Мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген Қуат Қиықбайдың «Бейуақыты» қолымызға беймезгілде бейсауат себеппен түсті десек, әбестеу болар еді. Мөлтек әңгімелер топтамалары, хикаяттар мен аудармалар топтастырылған көрнекі жинақтың айтар концепциясы біреу - бейуақыттағы аласапыран. Жәнегі іретте тайға таңба боларлық дәлел-дәйектеріміз аз емес. Ендігі міндет Шәкәрім қажы айтпақшы оқыған дүниелерімізді «ақылдың сынына» салып көрмек.
Жә, енді 2013 жылы Қуаттың «Жындысы» халықаралық «Шабыт» фестивалінде Гран приді еншіледі. Хикаят «Біздің көршінің жынданып кеткеніне екі жылдан асты» деп басталады. Мұндағы есалаң - қамқоршысы жоқ жесір Татьяна Асылзадаевна. Жер дауы. Мал дауы. Жесір дауы. Дәстүрлі қазақ танымындағы негізгі шиеленістер жоғарыдағы үш ұғымның аясына сыйып кете барған. Өзі ғасырлар тоғысында формациялардың аударылған қазан секілді тез алмасып кететіні бар емес пе?! Қаламгер осы меңзес дүниелердің бәрін қарапайым педагог әйелдің иығына арта салыпты. Осы тактика арқылы оқырман назарына әділет категориясын алға тартады. Одан соң автор шығармасының көркемдік шешімін біз ойлағандай қылмайды. Мұндағы жынды жесірдің мәселесін екі ауыз сөзбен шешетін би — ауылдың полицейі Тышқанбаев. Енді екі персонаждың диалогына кезек берелік:
- Азаматша, сіздің мұныңыз не?
- Мұныма не бопты?
- Сіздің мұныңыз тәртіп бұзушылық. Түнгі он бірден кейін тәртіп сақтау керек қой. Заңда солай жазылған. Ән салып, халықтың мазасын алғаныңызға жол болсын.
- Ән салған жалғыз мен бе екем?! Небір зәулім үйлердің асты да, үсті де — таңға дейін тыным алмай тойлай беретін мейрамханалар. Соны сен неге көрмедің. Алдымен соларды түзетіп ал да маған келші жарқыным.
Полицей Тышқанбаев байғұс шарасыз. Түсінесіз бе, әділет нормалары қалыптасып үлгермеген жас мемлекетте осы сынды парадоксальді көріністердің орын алуы таңғаларлық дүние емес. Ал енді, Шәкәрімше айтсақ, «берекесіз ел өзі, көрсеқызар мінезі». Ондай жарымжан қоғамда есі дұрыс еркек есалаң әйелден жеңіледі. Зор өкінішімізге қарай, сөз иесі бізге осы картинаны көлденең тартады. Бір қарасаңыз, әйел — адекват. Бірақ құбылғы жүйе оны мәжбүрлі түрде неадекваттың орнына қойып тұр. Осындай сюжеттік желістер арқылы ой иесі қалам көтеріп, қазақ өміріндегі кейбір нормаларға протест білдіріп тұр. Осы арқылы Қуат оқырманына ситуацияны алға тарта отырып, «Енді қайтпек керек?» деген сауал тастайды. Хош, сонымен әурешілікті көре-көре келген байғұс кейуана өмірден өткен екен делінеді. Соңында «Сіз де әділетті аңсап жүрсіз бе?» деген заңды сұрақ жаратылады. Осымен тәмәм. Шындық па? Шындық. Һәм осы шындық біздің аузымызға құм құйып кетеді.
Ендігі зейін-зеріміз қаламгердің «Тәуелсіз тоқалына» ауысты. Автордың сөз қолданысы топырағына сай. Бір сөйлемде небәрі 20-30 сөзден аспайды. «Әрбір жинақылықтың түбі — кеніш» дейтін хәкім Абайдың принципін жіті ұстанатын секілді. Әлде Флобердің «классикалық сөйлем небәрі 29 сөзден аспауы тиіс» дейтін қағидатын ұстанды ма екен. Жә. Бұл аса маңызды да емес шығар. Не дегенмізбен әлеуметтік желіде жазып-жазып сауатын бұзып алғандарды көргеніңізде ішіңіз еріксіз қынжылады екен. Тәуелсіз тоқал... тақырыбы оқырманын шақырып-ақ тұр. Бұл енді Бейімбеттің «Коммунист Раушаны» мен «Күлпәшінен» нәші мүлдем соны дүние. Мағжан атамыздың күнә арқалаған Шолпаны мына тоқал Гүлдараның қасында жіп есе алмай қалады...
«Махаббат ғадауатпен майдандасқан, қайран менің жүрегім мұз болмай ма?!» Абай. Тарихқа үңілгенде қазақ жұртының отырықшылыққа көшкеніне бір ғасырдан аса қойған жоқ. Осы уақыт ішінде қазақ санасы өзінің бойынан бірнеше ауқымды формацияларды өткізіп алды. Өткізуін өткізді дейміз-ау. Қорытып үлгермеді. ХХІ ғасырдың басы да көлемді өзгерістер мен реформаларға толы болды. Алаштың жаны деген ауылдың жағдайын біз айтпасақ та білесіздер. Қаракөз қазақ жаппай қалаға сабылды. Ондағысы — бар жоқты талғажау ету. Сөйтіп барып, санатқа қосылу. Қалаға келген қанша жасөспірім жауқазын тағдыр көктей солды. Себебі, мұндағы жазылмаған заңдылықтар біз ойлағаннан әлдеқайда қатал. Хәкім Абайдың жүрегін мұз қылған замана желі тіпті аласұрды. Сөйтіп, капиталистік қоғамға бас сұққан халықты нарық әп-сәтте өзінің тірі тауарына айналдырып жіберді. Содан, әлгіндегі аты бар да заты жоқ құбылыстар пайда болып елдің елдігін жоя бастады. Қазақтың қаладағы тұрмысын сөз еткенде, Қуаттың жүрегі осы жайттарды қалтқысыз сезіп, қағаз бетіне түсіре қойған екен. «Асау жүрек аяғын шалыс басқан, жерін тауып артқыға сөз болмай ма?!». Қазақ жастарының асау жүрегін үсік шалды. Біз айтып жүрген Алаш жұртының рухы дімкәс тартты. Таңғажайыбы, өңір өңірдегі қаламгерлер бұл жайттарды електен өткізіп нығметке айналдыруда.
Жалпы бар ғой, кітаптың атауы айтып тұрғандай соңында біздің халық бұл бейуақыттан өтіп өзіне сай жол тауып аларына автор күмән келтірмейді. Бірақ қандай заман келсе де рухани иммунитет қалыптасту қажеттігін үнемі еске салып отырады. Бұл тұрғыда Қуат Қиықбайдың әдеби ұстанымы классикалық бағыттан суаты бөлек емес. Бір айта кетерлігі, әдебиет әуелі реализмнен бастау алмақ. Содан барып өз қалыбына түсу — жазушы қолтаңбасынан. Қазіргі жастар прозасында осы реалийден аулақтау машығы барын жасыра алмаймыз. Есесіне осы алыстау қала өмірінің шармын бергенімен, табиғат ұмытылып кетіп жатады. Табиғат құбылыстарын адам әрекетімен шендестіру бүгінгі мәтіндерде сиректеу кездесіп жатады. Прозаға біздік тараптан А.Сүлейменов, М.Мағауин. Т.Әбдік, Қ.Жұмаділов, Т.Нұрмағамбетов, Т.Әсемқұл секілді қабырғалы қаламгерлер үлкен реформамен келді. Олардан кейін түрлі «модерндік» қарекеттер болғанымен барлығы дерлік жеңіліс тапты. Енді аттарын атап, түстерін танысақ, әуелгі мақсатымыздан ұзақтап кететініміз тағы бар. Қуат бұл әурешілдіктерге ұшыраспайды. Бұл қалам иесінің әрбір сөйлемінің өзіндік дәйегі бар. Оның шығармалары сол сүт қалпын сақтаған тамырлы дүние. Сонысының өзі дәтке қуат. Және артығырақ айтайық, осы «Бейуақытымен-ақ», ондағы персонаждарымен бұл жазушы ешкімнің рұқсатынсыз қазақ әдебиетінің әлемінде өмір сүруге әбден һақылы. Манағы ойымызды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Дәутайұлының: «Шығармаларында адам өмірі, әрекеті, психологиядағы аумалы-төкпелі тербелістерге тереңдеп еніп, тебірене алатын ағыстары аңғарылады. Сана кеңістігінің саңылауларынан самғап шыға келетін сансыз сұрақтардың жауабына алаңдайды. Жазушыға тән жанын жеп тұратын жақсы мінез» деген бағасы қуаттай түседі.
Танабек қарт — бүгінгі сандаған қараусыз қариялардың жинақталған образы. Жаппар ием сақтасын, бірақ әйелінің ырқынан шыға алмайтын небір ұлдар әке-шешесінің разылығын алмақ түгілі айына бір хабарласып қоюды да жылы жауып қоятынын қайтерсіз... «Қапас» әңгімесінде қазіргі қазақ қоғамының драматизмге толы картинасы баяндалады. Негізгі идеясы — ұрпақ сабақтастығы мен жалғастығының үзілуі. Бұл қарияның жалғыз қызы қазақтың жігіттерінен жар таба алмай «әмірқандық» біреудің етегінен ұстап бақыттың соңында кетіп қалғаны, қалған екі ұлдың шаруа мен қатындарының соңында жүргені жазушылық шебер тілмен ерек суреттеледі.
Біздің танымымызда Қуат әзіргі әлеуметтік желілерде көшіп жүрген «тренд» қаламгерлер қатарынан емес. Және әдебиет жасап жатырмыз деп жінігіп жүрген авангард ақындардың сапында да белсенділік танытпайды. Шынымен алып қарар болсақ, біздік әдебиет бір ғана поэзиямен жасалады деу тым оғаш көзқарас. Әдебиеттің тінін проза ұстап тұр. Себебі прозада фактілердің фатальді жиынтығы емес, тұтас дәуірдің көңіл күйі, картинасы жатады. Прозаны оқи отырып, кез келген халықтың болмыс бітімін тани аласыз. Сол халықпен бірге жасайсыз. Екіншісі — кейінгі уақытта кенжелеп келе жатқан әдеби сын. Шынтуайтына келгенде, Мен деген мықты жазушы қазақ жазирасында өте санаулы. Сирек. Қоғам өзіне керекті авангардтардың шаңырағына шам жағады. Бұл соңғы инстанция емес. Уақыттың өз үкімі бар. Замана алмасқан соң нағыздардың шынайы салтанатты дәуірі басталады. Біз Қуатты осы қатардан көргіміз келеді. Әзіргі кезде жазушы оқырман ортасына осы «Бейуақытын» қойып отыр. Алда әлденеше қарқын алар туындыларының өрістеуіне күмән жоқ. Қайталап айтайық, біздік мүдде жазылған соны дүниені шама-шарқынша талдап басу. Үлгілі сөз ретінде үгіт қылу. Жазу барысында тырнақ ұшындай қате басып жатсақ және ғафу өтініп қоямыз.
Әкбәр әкеміздің «Әдебиет жүрек пен жүректі жалғайтын көпір, ал аударма әдебиетті жалғайды» деген әспетті сөзі көп жайдың мәнін ашатын рәуішті. Кітаптың соңына таман Қуат С.Есениннің «Тілемсегі мен сабалағын» Н.Думбадзенің «Гладиаторын», С.Кармиггелттің «Билеті» мен «Бұл астамшылығын» сәтті аударған. «Шынайы жауһар шығарма өлмейді, аударма өлуі бек мүмкін. Аударма жаңаланады, шығарма жаңаланбайды» деген принципті негіз етер болсақ, әлбетте бұл да қажет. Не дегенімізбен, қазіргі уақытта Нобель сыйлығын иеленгендердің шығармаларын аудара түссе, әлемдік әдебиет тенденцияның ахуалын ұлттық тілде білер мүмкіншілігіміз туар еді. Бұл арада ескере кететін бір нәзік тін бар. Біздің көптеген қаламгерлеріміз бір шығарманы түпнұсқасынан аудармайды. Яғни, көптеген шығармалар әуелден орыс тіліне аударылады, кейін сол аудармаға қазақтар тағы тәржіме қылады. Мұндай жағдайда сол шығарманың құны инфляцияға ұшырайды. Қазақшаласақ арзымай қалады. Һас қаламгер қолайына жақса, түпнұсқа мәтінмен жұмыс жасауға тырысады.
Ендігі бір айтып өтерлік күрделі мәселе мөлтек әңгімелер. Шалқымалары мен новеллалар өте нәзік өрілген. Кейбірі тіпті алдағы үлкен романдрға лейтмотив секілді ме қалай? Онсоң бажайлап байқағанға оның шығармалары салақұлаштықты сүймейді. Демек, аз сөзге терең мағына сыйғызу ниеті көзделген. Эпизодтардағы кейіпкерлер сезім-күйлері де іркілмей суреттеледі. Жасырынған жазушылық ұстанымында іңкәр ниет пен тазалық ғадауат пен жер үстіндегі келеңсіздіктерді әшкерелеу сарыны аңғарылады. Туындыларында көбіне-көп автор өзі бойтасалап кейіпкерлерін дербес сөйлету машығы басым. Кейбір персонаждарын «әрі қарай не болды?» дегізіп келтесінен үзетіні бар. Мәтінтану мен лингвистика тұрғысында келгенде ол жазушының мәтіндері ауқымды текстологиялық өзгерістерден өтпеген. Ендігі уақытта шағын этюдтерін құбылтып жалғау, яки, суыту автордың еркіндегі енші.
Әлқисса, әл әзірге дейін біз Қуат Қиықбай қаламының салмағын өлшедік. Көңіл көкжиегіндегі бір түйін тарқатылды делік. Ал ендігі Сіздің қаламыңыздың салмағы қанша?…
Ерғанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
ақын