***
Түндерінде тыным бермей көп елес,
Төсегінен безген адам не демес?
Мені өзіме дұшпан еткен өзім ғой,
Сен емес.
Ақынды өлең жаратқан соң көзсіз ғып,
Қарға қанға тоймас жаққа көш түздім.
Енді ешқашан кінә артпаймын ешкімге.
Ессізбін.
Тағдыр деген тәкаппарлау құдайым,
Мені елемей кете берді лайым.
Қалдыр мені жапырақтар ішінде,
Жылайын.
Артты беріп ақылыма сазарған,
Түсініктен безіп тіні қажалған.
Мәңгі өлмейтін өлең сұрап көрейін,
Ажалдан.
Маған айтқан қалған дауыс көңілде,
Бақытқа еш қажетің жоқ...
Телінбе.
Бәлкім, менің бір керегім бар шығар,
Өлімге.
Түнегінде тыным бермей жоқ елес,
Жанын түнге сатқан адам не демес?
Өз жарамды жалап жазар өзім ғой,
Сен емес.
ТҮН ЖАМЫЛЫП ТӘҢІРІММЕН ТІЛДЕСТІМ
Тәңірім-ау!
Сор басымды салдың-дағы жолға сан,
Таба қылдың жақынға һәм жатыма.
Бір ақынды бақытты ете алмасаң,
Ұяттау ғой Құдай деген атыңа.
Дедім, міне, көкіректі тырналап,
Көлгірсіген өгей мұң.
Жырта берсең жүрегімді жұлмалап,
Мұнан басқа не деймін?!
Зор күнімді сәт ішінде қор қылып,
Күн берердей кіл кещеге қаратқан,
Бақ құсыңа тор құрып,
Құзырыңа қол сұғып па ем, Жаратқан?!
Мен не жаздым?
Білетұғын аямды,
Аталардың тұяғы ем ғой, өр, текті.
Дұшпанкөз ғып бақыт бер де баянды,
Құдайлығың рас болса, көрсетші.
Ием болсаң көкірекке салған жан,
Жатырқамай жылытсаңшы боп пана.
...Өз-өзіңе тең таппаған жалғаннан
Сен емес қой тек қана...
Тәңірім-ау...
ЕКЕУМІЗДІ ЕСКЕ АЛА МА?..
Қыс болатын. Сыр бойының қысы еді,
Түнгі ауада мөлдіреген тұрды ызғар.
Көктен сырғып алақанға түседі
Дір-дір еткен жапырақтай жұлдыздар.
Бүгін менің көңілімді қозғады
Тымық түннен туындаған кешеу мұң.
Қоштасудың қоңыр әнін созғаны,
Көзсіз ғашық екеудің.
Жыр боп тамар жүрегіне ғаламның
Сағыныштар — мөлдір түннің өтеуі.
Жанарлардың тілін алмай,
Адамның...
Тілін алып кеткен еді екеуі.
Ол түн өтті,
Көзді жасқа толтырып,
Көңілімде көр иісті енді мұң,
Көзсіз ғашық жүрегімді өлтіріп,
Ессіз ақын болып кеттім мен бүгін.
Бірақ қазір сөйлемеймін жарқырап,
Жырларым да жүрексіздеу, солғын тым.
Жұлдыздары жапырақтай қалтырап,
Екеумізді еске ала ма сол бір түн?
ЖАН АЗАСЫ
Жұматай Жақыпбаевтың аруағына
Қайғыны құшып жабыққам-ды құр,
Жабықпас жаққа кетермін.
Ұйықтасам, қара табыттарды кіл,
Айналып жүрем. Не етермін?
Қашанғы енді ғашық балаша,
Соза да бердім төзімді.
Табыттың бірін ашып қарасам,
Ішінен көрдім... өзімді.
Үрейім ұшып, үдейіп күмән,
Басқа бір келдім табытқа.
Ашып қарадым...
Не дейін бұған,
Жолықтым өзім — ғарыпқа.
Ұмытылып алыс, жақын дем лаулап,
Өшіріп үнін наланың,
Қарқылдай күліп, тәнімнен аулақ,
Арманды қуып барамын...
Санама енді бұл да азық па екен,
Тағы аштым табыт. Бекеммін.
Ішінде өзім — гүл нәзік өлең,
Былдырлап жатыр екенмін...
НОКТЮРН
Қ.Зәкіровке
Мен өлгенде...
Мені гүлдің жүрегіне көміңдер.
Нәп-нәзік.
Ал немесе...
Аппақ қарға ақ жазық,
Маңдайыма жұлдыздардың сәулесімен хат жазып,
Сүйегімді беріңдер...
Солар мені түсінетін, ұғатын,
Жүрегінде жұлдызы бар бір ақын
Өлгендігін ерке самал Тәңірге
Жеткізеді... әзірге.
Саусағымның ұшындағы соңғы өлең,
Мұңымды айтып желге мен,
Өлмеуі үшін
Пәктігімді аймалатып арайға,
Гүл боп ғұмыр кешейінші,
Жарай ма?..
Мені өзімнің жүрегіме көміңдер.
***
Ерте, ерте жеріп болып күйбеңнен,
Қара түннен қайғы емуді сүйгем мен.
Түннің мұңын, күннің нұрын бірге ішіп,
Мұң мен нұрдан жыр жасауды үйренгем.
Толғамдарға құмар болып сан үнді,
Өлең үшін түнге сатқам жанымды.
Сонан бері маған жалған пенделік,
Пайғамбарлық сонан бері нанымды.
Тірліктері мың құрау да, бір үзік,
Пенделерге не қылайын қызығып?..
Жанарымда жырға айналып жатса әлем,
Тырау-тырау тырналардай тізіліп.
Тостағымды толтырып ап, үйіме
Мұң әкелем. Мың ұйыймын күйіне.
Сонан кейін айналамын сәтте мен,
Мағынасыз дыбыстардың биіне.
Сәтке, сәтке, санаға енбей секемді ой,
Өз-өзімді Тәңірден де етем дөй.
Ұғам сосын... ақын болу дегенің
Бал татыған бақытсыздық екен ғой.
Міне, осындай әлемім бар жалғаннан
Бақ дәметпей тылсым жырға арбалған.
Бәрі солай... дегенменен таңғалма,
Хатымды алсаң: «Мынау кім? — деп, — сандалған».
...Менің жаным сендік жырға құмар тым,
Екеумізді сынар күн мен сынар түн.
Бөлген кезде... өзіңді аңсап хат жазған,
Мұң мен нұрдың патшасы деп ұғарсың...