Бісімілла, рахман-рахим!
«Мадақ айтып бас иеміз Жаратушы Аллаға,
Рақымы мол, мейірімі шексіз сол ғана,
Қиямет-қайымның жалғыз әміршісі де сол ғана...»
(Мұхтар Мағауиннің аудармасы)
Есеп-қисап – он сегіз мың ғаламды жаратқан Алланың есебі. Күн мен Ай да белгілі есеппен айналады, Жер де белгілі есеппен қозғалады. Пенденің бес парыздан бастап қырық парызға дейінгі өлшеулі өмір де есеп. Адамның барлық ғұмыры есепке негізделген. Құранда: «Кiм бiр жақсылықпен келсе, оған сондай он есе сый беріледі. Кім бiр жамандық iстесе, сондай жазасын алады» және «Қиямет күнi әділет таразысын орнатамыз. Сонда ешкiм әдiлетсiздiкке ұшырамайды» – деп тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Мына фәни-жалған есепке құрылса, қым-қиғаш есептің шешімін тапқандар алдынан жәннат қақпасы ашылмақ, таба алмағандар тозаққа тап болмақ. Есеп-қисап мұсылманның жасаған амалдарына байланысты. Әрбiр пенде iстеген амалына қарай есеп береді, соған қарай сый немесе жазасын алады.
Құран кәрімнің өзі біріңғай есепке құрылғаны белгілі. Құран 30 парадан, 114 сүреден, 6666 аяттан тұрады. Москвада жарық көрген Крачковский аудармасындағы түсіндірмеде Құран 6236 аяттан тұрады деген. «Ислам әліппесінде» (Алматы, 2000 жыл, 48 бетте) аяттар 6323, ал осы кітаптың орыс тіліндегі нұсқасында (180 бетте) 6232 деп көрсетіліпті. Москвадан жарық көрген қазақ тіліндегі «Құран» нұсқасына берілген түсініктерде аят саны Басыра көшірмесінде 6204, Куфа, Үнді, т.б, көшірмелерде 6236 болғаны айтылады. Қалай болса да, Құран сүрелері мен аяттары керемет есепке құрылған.
Құранда егер отыз пара болса,
Мекке мен Мәдинадай қала болса,
Оразаның күні де отызға тең,
Отыз күн әр ай сайын жаңаланса. 30
Алты мың алты жүз алпыс алты аят болса, 6666
Қосқанда жиырма төртке таяп тұрса, 6 + 6 + 6 + 6
Алланың есебінің қатесі жоқ, =
«Әмин!» – деп барлық сүре аяқталса. 24
Құранда тек жүз он төрт сүре болса, 114
Қосқанда алты екенін білер болсаң, 1 + 1 + 4
Оның да қосындысы бұзылмай ма =
Санатқа басқа сандар кіре қалса. 6
Алтыға алты қосса – күн емес пе, 6 + 6
Алтыға алты қосса – түн емес пе, 6 + 6
Он екі және он екі – тәулік болса, 12 + 12
Күн мен түн тәуліктегі бір емес пе?! 24
Пенденің болғанымен зор талабы, +
Есептен жаңылғанды дерт алады. _
Қосу мен Алу, Бөлу, Көбейту де – :
Алланың ойлап тапқан төрт амалы. ><
Төрт амал қияметте де алдыңыздан шығары хақ. «Алғанға алтау да аз, бергенге бесеу де көп» деген қазақы ұғым ол жерде жүрмейді. Алсаңыз, қажетіңізге ғана алыңыз. Берсеңіз, кедей-кепшікке, жетім-жесірге, ізгілік жолына беріңіз. Бөлсеңіз, туған-туыс, жолдас-жора ырза болатындай етіп тең бөліңіз. Көбейтсеңіз, Алланың ырзашылығы, елдің ырыздығы үшін көбейтіңіз.
Сонымен, төрт құбыламызды түгендейтін болсақ, дүнияны ұстап тұрған төрт амал екен.
Ақиқаттың ауыр жүгін арқалар
Әлемдегі ең мықты амал – төрт амал.
Жүзеге аспай қалса өмірде төрт амал,
Жердің жүзін топан басып, өрт алар.
Алу, бөлу, қосу және көбейту –
Адамзатты алуан күйге бөлейтін.
Бірін алып, бірін бөліп, жамандап,
Кейбіреулер күн көреді амалдап.
Сол төрт амал жылатар не күлдірер,
Амалының артықтығын білдірер.
Бірақ, ылғи ала берсең, не қалар?
Телегей су болса-дағы, суалар.
Бөле берсең, іргең бір күн сөгілер,
Бөлінгенді талап алар бөрілер.
Қоса білсең, ырысың да қосылар,
Бағың тасып, дәулетіңді асырар.
Көбейткеннен кеңейеді өрісің,
Соның бәрін жаса туған ел үшін.
Төрт амалдың орындасаң барлығын,
Саған алғыс айтары анық алғы күн.
Екпініңді тоқтата алмас бар қамал,
Төрт аяғың тең болсын тек, төрт амал!
Тоссын алдан талай өмір сынағы,
Ешкім Бірге қоя алмайды кінәні.
Бір дегенді Бір Алла деп таныған
Мұсылманның қолындағы Құраны.
Абайдың: «Единица болмаса – не болады өнкей нөл» деген өлеңі де еске жиі түсе береді. Шындығында біздің бастапқы бірлігіміз де, қазіргі тірлігіміз де бір және нөл сандарымен тығыз байланысты. Қазақ үшін барлық сан да қасиетті, алайда, бірліктің өзін бірден бастаған аталарымыз осы санның атауын еркек мағынасында қолданған тәрізді. Ал нөл әйел деген ұғымды білдіреді. Яғни, бір бастап, нөл қоштап, екеуі біріксе ғана сан көбейеді. Бұдан әйелдің қоғамдағы орны төмен деген ұғым тумайды. Керісіңше, нөл болмаса, алдыңғы санға нөл қосылмаса, алғашқы тоғыз онға жеткеннен кейінгі ешбір сан санға саналмайды, санатқа жатпайды. Нөл қосылмаса Бірдің де бағы жанбайды.
Он дегеніміз санмен 10 деп белгіленсе, нөлді алға қойсақ – 01, яғни, единицаның алдына нөлдің шығуы – өзеннің теріс аққанымен бірдей. Жүз бен мыңның, миллион мен миллиардтың да көш басында бірлік тұрады. Бұл – бұлжымайтын заң. Ендеше осы заңды бұзғысы келіп жүргендер немесе шама-шарқы келгенше бұзып жүргендер өмірдің өзегін бұрмалаушылар, бір мен нөлдің бағасын білмей, жөнсіз қудалаушылар.
Қазақтың «жүз жылдық күйеу, мың жылдық құда» деген сөзінің мәнісіне көз жіберсек, аралас-құраласқан 10-ға тағы бір нөл қосылса 100 (жүз) шығады, оған екі нөл қосылса 1000 (мың) шығады. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегенде де нөлдер озбайды, тек 1 (бір) ғана озады. Қой бастайтын көсем серке де Бір. Сондықтан да санды он деп санасақ та, ойда нөл тұруы керек. Барлық санды тек қана санатта бар сандар емес, көбінесе жоқ деп есептелетін, шындығында бар нөл ретке келтіруі керек. Өйткені,Алланың жаратуы солай.
Ал күнде айтылатын азанға келсек, Біріккен араб эмираттарының математик ғалымдары Жер бетінде азан тәулігіне 24 сағат, яғни 1440 минут айтылып тұратынын дәлелдеді. Бұл туралы араб ғалымы Абдул Хамид аль-Фадиль «Аль-ваи аль-ислями» журналында хабарлады. Біздің планетамыз 360 уақыт меридианына бөлінген. Бұл меридиандардың әрқайсысын екіншісінен тура 4 минут бөліп тұрады. Азан да 4 минут айтылады.Сонымен айтылған азан бір меридианда аяқтала сала екіншісінде басталып жатады. Осылайша азан дауысы Жер бетінен үзілмейді.
Ислам дінінің тілдің ұшында тұрған үш сатысы: Ислам.Иман.Ихсан. Ал Мысыр еліндегі әйгілі пирамидалардың өзін математикалық формуламен белгілесек: (3 + 3 + 3 + 3 = 12) деген сан шығады. Пирамиданың өзі – жылтізбе, әр үшбұрыш – бір мезгіл, яғни, жылдың төрт мезгілі, көктем, жаз, күз және қыс.
Інжілде Исаны сатып кететін құпия кеңесте он үш апостол жиналғаны айтылады.Он үшінші апостол Иуда опасыз болып шығады. Шығыс Рим империясының астанасы Константинополь, бүгінгі Ыстамбұл Осман әулетінен шыққан Сұлтан Мұхаммед Фатиһтың (Жеңімпаз) қалың қолымен жауланып, он үші күні алынды. Ыстамбұлдың негізі Ислам бол деген мағынаны береді. Сондықтан да діні басқалар он үш санын ұнатпайды. Он үш санын санаттан шығарғандар қазақтың мүшел туралы ұғымын да түсінбейді. Шындығында он үш деген – туған айдың бір күні. Он үш санын жамандыққа жору Жаратқанға, жар болғанға қарсылық.
Атақты ғалым Исаак Ньютон: «Құдай бәрін сан, салмақ және өлшем бойынша жаратты» – деген екен. Араб ғалымы Рашад Халифа 1983 жылы Бейруттта жарық көрген «Қасиетті Құранның ғажайыптары» деген кітабында Алланың жолдауы деп есептелетін Құраннан көптеген математикалық айғақтар тапқаны туралы жазған. Ол компьютердің көмегімен Құран мәтініндегі сандық заңдылықтарды математикалық талдау арқылы ашқан.
Арабтың «Алиф» деген әріп таңбасының өзі бір (1) деген сипырды білдіреді. Қазақтардың «Әліпті таяқ деп білмейді» деген сөзін еске алыңыз. Әліптің өзі таяқ пішіндес болса, бір сипырының кейпін көрсетеді ғой. Әліп, ләм, мимнің де мағынасы Бір Аллаға ғана аян. Бабаларымыздың: «әліптің артын бағайық, ләм-мим демеді» деген сөздерінде де үлкен мағына бар. Сондықтан да санға мұқят болыңыз, санда бар, санатта жоқ болып қалмау үшін Құран қағидаларына жүгініңіз!
Құрандағы 114 сүренің барлығы да «Мадақ айтып, бас иеміз Жаратушы Аллаға, рақымы мол, мейірімі шексіз сол ғана» (орыс тіліндегі нұсқада - «Во имя Аллаха, Всемилостивого, Милосердного» деген сөздерден басталатыны белгілі. Қасиетті Құранның ең ұзын «Әл-Бақара» сүресі 286 аяттан тұрады және «Әліп Ләм Мим» деген жеке-жеке әріптерден басталады.
Белгілі татар жазушысы Равиль Бухараевтың алғысөзімен 2007 ж. жарық көрген (аудармашы Бүкілдүниежүзілік Ахмедия мұсылмандар қауымдастығының өкілі Халид Ахмат) «Священный Коран» (арабский текст с русским переводом) деген кітапта Құранның екінші сүресіндегі («Әл-Бақара») Алиф Лам Мим әріптерінің мағынасы жақша ішінде (Я, Аллах, Найлучший Знающий) деп көрсетілген. Ал үшінші сүреде («Әл-Имран») дәл осы үш әріп жақша ішінде (Я, Аллах, Лучше Всех Знающий) деп жазылған және барлық сөздер бас әріптермен берілген. Қазақ тілінде барлығын артық білуші деген осы ұғымның мағынасы көптеген кітаптарда «Мағынасы аян жалғыз Аллаға» деп айтылады.
Осы аудармада он екінші сүредегі («Жүсіп») Алиф Лам Ра деген әріптер (Я, Аллах, найлучший Видящий), яғни көруші деген ұғымды білдіреді деп көрсетілген. Он үшінші сүредегі Алиф Лам Мим Ра деген төрт әріп (Я, Аллах, Найлучший Знающий, Найлучший Видящий) делінген, яғни білуші мен көруші қосылып айтылған.
Әліп Ләм Мим – осы үш әріп басқа сүрелерде де жиі қайталанады. Сонымен бірге Ха және Мим деген екі әріп те көп қолданылады, оның мағынасы мақтаулы, даңқы асқан (Достохвальный, Преславный) деген ұғымды білдіреді. Бұл екі әріп 40-шы сүреден бастап 46-шы сүреге дейін әр сүренің ішінде қатарынан айтылады.
Мұхамбет пайғамбар (с.ғ.с.): «Құран Аллаға деген жіп әрі ашық нұр! Оны ұстағандарды ол қорғайды, құтқарады. Бұрыстықтан дұрыстыққа бастайды. Оның адам өміріне ғибраты шексіз. Қайта – қайта оқумен ескірмейді. Олай болса, оны оқыңыздар! Оны оқығандарға он есе сауап беріледі. Әліп, Ләм, Мим бір әріп емес, Әліп үшін он, Ләм үшін он, Мим үшін он сауап бар » – деген екен.
Араб ойшылы Ибн Аббас «Әліп-ләм-мим» сөзіндегі «Әліп» Алланы, «Ләм» – Жебірейілді, ал «Мим» – Мұхамбетті білдіреді деген болжам айтқан.
Әліп десем – ізгіліктің бастауы,
Ләм десем – Құдіреттің қоштауы,
Мим дегенім – келешектің жоспары,
Мағынасы аян жалғыз Аллаға!
Бай мен кедей, бәрінде бар тіл-көмей,
Таңдап алған тура жолмен жүр демей,
Тұрғандар бар ләм-мим деп үндемей,
Мағынасы аян жалғыз Аллаға!
Барлық сырға келсе түгел қаныққың,
Табасына қалмау үшін тарихтың,
Жөн болады артын баққан әліптің,
Мағынасы аян жалғыз Аллаға!
Осы жырды жазарда менің ойымда да осы құпия әріптер тұрды. Бұл әріптердің шешуін дәл табу қиынның қиыны.«Әліппенің» өзі «Әліп» әрпінен басталады. Бір деген сан да (І) жалғыз сызық, яғни әліппен белгіленеді. Сондықтан да әліптің мағынасы өте терең.
АДАМ деген сөздің өзі, адамзаттың атасы, алғашқы пайғамбардың есімі төрт әріптен тұрады (Алиф, Дәл, Алиф, Мим).
Алиф – Әліпті айтып тік тұрдым,
Дәл – Дәл дегенде бүгілдім,
Алиф – Әліпті айтып тіктелдім,
Мим – Мим дегенде иілдім.
Сәжде жасап Аллаға,
АДАМ болдым, сүйіндім.
Шынында да Адам сөзінің өзі осы төрт әріп арқылы Аллаға жалбарынуды ишаратпен түсіндіріп тұрған жоқ па?!
Бір қызығы, дәл осы тақырыпқа осыдан біраз жыл бұрын осы өлеңді жазған едім. Ал мына мәліметті Ғаламтордан жақында көрдім. Қазақ тіліне аудармай-ақ, әдейі орыс тілінде ұсынып отырмын: «1961 году в мечеть Сулейманийа, имамом которой в то время был Хаджи Назиф Челеби, пришла группа туристов. После намаза туристы обступили со всех сторон, и стали задавать ему различные каверзные вопросы. Кто-то из них пытался доказать, что человек произошел от обезьяны, кто-то спрашивал почему в намазе мусульмане стоят прямо, потом нагибаются, а потом падают ниц, какой в этом смысл, и почему мусульмане не поставят в мечетях скамьи и просто не сидят, слушая имама?
Хаджи Назиф Эфенди дал незабываемый ответ на этот вопрос, сказав:«Во время намаза мы сначала стоим на ногах, затем совершаем поясной поклон, а затем совершаем земной поклон. Мудрость этого заключается в следующем:Когда мы стоим прямо, то как будто пишем первую букву «алиф», в имени пророка Адама (алейхи салям) (имя пророка Адама, при написании на арабском языке, состоит из трех букв «алиф», «даль» и «мим»). Поэтому мы стоим прямо, как эта буква. Затем мы совершаем поясной поклон так, как будто бы пишем букву «даль». Остается последняя буква «мим». Совершая земной поклон, мы как будто бы пишем эту букву. Таким образом, совершая эти движения, мы как будто пишем имя нашего отца Адама (алейхи салям) в каждом намазе, и своими движениями мы отвергаем то, что человек якобы произошел от обезьяны».
Құрандағы әрбір сүре, әрбір аят қана емес, әрбір әріптің де құпиясы мол. Әр әріпте сансыз сауап бар.
Орыс жазушысы Антон Чеховтың «У человека все должно быть красиво..» деп басталатын сөзін жаттап өстік. Сонда жазушы не дейді? Адамның киімі де, тәні де, жаны да таза болуы керек деген ой айтады. Ал дәл осы қағида Құранда да, хадистерде де айтылған ғой. Яғни, Чеховтың сөзі сол қағиданы қайталау.
Ленин айтты деп есептеліп келген «Оқы, оқы және оқы!» деген сөз Совет үкіметі тұсында көрінген мектептің қақ төріне үлкен әріптермен жазулы тұратын. «Оқы!» деген сөзді ең алдымен Мұхамбет пайғамбарға Жебірейіл періште айтқан. Одан кейін Мұхамбет пайғамбардың өзі: «Оқы, оқы, тағы оқы!» – деген. Ыбырайдың «Бір Құдайға сыйынып, кел,балалар, оқылығы» да пайғамбар сөзінің жаңғырығы. Осы сөзді кейбіреулер Ленинге жапсырып жүр. Негізінде – бұл Алладан келген сөз. Лениннің өзі шынында да кітапты өте көп оқыған және өзіне керегін сұрыптап, қажетіне пайдаланған. Мәселен, коммунистердің манифесінің көптеген қағидасы түп-түгел Құраннан көшірілген. Тек мағынасы сәл-пәл ғана өзгертілген. Сонда Құран сөзіне жиендік жасаған Ленинді кім дейміз?
Кейінгі жылдары қазақ ақын-жазушыларынң шыққан кітаптарының таралымы күрт төмендеп, небары 1-2 мыңға дейін құлдырап кеткенін білеміз. Ал имандылық тақырыбына арналған діндарларымыздың, имамдар мен молдаларымыздың кітаптары көптеп шығып жатыр. Әрине, бұл құптарлық қадам. ҚМДБ сараптама комиссиясының шешімімен шығарып жатқан көптеген кітаптармен жақсы таныспын. Олардың Ислам құндылықтарын жариялаудағы және насихаттаудағы орны ерекше.
Әсіресе Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан сараптамадан өткен кітаптар көпшіліке ұсынылуда. Олардың таралымы 10 мыңнан 25 мыңға дейін жетеді. Көңілде тұрған бір түйткіл, осы кітаптардың мазмұны дұрыс болғанымен, ондағы сөз қолданыстары сауатты редакторлардың қолынан өтпегені жиі байқалады.
Мәселен, теология ғылымының докторы Мұсахан Исаұлының Құран және пайғамбардың хадистері туралы мақалаларын жиі оқимын. Оның біліміне де ырза боламын. Бірақ, бұл кітапта кемшілік жоқ деген сөз емес.Автордың Астанадан 2011 жылы «Полиграф» баспасынан басылып шыққан «Мәңгі мұғжижа» атты кітабында «Құранның өзге де есімдері» деген тарау бар. Есім тек кісілерге беріледі емес пе? Автордың айтқысы келіп отырғаны ат немесе атау болуы керек. Жер-су есімдері деп те айтпаймыз ғой. Әдеби қолданыста жер-су аттары, кітап болса кітап аттары немесе кітап атаулары деп жазылмай ма?!
Осы кітаптағы мұғжижа деген сөзді де (қазақша мағынасы құдірет болуы керек) қарапайым қазақтың көбісі түсінбейді. Кітапта Жаратушының аты Аллаһ деп жазылған. Діни басқарма Алла есімінің дұрыс жазылуы туралы шығарған пәтуаға дейін жарық көріп кеткен кітап болған соң, оған кешіріммен қарадық. Келешекте түзесе болды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптау комиссиясы мақұлдаған тағы бір кітап «Ислам жанұясы» (Алматы, 2014 ж) деп аталады. (Әрине, бұл арада пәлендей қате болмаса да, терминком қабылдаған қағидаға сүйеніп, «Ислам отбасы» деген орынды болатын еді). Осы кітапта «Пайғамбарымыз (с.а.с.) өз сахабаларына мұсылман адамға парыз айн болмаған, нәпіл немесе парыз кифая құлшылықтарынан ата-анаға қарайласудың, олардың жанында қалып, қажеттерін өтеудің абзалдығын айтқан» деген сөйлемдер (13 бет) бар. Ал 15-бетте «Фурқан» деген сөз жүр. Жақша ішінде сол сөз Құран Кәрім деп көрсетілген. 153-бетте «фиқһ ғылымы» деген тіркес кездеседі.
Айн араб әліппесінің бір әрпі. Кифаяның не мағына беретінін араб тілін меңгерген оқымыстылар болмаса қаймана қазақ қайдан білсін?! Фуркан – Құранның өзі ме, әлде сүресі ме, діни сауаты шамалы кісіге түсіну қиынға соғады. Ал Фикһ (араб.: فقه) - терең түсіну мен жан-жақты ұғыну деген мағынаны береді екен.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» атты кітапта (Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, 2014 ж) алғысөзден бастап әрбір тарауларда үкім деген сөз жиі қолданылыпты. Мысалы. ұрпақ сүю үкімі, дініміздегі үйленудің үкімі. Үкім көбінесе айыпталған адамдарға шығарылатын сот шешімі немесе билер кесімі ғой. Оның мағынасын бұрмалаудың қандай қажеті бар?!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдар форумында қабылданған (Астана, 19 ақпан, 2015 ж.) «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты кітапшада: «Біреуді кемсіту оған зиян беру дегені. Ал шариғатымыз біреуге зиян беруден тыйған» (10 бет) деп жазылыпты. Зиян беріле ме екен? Зиян келтіреді десе бірсәрі.
Біз жеңіл-желпі шолып шыққанда байқаған бірнеше қате туралы ғана сөз қылдық. Шынында қазіргі шығып жатқан діни кітаптардың көпшілігі оқуға өте ауыр, әсіресе, көпшілікке түсініксіз терминдерге, арабизмдерге толы. Көптеген сөйлемдер қатып қалған, аударма мәтіні секілді.
Бір қуаныштысы, діни басқарма Алла сөзі туралы арнайы пәтуа шығарып, кемшілік түзетілді. Алай да, шет елден білім алып келген имамдардың біразы бұл пәтуаға құлақ асып жатқан жоқ.
Алла қаласа деген сөзді машаллах деп, құтты болсынды мүбәрак деп айтып жүргеніміз аздай, иншалланы иншаллах, сұбыханалланы сұбыханаллах дегенге де құлағымыз үйренді.Қазақтың атам заманнан қалыптасқан ауызашарын кейбір молдалар ифтар деп араб тілінде түсіндіреді. Сондай-ақ бауырым, туысым дегеннің орнына ақи деген араб сөзін жиі қолданады. Қазақта ақиланып деген сөз бар. Мағынасы жақсы емес. Ана тіліміздегі дайын сөзді өзгертіп айтқаннан не ұтамыз? Арабшаға іш тарту бір кездегі қазақ жастарының орыс тіліне құмарлығын еске салады. Сол кезде қазақ сөзінің орнына орыс сөзін айтқандар білімді саналатын.
Сол сияқты ауызша сөйлегенде де, жазбаша түрде де сену, нануды истиқад, ыждағат, ынтаны иждиһад, шапағатты шафағат, есеп-қисапты хиссаб, ақиқатты хақиқат, терең білімді, білімірлікті мағрифат деп жүргендер аз емес.
Ислам діні туралы ғылыми-танымдық кітаптармен қатар қалың оқырман санасына тез жететін өлең-сөзбен жазылған кітаптар да ауадай қажет деген пікірдемін. Діндар дәуір әдебиетінің көптеген өкілдері осы тақырыпқа қалам тербеді. Осы уақытқа дейін қалың оқырманға белгілі болғаны бар және белгісіз болып келген ақындардың ғазалдары мен назымдары, діни дастандары, айтыстарының танымдық-тағылымдық жағымен қатар имандылық туралы беретін ғибраты мол деп есептеймін. Ондай жырлар қазіргі қазақ қаламгерлерінде де аз емес.
Ортаға салар ойымның түйініне келсек, қазақ ешуақытта араб бола алмайды. Мұсылман болсақ, қазақтың ата дәстүріне сай, ана тілімізге құрметпен қарайтын адам болуымыз керек. Ата-бабамыздың керегесі ағаш, ұраны Алаш болды. Дініміз Ислам болса да, ұлтымыз қазақ екенін ешуақыт жадымыздан шығармағанымыз абзал.