Лира ҚОНЫС. БҰЛ ЖЫНДЫХАНА ТУРАЛЫ ШЫҒАРМА ЕМЕС

Америка жазушы­сы Кен Кизидің «Көкектің ұясы» романы түп­нұсқадан қазақ тіліне аударылып, оқырманға жол тартты. Отыздан астам тілге аударылған, кинолар желісіне, сахналық қойылымдар формасында бейнеленген шығарма – әлемдік клас­сикадағы ең жақсы психологиялық романның бірі.

Көп уақытқа дейін әлем романды жазу­шының қиялынан туылған шығарма деп таныды. Оқи­ғаның өмірден алынғаны жайлы алыпқашпа әңгімелер болғанымен, автор өзі растамаған еді. Бірақ 2001 жылы автор қайтыс болған соң әйелі Фей Кизи ханым күйеуінің күнделіктерін жарыққа шығарды. Жазушының жазбасынан 1960 жылы Станфордта оқып жүрген жылдарында Пол-Альтодағы психиатриялық ауруханада медбикенің көмекшісі болып жұмыс істегенін, сол ауруханадағы сыр­қаттар мен бас медбикенің арасындағы оқиғаларды роман оқиғасына арқау еткенін білдік. Кейіпкерлердің біразы өмірден алынғаны, тіпті оқиғаға қатысты адам­дардың көзі тірі екені анықталды. Шығарма шындығының шынайы оқиғаға негізделуі де кітап құндылығын арттыра түсті.

Хош, жазушының талай жерде айтылып, жазылып жүрген та­лантын мадақтап өзіміздің де, оқырманның да уақытын алмайық. Айтпақ болғанымыз роман жайы еді, соны толғайық. Бірден айтайық, бұл жаңажылдық не сегізінші наурызға арналған сыйлықтар тізімінен орын алатын кітап емес. Кофе ішіп, күнге шуақ­тап отырып оқитын да кітап емес. Себебі бұл – тап-таза абсолютті классика. Классика-модернистік бағыттағы тамаша роман. Кизидің бұл романдағы жасаған ғажайыбы: ол оқыр­манын Орегондағы әлгі оқиғаға арқау болған жүйке емханасына жетелеп апарып, барлық оқиғаны өз көзімен көргендей әсерге бөлейді. Оқиға көңілсіз әрі сұрғылт, әр күн сайын бір көрініс қайталанатын күңгірт аурасы бар емханаға жаңа емделуші Рэндл Макмерфидің кіріп келуімен басталған. Рэндл – өткен ғасыр басында Америка әдебиетінде жасалған таңдаулы кейіпкер. Бұл – тірі әрі жігерлі образ.

Сырқат емхананың табалдырығынан аттағаннан-ақ басшылыққа жақпады. Оқиға барысында емдеу жүйесіне қарсы шығатын Макмерфиді дәрігерлер мен техникалық қызметкерлер дөрекі әрі бүлікші деп бағалады. Ол бүлікші емес, бар болғаны өз кеу­десін бас­тырмауға, өзін қорғауға ұмтылды. Жаңа түскен сырқаттың бойында жүйкелік кемшілік жоқ. Ол қара­пайым ағаш кесуші. Тек талапқа көнбегендіктен осында түсті. Қай қоғам болсын өзіне қарсы адамдардан құтылудың классикалық әдісі – оған шизофрения диагнозын іле қою. Бұл да сол, айналасына қар­сылық көрсеткендерді пси­хи­калық ауруханаға тоғытып құтылу әдісінің құрбаны. Оның әрекеттері емделушілердің сауалына жауап берді. Қорқыныш күйінде адамдық танымды жоғалтпай қалай сақтауға болады, құлап жатқан жеріңнен өзіңе дем беріп, қалай көтерілген жөн, өзің­ді сүюге деген күшті қайдан аласың, өз өміріңді уысыңнан шығарып алуға кім кінәлі деген сұрақтардың жауабын білу үшін «Көкектің ұясын» парақтаңыз.

Ал мұнда екінші тарап бар. Себебі еркіндігімнің әнін шырқаймын деп келген Макмерфиді кім тайраңдатып қойсын? Кәдімгі ақ пен қараның шайқасы. Ақжүрек Макмерфи мен зұлым медбике Ратчет арасындағы кү­рес. Емделушілер – қоғам, ал Макмерфи – бостандық үшін билікпен күресуші метафора. Қай­талап айтамын, бұл жындыхана туралы кітап емес. Жындыхана – біз өмір сүретін қарапайым кішкентай әлемнің макеті. Біз тек кімнің қай образды сомдап жүргенін ұқпаймыз. Бәріміз бір жүйе, бір шеңберде өмір сүреміз. Әр жүйенің озбыр басшысы – Ратчеті бар. Олар аз емес. Әр жүйенің қорғансыз рөліндегі Хардинг, Мартини, Билли, Сканлон секілді кейіпкерлері бар. Олар да жеткілікті. Әр жүйенің догмасына көнбейтін Макмерфи сияқты күрескерлері бар. Міне, бұлар аз. Саусақпен санарлық. Ол жалғыз. Бірақ ол жалғыз екенмін, соңымда көлеңкемнен басқа ешкім жоқ деп үрейленбеді. Тұтас қоғамдық жүйеге қарсы шапқан жалғыз адам не істемек деп аузын құр шөппен сүртетіндер, адамның шек­сіз мүмкіндігіне күмәнмен қарай­тындар жауапты Кен Кизидің кітабынан іздесін.

Оқиғаны баяндайтын – бойы екі метрден асатын алып үндіс. Бірақ оның ішкі әлемі сыртқы түріне қа­рама-қайшы. Романның бір кейіп­кері айтпақшы, «қоян тәрізді қор­қақ». Саңырау әрі мылқау кейіп­те жүретін оның да бір басына жетіп артылатын «жыры» бар. Ам­е­­рика өкіметінің үндістерге көрсеткен басқыншылығынан пси­хо­логиялық жарақат алған. Оған қоса танымындағы қос мәде­ниеттің тартысы реттелме­ген. Әкесі үндіс көсемі, анасы ақ нәсілді. Санасы екі түрлі түсініктің тайталасында дамыған. Оқиға жындыханада өтсе, роман психологиялық бағытта болса, кейіпкерлері жүйкелік сигмадан азап шексе… кітаптың атмосферасы ауыр болуы заңды деп, кітапты ашпай жатып тон пішпеңіз. Жаңбыр жаумай үстіңіз су болмасын. Жай ғана Кизидің жазушылық қарымына сеніңіз. Кизи – әзіл-қалжыңның жазушысы. Оның әдемі юморы, толастамас оптимизмі бар. Ауыр оқиғаның өзін күлкіге орап ұсынады. Ол оқырманды көңілсіз кеңістікте тастап кетпейді.

АҚШ қоғамы 1970-1990 жылдар аралығында бұл кітапқа ты­йым салды. Қайта басу тоқтатылып, кітап­хана сөрелерінен алынып тасталды. Нәсілшілдік, жаттанды стереотиптер, феминизацияға қарсылық секілді мифтерді насихаттайды деп түсіндірді. Кітапқа тыйым салынуының басты себебі бұл емес. Өткен ғасыр басындағы АҚШ қоғамының ирониялық трагедиясын суреттегені үшін жазықты болды. Роман сол уақыттағы тәртіпке көнбеген психологиялық сырқаттарды лоботомизациялау мен психологиялық денсаулық сақтау жүйесі ақсап жатқандығын ашық жариялады. Нәтижесінде, жүйкелік сыр­қаты бар азаматтардың құқығын қор­ғайтын ұйымдар көтеріліске шығып, өкімет лоботомия оталарын медицинадан шығарып тастауға шешім қабылдады. Әлем оқырмандары осындай күрескер кітаппен 1990 жылдан бастап қайта қауышты. Кизи оқырманның уақытын текке алатын жазушы емес, бұл – көпке дейін ұмытылмайтындай әсерлі кітап. Кітаптан әркім өз керегін табады. Мұнда қандай жағдай болсын, оптимизмді жоғалтпау және ешқашан берілмеу мәселесі көтерілген.

 

Лира ҚОНЫС,

филология ғылымдарының кандидаты