.jpeg)
ҚР Мәдениет және ақпарат министірлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлескен «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасына қатысушы, ақын Дәурен Тілеуханның «Нәзік түндегі ноктюрн» кітабына замандас ретінде, оқырман ретінде өз пікірімізді ұсынуды жөн санадық. Себебі, шынайы жазылған шын шығарма туралы айтпасақ, азаматтығымызға сын болары хақ дүние.
Әуелі бастан кем талант емес, шын талант дегеніңіз табиғат болса, сол табиғаттан өз табиғатын, өз әлемін іздеген ақын деген халықтың құс тілінде сөйлеп, аспанға өлеңмен қалықтайтын, сәурік үстінде шалықтайтын, сабылысқан сыңар езу қоғам өмірінен оқшауланып, жықпыл-жартас, тау-тасты, сағым даланы кезіп кететін сәттері тарихта аз болмаған. Сол арғы-бергі әдеби тарихқа – Дәурен Тілеухан да келіп қосылды. Ол да алдыңғы толқын ағалары сынды сондай бір сәттерді басынан өткеріп, өткен мен бүгінді парықтап, болмысындағы қаптан шықпай келе жатқан қара домбыраның тиегін қайта қондырып, жыр қағанаты – Жетісу өлкесіне, жеті өзеннің түйісер мекеніне сапарлап қайтты.
Төрт бөлімнен тұратын бұл кітаптың салмағы қорғасын құйған сақадай жеңіл тартпасы анық. Оны біз секілді оқырман қауым бағамдап жатар. Жолаушы шыққан авторымыз қаныңа ырық бермей кететін шу асау өлеңді ауыздықтап, ырқына көндіріп, сезім мен парасат тәжіне бас ұрып, өткен тарихтың апаныдағы небір дәуірлерді, зұлмат жылдарды бәдіздер бетінен оқып, ой үстіндегі, жазу мезетіндегі «Көңіл картасын» рухани әлемінде сезіну арқылы сапардың алғашқы бөлімінде терең тыныстайды. Жібек жолы бойындағы ескі қалалардың ежелгі сарынына еніп, өлеңмен мінәжат етеді. Бірінші бөлімнің әлқиссасы – көне шаһарлардың мыңжылдыққа сіңіп кеткен ізін іздеумен арпалысқа түскен ақынның көңіл көкжиегінде сілкінеді.

Екінші бөлімнің атауы – «Тұлғалар топографиясы». Бұл бөлімдегі негізгі идея, атауы айтып тұрғандай, Жетісу өлкесінде тарихи ізі қалып, осы топырақтың киесін сезінген тұлғалардың тағдырына, ерліктеріне азаматтық үн қосу екенін аңғардық. Соның бір парасы – автордың шығармашылық потенциалында эпикалық қуатпен көрініс тауып, есіл ерлердің баһадүріне айналған Шойнақ батырдың рухына тағзым болып өрілген поэма. Бұл бөлімдегі жазылған туындыларды тарихи дәйектермен нақтылау үшін Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың сирек қорында ізденіс жұмыстарын жасаған автордың панорама жобасына бей-жай қарамайтындығының дәлелі іспетті. Себебі, болашаққа жететін, келер ұрпаққа аманатқа қалатын туындылардың дәйексіз, дерексіз болуының әсте хақы жоқ.
Эпикалық көріністен лирикалық шегініс жасап, Талдықорған қаласынан алған мелодиялық әсерлерді «Сезім спектрі» атты үшінші бөлімге топтастырған автордың қиял қанатындағы шексіздік әлемі мелодрамалық жанрға жетелейді. Қаланың жадау бақтарынан тұнжырап, бірде сол бақтарда шаттанып, алқызыл шарфысын мойынына іліп, қолындағы кофесін үрлей ішіп, үнсіз ғана әуен тыңдап бара жатқан бойжеткеннің дидарынан сұлулық көргендей, жылулық көргендей, ақ парақтар бетіне алғаусыз сезімін, іңкәр сағынышын, балғын жымиысын суреттей кетеді. Сол әсерден арыла алмай, түннің жарымына дейін сезім спектрінде тербеледі.
Жобаға қатысушы ақынымыз «Жүйріктер галереясы» атты соңғы бөлімді қазақ рухының бір тамыры – жылқы түлігінің құдіретіне арнаған. Арғымақ аттар жалындағы ерлердің аңыздарына қанып, сол оғыландардың айнымас серігіне айналған жүйріктеріне өлеңмен асқақ күмбез соғады бұл бөлімде. Тасырқамас тұлпарлар дүбірі алты қырдан естіліп, жеті қырдың шаңын қаққан адуынды арғымақтардың шабысынан – өткен күндердің жоқтаушысындай Құлагерлердің арынын іздеген өлеңдер мен поэмалар легі бірінен соң бірі сап түзейді.
Құрметті оқырман! Бұл кітаптағы өлеңдердің мәні мен маңызы, тарихи жолы, тағдыр сапары суреткерлікпен сомдалып, сіз бен біз секілді оқырман жұртқа құшағын жаяды. Жетісудың шартарабын шарлап, аңыз-әпсана, тұлғалар ізіне тамыр тартқан автордың жазу шеберханасындағы бұл дүниені зерделеу енді біздің парыз!
Мейір ОРАЗҒАЛИ