ҮЗІЛМЕГЕН ҮМІТІМ БАР
Кеттің білем қайта оралып келмеске,
Қажеті жоқ алудың да енді еске...
Қаңтар менің көз жасымды мұз етіп,
Келіп тұрмын екінші рет он беске.
Бір бұл емес, қайтып жұтып қалғаным,
Өткен өтті, бар ғой әлі алда Күн.
Үзілмеген үмітім бар, алдаса -
Алдап кеткен шығар мені Арманым,
Арман алдап кеткен шығар, алдаса
Осалдығым емес шығар Ол да аса.
Кешірімді бола білген жақсы ғой,
Жүрекке ауыр тиетіні болмаса.
Қараймын да отырамын Айға алыс,
Арманымды алып кетті қайда Қыс?!
Көрер қызық алда шығар, өлмесем -
Тірілермен үзілмейді Байланыс!
Қателіктер... қателік кетті менен,
Су түбіне демейін кетті Кемем.
Кешірімді болуым - кемшілік пе,
Жақсы көріп сол үшін кетті ме, Өлең?
Ғұмырдың қысқалығы мұң-қайғым бар,
Қысқа болса қайтейін, тыңдайын ба?!
Қарашада үзіліп жерге түскен,
Қайта көктеп жапырақ тұр Қайыңда!
СЕН ТҰРА ТҰР
Ойларымды кезінде айта алмаған
Қатал уақыт, сен енді қайтар маған!
Менде бір тұлпарыңмын тағдыры бар,
Даланың кеңдігінен байқалмаған.
Шылбыр үзіп... шарқ ұрып кісінеген,
Қайран менің тұлпарым – кісі денем!
Сен тұра тұр! Қайталанбас қалпымда осы
Көрерге көзі жоқтың... түсіне енем!..
АДАМ ҰҒЫП БОЛМАЙТЫН САҒЫНЫШПЫН...
Өтті көктем, дүркіреп өтті көктем,
Ақ самалы аймалап өпті беттен.
Бір күні бір жаққа кетіп қалған,
Алтынымның дауысы жетті көктен.
Мен аспанның жетінші қабатында -
Жүрмін ұшып, таусылды тағатым да...
Сенің мөлдір бейнеңді көріп қалам,
Сағыныштың өртеніп тағы отында...
Саған ауып аңсарым алыстағы,
Алматымның елестеп таныс бағы...
Өлең оқып отырған сені көріп,
Алапат күш кеудемді жаныштады.
Жерді тастап кеткелі Айға, алысқа
Мен сенімен шықпадым байланысқа.
Өлең үшін туыпсың, жаным менің -
Бөтен іспең алданып, айналыспа.
Құдай саған керемет беріп күшін,
Не жазсаң да еркінсің, еріктісің.
Сенен қашып кеткем жоқ мен бұл жаққа
Қыл-қыбырдан жүрегім жеріпті шын,
Көп қарайсың аспанға, Алашыңа,
Алаңдайсың ауырса анашыңа.
Өзің айтшы, базарда балық сатқан
Абай туған қазақтың баласы ма?..
Не болып барады айтшы қоғамдарың,
Қажеті жоқ, сұмдық-ау, оған дарын.
Поэзияға қарсы бір күшті топ бар
Бүлдіретін солар ғой, солар бәрін.
Періштелер оянып... ұшты бәрі,
Пері қарсы тұрып ап ысқырады.
Құлазыған көңілге мың да бір ем -
Өлең деген керемет күшті дәрі
Ақын жаны өлмейді анығында,
Періштеге айналып жаны мұңда,
Жеті қабат аспанда жүреді ұшып,
Таң алдында, түннің бір жарымында.
Жүреді ұшып елемей ештеңені,
рухы таза еместер сескенеді.
Ғашықтарды сарғайтып, сағындырып
Бақыт шіркін, келсе де, кеш келеді.
Кеше оқыған өлеңің қандай мұнды,
Тауға, тасқа соқтың-ау, маңдайыңды.
... Менен басқа бір жұмбақ қыз
бар екен,
Ғашық болып бөліскен сан қайғыңды.
Секем алып сескеніп, елеңдеме
Сенен басқа адамға сенем бе, не?
Түсініксіз түс көріп жүргендеймін,
Бөлектеніп кеткелі менен дене.
Аспанға бір келеді-ау алып ұшқым,
Көрінбедің көзіме нағып үш күн?
Мені қиын түсіну, мен өйткені -
Адам ұғып болмайтын сағынышпын...
БҮГІН ҮЙГЕ ҚАЙТПАЙМЫН
Қызықтырмай барады түк те мені
Жұлдыздар - қара аспанның нүктелері,
Ертең, мүмкін сенімен хабарласам,
Бүгін үйге қайтпаймын, күтпе мені...
Күз келіпті... Мен қалай байқамағам?
Қиын болып барады қайта маған.
Жапырақтар - жүректің көшірмесі,
Сайтанның көшірмесі – сайқал адам.
Жаз қалдырып кетеді күзге несін,
Сен мені іздеп бұл жерге жүз келесің.
Сағыныш бар өсімдік әлемінде,
Мен - сондамын, мені ешкім
іздемесін...
Түймелерің кетіпті ағытылып,
Өлең жазып келдің бе, тағы тұрып?
Аспанда - Ай... Үстіңде қарай көйлек...
Көп толқимын бойымды шабыт ұрып.
Біреулер жүр күбірлеп осы маңда,
Кімдер олар, ақынның досы бар ма?
... Пушкинді атып өлтірген Дантес шығар,
Мен де қарсы тұрамын осыларға...
Өлең оқып ақын қыз, бозбалаға,
Тұрып қалған тіршілік қозғала ма?
...Болдиноға күз келді, Пушкин келмей...
Боздағым кеп қараймын боз далаға.
АҚЫН РУХЫН ІЗДЕМЕҢДЕР... МОЛАДАН
Мен бір күні Балқантаудан асқанда,
рухым ұшып кетер сіңіп аспанға,
Бүтін денем бөлектеніп өзінен
Ғайып болсам Адамдардың көзінен,
Құтылармын деп ойлаймын сөзінен...
Құтылармын деп ойлаймын алайда,
Жалғыз өзім адасамын қалайда.
Құстар болса мен солармен үндесем,
Жұлдыздардан көзіңді алмай түнде Сен
Жалғыз өзің күіп-жанып төсекте
Төтеп бере аласың ба өсекке?!
Кездескенше жанымды ұғар туысым
Мен армансыз кезем аспан қуысын
Біреу ұғып, біреу мейлі ұқпасын
Ақындардың рухы осында мықты-асыл!
Аспан болса Ақындардың мекені
Белгілі ғой кімдер құдай екені!..
Көретін де шығармын-ау, талайын
Олар мені қабыл алса қалайын!..
Аяулы ақын Мұқағали осында,
Осында ғой Шәкәрім мен Абайым!
Пушкин тірі... Лермонтов қасында,
тірі бүгін Сәкен, Мағжан, Қасымда!
Саңқылдайды Айбергенов Төлеген...
Ақындардың рухы өлмейді расында!
Мүсін болып құйылса да қоладан,
Ақын рухын іздемеңдер моладан:
Ақындардың мықтылығы – Құдай-Ол,
Ақындардың осалдығы... ол – Адам!