Әдеби ортаға араласа бастаған сәтте Тұрсын ЖҰМАШТЫҢ таңғы шықтай мөп-мөлдір жырларына кезіктік. Жастана оқыдық, тамсандық, таң қалдық. Балқантаудың баурайында жатып-ақ, 36 жас қысқа ғұмырында соңына өлместей өлеңдерін мұра қылып қалдырған ақынның есімі көп аталмаса да, біз «қазақтың аяулы ақыны» деп еске аламыз. Туындыларын көзі шалған оқырман, толғанары хақ. Бірақ, Тұрсын ақын әлі өз бағасын толық алған жоқ, тұғырына әлі қонған жоқ…
«Жыр жинағым жарқырап,
Шықпаса да баспадан,
Мені бір күн түсініп, ойланады Астанам.
Алатауда бір шың бар, ешкім аяқ баспаған,
Мен сол шыңға шығамын, шыға алмайды басқа адам!» - деген төрт жол өлеңінен-ақ оның поэзия дейтін қасиетті әлемге қандай жауапкершілікпен қарайтынын бағамдауға болады.
Осыдан 6 жыл бұрын облыстық Н.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапхана жанында жұмыс істейтін «Жыр-Жауһар» поэзия клубының ұйымдастыруымен киелі шаңырақта Тұрсын ақынның 55 жылдығына орай «Тұлпарлар кетіп, қамшы қалады» атты кешін өткіздік. Нұр-Сұлтан қаласынан жары Айнагүл, қызы Ләйлә келді. Өзі қолына алып үлгермеген пышақтың қырындай ғана «Періште» жинағын оқыған жұрттың қалай тебіренгенін сонда көргенбіз.
Ерболат Қуатбек, Еркебұлан Елеусізұлы есімді ақындармен туған жері Егіндібұлаққа барып, бейіт басында құран бағыштадық. Қабірінің топырағы ортаймаған, әлі сол қалпында. Балқантауға шығып, Тұрсынның жанын түсінуге тырыстық. Апасы Клара Жұмашевадан сұхбат алып, Қарағандыда Тұрсын Жұмаш атындағы облыстық жыр мүшәйрасын өткіздік. Шағын екінші жыр жинағы да өмірге келді.
Ізінен қалмай жүріп, республикалық сайттар мен газет-журналдарға жырларын жариялаттық. «Тұмар» журналына жіберіп, Фариза Оңғарсыновадан бір ауыз жылы лебізімен шығаруды сұрадық. Сол сәтте Фариза апай ауырып жатты. Ақын Оңайгүл Тұржанға «Тұрсынның жырларын білемін ғой. Тәп-тәуір ақын. Өмірден ерте өткені өкінішті. Мына аурудан айығып алайын. Жақсылап пікірімді білдіріп, топтамасын журналға берейік» деп жылы сөзін айтыпты.
Біз Тұрсын Жұмашты пір тұттық. Оның енді кемеліне келіп, жауһар жырлары бірінен соң бірі туындап жатқан тұста өмірден өткені өзегімізді өртеді. Өлеңнің жүгін осылай арқалай аламыз ба деп, алай-дүлей күй кештік. Тебіреніп, өлең де арнағанбыз.
Поэзияға деген адалдығына риза болдық.
«Қырандар ғана ұшатын биік бар,
Қарғалар ұшады төменде.
Таңдайда шөл, кеудемде күйік бар,
Әйтпесе нем бар өлеңде» деудің өзіне қандай жүрек керек десеңізші…Оның екінші ғұмырының басталып та кеткенін аңғармаппыз сол сәтте.
Осылайша, Тұрсынның өлеңдері алаш аспанын шарлап кете барды. Марқұм Бейсен Құранбек ағамыздың «Айтуға оңай» бағдарламасына шығаруға да тырысқан едік. Алайда, оның реті келмеді…
Дегенмен, ара-тұра газет-журналдарда оның шығармашылығы туралы жазылғаны болмаса, Тұрсынның өлеңдері өз деңгейінде насихатталмай келеді.
Облыста «Сарыарқа кітапханасы» сериясының 1 томына өлеңдері енгізілді. Алайда, өзінің жеке, көзтартатындай таңдамалысы мемлекеттік тапсырыс аясында әлі жарық көре қойған жоқ. Былтыр әлеуметтік желіде 60 жылдығына орай «Менің философиям» атты жаңа кітабы шыққанын естіп, қуанғанбыз. Бірақ, әлі қолымызға тимеді.
Оның жырларын ұялмай мемлекеттік тапсырыспен шығаруға, республикалық радиолардан нақышына келтіре оқуға, телебағдарламалар түсіруге әбден болады. Тұрсын ақынның шығармашылығы жайлы С.Ақсұңқарұлы, Е.Раушанов, Ғ.Жайлыбай, А.Сәулебек, Ә.Құтжанұлы сынды ағалардың қалам тербегенін де айта кеткен жөн. Ал, жуырда замандасымыз Мирас Асан «Егемен Қазақстан» газетінде «Мына мені бір күні еске түсіріп…» деген тебіреніске толы мақаласын жариялады. Былтыр газетіміздің «Қаламгер» бетінде Жәнібек Әлиманның ұйытқы болуымен филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғаповтың «Жапандағы жалғыздық» (Тұрсын Жұмаш өлеңдеріндегі экзистенциалистік поэтика) атты көлемді мақаласы жарық көрді. Онда ақынның шығармалары кәсіби тұрғыда жан-жақты талданды. Ғарыштық құдіреттің тылсым күшін көре алатын ақынның ұшқыр қиялы мен терең талғамы таразыланды.
«Экзистенциалистер концепциясы әлем және жалғыздық ұғымынан өрбиді. Алайда, олардың тұжырымдарында адамның ортамен, басқа адамдармен байланысы тіпті қарастырылмайды деу қисынсыз. Әлемдік философиядағы бұл бағыттың ірі өкілдері – М.Хайдеггер, К.Ясперс, Ж.Сартрлерді ортақтастырып тұратын басты белгі – адам болмысына Мен және Басқалар ұғымы тұрғысынан келуі. Олар үшін қоғамдық қатынастар сияқты қозғалыс түрлері абстракция, негізгі шындық – субьективтілік» дей келе, «Қоғам дамуына қарай қазақ классикалық әдебиетінің жаңашылдығы мен эстетикалық байлығы ашылып келеді. Біз Тұрсын Жұмаш өлеңдерін саралай отырып, сол жаңашылдықтың қай бағытта жүзеге асқанын тани аламыз. Ақынның табиғат образын жасауда пейзаж, табиғат картинасын ерекше бір сарынмен жеткізетіні, дүниеге философиялық тұрғыдан қарым-қатынас жасайтыны турасында таңғалыс сарынындағы пікірлер көп болғанымен, нақты теориялық талдаулар жоқтың қасы» дейді Жансая ағамыз.
Тұрсын Жұмаштай ақынның өміршең өлеңдері әлі де талай көлемді зерттеу мақалаларға жүк болып, адамзат игілігіне қызмет етері сөзсіз. Оның есімі өмірден ерте өткен Артығали Ыбыраев, Бауыржан Үсенов, Әділ Ботпанов, Серік Томанов, Әмірхан Балқыбек сынды тегеурінді ақындармен қатар аталуы тиіс деп білеміз. Өйткені, оның кез кез келген өлеңі оқырманын ойландыратын бәсі биік туындылар.
Жырларын насихаттап, қазақ өлеңіндегі өз тұғырына қондыру – парызымыз. Ол Тұрсынға емес, бізге, әдебиетімізге, қазаққа керек… Тұрсын – қазаққа керек ақын.
Сөзімді оның мына өлең жолдарымен аяқтағанды жөн көрдім:
«Өлең оқып ақын қыз, бозбалаға,
Тұрып қалған тіршілік қозғала ма?
…Болдиноға күз келді,
Пушкин келмей…
Боздағым кеп қараймын боз далаға…»
ЖӘЛЕЛ ҚУАНДЫҚҰЛЫ.