ШЫҒАРМАНЫҢ ӨЛШЕМІ – КӨРКЕМДІК ДЕҢГЕЙІ

 

Редакциямызға кіріп келген қарияға «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем беріп, төрге шығардық. «Балам, «Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» деген француз тәмсілін естіп пе едің?! Мен сол Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында туып, Алматыда өмір сүріп жатқан адаммын», - деп әңгіме бастаған ақсақалдың кім екенін тани алмай тұрғаныма қысылдым. Әңгімесіне қарағанда қаражаяу адам емес екені бірден білінді. Ұят болса да, «Ата, сізді тани алмай тұрмын?!» дедім кібіртіктеп. Ақсақал: «Бұрынғыдай жүз мыңдап таралатын кітап жоқ. Оқырман қаламгерлерді танып, білуден, оқудан қалып барады. Танымасаң, оқасы жоқ. Мен – Бақыт Сарбалаев деген қаламгермін» деді. Орынымнан атып тұрып, қайыра сәлем бердім, есімін газет-журнал арқылы жақсы білетін әдебиет сыншысын жүзбе-жүз тани алмағанымды жуып-шайғандай болып...

Қаламгер Ертіс-Баян өңіріне келген сапарында облыстық газет, журнал редакциясына бас сұқпай кетуін әбестік санапты. Қаладағы бірнеше руханият орталығында болыпты. Әр барған жерінде сағаттап әңгіме айтып, көңіліне түйгенін, көкейінде жүргенін жайып салып отырыпты. Біздің ортамызда да ағыл-тегіл ақтарылды. Әдебиет, өнер, сын, қоғам турасындағы, аға буын мен замандастары жайлы, келешек туралы ойларына ілесіп, санаға түйіп ал. Шамамыздың келгенінде, өреміздің жеткенінше қаламгер сөзін қағазға түсірдік...

 

Өзіңе қояр талабың жоғары болсын!

 

«Американ трагедиясы» романының авторы Теодор Драйзер айтады: «Барлық ілім-білім маман даярлайды. Ал әдебиет пен өнер қайраткер даярлайды», - дейді. Осы сөзді мен әкімдермен кездескен кезде үнемі айтамын. Әдебиетті оқымаған, өнерді білмеген адамнан қайраткер шықпайды. Ешқашан.

Эмиль Верхарн деген немістің ұлы ақыны бар. Сол әлемдік Нобель сыйлығын бес рет алам деп алдына мақсат қойған. Ала алған жоқ. Мәселе сыйлықта емес, оны қанша рет алғаныңда емес. Мәселе адамның планкасы, өлшемі жоғары болуы керектігінде.

Лажы болса, бір өлең жазсаң да, ол өлең ғажап болуы керек. Қызылордада Шаһизада Әбдікәрімов деген ақын бар. Ұлы десек, болады. Бар жазғаны – бір-ақ том. Әр жазған өлеңі – құбылыс. Ол туралы «Шандоз сөздің Шахы» деген кітап жаздым.

 

Менің ұстаздарым – Алаштың көшбасшылары

Менің ұстаздарым – «Бес қасқа» – Рымғали Нұрғалиев, Асқар Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Зейнолла Серікқалиев. Бесеуі де мықты сыншы, мықты ғалым.

Зейнолла Серікқалиев туралы «Сыншы Серікқалиев» деген мақалам бар. Оның жазғаны төгіліп тұрады. Бірақ, шығармаңа бояуды артық жағуға да, кем жағуға да болмайды.

Зейнолла Қабдолов – мықты әдебиетші, ол аз жазды, бірақ маған стилі ұнайды. Отты дейміз бе?! Жазғанының бойында жалыны бар. Тартымды жазады.

Рахманқұл Бердібаев – түркі үшін, қазақ үшін барын бергісі келген кісі. Шамалы салқындау жазады. Бірақ, жазғанының бәрі керек.

1973 жылдары Рымғали Нұрғалиевтің «Күретамыр» деген кітабы шықты. Сол туралы «Қазақстан мұғаліміне» мақала жаздым. Жарық көрді. Содан мені Рымғали ағам іздеп келді. Күтпедім. Мықтылығы ғой. «Жуамын», - деді. Өзім тәнті болып жүрген Асқар Сүлейменовпен сол кезде таныстым. Ал, Мұхтар Мағауин «Қазақ әдебиетінде» жұмыс істейді. Сол кездегі Алаштың көшбасшылары сол жігіттер еді. Жаңашыл. Ашық айтады. Біздің буынды солар тәрбиеледі.

 

Әдебиет түзелмей, әлеумет түзелмейді

Менің ойымша, ақын-жазушыларға көмектесу қажет емес. Сынға көмектесу керек. Мысалы, шын ақын-жазушы ақша үшін жазбайды. Әрине, Абай Құнанбайұлы байдың баласы болған соң еркін болды. Кедей болса, бұндай деңгейге көтеріле ме, жоқ па, ол бөлек әңгіме. Шын ақын-жазушы қандай, қалай болған күнде де әдебиеттен кетпейді. Ал, ортанқол ақындар, оқымасақ та ештеңе етпейтін қаламгерлер көп. Сынды түзесек, соларды да түзер едік. Бізде әдебиетті пысықтар жасап жүр ғой көбінесе.

Кеңес кезеңінде «Жабық рецензия» деген болды. Кезінде менің алдыма аты-жөні алынып тасталған көп шығарма келді. Талай ғылым докторын талқандадым. Авторын білмегендіктен мүмкіндігің, талғамың, білімің жеткенше «сындырып» айтасың.

Мысалы, Әбділхамит Нарымбетов деген ғалымды қатты сынадым. Бірақ, ол кісінің еңбегі зор. Ол әдебиет шежіресін жасауда көп еңбек етті. Сонысын мойындаймын.

«Қазақ әдебиеті» газетінде Шерхан Мұртаза редакторым болып тұрғанда, кімді сынасам да жариялайтын. Және өзі қорғайтын, жауға бермейтін. «Жақсы деген немене? Жаман деген немене?» деген мақала жаздым. Сол мақалада айтқан ойымнан бас тартпаймын. Кейде адамдар өзінің мүмкіндігінен, талант деңгейінен төмен түседі. Не үшін олай жасайды? Қаламақы үшін бе, басқа себебі бар ма, білмеймін?! Мысалы, Ғафу Қайырбеков – қазақтың мықты ақыны. Сол Ғафаң «Алтай аясында» деген кітап жазды. Сол кітаптың 70 проценті «су», орташа деңгейлі шығарма деп сынадым кезінде. Әуелі боқтап кетті, кейін келіп кешірім сұрады.

Қадыр Мырзалиев те менің ұстазым есебінде. Оны да тиістіп, сынадым. Отан соғысы туралы 2-3 шумақ өлеңі бар. Соны 20 шумақ қылып қайта жазыпты. Мақаламда екеуін салыстырып бердім. Ағам ренжіді. Кездесе қалсақ, амандасамыз. Бірақ сөйлеспейміз. Бір жыл өткен соң өзі мойындады. «Әй, Бақыт, сенің де көрмейтінің жоқ екен ғой», - деді маған.

Тұрсынхан Әбдірахманова «Халық жазушысы» атағын алғанда, «Лайық емес» деп жаздым. Шерхан басты. «Сын» журналында сондай мақалаларды жариялағым келді. Бірақ, Нұрлан Оразалин досым оған жол бермеді. «Саған анау жазғызып отыр деп айтады» деп қалтырап-дірілдеді. Жазушылар одағы қаржы бөлген соң, сынды батырып жаза алмадым.

Менің ойым, «Сын» журналын қайта шығару керек. Оған мықты қаламақы төлеу қажет. Ішінде барлығын ашық, ашып айту керек.

Сынды түзеу керек

Мен сын жазып теперіш көрген адам емеспін. Өйткені мен қолымнан келгенше құдайшылығын айттым. Сынаған адамдарыммен жеке қарым-қатынасым жоқ. Қазақтың азаматы ретінде, ақсақалы ретінде сәлем берем. Сын шын болса, мойындайды ғой. Менің үстімнен арыз жазған ешкім болған жоқ.

Кезінде талай жаздым: Жас ақындардың ішінде қарт ақындар, қарт ақындардың ішінде жас ақындар бар. Ең бастысы, ақынның шығармасы жас болуы керек.

Қазір қалам ұстағандарға, ең негізгі нәрсе – шынайылық жетіспейді. Жүрекпен жазып, шынайы болсаң, әдебиеттегі орыныңды табасың. Ақын өлеңімен оқырманға әсер ете алуы керек. Ақынға Абай болу шарт емес.

Өлшем, әрине, шығарманың көркемдік деңгейі. Шығарманың қажеттілігі де маңызды. Мысалы, мен Қытайдағы қазақ жазушысы Шәміс Құмар «Ер Жәнібек» романы туралы жаздым. Ол Нұрпейісов емес, Кекілбаев емес, Мағауин емес. Неге жаздым?! Оның жазған тақырыбы өте қажет! Шет елдегі қазақтарды қолдау керек. «Ер Жәнібек» романы тарихи шындықты танытқан шығарма деп ойлаймын.

 

Ауызыңды ашсаң, адалын айт!

Кез келген туынды, шығарма, біріншіден, шындықты айтуы керек, екіншіден, оқылуы керек.

Жақсы шығарма тірі болып, өмір сүруге тиіс. Халыққа әсер етуі тиіс.

Сыншы әділ болуға міндетті. Тек кемшілікті ғана көріп, соны айту, тек артықшылықты көріп, соны ғана айту – әділдік емес.

Біреудің сөзі бар: ауызыңды ашпа! Ауызыңды ашсаң, адалын айт, алдама! Қаламгер жүрегіндегі сөзді айтуы қажет. Ең бастысы – сол.

 

«Мен көрдім дүние деген...»

Қазір ақын Әбділда Тәжібаевты жиі сынап жүр. Бұл туралы менің көзқарасым екіжақты. 1937 жылдары өмір сүрсең, былғанбай қала аласың ба, қала алмайсың ба, бұл бөлек әңгіме.

Кешегі Желтоқсанда өзім куә болдым. Қазақтың үлкен тұлғалары – ағаларымның барлығын білемін: кім қорықты, кім қашып кетті?! Батыр дейтін Хамит Ерғалиевтің өзі бір ауыз сөз айтуға жараған жоқ. Хамаң шынымен батыр болатын. Ол – Маңғыстау облысына келген одақтың атом саласын басқаратын министрді орнынан тұрғызып, қазақ үшін тост алдырған адам. Бірақ... Абай айтады: «Мен көрдім дүние деген иттің көтін...» деп...

Ұл-қыздары қанға бөгіп жатқанда қазақтың мықтыларының 10-20-сы алға шықса, сөз сөйлесе, барлығы да басқаша болар еді?!

 

Әуезов – қазақ кім, ұлт кім десе, көрсететін тұлға

Әуезов – әлемдік тұлға. Ондай тұлға Түркияда бар ма?! Өзбекстанда жоқ шығар, тіпті. Луий Арагон: «Абай» – арманға бөлейтін кітап» деген. 18-19-ғасырдағы қазақтың өміріне, сол кезеңдегі патриархалдық, рулық құрылым, қазақтың рухани байлығы, бір-біріне деген сезімі олар үшін таңсық. Романды оқып, сол ғасырға келіп, қазақпен бірге өмір сүргендей әсер алған ғой. Ал, Қаныш Сәтбаев: «Қазақ халқының өткен өмірінің энциклопедиясы» деп айтқан «Абай жолын».

Қазір «Абай жолын» төмендететіндер бар. Стилі басқа. Социалистік реализммен жазылған дейді. Мен онымен келіспеймін. Өз кезінде озған шығарма, кейін де оза береді.

Қазір жамандап жүрміз ғой, Ленин деген кемеңгердің бір сөзі бар: «Шығарма тарихи түрде және салыстармалы бағаланады», - дейді ол. Әуезовты болашақпен де салыстыруға болады деп ойлаймын. Әуезов – қазақ кім, ұлт кім десе, көрсететін тұлға.

 

Бауыржанның өнегесі

Идея көп. Жарыққа шыға ма, шықпай ма, білмеймін, «Бауыржандар» деген кітап жазғым келеді. Бастап та қойдым. Онда негізінен 3-4 Бауыржанды қамтимын.

Қазақстанда қанша Бауыржан бар. 14 мың ба екен, 15 мың ба екен?! Соларды келтіріп, оларға батыр Бауыржан Момышұлының әсері қандай соны жазамын. Бауыржан туралы өз ойымды, танымымды жазамын.

Екінші Бауыржан – Бауыржан Оспанов. Талдықорғанда тұрады. Оған   риза болғаным, Жазушылар одағының көп бәйгесіне қаржылай қолдау көрсетті. Қай жылы екенін ұмытып қалдым, Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы Еуропа қазақтарының басын қосып, Швецияда құрылтай өткізді. Бардық. Мен Қауымдастықтың үні – «Қазақ елі» газетінің бас редакторымын. Сонда Бауыржанмен кездесіп, таныстым. Сол құрылтайды өткізуге, өнерпаздарды алып барып-келуге Бауыржан демеушілік танытыпты. Қазақта байлар көп, көбісі олай жасамайды. Өресі жетпейді.

Оның бір-екі сұхбатын оқыдым. Кәсіпкер болғанымен, елде істеп жатқан ісі, принципі «Бауыржан» деген атқа әбден лайықты.

Ал, үшіншісі – ақын Бауыржан Жақып. Қазір поэзияда оның алдына түсетін ақын жоқ. Төртінші «Бауыржан» – көсемсөзші Бауыржан Омаров.

Осы төртеуі менің талғамыма толып, кітабымның кейіпкері болады деп ойлаймын.

Сол кітапты шығарғым келеді. Бауыржан батырдың үлгісін, ерлігін, батырлығын, сөздерін жастарға өнеге ету керек.

 

Біреу болса да, бірегей болсын!

Бізде батырларға ескерткіштерді қаптатып қоя береді. Бір-бірінен аумайды. Қолына қылыш-найза ұстатып, аттың үстіне отырғыза салады. Ондай ескерткіштер көп. Бірақ бұл өнер туындысы емес. Ешқандай көркемдік шешімі жоқ. Біреу жасасаң да, бірегей жасау керек. Әр ру өз батырын ғана әспеттей бермей, өзге өңірлерден шыққан тұлғаларға көңіл бөлсе, елдігімізді танытқанымыз болар еді.

 

Жазып алған: Еламан ҚАБДІЛӘШІМ