СӘКЕН ИМАНАСОВ. КӨҢІЛДЕ КӨП МҰҢАЙҒАН СЕН ТҰРЫП ЕҢ...

АЙТСАМ ЕНДІ...

Айтсам деген сөзім ең,

Дүниеге қарап шындық көзімен,

Ар алдында мен өзімді әрдайым,

Дар алдында тұрғандай-ақ сезінем.

 

Шындық үшін шайқасудан бір талмай,

Айтарымды айтам елге бұлтармай,

Бас кетсе де

тұра алмадым үндемей

Жалғандықты жалғыз өзім құртардай!

 

Өз басыма ерекше бір күй іздеп,

Көрген жоқпын көрінгенге киіз боп.

Бір жақсылық аңсап тұрар көңілім,

Әлдекімдер жатқанда да «мүйіздеп».

 

Өтірікті –

Өміріммен қоса ерген,

Көре тұра,

Қалай ғана кешем мен.

Аңырап та қалған шағым болды, рас,

Жәбір көріп қайдағы бір есерден.

 

Eңді осылай өтер өмір, өтер күн,

Шыңдық үшін не болса да көтердім!

Мен айтпай-ақ белгілі ғой халқыма,

Бірі емесім,

Үні шықпас жеке ердің!

 

Расыңда,

Қырланбай да бұлданбай,

Айтады елге ащы-тұщы сыр қандай,

Ар алдында ақын өзін әрдайым

Сезінбесе дар алдында тұрғандай?!

 

* * *

Кешқұрым...

Талып жетiп қырқадан үн,

Жас сұлу махаббаттың шырқады әнiн,

Тұтқиыл тымық түндi дауыл тұрып,

кеудесi көк теңiздей бұрқағанын.

 

Тандырған жiгiттi де, оны да естен,

күндерiн қосады әнге өлiп-өшкен,

Қаншама азапта да, мазақта да

жүргенiн жүрек оты кемiместен.

 

Қызуын – кешегi ыстық от түндердiң,

қызығын – қуанышы көп күндердiң

қыстыға қосады әнге қайран ғашық,

қош айтып қыз-дәуренге шектiрген мұң.

 

Мәпелеп бағып-күткен гүл-егiнiн,

кеткендей бұршақ ұрып, бiлеп үнiн,

Шағынды-ау құрып кеткiр көркiн де айтып,

өршiген өртiн де айтып жүрегiнiң.

 

Өртеген аш өзегiн дертi кiлең,

неткен жан деп ойладым мен түнiмен,

...Құлақта сыңсып салған қыздың әнi...

көңiлде көп мұңайған сен тұрып ең...

 

* * *

Тірліктің нарқы қайда,

     парқы қайда?

Деп те бір сақтамаған артына айла.

Алдында у тұрса да сарқыт iшiп,

Көрмеген місе тұтып жартылайға.

 

Жарқылдап

қайда барсаң қын-қылышың,

Шығартпай, жалғандықтың бір дыбысын.

Тістесiп күштімен де,

Тістімен де,

Шартта-шұрт жағаласқан шындық үшін.

 

Жүретін бет қаратпай,

Жерде мығым,

Қайда сол орда бұзар кеуделі күн?

Қиындап бара жатыр, керек десең,

Иттерге

«Ит екенсің» - деу де бүгін!

 

Қашан да көзсіз ерлік салтын сақтар.

Қайда сол алмас қылыш алтын шақтар?

Шынымен бертін келіп,

Өртім кеміп

Мезгілдің жеткені ме тартыншақтар?!.

 

* * *

Тағы ұнарсың бiреуге,

тағы ұнарсың,

Тағы да ұнап,

тағы да жаңыларсың.

Мен есiңнен шықпаспын қайда жүрсең.

Жек көрiп те отырып,

сағынарсың.

 

Мен де, бәлки, бiреуге тағы ұнармын,

Тағы талай тiрлiкте жаңылармын.

Сенi есiмнен, әйтеуiр, шығара алмай,

Жек көрiп-ақ отырып,

сағынармын.

 

ТҮСІМЕ ЕНІП ШЫҒАСЫҢ

Осылай да боларын білген едім:

Түсіме еніп шығасың күнде менің,

Құшып-сүйіп жүремін баяғыдай,

қызығына қана алмай гүл-дененің.

 

Баяғыдай ес кетіп мүлде менен,

балдан тәтті шақтарды күнде көрем.

Шырт ұйқыдан оянам

желпіп қалып,

Шәйі көйлек

етегі бүрмелеген.

Түсімде ме,

біле алмай,

өңімде ме,

құшағымда тұрады жеңіл дене,

Әлденеге жүрегім алып-ұшып,

Ән де шырқап оянам,

көңілдене.

 

Сусып шығып біресе құшағымнан,

Сұмдық шошып оянам құса-мұңнан.

Қараша үйім ұқсайды қара орманға,

қараңғыны қармана құсы ағылған.

 

Құпия емес ешкімге

бөтендігің,

емексітіп қайтесің бекер, күнім:

Анық сезіп жатамын түсімде де

бұл бақыттың баянсыз екендігін.

 

* * *

Тамсантып түгел таңдайда еріген,

қандай әдемі, қандай керім ең.

Қандай берік ең,

қасымда жүріп,

қапы қалдырдың

 алдай беріп ем!...

 

Жаным да бірге жаңдай көріп ем,

қандай төзімді, қандай берік ең,

жалғай келіп ем үмітімді үзік,

күні-түн қызып,..

қандай келіп ем,

 

Қандай әдемі, қандай көрікті ең,

арамыз сонша шалғай неліктен,

алдай келіп пе ең, апыр-ай, мені

алынбас өшің бардай

      кемiткен!

 

Алдыра қойсын арман қай елін!

Үріп ауызға салғандай едің,

тірі бауыздап өттің де бүгін,

кеттің бе, күнім?

Қандай бала едің!

...Армандай едің!

 

* * *

Өзгеріп шыға келіп өмір бірден,

қалмады дейсің, қалқам, көңіл кімнен,

Әп-сәтте алабұртып төңірегім,

қаншама еңіредім,

егілдім мен!..

Қамығып көрмегендей бірі мендей,

кешегі қатарласым

бүгін ермей,

Әп-сәтте қала берем шөгіп іштей

көңiлiм бордай болып үгілердей.

 

Тірлікте нала да бар,

жала да бар,

шақ та бар жұрт ішінде дара қалар,

Амалсыз өзін-өзі оққа төсеп,

Жүрегің жазылмастай жараланар.

 

Аямай сен де бүгін тілімдедің,

Оған да бүлінбедім, бүгілмедім —

Неғұрлым жарам ауыр болған сайын,

шығып жүр ашығырақ үнім менің!

 

Ағаңды алдамаған бүгінде кім,

Оған да бүлінбедім, түңілмедім, —

Көңілім қалған сайын —

барған сайын

өтімді бола түсіп жырым менің!