БАҚЫТБЕК ҚАДЫРДЫҢ «ЖАСЫЛ ШАТЫРЛАРЫ» ТУРАЛЫ

 «Жасыл шатырлар» әңгімесінде жазушы Бақытбек Қадыр адам мен қоғам арасындағы конфликті астар мен тұспал арқылы көрсетіп береді. Шығармадағы фантастикалық элементтер абсурд меңдеген қоғам дертіне көңіл аудару үшін қолданылған тәсіл ғана. Сондықтан одан гөрі мұндағы адам еркіндігін шектеген жүйенің қатыгез әрекетіне мән беру маңыздырақ.

Автор шындығы қат-қабат метафоралық символдар арқылы тұспалданады.

Бір толастамайтын үздік-создық жауын, нөсер, тұман, балдыр иісі – бастан-аяқ жанға жайсыздық сезімін ұялатады. «Себезгілеп жауған ұсақ тамшылардың өткірлігі сонша, бүкіл киіміңе сіңіп, денеңді зіл басып алады». Бір қарағанда, жауын – табиғат туғызған жайсыздық, сондықтан адам оған бойұсынбасқа амалы жоқ. Автор адам санасы жайсыздыққа /әділетсіздікке/ бірте-бірте үйреніседі дегенді астарлайды. Бұдан әрі соқыр тұманға адасып, адамдар жоғала бастаған кезде де тұтаса дабыл қақпай, жеке трагедия ретінде қабылдап, жылап-сықтап қана қоятын қала тұрғындарына бұдан да орасан қауіптің келе жатқанын символдар мен аллегория арқылы аңғартады я мұндағы қауіптің үлкені – рухани азу екені тайға таңба басқандай көрінеді. 

Бұдан арғы оқиға дамуында қызық жайтқа куә боламыз: аспаннан адам жауады. Қазақта «аяғы салбырап аспаннан түскендей» деген тұрақты тіркес бар: болған жайттың байыбына бармай, бір нәрсені түсінбей қалған адамға қаратылып айтылатыны белгілі.

Барлық ішкі проблемаларын жиып қойып, енді елдің назары аспаннан түскен адамдарға ауады. Басында бұл құбылысқа таң-тамаша қалғандардың бара-бара болмыс-әрекеті, шыққан тегі мен тілі түсініксіз, өздеріне ұқсамайтын жат адамдарды жатырқауының арты жеккөру мен өшпенділікке ауысуының мәнін автор өз сұхбатында: «Мен бұл шығармада кішкентай кезден сезіне бастаған сегрегация, расизм жайлы айтқым келген тәріздімін», - деп, өзі түсінік беріп өтіпті. Е.И.Замятиннің «Біз» антиутопиялық романында адамдардың нөмірленетіні сияқты, бұл әңгімеде де «аспаннан түскен адамдар» нөмірленіп, «жасыл шатырларда» оқшауланған; «жат адамдар», «тылсымнан түскен пенделер», «белгісіз мақұлықтар», т.б. ат қойылып, айдар тағылған.

Енді қала тұрғындарының микроөмірі жасыл шатырларда оқшауланған «жат адамдардың» мүшкіл халімен ассоциацияланып, алақандағыдай айқын көрінгендей. Тегі де, тілі де өзгеше, сонымен қатар, үнемі қауіптің өтінде. Олармен қызмет бабында ғана бетпе-бет келіп жүрген құтқарушы, оператор,  тергеуші, психолог, полицейлердің «аспаннан түскендерге» деген қарым-қатынасында контраст айқын. Қорғансыз, әрі көмекке кіріптар жандарды нөмірлеу, қоғамнан оқшаулау арты қара полицейдің шатырдағы әйелді зорлауымен бітсе, оқиғаның шарықтау шегінде сол «жасыл шатырларға» өрт қойылып, адамдарды тірідей жанып кетуге қасақана итереді.

Жасыл түстің өзі – символ, «жасыл шатыр» – әскери колорит. Әскери жүйе, әскери тәртіп – адам еркіндігінің ишарасы емес. Әлдеқайдан үрей мен қорқыныш лебізі білінетіндей. Күннің көзін сирек көретін, көбінесе жауыннан еңсесін бір жаза алмайтын кейіпкерлер мінезсіз әрі эмоцияға сараң. Сана шектеулі болған соң, рухани таяз. Диалогтардан мұны оңай аңғаруға болады.

Авторда жұмбақтау, оқырманды ойландыру жағы жетіспей жатқандай. Көп нәрсенің бетін диалогтарда өзі ашып тастауы көркем шығарманың салмағын кемітпесе, арттырып тұрған жоқ. Автор алдағы уақытта осы жағына мән берсе деймін.

Дегенмен, әңгімедегі образдар айқын ашылған. Бас кейіпкер Бектегіннің аспаннан құлаған аққұба қызға деген қарым-қатынасы қоғам мен «жасыл шатырдағылардың» қарым-қатынасының басқаша құрылу мүмкіндігінің жарқын үлгісі. Қыз бен жігіт арасындағы адами қарым-қатынас «бабыл мұнарасының» күйреуінен кейін де адамдардың бір-бірімен тіл табысып кете алады дегенді меңзейтіндей.

Жігіттің қызға деген сезімі бар, бірақ оны махаббат дей алмаймыз. «Жасыл шатырларды» өртеген қатыгездердің әрекетінен кейін аққұба қыз бір күнде соқыр тұманға сіңіп жоғалуында жігіттің махаббат үшін күреспеуінің де себебі жатыр деуімізге әбден болады.

Елден жырақ орналасқан жасыл шатыр тұрғындарында баладай тазалық бар. Өз бет-бейнесінен айрылған, рухсыздыққа бой ұрған, біртекті тобырға айналған қала тұрғындары «аспаннан түскендерден» арылу арқылы одан сайын тығырыққа тіреле түскендей.

Адам тағдыры ешкімді толғандырмайтын қоғам психологизмін көрсетіп беруді мақсат еткен жазушы шартты түрде фантастикаға бой ұрып, көңілді қоғамдық-әлеуметтік проблемаға аудартқысы келеді.

Табиғаттан, топырақтан ажырау арқылы адами болмысты да жоғалтқан қала антиномиясы осылайша, Бақытбек Қадыр шығармашылығынан да көрініс бергені байқалды.

 

Анар Кабдуллина, әдебиет сыншысы