БІЛӘЛ МАЛДЫБАЙҰЛЫНЫҢ АЗАМАТТЫҚ БОЛМЫСЫ МЕН ҚАЙРАТКЕРЛІК ҰСТАНЫМЫ

         Ұлттық сананы ту етіп көтерген Алаш қайраткері Біләл Малдыбайұлы өз заманында ағартушы, аудармашы, фельдшер, публицист ретінде қызметтер атқарды. Халық ағарту саласын дамытты, мектеп салдырды, аударма саласына сүбелі үлес қосты, қазақ баспасөзінде өзіндік ізін қалдырды. 

Алаш қайраткері Біләл Малдыбайұлының азаматтық болмысы мен қайраткерлік ұстанымы туралы сөз қозғау тұлғаны жақыннан тануға мүмкіндік береді. Біләлдің қайраткерлік келбеті мен азаматтық болмысы қалай қалыптасты деген сауалдың жауабын оның шығармашылық мұрасынан табамыз.  

«Біләл кім?» деген сұраққа өз замандастарының «Сарыарқа» газетінің 22-нөмірінде жарық көрген «Өтірік емес шын сөз» атты мақаласындағы мына бір жауабын алға тартсақ та жетіп жатыр. Онда былай деп жазылған: «Ғалиасқар Қуанышев, Абылай Рамазанов, Біләл Малдыбаев қазақтың осы күнгі бірсыпыра жастарының арасында өте ұлтшыл, таза ойлы, дін, дүние жұмысына бірдей көсемдер» [1, 292]. Бұл «Қазақ» газетінің 246-нөмірінде жарияланған «Комитеттер саудасы» деген мақаласына жауап ретінде басылған. Мақала соңына «Талап» ұйымы атынан мына адамдар қол қойған: Ибраһим Тасболатов, Ғаббас Мүсәпіров, Әміржан Жанмұхаммедов, Досмұхаммед Бекмұхаммедов, Нұрмұхаммед Жәмсин, Мұхаметжан Нұрпейісұлы.

«Талап» ұйымының мүшелері үш азаматты ақтап, уезный комитет ашылғалы бері істеп жатқан жұмыстарын ерекше атап өтеді. Үшеуі де бұл кезде Қызылжардағы уезный комитеттің ағзалары еді. Қызылжарға 21 болыстың мұғалімдерін шақыртып, курс ашып, 53 ер мектебін және 1 әйел мектебін ашқан да, «Талап», «Игілік» ұйымдарының негізін қалап, оған басшылық қылған да осы ұлтшыл жастар болатын. Осындай адал әрі жанкешті жұмыстарын көрген «Талаптың» өзге мүшелері: «Жұртқа басшылық, көсемдік қылып жүрген сенімді жігіттерімізді бостандық, теңдік туып тұрғанда өтірік былғатып, шыдап отыра алмаймыз»,  – деп күйіне жазады.

Біләл Малдыбайұлының «Талап» ұйымына басшы болғаны баршамызға белгілі. Ол басшылығы тұсындағы ұйымның ұстанған жолына зер салсақ, ұлтқа шынайы қызмет етудің үлгісін көргендей боламыз. «Талап» қауымының ұстанған жолы:

1.   Халықты осы күнгі мемлекеттегі саяси істермен таныстырып, демократия (жұрт билеу) жолына демеу һәм саясат істерінде халыққа жолбасшылық қылу;

2.   Халықты земствомен таныстырып, пайдалы жолмен іске асыру;

3.   Учредительное собрание сайлауында халыққа жолбасшылық қылу;

4.   Қазақ халқына өнер-білім тарату:

а) жастар арасында газет-журнал шығарып һәм қазақша шықққан кітаптарды тарату;

б) қазақ ішінде болған оқу құралдарын бәрін бір жүргізіп һәм өзіміздің ана тілімізде оқыту жолында бір ізбен барынша қолдандырып, жоқ жерін толтыру үшін өнер-білім жұмысын басқаратын мекемеден істеттіріп алу жабдығына жәрдемші болу;

5.   Қазақ әдебиетінің дәуірлеуіне байланысты басшылық қылу: нағыз қазақ тілінде болған бұрынғы үлгілі мақалаларды, ертегілерді, өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, тақпақ, жар-жар һәм қазақ шежіресін жинау;

6.   Ел арасындағы зиянды партияларды жою жолында болу;

7.   Қазақтың кедейлерін байлардан келетін түрлі кемшіліктерден құтқар жолында болу;

8.   Әйелдер тақырыбындағы жалпы мұсылман сиезіндегі һәм жалпы қазақ сиезіндегі істеген қаулыларды іске асыру;

9.   Мұқтаж оқушыларға не жолмен болса да жәрдем жию;

10.       Театр ғылымымен таныс болып һәм соны ұлғайту» [1, 153].

«Талаптың» ұстанған жолының осындай ұлтшылдық қарекетте болуы ең алдымен ұйым басшысы Біләл Малдыбайұлының көзқарасынан туындап отыр. Бұл жол Біләлдің өмірлік мақсаты да болған. Кейіннен «Талап» тараса да, Біләл бұл бағыттан таймаған. Мысалы, «Жаңа заман» деген журнал шығарып, «Жас азаматтың» редакторлық қызметін атқарған. Өзге газет-журналдардың да ел ішіне таралуына септігін тигізген. Оған дәлел «Ақжол» газетінің таралымын көбейтуге үлес қосуы. «Ақжолдың» 404-нөмірінде басқарма тарапынан «Шақырулар» деген хабар басылған. Сол хабарда Мадиярдың шақыруын қабыл алып, жазылушы тауып, ақшасымен басқармаға жібергендер тізімінде Біләл Малдыбайұлы да бар. «Бұл жолдастар әрқайсысы 25-тен жазылушы тауып, мұнымен ғана тұрмай, бұдан былай да жазылушы табу әрекетінде болуға уәде берді» [3, 104], – деп жазады «Ақжол» газетінің басқармасы.

Бұдан өзге қыры, Біләл Малдыбайұлы халыққа пайдалы кітаптар жазып, орыс тіліндегі ауадай қажет медициналық кітаптарды да ана тілімізге аударды. Фольклорлық мұраларды жинақтап, баспасөз бетіне жариялады. Ұлтымыздың асыл қазынасын түгендеуде Біләл Малдыбайұлының еңбегі орасан зор. Өз қолымен жазған өмірбаянында бірнеше жыл бойы жинақтаған халық фольклоры туралы мақалаларды Қазақстан НКП келісімшарты бойынша табыс еткенін, 1934 жылы фольклор саласы бойынша бірқатар журналдарда материалдары жарияланғанын айтады. Қазіргі таңда бұл мақалалардың біршамасы табылды.

Біләл – мұқтаж адамдарға жәрдем жию ісіне де атсалысқан тұлға. «Сарыарқаның» 29-нөмірінде «Босқын қазақ-қырғыз пайдасына» деген мақала басылған. Бұл мақаладан «Біләл Малдыбай һәм Қызылжар үйезінен Ысқақ Бердіқожа арқылы жиылған жәрдем 50 сом» [2, 112] екенін біле түсеміз. Біләлдің «Сарыарқаның» 24-нөмірінде шыққан «Алынды ма, жоқ па?» деген хабары да қайырымдылықпен айналысқанын дәлелдейді. Бұл хабарда қазанның 6-сы күні Қызылжардағы қазақ жастары қырғынға ұшыраған Жетісу қазақтарына деп құрбан айтта 992 сом жинағаны, оны телеграм арқылы жібергені және сол ақша алынған-алынбағаны туралы хабар «Сарыарқа» арқылы берілсін деп жазылған. Соңына «Талап» қауымының председателі – Б. Малдыбаев, секретары – Әбуһарире Жүсіпұлы» [2, 29] деп қол қойған. Біләл бұнымен қоса ұлт қазынасына да жәрдем берген. «Сарыарқаның» 31-нөмірінде «Семей облысының Павлодар қаласында үйезный қазақ сиезінде 16 февраль күнгі мәжілісінде ұлт қазынасына жәрдем берушілер» [2, 148] деген тізімде Біләл Малдыбайұлының 25 сом бергені жазылған. Бұл мәжілісте 53 мың 239 сом ақша және 3 ат пен бір тайынша жиналған. Барлығы 154 адам ұлт қазынасына жәрдем берген.  

Біләл Малдыбайұлы жетекшілік еткен «Талап» ұйымының ұстанған жолдарының бірі – ел арасындағы зиянды партияларды жою болатын. Бұл әрекеті «Үш жүз» партиясына қарсы бағытталған. 1918 жылдың көктемінде «Үш жүз» партиясы Қызылжарда бүлік шығарды. Қазақ зиялыларына Көлбайдың кесапаты тиді. Өздеріне қарсы ұлтшылдық бағытта жұмыс істеп келе жатқан «Талап» ұйымы мен өзге де қазақ азаматтарын түрмеге жаптырды. Қызылжардағы казақ комитетінің жұмысын тоқтатты. Оған дәлел – «Сарыарқаның» 32-нөміріндегі «Ақмола комитеті» мен «Қызылжардан» деген хабарлар. «Қызылжар» хабарында «Үш жүз» партиясы Біләл Малдыбайұлы мен Әбуһәрире Жүсіпұлын түрмеге жабуға және одан да батыл іс қылуға қаулы қылғаны жазылған. Хабар соңында екеуінің қашып кеткені айтылады. Оданда батыл іс дегені бәлкім ату жазасына кесу туралы үкім болар. Ал «Ақмола комитеті» деген хабарда большевиктер Мағжан Жұмабайұлы мен Қазы Тұрсынұлын абақтыға жапқанын айта келіп, былай дейді: «Қазақ «қамқоры» Көлбай мұның алдында Қызылжарда жиырма шақты кісілерді жаптырып, Қызылжарға бір жарым миллион ақша тарттырып еді. Ол жабылғандардың ішінде үйезный земский управа ағзалары Жұмағали Тілеуліұлы һәм Біләл Малдыбайұлы бар еді. Бұлар шықты» [2, 161]. Бұл хабарлардан Біләл Малдыбайұлының осы уақыт аралығында өзінің ұлтшылдық әрекеті үшін бірінші рет түрмеге түскенін байқаймыз. Ал 1937 жылдың 5 мамырында екінші рет тұтқындалып, 16 қыркүйегінде атылды.

Біләл Малдыбайұлы «Алашорданың» үні болған, қазақ автономиясы үшін күрескен «Сарыарқа» газетімен тығыз байланыста болған. «Сарыарқаның» 2-нөмірінде Біләлдің: «Жаңа туған «Сарыарқаны» ақ ниетімен құттықтаймын. Тәтті жеміс таратып, жаяу жүріп келе жатқан қазақ еліне терең суда мүдірмей, ойлаған жеріне жеткізетін кеме болып, кең дүниеде сайран қылсын деп тілеймін» [1, 30], – деген құттықтауы басылған. 

Біләлдің қазақ жастарының тұңғыш газеті «Жас азаматқа» редакторлық етуі, «Алашорданың» үні болған «Сарыарқамен» бірге болуы оның ұлттық мүдде үшін қызмет еткенін дәлелдей түседі. Бір сөзбен айтар болсақ, Біләл Малдыбайұлы – бір мүдде, бір мақсатқа жұмыс істеген және сол мақсат-мүддесінен ешқашан айнымаған тұлға.

Бүгінгі қазақ жастарына үлгі болатын тұлғаның бірі – Біләл Малдыбайұлы. Қайраткердің әдеби мұрасы жүйелі зерттеуді қажет ететін ескеріп, енді оны тану мәселесін қолға алдық. Бұйыртса, алдағы жылдары Біләл Малдыбайұлы халыққа жан-жақты қырынан таныла түседі.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.        Алаш көсемсөзі: 10 томдық. – Алматы: «Өнер», 2011. 9-кітап: Сарыарқа. – 320 б.

2.        Алаш көсемсөзі: 10 томдық. – Алматы: «Өнер», 2011. 10-кітап: Сарыарқа. – 360 б.

3.        «Ақ жол» (газеті). Көптомдық. 15 том / Құраст. Х. Есенқарақызы. – Нұр-Сұлтан: «Алашорда» қоғамдық қоры, 2020.       

Ерден НҰРАХМЕТ