МЕҢДЕКЕШ САТЫБАЛДИЕВ. ҚИМАСТЫҚТЫҢ БАСЫ ЕКЕН КҮРСІНУЛЕР...

АУЫЛ

 

Кеңдікті көрем десең – ауылға бар,

Мейлі, сен жауында бар,дауылда бар.

«Көрпе сал!»,

«Қонақ келді!»,

«Шай қайнат!» - деп

Әр үйде бір-бір тентек дабыл қағар.

 

Алдияр атаң шығар басы қардай,

Ақжаулық анаң шығар асыл ардай.

Көйлегін оқыс тартып жеңгең шығар,

Жыртылған сағынышты жасыра алмай.

 

Аптапқа шыдамай сен қалсаң жасып,

Астынан аяғыңның бар жел қашып –

Сап-салқын отау тұрар,

Сен кірерсің –  

Аспаннан түскендей боп алшаң басып.

 

Басыңа құс жастықты биік жастап,

Амандық-саулықты да сұйық бастап,

Аптығыңды басқанша,ағаң жетер –

Бір бағланның кәлләсін қиып тастап.

 

Сен сонда көргенді боп көнесіне,

Бет сыйпап,барып қайтсаң «төбесіне»,

Қораштау басыңды да хан көтеріп,

Құлың болып кетеді-ау төресі де.

 

Кешеді – қыздарға да қырындасаң,

Тек түнде жының қозып,ұрынбасаң.

Кешеді – «тимеңдерші бір ит қой!» - деп,

Өзіңді сыйлаушыға «ырылдасаң».

 

Қалмай ма бұл кеңдіктен серпіліп ой,

(Ой дегенің – жеткізбес жер түбі ғой)

Ауыл, ауыл – сараңдық сандығы емес,

Дала көңіл қазақтың төркіні ғой!

 

 * * *

 

Даламызда обалар көп...

Жер жыртығын мәңгі қалған бүтіндеп,

Айта берсек,

Ішімізде дертіміз көп, түтін көп.

 

Тілегіміз –

Енді қайта төгілмесін

Көз жасы мен қан саулап,

Оу, тірілер,

бізге қалды,

бізде қалды,

Дүниедегі бар салмақ!

 

 ҚЫЗДАР

 

Қарайды-ау қыздар
Қарақат көзін төңкеріп,
Жанарды ғажап
байлайды сиқыр еркелік.
Мұндайда тіпті
құрып-ақ кеткім келеді-ау
Қыз – дүниенің
ыстық деміне өртеніп.

...Лүпілдеп тұрған

жүрекке жүрмей әмірім,
Дал болып барам -
Қаттырақ соғып тамырым.
Еліктей өңшең
елеңшіл қызды көрдім де,
Ессіз бір шөлім
басталып кетті-ау, тәңірім.

Әнеки, әне,
ақсүйрік ару жымиды,
Мойнына іліп алғысы келіп бір үйді,
Жайғысы келсе
жігіттер үрім-бұтағын -
Бұраң белдерге
бастарын байлап құриды.

Қашаннан мәлім,
Қыз деген жақсы "жау" халық,
Еш жігіт одан
көрмесе керек сау қалып,
Өлем деп қорықпай,
тиіскің келіп тұрады-ау,
Көздердің оғын
өзіңе ылғи аударып.

Бозбала түгіл,
айтпай ма қызды шалдар да,
Түнде де сәуле
жүгірер құба талдарға.
Самарқанды да садақа қылып бір ақын,
қыз үшін қиған
қара ормандарын хандар да.

Сыры не мұның?
Қыз деген неткен өр есім?
Қымызға қызып,
қыз жайын толғай бересің!
Ғажап-ау өмір!
Баласы болып бір қыздың,
Тағы бір қыздың қосағы болып өлесің.


* * *

 

Абай киген жадағай мен күпіні,

Үстімізге тигізбейміз бұ күні.

Қаламсаппен жазған жырлар бірақ та,

Қауырсынмен жазған жырдан жұпыны.

 

МАХАББАТ

 

Маңғаздардың махаббаты,

Елден бұрын ертерек оянады.

Сарбаздардың махаббаты,

Қызыл қанға белшеден боялады.

 

Кербездердің махаббаты –

Жаңғырығып жатады төсегімен.

Енді ездердің махаббаты –

Өртенеді өлексе кеселімен.

 

Пақырлардың махаббаты –

Ауса күндік тиын мен тебеніне,

Ақындардың махаббаты –

Өлерінде көшеді өлеңіне.

 

СОЛ БІР ТҮН

 

Сол бір түнде кес-кестеп ағыс нұрлы,

Бізді қосу амалын қағыстырды.

Сақылдаған аязды құшақтарды –

Сүю деген бір желім жабыстырды.

 

Мың тербете сол түнге нұр сіңірген,

Алғыс айтам бүгінгі жыршы күннен!

Сол түн екен қос жүрек дәнекері,

Қимастықтың басы екен күрсінулер!

 

 АЙНА

 

Өзіңе өзің қызығып,

Зиян ба, әлде пайда ма?

Отызға дейін сызылып,

Қараумен келдің айнаға.

 

Қылымсып әнтек бөліндің,

Тотыға ұқсап топ құстан.

Қызығын кештің өмірдің,

Көбелек сынды от құшқан.

 

Аясам сені оғаш па,

Айнаға қарап кешпе күн.

Неге сен, қалқам, о баста

Анаңа қарап өспедің?!

 

НАН

(Монолог)

 

Нанмын ғой мен –

Ырыс – алды,

Нұр алды,

Өзім жайлы

Көп естимін бір әнді :

«Құранды да басып тұрып

Мені алса,

Алмапты ғой

Маған шығып құранды!»

 

Мен патшамын –

қала берген тақта аман,

күллі адамды

жарылқаумен бақ табам!

Алтындар да жатқан аяқ астында,

Мен аяқтың астында еш жатпағам.

 

Кешегі күн

Жау шапқанда іргеден,

Солдаттармен

Отқа түскем бірге мен.

Ал, жетімдер сүзген кезде аш көзін –

Жесірлердің тамағынан жүрмегем.

 

Нан сұрасаң –

Сұға салар қанжарды,

Көргендіктен

Екі аяқты аңдарды :

Өлгендердің дорбаларын тінткізіп,

Мен тәубеге келтіргенмін

Паңдарды!

 

Беу,адамдар,

Қадір білгіш ием ең.

Тоқ кезде де,

Жоқ кезде де киелі ем.

Мені ылғи сен

Асқан батыр санайсың –

Дүниенің маңдайынан

Сүйеген!

 

Өз әлімше

Мен баршаға қарасқам,

Қара зіл боп

Басқан шақта қара аспан.

Бірақ әлі елестейді –

Топырақтың астында

Қолын жайып

Жатқандай көп бала аштан.

 

Кетсе бүгін

Күлге титтей қалдығым,

Мұның маған

Арты – қайғы,

Алды – мұң...

Түсінбес тек

Адам емес адамдар –

Маған біткен

Қасиеттің бар құнын

Мұның маған арты – қайғы,

Алды – мұң...

 

* * *

Тіл қатшы,түнім,

Айтшы сен,алуан астарлым,

Әр жерін шұрқ-шұрқ

Жұлдыздар тесіп тастаған.

Жабылып қалған

Түндігімісің аспанның,

Балқыған сәті сенбісің,

Қайғыдан ауыр тастардың?

 

АЖАЛ АУЗЫНДА

(майдангер хаты)

 

Армысың, ана!

Жас төкпей қалған Жайықта...

Жырақта мынау жұбата алмай өзімді,

Егіліп айтсам ең ақырғы сөзімді,

Бұйыра көрме айыпқа.

Өзіңе қарай бастамас мені

дөң асқан жолдар жосылып,

Мен одан әсте отырған жоқпын шошынып.

Тап қазір маған өлудің өзі көп арман –

Сен жаққа ұшқан құстар сұңқылына қосылып.

Бұл осалдығымды кешірмейді ғой Украина орманы,

Ол-дағы елді менімен бірге

қас қақпай тұрып қорғады.

Қаншама біздің бауырлар жатыр

кіші Россияның қырында,

Бәрінен бұрын аналар қанша,

балалар қанша сорлады?

Аналар үшін,

бір өзің үшін отырғаныммен өртеніп,

Азаптан енді мен де азат болам ерте өліп.

Бірақ та,бірақ...

ерте өлгендердің тірілер тартып қайғысын,

Жеткіншектердің жүзінен сонда

ертерек қашар еркеліп.

 

Жан-анам менің,

сұңқарың енді

қайта қонбасқа сұңқылдап ұшты көлдеуден,

Тұлпарың мәңгі,

қайрылмай тартты тізгінін үзіп белдеуден.

Арыстан сынды

атылам қазір амбразураның аузына,

Көтерді мені жер-көкке қоймай жел-кеудем!

Есіңде бар ма,

безуші ем талай бауыздай алмай тауықты,

Ал,қазір менің қолымның олай

қалтырамайтынын жау ұқты.

Алдымда міне,айдаһар жатыр,

Шабуым керек басын тез,

Айдаһарлардың бастары түгіл

құйыршығы да қауіпті.

Отаным үшін

үзуім керек өзіңнен алған зор демді,

Орнымда менің

күлімдеп түскен суретім тұрар төрде енді.

Ұлыңдай бірақ,

мауқыңды сенің баса алмайтынын білсе де,

Соғыстан кейін тапсырар саған...

маған арналған орденді.

Хош,анам менің,

Сұңқарың енді

қайта қонбасқа саңқылдап ұшты көлдеуден,

Тұлпарың мәңгі

қайрылмай тартты тізгінін үзіп белдеуден.

Арыстан сынды

атылам қазір амбразураның аузына

Көтерді мені жер-көкке қоймай жел-кеудем!

Хош!