ЕЛАМАН ҚАБДІЛӘШІМ. «БАС» РОМАНЫ ТУРАЛЫ ТОЛҒАМ

19-қазан – Рахымжан аға Отарбаевтың туған күні. Марқұм ағамыз арамызда болса, биыл 64 жасқа толар еді. Амал қанша! Біздің қолдан келері – тек дұға тілеу және қаламгердің соңына қалдырған мол мұрасының бір бөлігі – шығармаларын оқу.

Қадірлі оқырман! Ағаның туған күні қарсаңында мен Сізге «Бас» романын қысқаша мазмұндап беруге тырыстым. Бір кәдеңізге жарап қалар?! Және романды толық оқып шығуыңызды сұраймын! Өкінбейсіз!

 Рахымжан аға Отарбаевтың «жанын жеп жазған» «Бас» романын жаныңды жемей бей-жай оқу мүмкін емес екен.

Махамбет батырдың басын «жеті қат жер астынан қазып алып, үрлеп жан сала алмаса да, исі қазақ зәру болған мәлике жүзін мүсіндеген» ғалым Ноэль Шаяхметов неге титықтап бітті? Неге Мәскеуге қайтпақшы?

Антрополог «батырды тірілтемін» деген арманмен ақжемделіп қалған тері дорбаны арқалап, құзырлы орындар – мәдениет һәм білім министрлігін жағалаған, тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамын сағалаған, академияның ғылыми-зерттеу институтын айналсоқтаған екен. Батырдың басын көтерер баскөтерер бірі табылмапты.

Рухты тірілтемін деп жүрген бейбақтың салы суға кетпегенде қайтсін?!

Автор адам мінезін, ішкі жан-дүниесін, сезімін, ойын асқан шеберлікпен ашады.

Мына бір эпизодқа назар аударайықшы: Ноэль серіктерімен бірге емен есігі ерініп ашылатын мекемелердің талайынан көңілі суып, ақыры Талғар беттегі қорғанға келіп, шөккен бурадай боп, бір қырындап жатқан қорғанды қазады. Бұларды көрген тар маңдай, тарғыл бет құбақан шалдың Ноэльмен танысқаннан кейін: «Сен Қазақстанды басқарған Жұмабай Шаяхметов көкемнің жалғыз тұяғы екенсің ғой. Мәскеуде оқуда деп естуші ек... Біз Жұмабай көкеммен немере туыспыз... Жалғыз ұлын жер қазатын оқуға беріп... Мәскеуде дегенге дәу бастық боп оралар, сүйенішіміз болар деп жүрсек», - дегені – үмітті көңілдің көрінісі, шарасыздықтың бейнесі.

Кітаптың алғашқы беттеріндегі оқиғалар тізбегі ашуымды шақырды. Әсіресе, үш бидің ескерткішін талқылау жиынында, бас кейіпкер Ноэль ащы шындықты ашып айтып, «өзіне жау тапқаны», онда да өзінің «кінәсі» барлығы мені кәдімгідей ызаландырды. Адал адам, алдымен өзін жазғырады. Беттің арын белге түйгендер бүлк етпейді де.

«Алқалы бір отырыста Жоғарғы соттың алдына қойылар үш бидің мүсіні талқыға түскен... Талқылау деген аты ғана. Өңкей қошемет, қолпаш. Бірінен соң бірі іліп әкетіп таң қалысады, таңдай қағысады...»

Бұл ырду-дырду менің көз алдымда өтіп жатқандай. Таныс көрініс. Иә, өте таныс. Жақында аудан орталығын көркейту жұмыстары туралы жиын өткен. Белгілі бір сәулетші ауылымызды заман талабына сай безендірмек. Бұнда да оның, жоғары жақпен мақұлданған жобасын, таныстыру, талқылау болған. Тура романдағыдай. Талқылау деген аты ғана. Бұнда да мақтау, қолпаштау. Бірақ, шындығына келгенде бұл жобалар ауылда бұрыннан бар нысандарды жаңа нысандармен алмастыру ғана. Бар дүниені жаңалап, босқа ақша шашқанша, бас панасы жоқтарға баспана салып берсе мың есе қайырлы, миллион есе маңызды жұмыс еді. Мен осыны ойладым. Бірақ айта алмадым.

Ал, Ноэль болса айтты. Айтқанда қалай?! Сойды ғой. Айызым қанды. Тура өзім айтқандай, рахаттандым-ау!

Эскиздарға шындап, ұятты көзбен қарауды сұраған Ноэль: «...Бұлардың айырмашылығы тек сақалдарында. Ұлы жүздікі қауметті, ұзын, Орта жүздікі ықшам, ал, Кіші жүздікі шұнтиып тұр. Бар өзгешелік – осы. Бұл не? Сақалдың көрмесі ме?», - деп сойып салды ол.

Бірақ, оның сөзін құлағына қыстырған ешкім болмады. Рахымжаншаласақ, Ноэльдің бұл сөзін Әлгілер «құлағының сыртынан жіберді...». ақиқатты айтқанды кім жақтырсын?

Романды оқуға кіріспес бұрын, шығармадағы оқиғаның жоғалған бас сүйектің айналасында өткенін біліп алғанмын. Оқиға қалай өрбиді? Батырдың басы қалай жоғалды? Осы сауалдармен кіріскен едім кітапқа. Сөйтсем, бірі де құндылықтарды құрметтеуге құлықсыз құрметтілердің салғырттығынан болған екен.

Сол құрметтілер – әлі құрыған, титықтап біткен Ноэльдің Мәскеуге аттанар алдында батырдың бас сүйегін алып қалыңыздар деген өтінішін аяқасты еткен, ұлттық жәдігерді керек етпегендер – тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қорының бастығы Ықас та, Махамбет поэзиясынан докторлық дессертация қорғаған Қайып Есимович те, ақынды «әне біреумен» шатастырған мұрнын оң жақ сырғалығына қарай қисайта тартатын шотмаңдай қара мәдениет және білім министрі де, академияның тарих және этнография институтының директоры Баймахан да, Атыраудағы Құрақ қартқа Дәурен жазған хаттарды құйрығының астына басып отырған ауыл әкімі Қарауыл да жиіркеніш тудырды.

Есесіне, Құрақ қарт пен оппазиционер Иса, көзін адалдық пен аңғалдық ұя қып алған күзетші Дәурен мен Ықастың өжет қызы Айым ішімді жылытқан жағымды образдар. Айымның ауқатты әулеттен болса да, әкесіне тартпаған қарапайымдылығына қайран қалдым. Оның Дәуреннің «арық қатынның арты әзер сияр ұядай бөлмесін» көгенде «Нағыз шығармашылықпен айналысатын жер» дегеніне тәнті болдым.

Жағымды жандар қатарына әуесқой тарихшы Әлімжан Сақтаевты, «Бәйтерек» қорының төрағасы Нұри Утеновичті, жаңа министр Мұхас Аббасовичті, қала әкімі Имашты қосыңыз... Бәсе, жақсылық жамандықтан басым тұруы, адалдар арамдардан көп болуы керек еді. Романды оқып отырып, ішкені мен жегеніне мәз дөкейлерден түңіле бердім. Бірақ, осындай ұлтшыл кейіпкерлер езілген еңсемді тіктеді.

Романда автор адамдардың екі түрлі типін және сан түрлі мінез-құлқын береді. Екі түрлі типті жоғарыда айтып өттім. Оншақты кейіпкердің арасында елеусіз болса да, бір жылт ететін образ бар. Олар – Дәуреннің құжырасының иелері Аркадий Васильевич пен бойы мен ені бірдей бәйбішесі. Оларды бір сөзбен құлқынның құлы десек болар?! Олай деуімізге, Дәурен мен Айымның жертөлеге бірге келіп жүргенін көргенде, «Бұл екеуі үйленейін деп жүр-ау, ендеше, пәтерақыны өсіру керек», - дегені себеп болып тұр.

Жоғарыда атап өткен жағымсыз жандар өз-өздерінен үрейленіп, тыжырынып, безек қазығп, бір-біріне сілтеп, маңайларына жолатпаған бас сүйекті «Мен сақтайыншы!», - деп алып қалған Дәурен үлкен аманат арқалады.

«Өзі жертөледе тұрса, өзі жұпыны жан болса, ұлттың ұлы жәдігерін қалай сақтамақшы екен? Бас осы Дәуреннің қолында болғанда жоғалып кететін шығар? Ақымақ-ау, тарихи жәдігерді мойныңа алғаның не?» деп мен отырдым, кітаптағы кейіпкерге ызаланып...

Романда Ноэльдің бірбеткей мінезін бірнеше жерде байқадым. Соның бірі антропологты өтірік марапатпен арқадан қағып шығарып салмақшы болған, бастықтарға қыр көрсетіп кетуі. Онысын ұстазы Михаил Герасимовқа өзі былай деп баяндайды: «Екі қағаз ұсынған, туалеттеріңе қойыңдар деп қайта өздеріне жақсылық жасап кеттім...». Бас кейіпкердің басындағы жаңдай менің өмірімде орын алса, мен қандай әрекет жасар едім?!

Дәурен мен Айым аманатқа алған бас сүйекті жертөлеге алып келді. Ағаш тауып алып, адам сұлбасын жасады. Ағашқа ақынның басын отырғызды. Үстіне шапан кигізіп, белін буды. Жертөле бұрышында батырдың ескерткіші пайда болды.

«Ой, жастар-ай, бұларың не? Мыналарыңды үй иелері көріп қалып, тағы да жанжал шығарса қайтпексіңдер? Бас сүйекті жоғалтып алсаңдар не болады?», - деп мен отырмын тағы.

Осы сәтте «бір миллион адам сыйған Алматыға, Махамбеттің қу басы сыймай қалғанын» естіген ауылдағы Құрақ қарт дабыл қағады. Оқиға желісі тың арнаға бұрылып, шиеленісе тіседі.

Барлығы Құрақ қарттың үшбу хатынан басталады. Халықаралық «Бәйтерек» қорының төрағасы Нұри мырзаға жолданған хат кімнің кім екенін ашып берді. Хат жазу эпизоды – романның негізгі тіреуіші, өзегі деуге болады.

Діттеген жерге жеткен хат қарттың жан айқайын да естіртті. Осының алдында ғана қарапайым бір ғалымның сөзін елемеген, Махамбет ақынынң басын сыйдырмаған Әлгілер «төрағаға жалғыз-жалғыз кіріп, өңдері қашып шыққан», содан кейін жоғалған құндылықты «бар ықыластырымен іздеуге» кіріскен.

Алматыдағы оқиғадан хабарсыз Ноэль бұл кезде Мексикада, Апачи тайпасының арасында зерттеу жұмыстарында жүр еді.

Автор Жер шарының екі бөлігіндегі екі жұртты, екі тараптағы оқиғаны бір бірімен байланыстырады. Үндістермен мәжіліс құрып отырған экспедиция мүшелері, «Біз Джеронимоның ұрпақтарымыз!» деген Апачи тайпасының көсемін қостап: «Атақты Апачиді әлем таниды, кинодан көрдік, кітаптан оқыдық», - дейді. Сол кезде үндістер: «Оның бәрі ақ нәсілдің ойлап тапқаны. Шын Джеронимо басқа еді ғой. Ондай болу қайда?», - деп күйзелгендей болады. Бұл сөзді автор үндістердің аузына салып беріп тұр. Бұл – Рахымжанның өз сөзі. Бұл – Ноэльдің шырылдаған жан дауысы.

Осы тұста мен Нұри мырзаның: «Қолдан жасанды батыр, би жасау – тарихқа қиянат» дегенін тағы бір мәрте есіме алдым.

Үндістер арасына қайта оралайын. Жаңағы мәжілісте Ноэль «аз-кем ойға шомып отырды да, қолындағы вискин отқа шашып кеп жіберді. Бәсеңси бастаған алау тарам-тарам боп көкке көтерілген. Әр басы жеке-жеке билеп барып жығылады. Алыстан әлдекімдерді жанұшырып шақырып жатқан қол сияқты».

Иә, роман кейіпкерлеріне де, кітап сыртында отырып, кітап ішіне еніп кеткен маған да көмек қолын созатын бір жан табылсайшы?! Тағы да неге? Неге романдағы Әлгілер және Әлгілер секілді өмірдегілер ақиқатқа қиянат жасауға құштар? Неге ұлттық құндылыққа жан-тәнімен беріле қызмет етпейді?

Жылы орындары үшін ғана дірілдеп, «Басты сақтауды саған тапсырдым» деп бір-біріне жала жапқан үшеудің – Баймахан, Ықас, Қайыптың жанжалы оқиғаны одан әрмен шиеленістіріп жіберді. Ал, бұл жанжалды дәлізде тыңдап тұрған Айымның: «Садағасы кеткірлер-ай!», - деп тістенуі оқиғаны тіптен ажарландыра түсті. Мен тағы да Айымға разы болдым. Қыз болсаң, осындай бол!

Автор кейіпкерлердің бойындағы екіжүзділік, сатқындық, жалақорлық, жағымпаздық, мансапқұмарлық, ақшақұмарлық, дарақылық секілді жаман қасиеттерді ашық көрсетіп, өткір сынайды.

Ауыл әкімі Қарауылдың телефон тұтқасын алған бетте: «Сіз екеніңізді түскен қоңырауыңыздан-ақ танимын ғой!» деп көзі жыпылықтап, беті күлімдеп кеткені – нағыз жағымпаздықтың шектен тыс көрінісі.

Қарауылдың бойындағы қараулық бұнымен шектелмейді. Поштаға түскен арыз хаттарда пошта бастығымен бірге өртейтіні тағы бар. Бұл «өнерге» не деп ат қоярымды да білмеймін?!

Ал, адалдық секілді бір ғана қасиетті Ноэльдің қызметіне ғана емес ұлтына деген махаббаты арқылы, екі жастың бойындағы адамгершілік қасиеттер арқылы асқақтата жырлайды. Иә, Рахымжан аға адалдықты жыр етеді!

Міне, мен кітаптың 79-бетіне жеттім.

Шым-шытырық оқиға одан сайын шиеленісе түсті.

Жоғалған басты табамыз деген үміт жіңішкере берді. Үзілуге шақ қалды. Осы сәтте министр мен қала әкімі жаңа айла тапқан болатын. Онысы газет бетіне басылып үлгерді және елімізге таралып та кетті. Онда Махамбеттің басын тапқан адам 1 млн. теңге сыйақымен марапатталатыны жазылған еді...

Бұдан басқа амал табылмады ма? Неге Дәурен мен Айым өздері қимылдамайды? Айым әкесіне берілген төрағаның тапсырмасы барын біледі ғой. Екіжүзді Қайыптың өтірік жанашырлықпен айтқанындай: «Әркім қолына түскен қу басты ала шауып берекені кетірсе» не болмақ?

Мен осылай ойлағаныммен автордың өз көздегіні бар екен. Ол ой кейіпкерлердің жағымсыз мінезін одан әрмен аша түскісі келгендігі. Иә, арамызда ондай адамдар баршылық...

«Махамбеттің мүсініне конкурс және жоғалған басына тігілген ақша көлемі жарияланған газетті оқысымен Ықас байыз тауып отыра алмады». Міне. Көрдіңіз бе? Автор өз кейіпкерлерінің пиғылын жақсы біледі. Олардың ендігі әрекетін де сезеді.

Ықас пен Қашқарияның зымзия әрекеті жүрегімді айнытты. Айымды алдап-сулағаны, «Бізді әке-шешеміз десең...» деп Дәуренді тауып беруін өтініп сұрағаны, жүрегімді аунатып түсірді. Егер бұлар, Айымды көндірсе, көндіре алмаса, ізіне түсіп аңдып, Дәуреннің жертөлесін тауып алса, не болады? Ойлаудың өзі үрейлі!

Адамның көңіл күйін, мінезін, ойын дәл танушы Рахымжан аға, оқырманның алдын орап кетеді. Менің ойымды Айымның басына салып бере салады: «Бәрі жабылып Дәуренді тауып алатындай, басты қолынан жұлып әкететіндей көрінді».

Бас үшін қызу талас, тартыс басталған бетте Дәурен мен Айымның да жеке адамдық қасиеттері тереңірек ашыла түседі. Мен тағы да тоқ көңілмен отырмын. Себебі, Дәурен де, Айым да осыншама мол қаражатты қажет еткен жоқ. Дәурен: «Сыйақы Құрақ атама тиесілі. Одан кейінгі құрмет иесі – Ноэль аға», - деп қуантты. Тұрмыс тауқыметін тартып жүрген күзетшінің алтынды көріп жолдан таймағаны – «Жаным арымның садағасы» деген ұғымға саяды. Ал, Айымның: «Сенің осылай деріңе сеніп келген ем. Жарайың!» дегені жанарыма жас үйірді. Рас айтамын. Жарайсыңдар, жастар!

Мен Дәурен мен Айымның бір-біріне лайықты жандар екенін осы жолы нақты көз жеткіздім. Автор да, екі жастың көзқарастарын, қызығушылықтарын бір нүктеде түйістірді. Бұл олардың болашақтарына жасалған алғашқы қадам болатын. Енді міне, екеуі де адамдық асқарында табысып тұр. Қол ұстасып, мәңгі бірге болыңдаршы!

Өзім де Айымға ғашық көңілмен қарай бастағандаймын!

Оқиғаға «дүниенің бәрінен өзінің үлесі, алажағы бардай көретін» Әлім мен Жорик араласқанда тағы да дегбірім қашты. Ақшаның буы кімді елітпесін?! Бұлардыкі енді шектен шыққандық. Нағыз азғындық. Ескі зиратты қазып, аруақтарды мазалаудан қорықпаған бұларда ар деген аяулы ұғым атымен жоқ екен ғой.

Ал, сонау Санкт-Петербургтегі «қысқа күнде қырық жерге көмбе көмген қулар» Слава мен Абраамның Эрмитаждан Кенесарының басын ұрлауды жоспарлауы тосын ойға жетелейді:

«Сол басты алуымыз керек. Сақтап қоямыз. Қазақтар түбі оны да іздейді. Сол кезде сауда қызады», - дейді әлгі қулар.

Бұл сөзге кәдімгідей иланғандай болдым. Бұл, әрине, жазушының қиялы болуы мүмкін. Бірақ, оның астарында қазаққа қарата айтылған назалы сөзі жатыр. Серік Ақсұңқарұлы айтқандай, «Қазақ қазір Кенесары, кеудасі бар, басы жоқ». Күлсалғышқа айналған сол бас елге әупіріммен жетті ғой. Осы тұста, жазушының сәуегейлігі ме деген ой келеді. Қайран, Рахымжан аға, Хан Кененің басы қазаққа қайтып келетінін сезген боларсыі?!

Автор ауыл әкімі Қарауылдың образын ашуда сараңдық танытпайды. Емделуге кеттім деп ауылды алдап шыққан ол Алматыға асығыс жетті. Ағаның үйі – ақмешіт деп Қайыптың үйіне келді.

Бірінші көрініс:

«...Ілгері озып төрдегі ағаларымен, сауысқаннан сақ келіншекпен ілтипат төгіп амандасқан соң Дүрия жеңгесінің иіліп кеп оң қолынан сүймекке ниет еткен. Саусақтарына дейін қымбат маймен сылап, ол аздай француздың әйгілі әтірін сепкен бапты қолдың жұпар иісі көз алдын бұлдыратып, танауын қытықтап, ерні енді тие бергенде түшкіріп кеп жіберсін.

– Ойбай!, - деп Дүрия баж ете түсті.

Қайып алғашында мына түн жамылып, түсі қашып келген пәле әйелінің қолын тістеп алған екен деп шошыған.

– Сорлы басым, деп жыларман болған Дүрияға қараса, қолынан мәкірік пе, сілекей ме тамшылап тұр...».

Екінші көрініс:

«...Өзіне сөз кезегі тигенде орнынан тебіреніп көтерілген Қарауыл жақында жаттап алған ақынның бір шумақ өлеңін есіне түсіре алмай, біраз бөгелді. Қанатың қатты, мойның былқылдақ деп қай құсты айтып еді? Нені қорып жүрсің деді? Жалғыздықтан неге жапа шекті?

– Әй, құзғындар, құзғындар!, деген жаны торыққанда ақын.

– Қой, құзғыны несі?

– «Әй, қызғыш құс, қызғыш құс», - деген Махамбет.

Қайып қонағына ауыз көмек жасады.

– Иә, қызғыш құс... Көл қорып жүріп ол да кетті. Ел қорып жүріп ақын да өтті бұл пәниден. Соңында иіс алмас мен сияқты өңшең шөп пен шөңге қалды... Бізге атақ та, ақшасы да керек емес. Абырой керек, абырой, деп кемсеңдеген. Жас таппады»...

Ал, Баймаханның мына бір сөзі романның басында бастан бас тартып бәлсінген, кейін, әуелі, қызмет үшін бір-бірімен жаға жыртысқан, енді міне ақша үшін ауыз жаласып отырған үшеудің шынайы бет-бейнесін паш еткендей:

«...Сол шаруа бізді де тыныш ұйықтатар емес. Бұл қазақтың сүйегіне таңба! Өшпес дақ! Осы отырғанда жанымызды шабақтап отырмыз. Қалай табу керек? Қайдан іздеу қажет? Қай имансыздың қолында кетті? Міне, ертеңді-кеш әңгімеміз осы».

Ал, Қашқарияның Дәуренді сеніп тапсырған басты ұрлап қашқан қаңғыбас деуі – жаптым жала, жақтым күйе!

Құлқынын ақша тескен арсыздар-ай!

Тағы да үндістер арасында отырмын. Әне Ноэль Апачи шөбересі Харлинмен әңгімелесуде. Харлин оған басқыншылардың Джеронимоны опасыздықпен өлтіргені, ақыры араға он жыл салып Апачидің қу басын көрден қазып алғаны туралы айтуда. АҚШ-тың әскерге жаңадан алынған әр жауынгері бас сүйекті сүйіп ант береді екен. «Жауыма қатал да мейірімсіз, тіпті шектен шыққан қанішер болам» деп. Сол үшін де қайтарар емес.

Осы диалогқа өзім куә болғандаймын. Ноэльдің көзіне қарадым. «Заманында Рим папасын құрдай жорғалатып, қолын сүйгізген Еділ патша қайдасың? Бейбарыс баба діні бөлек Дәуіт пайғамбардың зиратына атпен кірген жоқ па? Өзге жұрт екі бүктетіліп енер есіктің төбесін бұздырып. Еңкеймеймін, ер басымды имеймін деп. Қайда сол өршіл рух!», - дегенді оқыдым.

Сол рухты тірілту үшін азаптанған жоқ па Ноэль?

Талас тартыс қызып, алай-дүлей, астаң-кестең болып отырған көңілімді Дәуреннің Құрақ қартқа жазған хаты жұбатты. Ақылыңнан айналайын Дәурен, мән-жайды түгел ашып жазып, мекен-жайыңды айтпауын өтінгенің өте дұрыс шешім болды.

Егер Қарауыл ауылда болса, бұл хат Құрақ қартқа жетпес еді. Абырой болғанда, ол сұмырай ақшаның соңынан сүлкектеп жүр. Өзіне де сол керек!

Құрақ қарт пен оппазиционер Исаның Алматыға келгені шиеленіскен оқиғаның шимайын тарқатуға мүмкіндік берер. Жүрегім басылайын деді. Дәурен мен Айым енді қорғансыз емес. Шын жақтастары, шын жанашырлары қасында.

Құрақ қарт Дәуреннің жертөлесіне жетіп, атасының алтын басымен қауышқан сәтте буыны құрып алдына тізерлей кетті. Шыны керек, Рахымжан аға дәл осы жерде тізгін тартып қалған секілді. Құрақ қарттың Қараойдағы ақын зиратын тауып беріп, батырдың бас сүйегін қазып алдырғанда, кейін сол бас жоғалды деп дабыл қаққанда, алып ұшып Алматыға жеткенде шынайы суреттелген қарт бейнесі бас сүйекпен жан ұшыра қауышқан сәтінде сәл де болса жұтаң тартып тұрғандай. Мен Құрақ қарттан бұдан да зор эмоцияны күтіп едім.

Міне, кітаптың 140-бетіне де жеттім.

Қыруар қаржыдан дәмелелердің текетіресі қыза түсіпті. Шегіне де жеткен секілді. Төраға таң-тамаша қалуда. Комиссияға үш бірдей бас ұсынылды.

Қайып пен Дүрия және Баймахан алаяқтарға алданып, ақшаның буына мастанып оны елеген де жоқ, көрден қазып алынған бас сүйекті он мың долларға сатып алған еді. Бірақ онысын «осылар басқаратын институттың қоймасынан» таптық деген. Бұлардың бұл әрекеті арсыздықтың шегі де, шеті де жоқ екенін көрсетіп тұр...

Ықас пен Қашқария әкелген бас сүйек Мәскеудегі Ноэльмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін, антропорлогтың жөн сілтеуімен оның шеберханасынан алынған еді. Қашқарияның мына бір сөзі: «Ноэль Мәскеуге кетерде лақтыра салыпты. күл-қоқыстың ортасында жатыр екен. Олар кімнің қадірін білетін еді?», деуі оның рақымсыз, қайырымсыз жан екенін көрсетеді. Бұл жерде шеберханада гипстен жасалған бірнеше көшірме бас бар еді. Бұлар солардың тек біреуін ала салған болатын.

Ал үшінші бас әлгі Әлімнің жұмсауымен келген Жорикте. Ол бұл басты Дәуреннен алдым деп бөседі.

Міне осылайша, ақша қуған арсыздар жалғаш үш басты алып, төрағаға келген еді.

Бірақ, комиссия отырысына Құрақ қарт, Иса, Дәурен,  Айым келгенде үшеуінің де құйтырқы әрекеті әшкереленді. Жорик заң жүзінде жазаланады. Ал, аналардың жазасын Ар сотына қалдырдық.

Махамбеттің үш рет сілтенген қылыштың ізі бар бас сүйегін әкелгендер ақшадан да, марапаттан да бас тартты.

Бірақ, әлгі арсыздар, сол жерде тағы таласты. Тура менің көз алдымда таласып тұрғандай болды олар. Айымның анасы: «Оқуыңа жаратасың, ал», дейді. Ауыл әкімі: «Қараойға газ тартқызайын, таза ауыз су жеткізейін», дейді. Дүрия болса, «Беріп тұрғанда алмасаң, ақшаның киесі ұрар», дейді...

Осымен оқиға аяқталды. Бас Қараойға жеткізілетін болды!

«Бас» романы – мінездер галереясы. Кітапты оқып отырып, біріне сүйсіндім, біріне күйіндім. Біріне таңдандым, бірінен жиіркендім. Бірінен үлгі алдым, бірінен сақтандым...

Романдағы жағымсыз мінездердің ұшқыны менің де бойымда жылт ететіндей. Сол мінезден қалай құтылуға болады, қалай сақтануға болады? Міне, роман осы сауалға жауап табуға шақыратындай.

Әйтпесе, роман «МЕН ДЕ СЕНДЕЙ БОЛҒАНМЫН, СЕН ДЕ МЕНДЕЙ БОЛАРСЫҢ» ДЕГЕН КИЕЛІ СӨЗДІҢ ҚҰПИЯСЫН АШУҒА ӘЛІ ЕШКІМ ТӘУЕКЕЛ ЕТКЕН ЖОҚ», деп түйінделмес еді.

«Талғардағы сақ қорғандарының бірінен табылған күміс тостақанның сыңары Аризона штатынан табылуы» – адамдықты сақтау күллі адамзатқа ортақ мұрат екенін емеурінмен білдіру деп ойлаймын.

Біздің барлығымыз басымызды жоғалтқан кеуделерміз. Біздің бастар әр жерде домалап жатыр. Қала көшелері мен дала жолдарында, ой мен қырда, кең сарайлар мен тар қапастарда, сыраханалар мен барларда, ойынханалар мен бардельдерде, қоқыстар мен дәретханаларда, тағы басқа кез келген жерде... Шашылып жатыр.

Бір бас қымбат көлікте кетіп барады, бір бас ақшаға оралып қалған, бір бас араққа тұншығып жатыр, бір бас темекіге қақалып қалған, бір бас есірткіге елтіген, бір бас нәпсіге алданған, бір бас қыл арқанға ілулі тұр, енді бір бас...

 Әркім өз басын өзінше іздейді.

Іздеуге тырыспайтындар да бар...

Сөз соңында сол мінездердің иелеріне тиесілі сөздерді тізейін. Бұларды романда кездесетін нақыл сөздер десек те болады:

Аз халықтың серкесі болғаннан, көп халықтың еркесі болған жақсы...

Бізде бәрінің де бас-аяғы жоқ!...

Қазақ болып өмір сүру кейде қызық!...

Бұ заманда жақсы да бір төмпешік, жаман да бір төмпешік...

Ақшаның тілін білгенмен, адамның тілін білмейді...

Ұзын дәмеге қысқа қолым жете ме?

Қазақ екі жағдайда табалдырықта тұрып хабар айтқан. Бірі – жау шапты дегенде, екіншісі – кісі қазасын хабарлағанда...

Арманы түскір неткен көп еді? Оны да ғұмырыңа шақтап тілемесең, діңкелетіп бітеді...

Бұл пәниде ұсақтар сыйғыш. Орын тапқыш. Іріліктің бір қасиеті – осы.

Көп жалғандықтың жалғыз шындықтан үркетінін көрдік (Көп жалғандық жалғыз шындықтан үркеді)

Жалғандық жайлаған жерде ақиқатқа тазкепешті кигізбей қоймайды...

Қолдан жасанды батыр, би жасау – тарихқа қиянат...

Өресі биік ойыма ере алмаған кінә сендерде...

Есі бар ел есуасын да түгендейді...

Қарғыс та қақпанның бір түрі. Бір тісіне ілінген соң оңайлықпен босата ма?!

Дүниенің қол-аяғы байланған...

Ұят біреу, бет екеу...

Адамды ішпей-жемей семіртетін көңіл ғой...

Тайқазанының қақпағы жоқ, ұлыларының басы жоқ бұл неткен иесіз ел?!

Адассаң да құбылаға қарап адас...

Мен де сендей болғанмын, сен де мендей боларсың...