НҰРБЕК НҰРЖАНҰЛЫ. ЖАНСЫЗДАР ЖАЗБАСЫ

          

 

25-ші пәтердің егде кісілері кешкі асты ішуге бет алып, дастарханға отыра бергені сол еді, асүйдің арғы бетіндегі көрші үйден тағы да сатыр-гүтір еткен дыбыстар мен бір-біріне дүрсе қойған еркек пен әйелдің айхай-шуы естіле бастады.

-Тағы басталды, - деді Витя ағай келіншегі Ксения шешей ұсынған сырлы кесені қолына алып жатып. Толықша келген Ксения шып-шып еткен маңдай терін мең қаптаған етті білегімен сүртті.

-Бұларсыз бізге де кешкі ас батпайтын болды ғой, о, Иса. Соңғы үш жылдан бергі бітпейтін не деген ұрыс-керіс түсінсем бұйырмасын. Не ажыраспайды, не доғармайды, құдайдың құтты күні, естиітініміз осы.

-Ол аз ба түн ортасында төбелесетінін айтсаңшы...

-Шал-ау, қартайған шағымызда өзімізше тыныш өмір сүрейік деп ұл мен келінді бөлек шығарған кезімізде мына көршілердің ұрыс-керісі басымызға бәле болғанын қарасаңшы...

-Кемпір-ау, айдаладағы осылар үшін мен де уайымдап болдым... Кейде есіктерін қағып, үйлеріне кіріп орталарына араша түскім келеді. Әсіресе әйелін аяймын, төмпештеп жатса да бет бақтырар емес... – деді де алдындағы табақта қуырылған макаронға бірдеңе іздегендей айналасына кезек-кезек қарай бастады.

-Бірдеңе іздедің бе?

-Қара бұрыш қайда?

-Әәә, қазір, - деп кемпір орнынан тұра бергені сол еді, жамбасының ортасына қысылып қалған күлгін халатының артқы етегін сол қолымен тарта қап жайып жіберді.

-Қанша айтам саған, қара бұрышты дастарханға қойып қой деп...

-Мейлі, қойшы енді...

 «Тарс-тұрс» «Дүрс-гүрс» еткен дыбыстар көрші үйден қайта естілді.

-Өлді, әне, сорлы.  Бір-бірлеріңді аямасаңдар да ең болмаса жиһаздарды аясаңдар етті, - деді көмейіне тығылып қалған нанын шайнай алмай қақалып-шашалып жатса да сөйлеп үлгерген Ксения шешей. Ашуға булыққан Витя ағай қабырғаны жұдырығымен «гүрс-гүрс» соқты. Бірер секундқа үндері өшіп қалды да, қайтадан айхай-шу басталды.

-Бұларға дауа жоқ, - деді Витя ағай басын қайта-қайта шайқап. 

Келесі күні Витя ағай көзілдірігін тағып газеті мен кітабын оқып есік алдында ары-бері серуендеп жүрді. Ол осылай күніне кемінде үш сағат жүреді. Ал Ксения шешей арбалы дорбасын сүйреп базарға кетті. Ал бұлардың 26 пәтердегі көршілері, жас жұбайлар жұмыстарына тарасып, ол үйде ғана емес, сол ғимаратта тыныштық орнап қалған шақ болатын. Ал 26 пәтер соғыстан кейінгі майдан алаңына ұқсап жатты. Жатын бөлмеге кіре бергенде шашылған көрпе төсек, қираған орындық, сынған ваза, қысқасы астаң-кестеңі шыққан үйді көресің. Бұл бөлме – сол отбасы өмірінің көрінісіндей мүлгіп жатқан болатын. Ал бөлмедегі жиһаздар күн сайынғы таңда, болған оқиғаны өз хал тілдерінде баяндап жатады. Міне қазірде олар жас жұбайлар үшін өкініштерін білдіріп жатқан-тын;

Орындық отырған қалпында, бүгілген белін жаза алмай:

-Есік бәріне де сен кінәлісің, оларды тым болмағанда бұл бөлмеге кіргізбей ұстап тұруың керек еді... Ал не болды, бәріміздің де сау-тамтығымыз қалмады...

-Маған не дейсіңдер, енді?! Әрқайсысың бірдеңе болса болды: «Есік бүйтпедің бе, Есік сөйтпедің бе...» деп жағама жармаса кетесіңдер, шамаларың жетсе неге өздерің ұстап қалмайсыңдар?

-Доғарыңдар, - деді қатқыл қабағын жаза алмай тұрған Шифоньер, - бәріне де мен кінәлімін, егер Жұлдыз менің есігімді ашумен жаппағанда бұл ұрыс бола қоймас па еді, кім білсін... Менің қыңсылаған есігімнің кесірі, сәл жапсаң болды шиқылдап шыға келеді. Отырған орындық оның сөзіне жағаласа кетті:

-Оған сенің ешқандай да кінәң жоқ. Бәріне де кінәлі Асанның өзі, ол мықты болса сенің есігіңнің ашық-машығын майлап-жөндеп қояр еді. Сарт жабылған есікке селт ете қалған Асан не істеді, әй-шәй жоқ, Жұлдызға келіп «Неменеге шифоньердің есігін қатты жабасың» дейді. Ал Жұлдыз «әдейі қатты жаппадым, саған солай естілсе керек. Оның үстіне шифоньер аузы құрып болды. Еркек боп жөндеп қойсаң болар еді. Ол аздай өтпейтін пышақтарды да қайрауды білмейсің. Енді келіп маған, қатты жаппа деп дүрсе қоясың...» деп өкпелеген болатын. 

-Асан не деп еді сонда, есімде қалмапты, - деді тоңазытқыш суықтау үн қатып.

-Не деуші еді, ол ондайда қызбаланып «еркек боп» деген сөзге намыстанып барып Жұлдызды томардай жұдырығымен маңдай-шекеден бір ұрған. Ал Жұлдыз ашынып кетіп, аузына келген неше түрлі ауыр сөздерді, ол жайында ішіне сақтаған түрлі кектерді «ылақ» етіп құса салмасы бар ма, - деді орындық. – ал сосын маған отырып алып, шашын жұлып, жылай бастады.

-Асанда қызық-ей, қит етсе болды жұдырығын ала жүгіреді, менің де бетонымды ұрып-ұрып көршілердің берекесін кетіретін болды. – деді қабағы қатулы Қабырға. – Арғы үйде тұратын көршілер соны естиді де, бұларға «қойыңдар» дегендей олар да бетонымды төмпештей бастайды. Мені де қалай болса солай қалай салған құрылысшыларға, олардың басшыларына да өкпем бар. Әйтпесе аталарым өлмей-ақ мың жылдап білдей бір әулеттің үрім бұтақтарының керегесі болып шыдас берді емес пе. Жер сілкінсе де, бір тасы үгітілмеген олар, мынандай Асансымақтардың жұдырығына пысқырғаны бар ма! Ал менің түрім болса мынау, осылай кете берсе, аталарымдай берік емеспін, көпке бара қоймаспын, бір күні қирап қалуымда неғайбыл.

Шалқайып жатқан күйі, қабырғаға тақалған иінін алмастан кереует:

-Осы адамдардың бабалары осындай жұптасқандарға «керегелерің берік» болсын деп бекер айтпаса керек-ті. Сосын... – деді кереует орындықтың бөлініп кеткен сөзін жалғап, - Асан одан бетер құтырып қабырға сені төмпештеді де, жата қап жерді ұрды. Ал Жұлдыз болса одан қорыққандай бүрісіп, бір орында қатты да қалды.

-Ары қарай мен жалғап әкетейін, - деді соңғы үлгідегі қара Айфон, - Жұлдыз мені қолына жұлқына алып, анасына хабарласа бастады. Анасының тұтқаны көтермегеніне ыза болып «телефонын неге ылғи өшіріп қояды» деді. Одан ары келесі қонақ бөлмеге кіріп құрбысына хабарласты. Оған өзінің күйеуінің қандай жаман адам екендігі мен еркек емес хайуанның ар жақ, бер жағы екендігі жайлы шағымдана бастады. Ал құрбысы болса оны қолынан келгенше жұбатып баққанымен даусынан Жұлдыздың бұндай күйге түскендігі үшін қуанғандай көрінді.        

Орындық Айфонды тыңдап болған соң: - сол сәтте Асан күйігінен бе әлде, қалауынан ба кім білсін балконға шығып шылым шекті. Сол кезде Жұлдыздың қояншығы басылмаған күйі оның «marlbro» қорабын алып екіге бөліп мыжып тастады.        

-Сонда анау есі ауысқан Асан ғой, - деді қаңқасы шашылып еденде жатқан теледидар пульті, - менде әкесінің құны қалғандай мені жерге ұрып сындырды да, «темекіме тиіспе» деп Жұлдызды тағы бас салды. Шыр-пыр болған келіншегі қояр да қоймай, «сен шекпеймін деп сөз бергенсің» дегенін естіп, «мен шексем сендей жынды қатынды жолықтырғаныма өкініп шегемін» деген сонда.

-Ұрыстың көкесі сонда қыза бастады, - деді Шифоньер.

-Екеуі бір-бірін кінәлап жатқанда мен де жапа көрдім, - деді сынған ваза, - олардың әрқайсысы судан ақ, сүттен таза. Бір-бірлерін жамандаудан басқа, өз-өздерін ақтаудан басқа қолдарынан дым келмейді. Ал ортада қирайтын бізбіз. Әттең жүре алмаймыз, әйтпесе бұл үйде бір күнде қалмай тарасып кететін едік, - деді ашынып.

-Рас, рас, - деп оны Кереует қолдады. – Онсызда көп қалған жоқ бізге, осылай қирай берсек бізден де, біз олардан да құтылар күн алыс емес. Ол былай тұрсын менде несі бар десеңші, аяғымнан көтеріп ап, жерге бір аударып тастаған жоқ па, - деді күйініп.

-Солардың ұрыстары неден басталатынына кім мән беріп көрді, айтыңдаршы, - деді асүйдің есігі, ешкім үндемеген соң, сөзін жалғастырып, - олардың ұрыс-керістері болмайтын бір мысқалдай дүниеден шығады. «Есікті қатты жаппа, ыдыс-аяқты тарсылдатпай жу, ұйықтағанда қорылдама, түнде шашыңды фенмен кептірме т.б.» деген сияқты. Алдыңғы күнгі ұрыс естеріңде ме, екеуі тату-тәтті-ақ асүйде тамақ ішіп отырған. Жұлдыз қараптан қарап ойына не түскені белгісіз «мен осы жатпланеталықтардан қорқамын» демесі бар ма, ал Асан «олардан несіне қорқасың?» дейді аңтарыла қарап. «Бір күн болмасын бір күні тарелкасына салып мені алып кететін сияқты, ал мен басқа планетада қалай өмір сүремін» дейді, Асан мысқылдап: «Қорықпай-ақ қой сені ешкімде алып кетпейді, себебі жатпланеталықтар бар деп саған кім айтты, олар жоқ. Бар болған күннің өзінде сені алып кете қоюы екіталай» деп қылжақтайды. «Қалай жоқ, олар бар, сенбесең ютубты ашып көр» дейді Асанға көзін алартып. Асан оның бұртиған аузымен, шарасынан шығайын деп тұрған көгілдір көзіне қарап ішінде бір жағымсыз жеккөрініш ытқи берді ме екен, «сен немене сондай сандыраққа да сенетін болғансың ба, саған жоқ дедім ба, жоқ» дейді қасарысып. Ал Жұлдыз бетбақтырмай «қалай жоқ, бар деймін мен саған, неге сенбейсің, сенбесең интернетті ашып қарашы деймін» деп еді, Асан жұдырығымен дастарханды бір қойып, «сен қатын маған қарсы шығайын дедің ба?» деді қабағынан қар жауып. «Дастарханды не үшін ұрасың, нанның киесі ұрады деп қорықпайсың ба? Менің айтарым сол, өтің жарылса жарылып кетсін, жатпланеталықтар бар» деді ашуы мұрын ұшына дейін келіп. Асан ызадан дірілдеп кетіп, «жатпланеталықтар керек пе саған, мә ендеше, мә...» деп оның желкесінен бір соқты. Одан соң айтпасақта белгілі ары қарай ыдыс-аяқ сынды, орындықтар құлады, не керек әйтеуір біраз жерге шейін барып қалды. Ақыр аяғында ажырасамыз деп шешім қабылдаған болатын...         

-Ал алғашқы жылдары ше, бәріміз бақытты едік қой, олар да, біздер де тату-тәтті күндер кештік. Бір-ақ күнде бәрі басталған жоқ па, Асан қарызға кірді, сосын бір айналған басы шыр айналып, шарап ішіті, одан соң құмарға көшті, енді-енді бәрі реттеліп, жаман әдеттерінен айыға берген кезде Жұлдыздың тілі шыға бастады. Тіпті мына еденнің өзінен у мүңкиді қазір, - деді қабырғаға ілінген рамкадағы Асан мен Жұлдыздың тойдағы күлімсіреген Суреті, мұңайған сынық әйнегінен еденге қарап.  

-Екеуінің де ащы сөздері бетімде кірдей қатып қалды, - деді Еден.

-Жұлдыздың көз жасын сіңіре-сіңіре мен де сарғаятын болдым, - деді ақшыл Перде әнтек ашық терезеден ескен лепке етегі тербеліп.

-Жұлдызды менің үстіме жұлқып итере сап, төмпештеп-соққанына не дерсің... – деді қисайып жатқан қалпын өзгертпеген Кереует.

-Одан соң... Асан мені жауып сыртқа шығып кетті, - деді Есік, - Бірнеше күн қайта оралмады. Ал Жұлдыз есіктің саңылау көзінен дәлізге ол келіп қалардай қайта-қайта қарағыштап әрі терезе алдында ұзақ отырып оның жолын тосты...

-Қайтсін енді, байқұс, - деді Асанның ата-әжесінен қалған оюлы Сандығы, - құдай қосқан қосағы болған соң, қанша ұрысса да жамандыққа қимайды да. Ол үшті күйлі жоғалып бірнеше күннен соң оралды. – деді. Ал Есік қақиып тұрған қалпын бұзбастан:

-Асан үйге мені ашып кіргенде, Жұлдыз оның мойнына жүгіріп келіп асыла қалған. Ыстық құшақтары айқасып ұзақ тұрған болатын. Мен тіпті сонда бұлардың  жазылмаған құшақтарына қарап қатып қалған жоқ па, немесе уақыт тоқтап қалмады ма деп те қорыққанмын. Одан соң тату-тәтті бірнеше күн өтті, кейінгісін бәрің білесіңдер; қайдағы жоқ өзбек әртісінің күйеуі кім деген тақырыпта ұрысып, сол үшін қырғын соғыс болып, ақыр аяғында тағы ажырасамыз деп шешім шығарды...        

Кіреберістегі Қара туфли өкшесінің сол жаны мүжілген күйі өзіне үңіліп тұрған биік өкшелі Қызыл туфлиге қарап:

-Олар айрылысса бізге де қоштасуға тура келеді. – деді жабырқап.

-Кеше «біз ажырасамыз» деген сөздері ашумен айтыла салған шығар... – деді Қызыл туфли үміт үзгісі келмеген сыңай танытып.

Қабырғаға ілінген қара сағат ары-бері жеңіл қадамдарымен ойланып жүрген профессордай, алдыға қарай адым басқан секунд тілімен үн қатты:

-Бұл жолы олар шындап айрылысатындығына кім бәс тігеді, - деді үй ішіндегі жиғаз бен ыдыс-аяқ, киім-кешектерге түгел қарайлап. Хормен сыңсып жатқан Ыдыс-аяқтар, ән айтқан күйі «біз сенбейміз» деді. Ал шәугім мен шәйнек өсекші қатындардай:

-Айрылысса айрылыссыншы ернеуімізден ернеу қалмады, құрысын, - деді.

-Олар бұл жолы айрылыспаса, онда олармен басқалай қоштасуға тура келеді, - деді үстелде жатқан қара сапты Пышақ, үрей туғызып.

Ілгіште ілулі тұрған Асанның қоңыр костюм-шалбары мен Жұлдыздың сарғыш көйлегі қазірден-ақ бір-біріне қимастықпен үнсіз сыр шертісіп жатқандай-тын. Тоза бастаған сарғыш көйлек:

Есіңдеме, Костюм,- деді түгі шыққан қоңыр костюмге, - Асан сені киіп, кербезденіп, мені киген Жұлдыздың үйі алдына келгені. Екеуі қол ұстасып ресторанға барған болатын, сонда вальс билеп едік қой. Жұлдыз қайта-қайта ұялшақтап Асанның жүзіне тіке қарай алмай жанарын төмен түсіруші еді. Ал Асан оған әдемі менің түсіме сәйкес сарғыш тюльпан сыйлаған болатын. Екеуінің балдай тәтті ғашық шақтары оралмасқа кетерін кім білген десейші...

-Есімде, сұлуым... Одан бері көп уақыт өтті. Ал қазір біз ресторан , кино, саябақ дегендерге баруды қойдық. Шифоньердің ішінде жатып-ақ тозып бара жатырмыз..

Қонақбөлмеден әлдененің саңқылдап сөйлеген дауысы шықты. Бәрі жалт қарады:           

-Не де болса осы үйдің шамшырағы болған мені мәңгілік сөндірмесе етті, - деді үй төбесінде сықсиған Аспашам. Ал төрде ілінген Асанның әкесінен қалған ескі Домбырасы:

-Егер Асанның әкесі тірі болғанда, оған разылығын еш бермес еді, - деді түңілген күйі күңіреніп.

Сол сәт есіктің құлыбы ашылып үйге Жұлдыз енді. Ол күндегі әдетінше киімін ауыстырып, жуынып-шайынып, шашылған үйін жинастыра бастады. Сосын кешкі асқа кеспе көже пісірді, дәм-тұзы қалай болды екен деп, сорпасын үлкен қасықпен іліп татып көріп еді, тұзы кемдеу көрінген соң тағы да жарты қасық тұз қосты. Іңір түскенде Асан еріншек аяқтарын сылти басып жұмыстан оралды. Әдеттегідей қар жауған қабағын ашпастан, Жұлдызбен суық амандасты. Екеуі ештеме болмағандай-ақ ас-ауқаттарын ішті. Алайда Асан тамағының тұзы көптігін тыжырына ескертті. Жұлдыз көңіліне алып қалса керек, тырысып қалды да сонысын «салдыр-гүлдірлетіп»  бейкүнә ыдыс-аяқтарды жуып жатқанда шығарды. Жатын бөлмеге кіре бергенде, қайсысы қалай соқтыққаны белгісіз, күндегі айқай-шулары күтпеген жерден басталып кетті. Көрпе-төсек шашылып, үстел үстіндегі заттар тағы қирады. Көрші үйден қабырғаны соққан дыбыс естіле салысымен бұлар бірер сәтке жалт қарасып, тұрақтап қалды. Сәл аялдаған соң, ұрыс-керістерін қайта жалғастырды. Ал 25- пәтердегі Витя ағай төсекте шалқасынан жатқан қалпы көрші үйдің дүрдаразын естімейін деп, теледидарының дауысын барынша көтерді. Ол көріп жатқан отыз бірінші арнаның кешкі жаңалықтарында: « Статистикалық дерек бойынша, Қазақстанда әрбір екінші отбасының шаңырағы шайқалады. 82%-ының ортақ балалары бар. Өткен жылы Қазақстанда 40 мыңнан астам ажырасу фактісі тіркелді...» деп диктор сарнап жатты. Ксения шешей болса көрші үйден шыққан дүрбелеңге терең күрсініп, тоқып жатқан өрмегіне бір, теледидарға бір қарап қойып отырды. Арасында аяғына оратылған қара мысығын кері теуіп қояды.

Сырттағы дәлізден тағы да «тарс» етіп күшпен жабылған ескітің дауысы шықты. «Ол бұл жолы шынында оралмасқа кетті...» деді Есік жәутеңдеп қорқа қараған жиһаздар мен бұрышта тізесін құшақтап бүрісіп отырған Жұлдызға жасқана көз тастап...

            Бірер күннен соң есік қайта қағылды.