмкін. Дигиталин бірден жүрекке әсер ететін дәрі. Ал енді жаңағы үйде жүрегі ауыратын бір ғана адам бар-тын. Құрбандыққа соны шалғысы келген шығар? Басқаларға онша қауіпті емес нәрсе, оған аса қауіпті болуы мүмкін ғой. Қылмыс жасаған адам солай ойлауы мүмкін. Олай болмай, басқаша болуы жаңағы мен айтқанның дәлелі, яғни дәрінің адам организміне қаншалықты әсер ететінін алдын ала білу, болжау мүмкін емес.
— Сіздің ойыңызша, құрбандыққа шалынбақшы болған Сэр Эмброуз ғой?— деді Сэр Генри.— Иә, иә қыздың өлімі қате болған.
— Сэр Эмброуз қайтыс болған соң, оның мұрасы кімге қалыпты?— деді Джейн.
— Өте орынды сұрақ, Мисс Хелиер. Бұрынғы қызметімде жүргенде біздің ең бірінші қоятын сұрағымыз осы еді,— деді Сэр Генри.
— Сэр Эмброуздың ұлы бар болатын,— деді Бэнтри ханым асықпай.— Осыдан көп жыл бұрын олар араздасып қалып еді. Ұлы тентектеу болатын. Бірақ баласын мұрасыз қалдыруға Сэр Эмброуздың шамасы келмей қалды. Себебі заң Клодерхэм Кортты басқа біреуге қалдыруға рұқсат етпейтін. Сөйтіп Мартин Бэрси атаққа да, бар мүлікке де ие болып шыға келді. Сэр Эмброуздың мұраға өз қалауынша қалдыратын толып жатқан басқа да дүниесі жеткілікті болатын. Қамқорындағы Сильвияғa арнағаны тағы бар. Мұны білетін себебім, Сэр Эмброуз сіздерге айтып отырған оқиғадан кейін бір жылға жетпейтін уақыттың ішінде қайтыс болды. Бірақ ол Сильвияның өлімінен кейін, соған деп қалдырған мұралық өсиет қағаздарын қайта жасауға тырысқан да жоқ. Меніңше, ол ақша не корольдің қазынасына түсіп кетті, немесе әлгі ұлына бұйырды. Ол арасы анық есімде жоқ.
— Сонда бүкіл мұра істің басы-қасында болмаған әлгі ұлдың пайдасы мен Сэр Эмброузге ор қазам деп жүріп, өзіне көр қазған ана қыздың пайдасына тиген болды ғой,— деді Сэр Генри ойға батып.— Бұл ақылға симайтын сияқты.
— Ал ана екінші әйелге ештеңе тиіп пе?— деді Джейн.— Әлгі Бэнтри ханымның мысық секілді толық әйелін айтамын.
— Мұра туралы қағаздарда оның есімі аталмапты,— деді Бэнтри ханым.
— Мисс Марпл, сіз тыңдамай отырсыз ғой,— деді Сэр Генри.— Ойыңыз тым алыста жүрген сияқты ғой.
— Мен дәріхана ұстайтын қарт Бэджер мырза туралы ойланып отыр едім,— деді Мисс Марпл.— Оның үйінде шаруасын реттейтін уыздай жас, жас болғанда әуелі қызындай да емес, тіпті немересімен шамалас жалшы қыз жүретін. Әлгі қыз тур алы ол тіс жарып ешкімге ештеңе демейтін. Бэджер мырзаның келешектен жеміс күттірген толып жатқан жиендері мен немерелері бар үлкен семьясы бар болатын. Сөйтсе, сенесіз бе, сенбейсіз бе, Бэджер мырза дүние салардан екі жыл бұрын әлгі жалшы қызға құпия түрде үйленіп алыпты. Әрине, Бэджер мырза дәріхана ұстағанымен, өзі сондай дөрекі, ұсқынсыз кәрі шал болатын. Ал Сэр Эмброуз болса, Бэнтри ханымның сипаттауынша, сондай мәдениетті, әдепті джентельмен еді ғой. Осыған қарамастан адамның табиғаты ұқсас бола береді екен ғой.
Осы жерде үзіліс болып, Сэр Генри Мисс Марплға тесіле қарап отырған. Мисс Марплдың байсалды көк көзі Сэр Генриге қулана қадалып қалып еді, тыныштықты Джейн Хелиер бұзып: «Әлгі Карпентер ханым сұлу ма еді?» — деді.
— Иә, әжептәуір өңді, бірақ асып кеткен сұлу емес болатын.
— Оның мұңлы даусы жағымды еді,— деді полковник Бэнтри.
— Мұңлы емес, мысықтың пырылы секілді дер едім, мен болсам,— деді Бэнтри ханым.— Пырылы!
— Асықпасаң жақында өзіңді де біреу мысық дейтін болады, Долли.
— Өз үй-ішімде мысық болудан қашпаймын,— деді Бэнтри ханым.— Әйелдерді онша жарата бермейтінімді өзін білесің ғой. Менің ұнататыным — еркектер мен гүлдер.
— Талғамыңыз тамаша екен,— деді Сэр Генри.— Әсіресе еркектерді алдына салады екенсіз.
— Ол ізет қой,— деді Бэнтри ханым.— Сонымен менің азғантай әңгімем қалай болып шықты? Ештеңесін қалдырмай бүкпесіз айттым ғой деймін, Артур, сен қалай ойлайсың?
— Иә, жаным. Ойынның шартын бұзбай әділ жүргізгеніңе ешкім де күмәндана қоймас деймін.
— Бірінші кезек сіздікі,— деді Бэнтри ханым, саусағын Сэр Генриге қарай шошайтып.
— Мен ұзаққа шабамын. Себебі әлі ешнәрсеге көзім анық жетпей отыр. Ең әуелі Сэр Эмброузды алайық. Өзін-өзі өлтіру үшін мұндай амалға жүгіне қоймас деймін, екіншіден, қамқорындағы қызды өлтіргеннен ол ешқандай пайда таппайды ғой. Сэр Эмброузды шығарып тастаймыз. Керл мырзаға келсек, қызды өлтіретіндей ешбір себебі жоқ. Ал егер оның ойы Сэр Эмброузды құрту болса, ол жан адам жоқтай қоймайтын сирек қолжазбаның бір-екеуін қымқырып кетер еді. Меніңше, Бэнтри ханымның сезіктенгеніне қарамастан, Керл мырзаны да былай алып тастаймыз. Мисс Вий. Сэр Эмброузды өлтіретіндей себеп ойда да жоқ. Ал Сильвияны құртуға себебі баршылық. Ол Сильвиянын жігітіне ғашық. Бэнтри ханымның айтысына қарағанда, оны өте қатты сүйетін. Дәл сол күні таңертең ол Сильвиямен бақта бірге болған. Оның ұлы жапырақтарды жұлып алып шалфейге қосып жіберуі әбден мүмкін. Жоқ, біз Мисс Вийді оп-оңай құтқара салмаймыз. Лоример дейтін жігітке келсек, оның екі жаққа да қисыны келеді. Егер қалыңдығынан құтылса, ол ана екінші қызға үйленеді. Бірақ бұл тым артықтау сияқты, өйткені, осы заманда байласқан уәдені бұза салу деген қиын емес қой. Ал егер Сэр Эмброуз өлсе, ол кедей қыз емес, қалтасы қалың бай қызға үйленген болар еді. Бұл жағының жігіт үшін маңызды болу-болмауы оның қалтасына байланысты. Алда-жалда ол бар мүлкін қарызын өтеуге кепілдікке салып жіберген болса, және оны бізге Бэнтри ханым әдейі айтпай отырған болса, онда наразылық білдіремін. Енді Карпентер ханымға келейік. Біріншіден, оның уақытқа байланысты тамаша дәлелі бар. Дәлел дегендерге жалпы сенбеймін. Ол әйелден сезіктенетін тағы да бір себебім бар, бірақ оны әзірге айтпай тұра тұрайын. Ал жалпы таразыға салатын болсақ, онда мен Мисс Мод Вийды бірінші атар едім. Өйткені оған қарсы айғақтар басқалардікінен басымдау.
— Келесі адам,— деп, Бэнтри ханым, дәрігер Ллоидқа нұсқады.
— Меніңше, Клитеринг, сен қылмыс жасаған адам қыздан құтылғысы келген деп қателесіп отырсың. Мен білсем ол, керісінше, Сэр Эмброуздың көзін жоймақ болған. Бұған менің күмәнім жоқ. Ана Лоример деген жігіттің мұндайға білімі жете қояды дей алмаймын. Өз басым қылмысты істеген Карпентер ханым дер едім. Ол көптен бері сол семьямен бірге тұрып келе жатқандықтан Сэр Эмброуздың денсаулығының жайын өте жақсы білетін, сондықтан керекті жапырақтарды теруге Сильвияны (өзіңіз айтпақшы, оның аңқаулау екені рас болса) оп-оңай көндіруі мүмкін. Мақсатының не екенін, шынын айтсам, мен білмеймін. Бірақ бір кезде Сэр Эмброуз мұра жөнінде өсиет жазып, оның ішіне әлгі әйелді де қосуы мүмкін деген болжам айтуға әбден болады. Менің қосарым осы ғана.
Бэнтри ханымның сұқ қолы енді Джейн Хелиерге қарай бұрылды.
— Мен не айтарымды білмей тұрмын,— деді ол.— Тек Сильвия мұның бәрін неге өз бетімен істей алмайды дейсіз? Әрі-беріден соң ас үйге жапырақтарды алып барған сол қыздың өзі ғой. Сосын өзіңіз Сэр Эмброуз ол қыздың үйленуіне кезінде қарсы болған дегенсіз. Демек, Сэр Эмброуздің көзі жойылса, ол қыз өзіне тиісті ақшаны алады да, бірден тұрмысқа шығады ғой. Шалдың денсаулығына келсек, оны ол Карпентер ханымнан кем білмеген болар еді.
Бэнтрн ханымның саусағы жайлап айналып келіп, Мисс Марплға тоқтады.
— Ал, мұғалім мадам, сіз не дейсіз?—деді ол.
— Сэр Генри бәрін де басын ашып өте жақсы айтты, шынында өте керемет,— деді Мисс Марпл.— Дәрігер Ллоидтың ойы да өзінше дұрыс. Екеуі мәселенің басын ашып алды. Бірақ дәрігер Ллоид мәселенің бір жағын жете түсінбеген сияқты. Былай ғой, достар, кеңесші дәрігері болмаса, Сэр Эмброуз жүрек ауруының қай түрімен ауыратынын біле алмас еді ғой, дұрыс па?
— Сіздің не айтқалы отырғаныңызды ұға алмадым, Мисс Марпл,— деді дәрігер Ллоид.
— Сіз Сэр Эмброуздың науқасы дигиталин әсер ететін жүрек ауруы деп отырсыз ғой, солай ма? Бірақ олай ма, олай емес пе оған дәлел жоқ. Басқа ауру болуы да мүмкін ғой.
— Басқаша болуы мүмкін?
— Иә, дигиталинді дәрігерлер көбінесе жүрек ауруына жазып береді дегенді өзіңіз айтпап па едіңіз?
— Солай-ақ болсын делік,— Мисс Марпл,— бірақ онда тұрған не бар?
— Бұл Сэр Эмброуздың қолында заңды түрде жаздырып алған дигиталині болды деген сөз. Менің айтпақ болып отырғаным (ойымды ылғи дұрыстап жеткізе алмаймын) мынау: айталық, сіз әлгі адамдардың біреуін дигиталин беріп көзін жойғыңыз келді. Мұндайда ең қарапайым әрі жеңіл жол олардың бәрін бірдей дигиталин жапырағымен уландыру. Әрине, жалғыз адамнан басқасы аман қалады. Құрбан болған бір адамға ешкім де таңданбайды. Өйткені, дәрігер Ллоид айтпақшы, мұндайдың арты немен тынатынын ешкім де болжай алмайды. Сондықтан бір де бір адам қыздың не дигиталинді көбірек қабылдап қойғаннан, не болмаса басқадан қайтыс болғанын сұрамайды да. Сэр Эмброуз уды коктейльге, немесе кофеге салып қоюы да, немесе жәй ғана ширататын дәрі деп қыздық өзіне ішкізе салуы да әбден ықтимал ғой.
— Сонда сіз Сэр Эмброуз жақсы көретін, қамқорлығындағы жас қызды өзі у беріп өлтірді деп отырсыз ба?
— Дәл төбесінен түстіңіз,— деді Мисс Марпл.— Бэджер мырза мен оның уыздай жас жалшы қызы секілді.
Алпыстағы Шал Жиырмадағы қызға ғашық болып албасты басып па демей-ақ койыңыз. Ол күн сайын болып жататын жәйт қой. Ал Эмброуз сияқты өктем, өтімді адамның солай істемегеніне кім кепіл. Кейде мұндай нәрсе масқараға айналып кетеді. Сэр Эмброуз қыздың күйеуге шықпақшы болғанына шыдай алмай, оны болдырмау үшін қолдан келген әрекеттің бәрін де жасаған, бірақ ештеңе шығара алмаған. Ақыры қызғаныштан қызды Лоример сияқты жас жігітке қиғаннан гөрі өлтіре салғанды артық көрген. Дигиталистің ұрығы шалфейдікімен аралас себілгеніне қарағанда ол жаңағы сұмдықты күні бұрын ойластырған болуы керек. Мерзімі жеткенде жапырақты жинап алып, оны қыздың өзінен ас үйге беріп жібереді. Бұл туралы ойлаудың өзі қорқынышты, бірақ, меніңше, істің мән-жайының қалай болғанын білуге тиістіміз ғой деймін. Ондай жастағы еркектер кейде жас қыз десе есі кетеді. Мәселен, біздің соңғы органист... жарайды, ол масқараны айтпай-ақ қояйын.
— Бэнтри ханым,— деді Сэр Генри,— бұл шынымен осылай ма?
Бэнтри ханым басын изеп:— Иә, бұлай болады деген үш ұйықтасам түсіме де кірген емес. Жәй кездейсоқ нәрсе болар деп қойғанмын. Сэр Эмброуз қайтыс болғаннан кейін, маған бір хат келді. Маған апарып берілсін деп айтып кетіпті. Хатында ол шындықты жазыпты. Неге екенін өзім де білмеймін, екеуміздің арамыз өте жақсы болатын.
Сол сәтте елдің бәрі де тыныштала қалып, іштей сөгіп отырғанын сезіп қалса да, Бэнтри ханым тоқтамастан бастырмалатып: «Сіздер сенген құпиясын айтып қойды деп отырсыздар ғой, бірақ олай емес. Оның шын аты Сэр Эмброуз Бэрси емес. Әлгі есімді атағанда Артурдың маған аңырып қарап қалғанын байқадыңыздар ма? Алғашқыда түсінбей қалған болатын. Мен бәрін де өзгертіп жібергенмін. Кәдімгі журналдар мен кітаптардың алғы сөзіндегі: «Мұндағы кейіпкерлердің барлығы да ойдан шығарылған» дегені секілді. Олардың шын мәнінде кім болғанын сіздер еш уақытта да біле алмайсыздар.