СЕРІК АҚСҰҢҚАРҰЛЫ. АҚ ЖОЛ, БАУЫРЫМ!

ХХ ғасырдың 80-ші жылдары «ХХ ғасырдың 20 сәтін» жазып, көктен жерге түсе алмай жүрген кезім... Алматының барларын басыма көтеріп жүргенім есімде. Қасымда – Дәуітәлі.

– Қайдан келген жігітсің? – деді сонда біреу.

– Арқадан...

– Арқаның қай жерінен?

– Қарағандыдан?..

– Қарағанды да қазақ тілін біледі екен ғой?!

– Неге біл-мей-ді? – дедім. Даусым тым

созылыңқырап, қатқылдау шығып кетті-ау деймін, Дәутәлі бір пәленің боларын сезгендей: «Бұлар қазақ тілі өз алдына, перінің де тілін де біледі ғой!» – деп сақылдап күліп жіберді...

«Мен – Үйсінмін!» – деп Мұқағали айтпақшы, ормандай сыңсыған орысы көп болса да, Алаш құнары сіңген жерден туып, Абай тілінің жұпары аңқыған елден шықтық – Тәңірге тәуба!

Баяғыда осы Қарағандыда қасымда бір-екі- үш-ақ ақын жүр еді. Қазір солардың қарасы көбейіп, өзінше бір қауым болып қалды. Серік Сағынтай, Қайрат Асқар, Руслан Нұрбайлар бастаған 90-шы жылдардағы жас толқынға Жоламан Айткен, Ерік Нарынның тағы бір асау толқыны келіп, қосылып жатыр. Бұлар қазақ жырының тереңінен жүзіп ішіп, әлемдік поэзияның құнарынан нәр алып жатқан тегеурінді буын. Соның ішінде осы Ерік Нарынның шығармашылық ізденістері елден ерекше десе болады. Қасым туған қасиетті топырақта кіндігі кесілген жас ақынның жан-дүниесі, өлеңі де шынайылығымен баурайды. Ел көшіп, иесіз жерде қалған аялдама туралы өлеңіне  қараңыз:

Бүлдіршіндер күтпейді енді анасын.

Нанбасыңа не амал бар – нанасың!

Сұлулар да сарбаздарын қарсы алып,

Бауырлары күтпейді енді ағасын.

 

Жалғыздыққа көну қиын

Ал, дауылға төзбес кім?!

Жалғыздыққа ұйқы бердім, шер кештім.

Аялдама тағдырласым боп шықты,

Күтпейді онда сағынғанын енді ешкім!

 

Маңайында –

Жусандары бұлттың жасын қылғытып,

Күре жолдан Ай мен жылды жылжытып,

Жалғыз өзі күре жолдың бойында,

Аялдама – әлдекімді тұр күтіп...

Жүректі шым еткізетін өлең бұл! Артық- ауыс сөзі жоқ. Әр сөз – өз орынында. Бір кезде бізге Абай әкелген еуропалық өлең мәдениетінің иісі бұрқырап тұр мұнда. Біреулерше сөзбен ойнамайды бұл...

«Інжілде» айтылатын «Ең бірінші пайда болған – Сөз. Сөздің киесі бар» деген тәмсілді жан-жүрегімен сезінеді ол. Шөп те, шөңге де өлең емес, Поэзия деген – Рух екенін бажайлай бастапты... Мен соған қуанып отырмын.

Алда өз жаныңды өзің тезге салатын небір ұйқысыз түндер, қым-қуыт ізденіс жылдары күтіп тұр. Оған екінің бірі, егіздің сыңары шыдай алмайды!Анасынан ақын болып туған адам ғана төтеп берер тағдыр-таланы – бұл. Маңдайға Тәңірі не жазды, соны көресің. Жаныңды шүберекке түйіп, Алаш-Анаңның алдына келе жатырсың! Алла алқағай сені: жүрегіңді кір шалмай, «Фейсбуктегі» жаяу жарысқа еріп, шаңдатып кетіп, санаңа Жаратқан сәуле түсіретін саңылауыңды жауып алмасаң, Қасымдар шыққан қияда қанат қағатыныңа сенімім кәміл!

 СЕРІК АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

 

 

 

 

***

«Қазығұрттың басында кеме қалған»,

Бұлаңдайды күдігім белең алған:

Бір кемеге жол бастап барады анық,

Көз алдымда суылдап жебе жалған.

 

Түйсігімнің түбінен жымыңдап от,

Қорқынышым сендірді-ау ырымға көп!

Адамзатты жарылқар аян түгіл,

Бір мұңлықты жұбатар жырым да жоқ.

 

Келер күнім мейірім береді деп,

Көкірегімде шоқ үміт келеді үдеп.

Топан мұңның тербелсін толқынында,

Ақ желкені жыртылған кеме жүрек.

 

Аулақ ұстап өзді-өзін былықтардан,

Сол жүректе не түрлі тұныпты арман.

Шер-күйіктің кемесі адасып кеп,

Қазығұрттай кеудемде тұрып қалған!

СЕЛЕУ

 

Жатқан кезде түндік шетін от қауып,

Жүруші едік кең далада шөп шауып.

Ағам бір ән бастайтын-ды ыңылдап,

Көңілінің түкпірінен шоқ тауып.

 

Сары майдай сыр айтатын едік біз,

Оянып ап тыңдаушы еді келіп күз.

Сырымызды дауыстап-ақ айтатын

Сары күзге ақ жүрекпен сеніппіз.

 

Ағамдыкі – кеше кіммен сүйісті,

Ал, менікі – көзім кіммен түйісті.

Мөлдірліктен көкжиектей қызарып,

Нәзік қылдан төгілетін күй ішкі.

 

Оның жыры – үлкен өмір, жанталас,

Менің жырым – сол қыз еді парталас.

Титтей жүрек асқақ, ұлы сезімге,

Қарсыласа алмайды ғой – қауқар аз.

 

Уақыт өтті, талай гүлді көрдік біз,

Ұйқы қашқан талай түнді көрдік біз.

Мұңымыз бен жырымыз да бөлек боп,

Есейгелі сыр айтпайтын болдық біз.

 

Есейткелі тоқтауы жоқ жылдарым,

Сырларымды біледі тек жырларым.

Селеу болып шаншыйды кеп кеудемді.

Жан ағама айтпай жүрген сырларым.

 

АҢСАР

Жәутеңдей қарап көп белге,

Елестеп көзге гүл мүсін,

Жеткізбей қойған көктемге,

Күндерге налып жүрмісің?

 

Толады білем кейде ішің,

Ақтарылғың кеп ақпанға.

Күндерді өтпес деймісің,

Ғасырлар өтіп жатқанда!

 

Көп күндер көп ой түюмен,

Жол сілтеп кейде жолсызға,

Сүймейтін жанды сүюмен,

Жатыр ғой өтіп онсыз да!

 

Сағынып шықсаң бел бір шың,

Шын сүйсең байтақ әлем жыр!

Көктеміңді аңсап сен жүрсің,

Өткенін аңсап әжең жүр!

 

Күндер бар жылдай созылар,

Жылдар бар өтер бір күндей!

Жүрекке бәрі жазылар,

Шер болып қатып – күлдірмей!

 

Күттірді-ау сонша көктемің,

Төзімің бекем о, қалай?!

Аңсатса бір күн өткенің,

Қайтер екенсің, ботам-ай?!

Қайтер екенсің, ботам-ай?!

 

***

Кеткен бақыт оралмайтын секілді,

Кеткен қырсық жоғалмайтын секілді.

Әлдекімнің жолын қарап жүргенде,

Жаз да кетті, не тынды?!

 

Шашын жайып қалың орман толғайды,

Көңіл айтып төбесін бұлт торлайды.

Сағыныштан сарғайғаның түк емес,

Кетер жанға бауыр бассаң сол – қайғы.

 

Жаз кеткелі қатқан көлге жолықтым,

Әлденеден секем алып қорықтым:

Қоштасқанның мұз боп айдын кеудесі,

Қатты болып кетеді екен соны ұқтым.

 

Маған сол жан аңсай ма екен жетуді,

Қыр басында үмітім жүр кекілді.

Боп-боз болып жалғыз келді сары күз,

Күткенменен не тынды?!

 

***

Шашыңды сенің көрпе қып,

Ұйқыға кетер тіршілік.

Отыңа лаулап, өртеніп,

Келеді тағы Күн шығып.

 

Гүлдер де саған еліктеп,

Әр таңда билеп жайқалар.

Нөсерін бұлттар төгіп кеп,

Өзіңді көріп жай табар.

 

Сені ойлап өтсе бір күнім,

Кеудеме дүрсіл сыймайды үн.

Бақыттың теріп түр-түрін.

Өзіңе гүл ғып сыйлаймын.

 

Толқиды көңіл көлдері,

Оның да сырын түн білген.

Өзіңді, жаным, көргелі,

Қанатсыз ұшып жүрмін мен!