САҒИ ЖИЕНБАЕВ. КӨРІНГЕН КӨЗГЕ ЕЛЕҢДЕП

 

*** 

 

Көктемнің балғын кезі еді,

Әнші құс көкте ағылған.

Жемнің  де жасыл өзегі

Көгілдір мұнар жамылған

 

Сондай бір күннің бірінде

Жағаға  келіп жаттым да.

Саусағым басы дірілдеп,

Атыңды жаздым ақ құмға.

 

Білмедің, бірақ сен де оны,

Ол жайды  ешкім білмеген.

Сол бойда тентек жел қолы

Жасыра салған құмменен..

 

Қоштасып қырлар көп гүлмен,

Жер бетін қырау жапқанда,

Атыңды  жазып кеттім мен

Алғашқы жауған ақ қарға.

 

Түспеді көзің  оған да,

Саған да бірақ, жоқ өкпем.

Сол күні  соққан боранда,

Қар басып қалған кенеттен.

 

Гүл жапты талай белеңді,

Бұрқады талай ақ боран..

Атыңды сенің мен енді

Кеудеме жазып сақтағам.

 

Сақтаулы сонда бейнең мен

Сонау бір балғын күлкің де.

Енді оны менің кеудемнен

Өшіру ,сірә мүмкін бе?...

 

 *  *  *

 

О, туған жер, барымның
Сәттілері сенікі.
Балы болса жанымның
Тәттілері сенікі.

Жүрегімде жыр болса,
Наздылары сенікі.
Көкейімде күй болса,
Саздылары сенікі.

Менің тұла бойымның
Бұлан күші сенікі.
Қияға ұшқан ойымның
Қыран құсы сенікі.

Озып келсем бәйгеден,
Орамалым сенікі.
Қақ алдыңа жайдым мен...
Қалағаның сенікі!

 

   * * *

Әженің жайлы арқасы

Секілді мамық құстөсек,

Жабысып, Қолдар айқасып,

Ертеден кешке түспес ек.

Шешеге бір сәт ұнамай,

Түнере қалса бұлт келіп,

Әженің бауыры —

ұядай,

Кетуші ек соған зып беріп.

Сәні еді

Ауыл-үйдің де.

Жүруші ек оны пір тұтып,

Жеткізген бізді бұл күнге

Жабағы жұлып,

Жүн түтіп.

Текемет басып,

Тері илеп,

Көрпеше құрап қиықтан,

Әжелер —

бізді жер үйде

Саусағымен-ақ жылытқан.

Тағдыр да

Берген пейілді,

Қолына қонған береке.

Ол жүрген жерде —

Көңілді,

Ол жүрген жерде —

мереке.

Әжесіз күй жоқ, асылы,

Әжесіз үйдің —

аз әні.

Аруана тектес асылым,

Ақ әжем

Елдің ажары.

Ақ әжем —

Асқар тауымдай.

Шуданы тастап шумақтап,

Жататын оның жанында

Бозала бұлттар будақтап.

Болмайтын қаяу,

Кіршік те,

Жатушы ем мен де жайланып,

Үйірген әжем ұршықпен

Дүние қоса айналып...

*  *  *

 

Ұстатпай кеткен саусағын,
Сен менің тәтті түсім ең...
Іздедім сені қанша жыл
Қаптаған жұлдыз ішінен.

Қайтсем де саған жетем деп,
Жығылдым қанша орларға.
Алданып көңіл бекерге,
Адастым талай орманда.

Көрінген көзге елеңдеп,
Жаттым мен үнсіз жағада.
Тоқтамай өтті төбемнен
Теңізден ұшқан шағала.

Таппадым бірақ жоғымды
Талай жыл мені сарсылтқан...
Қандырдым кейде шөлімді
Қайдағы жылым-шалшықтан.

Ішінде қалдым жалынның
Денемді тасқын сел көміп,
Жанары талай арудың
Арбады мені сен болып.

Шақырып сиқыр қойнына
Сүйреді мені күңгірт бақ.
Кей күні балдың орнына
Уландым ессіз уды ұрттап...

Армансыз қудым, маралым,
Қайтпадым іздеп тапқанша...
Жанымда болсаң – жарадың
Жұлдызым көктен аққанша.

 

*   *  *

Күн ұзаққа шөп шауып,
малды бағып,
Таң алдында жантайып қалғып алып,
Отыратын бір мезгіл кілең жесір
Құйттай-құйттай сәбиін алдына алып.

Жадау жүрген көңілді желпіндіріп,
Талпындырып сәбиді, серпілдіріп: —
Келер ме екен көкешің, құлыншағым,
Оң аяғың көтерші,— дейтін күліп.

Көзін алмай барлығы, тынып іштен,
Оң аяққа қарайтын сүйінішпен.
Қыбыр етсе баланың башпайлары,
Кететіндей жуылып күйік іштен.
Қадалатын ынтығып бәрі үзіліп,

Сан құбылып жүздері,
сан бұзылып,
Оң аяқта тұратын осы кезде
Жалғыз арман,
жалғыз ой,
жалғыз үміт.

Әлгі бала талпынып тұрған күліп,
Жалғыз өзі маңайын нұрландырып,
Көтеретін бір кезде оң аяғын,
Үйдің ішін мәз-мәйрам, думан ғылып.

Жеткізгендей хабарын ағалардың,
Мәз-мәйрам боп тұратын бала балғын,
Сәби жүрек сезе ме,
аз да болса,
Көтергенін көңілін аналардың.

 

СҮТ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

 

Көшті талай көк аспанның бұлттары,

Көпті жұрттың көзіндегі шықтары.

Төрт жыл бойы асыраған —

бірақ та

Таңдайымнан кетер емес сүт дәмі.

...Көктем шығып,

Жер-дүние жылынып,

Жан біткеннің аузы көкке ілініп,

Көкжиектен құлаушы еді бір табын

Кешкі мұнар арасымен шұбырып.

Бәрінің де жұмырланып бүйірі,

Бәрінің де биіктеген иығы...

Ең алдымен жетуші еді елпілдеп

Біздің үйдің қызыл қасқа сиыры.

Қалай ғана шыдайды екен күнімен,

Есі шығып,

Еміреніп үнімен,

Келе сала,

Жалап-жалап бұзауын,

Жылтыратып қоюшы еді тілімен.

Одан басқа көрмейтін ол жанды да,

Не қойсаң да, қарамайтын алдына.

Тұлабойы дір-дір етіп,

жас бұзау

Тығылатын енесінің баурына.

Осы кезде

Балбырап ол тұратын,

Жанарына бүкіл дала сиятын.

Осы кезде -

үлпілдеген үрпінен

Бір ақ жаңбыр нөсерлетіп құятын.


Ақ жаңбырдың иісінен-ақ шат болып,

Тұратынбыз бойымызға дәт көріп.

Көтеретін көңілді де,

Көзі де

Ақ шелекте бұрқыраған ақ көбік...

Сауу керек үшінші рет,

Соңғы рет,

Бұзауы тұр жіберсе екен енді деп,

Ол да — бала,

Мен де — бала бүлдіршін,

Екі бала елеңдейміз мөлдіреп.

Жауып-жауып,

өте шыққан бұлттардай,

Үшінші рет...

Қояды енді түк тамбай,

Жалғыз ғана өзіне аян бір сырды

Жануарың ішке бүгіп тыққандай.

Мыңқ етпейді -

Секілденіп жоқ есі,

Әлсіз ғана қалтырайды денесі.

Ең нәрлісін,

Ең дәмдісін —

Соңғысын

Бұзауына сақтайды екен енесі.

Соңғы иінді...

Ең қиыны осы ара,

Осы арада —

Арбасады қос ана,

Екеуінің екі түрлі тілегі.

Екі тілек қосылмайды -

не шара?!

Жануарың жасыра алмай сезімін,

Жаутаңдайды қарашығы кезінің,

Ене байғұс ойлайды тек бұзауын,


Ана байғұс ойлайды тек өз ұлын.

Біздер үшін арпалысып,

тіресіп,

Тұрады екеу...

Бірі алданып,

бірі өсіп.

Түк жоқ ойда,

Мәз боп бара жатамыз

Екеуіміз екі анаға ілесіп...