Ақын Толқын Қабылшаның еркін аудармалары

(Анна Ахматовадан еркін аударма)

 

***

Сезімдерге тән құбылыс,

Алаң  көңіл, ұяң  шақ.

Жан  менен тән жалқы қылыш,

Жаратқаннан  ұялсақ.

 

Арды ойласақ, жанды ойласақ,

Сырды ұғынсақ   көктегі.

Таң сырына  шын  бойласақ,

Басқа бақыт жоқ па еді?

 

Құштарлықтың оты ғаріп,

Ал, махаббат - мәңгі ұғым.

Тәңір  жазса,  қосылалық,

Сақтап  ізгі   жан  нұрын.

 

Сақтаналық  сұқ көздерден,

Дұшпан оғын атпасын.

Сүйемін деп  шын сөз берген,

Сертімізді  сақтасын!

 

***  

 

Періште ме,қысқы таңда,

Тылсым үні тәнті еткен.

Қамсыз,мұңсыз ғұмырыма,

Нажағай боп жарқ еткен.

 

Ұға алмадым,Құдіретін,

Ұға алмадым сырын да.

Мүмкін ауа тынысында,

Мүмкін мұңлы жырымда.

 

Сағыныштай  елтіп  өбкен,

Менің  сұлу  жүзімді.

Самал  болып  желпіп  өткен,

Бір нәзік тін   үзілді.

 

Періште ме мені сүйген,

Жоқ,әлде бір жасын ба?

Сол  елестің тәтті кейпін,

Әлі  іздеймін, расында.

 

***

 

Кейде, таңда үнсіз қалам,

Көрген түсті жасырам.

Шақырғанын тілсіз ғалам,

Мәңгілікке, ғасырға.

 

Түсімдегі ғажайыпты,

Хор қызындай мен көрген.

Және дию машайықты,

Көз алдымда сенделген.

 

Түс тылсымын іркіп қалам,

Айналамнан, өзімнен.

Ақ қағазға түртіп алам,

Сәттерімді көз ілген.

 

Сол түстерде өмір бардай,

Сезім бардай шын күткен.

Сол түстерде өзім бардай,

Сүйгенінен гүл күткен.

 

Түске сенем, түнге сенем,

Тылсымына  бас ұрам.

Бір ғажайып тербесе егер,

Неге оны жасырам?...

 

Ұға алмадым мұның сырын,

Көрген түстің  ғажабын,

Нені айтпақшы түс перісі?

Неден  менің  ажалым.

 

Сол  түстерде өзім бардай,

Сезім бардай  теңселем.

Сосын көктен көзімді алмай,

Түсті  өмір  жеңсе деп.

 

Жаратқанға  жалбарынам,

Өз ойымнан шошынам.

Дір-дір етіп таңда тұрам,

Бір тылсымнан тосылам...

 

(Якут  ақыны Елизавета Мигалкадан   еркін аударма)

 

***

Үмітімнің жібімей мұз қабағы.

Жанарымнан жазмышым сырғанады.

Жиылмаған бөлмем тұр,

Ал жүректе,

Бір үнсіздік сап-салқын сызданады.

 

Далада қыс.

Көктемді   аңсап күткен,

Сығалайды   бір  сәуле  самсап  көктен.

Менің   жаным   секілді   терезеден,

Мезгілдерге үн қатқан мұң, шаттықпен.

 

Менің   жаным  секілді  тасқын, тұман,

Сағынышты  сәт  сайын  асқындырған,

Дала  жатыр, кейпіндей   сүйіктімнің,

Қарашыққа  беймезгіл  жас  тұндырған.

 

Қимастығын  жасырып, жырақ  қашқан,

Қош  айтысқан, шешімін  сұрамастан.

Тылсымында   тағдырым   тұйықталған,

Сол  бір  жандай, күрсінді   жылап  аспан.

Менің  жаным  секілді  аласұрып,

Мендік жүрек секілді жылады аспан...

 

***

Мен бүгін  барлығына  шын   ризамын,

Нажағайға, бұрқасын, дауылға  да.

Жер бетіне ұсындым  гүл мизамын,

Жанның  бәрі   дәл қазір  бауыр  маған.

 

Бұлтты  құшып, сүйемін  көк  аспанды,

Іңкәрлікке  жан  жүрек   ұласқанды.

Қарсы  алдымнан  кезіксең  күлімдеймін,

Шығарып  сап, беймезгіл  қыр  асқанды.

 

Түнгі   ауаны  жұтамын, таң  самалын,

Ұмытылып, жабыққан, шаршағаным.

Күн секілді бір шуақ  жүрегімде,

Таңдайымнан  табылды  тамсағаным.

 

***

Ағыл тегіл егіледі жүрегім,

Көз жасымда ғұмыр жатыр ,ұққанға.

Сен мені  іздеп, оралмайсың, білемін,

Хат жазбайсың  нәзік таңғы шықтарға.

 

Алай-дүлей арпалысын кеудемнің,

Жасыра алмай, бұлтқа шақтым мұңымды.

Сағыныш боп көктен  жауып, селдермін,

Күзгі  желмен  жіберермін  жырымды.

 

Көңіл  жарым, жырым  қалды  шерменде.

Қайтқан құстан дерегіңді сұрармын.

Аспанымнан  жарық жұлдыз сөнгенде,

Сор кеудемді жұбата алмай жылармын.

 

(Әзірбайжан ақыны Рамиз Кусарчайлыдан еркін аударма)

 

***

Ай құшты дөңгелегін,

Тау үнсіз.Қала жым-жырт.

Елжіреп мен келемін,

Еркімнен дала мүлгіп.

Түн іші тылсым қандай?!

Сезімнен бас айналды.

Жүрегім тынши алмай,

Жанардан жас аунады.

Көз алдым тұманданып,

Көрместей ештеңені.

Бір үміт сылаң қағып,

Бір күдік тістенеді.

Ессіз ой еркімді алды,

Еркемнің қылығындай.

Ең нəзік таң шығындай,

Ең сұлу бұрымындай.

Сəлден соң,таң атады,

Аптығып,алып-ұшқан.

Тағы да жаратады,

Ғаламды сағыныштан.

Сұлуым ұйқысымен,

Балбырап жатыр ма екен?

Сол жанның күлкісіне,

Күллі əлем татыр ма екен?!