Мы вовсе не врачи – мы боль.
Александр И.Герцен
Жазушы болу – бақ пен сордың соғысы!
Жазушы болу – жарық әлемнің жауһар күлкісі мен түнектің түбіндегі сыңсуды қосу!
Жазушы болу...
Әлемді кітап құтқарған!
...енді құртатын да сол бола ма?
Осы маңдайға ілініп қалған сұрақ – ақылды атаулының бәріне арналған.
Әдебиет мағынасы жағынан үш текті: жасаушы, жалыншыл және бейтарап.
Бесік жырынан басталар жасампаз ілкім ой-іңірге жоқтау болып жетеді. «Ер Мамайдың алдында шаһит кешу» жалыншыл сөздің моншағы. Ұлттың ішінде соның бітеу жарасын айта отырып өзің бөлініп кетпей, ақ-қарасын айыру ұлы жазушы ісі. Жазарман жете алмас меже, жағалының жалыны шарпыр айырық. Талант пен қажырдың ту алған кезде барар биігі. Соңғы кездегі ақ жауынды нөпір ішінен бағалыны табу, шын қаламгердің қазынасын адаспай табу, тану-сыралғы сыншының өзіне бәйге бермес қадірсіз іске айналғаны жасырын емес. Осындай көп тасқын ішінен уысымызды толтырып, жүрек жылытып қаперімізге ілінген шығарма – Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыры» болды.
Әйел және жазу, әйел және шығармашылық деп аталар алыс бұғаздар, қосылмас қырлар да ойымызда болғаны да рас. Перінің қызы Бекторы, гректік Афина Паллада, римдік Минерва, көнеүнділік Сарасвати, жапондық Бэнтен тектес гүл белді әлем мен данышпандық айдынының ақ шыңдарын да көңіл көкжиегінде ұстадық.
Джейн Остин, Мери Шэлли, Жорж Санд, Шарлотта Бронтелерден бастап Джаон Роулинг, Хан Ган, Елена Феррантеге аялдар әйелдер прозасына да үңілдік. Осылардың ішінде Сәуле Досжан романы бойымен басып, ойымен аса бергені анық. Аталымдағы шығарманың басы да ерекше екпінді бояумен бет береді.
«....Малақайы бір жағына айналып кеткен Әмір перзентхананың сыртқы есігін серпе ашып, қолтығымнан демеген күйі мені ішке алып кірді. Алдымыздан шыққан ақ желеңді қыз оның жолын кес-кестей беріп:
– Сіз ары қарай бара алмайсыз, – деп тоқтатқан.
Күйеуім емен-жарқын көрінгісі келіп, шып-шып тершіген маңдайын жеңінің сыртымен бір сүйкей салып бетімнен сүйюге еңкейді. Соны күтіп тұрғандай, екі мейірбике мені дереу арбаға салып, зырылдатып ала жөнелді.
– Қорықпа, дүниеге арыстан әкелесің! – деп әзілдеуге тырысқанымен, үнінен қобалжу анық білінген күйеуіме соңғы рет көз тастап, жан қиналысынан да он бөлінген ойым үстем түсіп, іштей күйзелген күйі кете бардым.
Сол сол-ақ екен ақ халаттылар үлкен әбігерге түсіп, бір-бірімен сеңдей соғылысып кетті.
«Ішімдегі өздігінен жатырымды жарып шыға алмайтын» көрінеді.
«Қарынды жарып алмаса болмайды» екен...
«Ота керек», – дегенді естігеннен аза бойым қаза болды. Толғағым жиілеп, жаным шырқырай, бей-беу қағып қарманып тұрғанымда, қасыма кезекші дәрігер келді...
Ары қарай басты кейіпкердің ота үстіндегі түсі көрінеді.
...Көк майса жазықта келе жатыр екенмін. Алдымнан қызғалдақты алқап көрінді. « Гүл тере кетейінші»,– деп, жүгіріп жеттім. Қызығып, бір қызғалдақты үзіп алғам. Сол сол-ақ екен, алдымнан шыққан отты жарық көзімді қарып түсті.
Жерден аспанға тік шаншылып, қарақошқыл бұлт көтеріліп барады. «Апырым-ау, жаңа ғана шөкімдей бұлт жоқ сияқты еді ғой ...»
Кенет табан астындағы жер қарс айырылып кетердей солқ солқ етіп, дірілдеп ала жөнелген. Көз ұшындағы ауылым сілкіністен тербеліп, кенет сағымға айналып, көзден ғайып болып кетіп, енді бір қарағанда, алып « бұлт – саңырауқұлақ» үстінде, аспанға тік көтеріліп барады екен деймін...
Ауылға қарай алып ұшып жүгіргім келеді, бірақ табаным жерге жабысып қалғандай, бір қадам алға бассашы. Сонда да бар күшімді жиып, жанталаса алға ұмтыла түстім...»
Туындының өн бойында басты және қосалқы кейіпкерлер түсі қатар беріліп отырады.Түс туралы,әсіресе ортағасыр туындыларындағы түс жайлы зерттеген Жак ле Гоффтің де кей ойлары белгі ұсынғандай.Жазушы шығармасындағы түс детальдіктен асып,үкімдік дәрежеге жеткен.Сызған тағдыр ісі де тектес.Гилгамеш пен Энкиду майдан алдында түс көріп болжаса,Жүсіптің көрер түстері,перғауын түстері бәрі біріге келіп адамзат арнасындағы ортақ қасиет,алтын тамыр «Қасірет пен тағдырда» кеу-кеулеп жол ұсынады.
«– Мен қайдамын?
–Жан сақтау бөлмесіндесіз.
– Балам қайда?
– Нәрестелер жататын жақта... алаңдамаңыз
– Жағдайы қалай?
– Ол жағын балалар дәрігері келіп айтады. Қазір келіп те қалады.
– Мен оны қашан көремін...қашан емізем... қарны ашып қалмай ма?..
– Аманшылық болса, балаңызды да бауырыңызға аларсыз, емірене емізерсіз... шаршап қалатын болдыңыз, біраз ұйықтап алыңыз. Мына дәрінің ұйықтататын күші бар, қазір бәрі жақсы болады...»
Сұмдық түстің егесі не болғанын сезсе де, баласын іздеп бебеулейді. Жауабы жоқ сұрақтарды қояды. Риторикалық сұрақтардың өзі бар да, жауабы жоқ! Сұрақты қоятын «кіші адам» қоғамдағы орны жоқ, немесе жоққа тән жанның сауалы алапат идеология майданында тозаңға айналып кетеді...
«Лука Прохорович», «Шинель», «Құтыдағы адам» секілді елеусіз адам, кеңестегі екінші дәрежелі кембағал ұлттың анасы бар бояуымен көз алдымызға келеді.
«...Дүниеге ауру бала әкелуімнің себебі, міне, қайда жатыр?! Құдай-ау, өмірге тағы сәби әкелсем, тағы осындай күйік күтіп тұрғаны ма?! Аза бойым қаза болып шошыдым. Ішім удай ашып бара жатты. Әйелдердің ендігі сөзін естігім келмеді. Төсегіме бір уыс боп бүк түсіп, теріс қарап жатып қалдым.
Есіме апамның мені ұзатар алдында үйдегілерге айтқан құпиясы, «әкесі сол Семей жақтан еді» дегені түскен. Сонда менің де жетісіп тұрғаным шамалы, осы топырақтың тұқымымын. Әмір екеуіміз қосылғанда қанымыздағы уымыз екі еселене күшейіп, мына бейшара қыз пайда болған ғой сонда?...»
Басты кейіпкердің ерекшелігі – ол сұрақ қояды!
Оралханның «неге, біз осысы» тектес терең оралымдардың ордасы көрінеді.
Бәрі көнген, иланған, шарасыз. Ұлы мақсаттар жолында бәрі құрбан. Соның ішінде қазақ халқы екі есе артық шалынар, аяғы тұсаулы ақсарбас. Елдің бәрі Р.Брэдберидің «Фаренгейт бойынша 451 градус» шығармасындағы Монтэг өртсөндіруші санаға соқа салады.
Артық ойдың керегі жоқ, артық сөздің керегі жоқ, артық кітаптың керегі жоқ. Ары қарай психологиялық егіздікті танимыз.
«...Көзімді бір ашқанда іңір қарайыпты. Терезеден төнген қара күңгірт бояу менің ішкі жан дүниеммен бедері білінбей араласып бара жатты.
Ертеңінде қызымды көруге барғам.
Кішкентай тіршілік шыны ваккумның ішінде жатыр екен.
Ә дегенде көзімнен бір тамшы жас шыққан жоқ. Не нәрсеге де іштей тас бекінгендеймін. Бетіне үңіліп қараймын.
Сықпыты қорқынышты тіршілік иесін ә дегенде пенделік қу жаным жатырқап, тіксініп, тітіркене қалғанымен, ол сезім қас-қағымда сейіліп, келесі сәтте көктен толассыз құйылып кеткен толағай тасқын аналық мейірімнің алып толқынын анық сезіндім.
«Құдай-ау менің ішімнен шыққаны шын ба?!»
Көз жасым кенет құйылып, ғаріп нәрестемнің бетіне енді мүлде басқа көзбен, дүниенің барлық қасіретті қайғысы мен шер-мұңын жия, жабыса қадаламын.
Амандығын көтеріліп-басылып тыныс алып жатқан үлкен қарны ғана білдіреді демесең, осы жатысында тіршіліктің нышаны да жоқ секілді. Қарнының терісінің жұқалығы сондай, астындағы іш-құрылысы анық көрініп жатыр.
Көзім қарауытып барып ашылатын сияқты.
Сонда да үңіле түсуді тоқтатпаймын.
Мынау шидей аяқ-қол, дене тұрқынан екі есе үлкен бас... Бас емес-ау, үрленіп қойған шар, әншейін!
«Бірдеңе жанына бата ма, құлыным? Әлде дәрінің күшімен ештеме сезбей жатырсың ба?»
Жұмулы болса да шүнірейіп тереңге түсіп кеткен көзі... Маңдайындағы айқын көрінген көк тамырлары... Лүп-лүп соққаны анық көрініп тұрған еңбегінің ерекше үлкен шұқыры...
«Құлыным-аааууу...бір уыс бетіңнен сенің, құлыным-аааууу! Қандай жазығың бар еді?!»
Жаным дыбыссыз ышқынып: «Ана нәзік дене мына дәу басты қалай көтереді?!» – дегенде, кенет жүрегім лоблып, көзім қарауытқанын білемін. Сол жерде талықсып кетіппін...
Франц Кафканың кейіпкері Грегор Замзды еске алуға тура келеді. Грегор адамзаттың көзқарасы қасындағы жандардың өзгеруі қаһарманның түр пішінімен байланысты екенін айтса, бұл туынды одан ары кеткен. Ұлттық сиптын жоймаған халықтың анасының көзқарасы жаңа талас,шетін дағдарыстың куәсі болады.
«...Ей, мейірімді жандар! Өз баламнан өзім шошысам, сендердің не жазықтарың бар? Бұл шындыққа дәрігер кінәлі ме?
Мүмкін, әке кінәлі шығар?
Әлде, ана байғұс па?
Жо-жоқ! Бұл сұмдыққа Қазақстан аумағында атом бомбасын сынақтан өткізіп, ауа мен топырақты былғаған, мөлдір сулы қара Ертістің суын улаған, қазақтың тегін бүлдірген коммунистік жүйе, адам тағдырын табан астына салып, атом технологиясына ұмтылған беймаза ғасыр кінәлі.
Ендеше аналық лағнетім саған, ей, тасбауыр... таскерең... сұм заман!...
Мол сенделістен соң басты кейіпкердің бар өмір жолы тізіліп тосылады...
...Біз бай емес едік. Әке-шешем жиған тергеніне жалғыз ұлды оқытты, үлбіретіп ата жолымен келін түсірді.
Ақыры ауылдағы үй мен қора-қопсыны, қолдағы ұсақ мал мен бұзаулы сиырды сатып алғандағы үйіміз, апамның тілімен айтқанда: «Алматыға көшкен сарттың жаман тамы» ғана еді. Әкем оған:
– Отырған орныңды жамандама. Кеткен сарт осы тамнан байып Алматыдан үлкен үй сатып алыпты. Балама жұғысты болсын! – деген...»
Кеңес деп айтылар келісті өмірдің ішінде бай мен кедей бары,ағы мен қарасы аралас екені ашық айтылады романда. Адамзаттың бәрі тең делінер тәтті ұранның ішінде ащы шындық барлығы танылады.
«...Таза ауа жұпарын жұту үшін терезені ашқанда жолдың қарсы бетіндегі көршіміздің хан сарайындай еңселі ғимараты көзге түседі. Сол үйді айналдыра қоршаған кірпіш дуалының өзінен біздікіндей үш-төрт үй тұрғызуға болар еді. Дарбазасы ертегідегі Әлибабаның алтынмен апталған қақпасы дерсін. «Сим-сим, айқара ашыла ғой!», – деп, өз-өзімнен сықылықтап күліп аламын. Шынында да ара-тұра кісі келіп, ашыла кеткенде, алыстан көз тартып, жарқ-жұрқ ете қалады.
Көлік келгенде үлкен дарбаза өздігінен екі жаққа ысырылып сырғанап ашылады. Тетікті басқан кезде өздігінен ашылып-жабылатын механикаландырылған сыртқы қақпа бұрын мұндайды көрмеген ауылдың қарапайым қызына алғашында біртүрлі қызық көрінгені рас.
Апам ернін « пішту» дегізіп: «бұл не қылған байлық? Қайдан келген байлық?» – деп жақтырмай қалады...
Мол байлықтың артында ірі қызмет, жүйеге жасаған жағасыз жылулықты, жатқа ісі өткен, ұлттан алыс ірі қызметкерді қарапайым кемпір жанымен сезеді. Жиренеді, тітіренеді.
Хан сарайындағы патшайым – арғы оқиғаның тіні, басты кейіпкер енді көрінеді!
...Жас шамасы өзімен шамалас жасөспірімнің тікірейген кірпі шашын, қалың қастың астынан суық қараған ақ-қарасы анық көздерін байқап қалып одан сайын абдырап қалғаным. Дәліз терезесінің күңгірт жарығы түскен әлгінің жүзіне аңқия қараймын.
Құдай-ау, неткен әдемі бала еді-ау мынау!
– Кім керек?- деді ол бір кезде дүнк етіп. Оның шырт ете қалғандағы мінезі алғашқы әсерімді тез жуып-шайып есімді тез жиып ала қойғам.
– Мэлс керек... дәрі алып келдім,– дедім.
Әрине, Мэлстің өзі екенін іштей біліп тұрмын. Бозбала маған сұсты жүзімен қадалған күйі ат үстінде тебінгендей, арбасының доңғалағын айналдырып жіберді де, маған жақындап келді:
– Мен Мэлспін, – деді...»
Әдемі сарайдың кемтар ханзадасы Мэлс бұл. Аты да, өмірі де қайшылыққа толы бозбала өзгеше бояудың қосындысындай танимыз.
«– Апа, кел, бізбен бірге кино көрсеңші,–деді. Торғын апа ұлының қасына келіп жайғасып қолынан ұстап отырды. Мен де орныма жайғасқам. Үйдегі апам екеуміздің қарым-қатынасымыз есіме түсті. Біз ешқашан бұл екеуіндей жақын болған емеспіз. Мен күрсініп салдым. Кеудемді белгісіз мұң кернеді...»
Бұл Мэлс пен анасының қарым-қатынасы. Аяулым білмес, көрмеген мейірім, жаңа жағалау да осы.
Мүгедек баланың аяғы жүрмегенмен қолы жүйірік дәулескер күйші.
«... Алдымнан әдеттегісіндей домбырасының құлақкүйін келтіріп алған. «Бабын келді-ау» дегенде қанатын қыранша қомдап –қомдап қойды да бізге қарап сәл жымиып:
...«Әлқиссадан» бастаған жөн шығар, – деп алды да, Нұрғисаның беташар күйін төгілдіре жөнелді.
Ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиетті қара домбыраның пернелері бойымен салалы саусақтары іркілмей сырғанап, шанағынан күй қалқытқанда, бәріміздің жанымыз тебіреніп кеткен еді. Үлкендер тұрмақ, кішкентай Бейбарыстың өзі қыңқылдауын қойып, домбыра тартқан Мэлс ағасына қарап, тып-тыныш отыр.
Мэлс күйді жай тартып қана қоймай, оның шығу тарихын, шығарушысы жайын айта отыратын әдеті бар еді. Мұны ол ләззаттана, бар ықыласымен айтады. Тыңдаушысын тамсандырып, елітіп әкетеді. Қазір де Нұрғиса Тілендиевтің «Бала мишкасынан» бастап, «Ата толғауы», «Балбырауын», «Саржайлау», «Келіншек» күйлерін тартты».
Аяғын баса алмай қалған бала – өміріне назалы. Дос серігі Аяулымға да сұрақ қояры сол.
«...Менімен бірге көшеде, бақтарда, адамдар көп жүретін жерлерде кинодағы мүгедектердің жақынындай арбамды итеріп жүрер ме едің дегенім ғой, – деді, даусында біртүрлі өзінің қазіргі халіне деген жеккөрініштен туған ыза аралас зіл де жоқ емес. «Әрине, жаныңда боламын», – деп айтуға ішкі бір түйсігім жібермеді. Өтірік уәде бергім келмегендіктен:
– Мэлс, папаң сені емдету үшін бәрін жасап жатыр ғой. Менің ағам да сені «жаттығуларын үзбейді, дәрі-дәрмегін дұрыс қабылдайды, үміт бар» деп отырады. Сонша еңбек бекер кетеді деймісің, – деймін жақсылықтан үміттендіргім келіп. Тек оны үміттендіріп емес, аяғынан тұрып кеткенін жан-дүниеммен қалаймын, Тәңірден тілеймін!
Сол күнгі әңгімеміз жараспады, себебі, мен оның әрдайым жанында болатыныма кепілдік бере алмадым...»
Ары қарай кемтар бала қасында қала алмаған жанның өзгеше өмірі басталады. Жақсы өмір, аяқ-қолы сау жар іздеген қыздың ыстығы көп, суығы мол күндері етек алады. Флобердің Эмма Фобариі, Моэмнің Киттиі, Роберт Уоллердің жалғыз романының кейіпкері Франческасы да жақсы өмірдің арманына қол созған Аяулымның кей тұстарымен барып, орай туысады. Қайығы қайрылған, жарымжан сәбиін мейіріміне ораған мұңлық тар жол, тайғақ қырға шығады.
«...Жиырма бір күн дегенде жарымжан бөпемді бауырыма қысып, үйге оралдым. Адамнан адам шығу оңай ма?! Сол азапты жолмен келген перзентіңді біреуге көрсетуге намыстанудан өткен қорлық жоқ екен ғой дүниеде... «Босанды» деп ағайын-туыс бір-бірінен сүйінші сұрасып сен үйде терлеп-тепшіп қалжа жеп, айдан аса, қырық қасуына шомылдырып, күн сайын сылап-сипап, өскенін тамашалап, шілдехана тойлатып, бесікке салып, азан шақырып ат қойып жатудың өзі де әке мен ананың мейманасы тасатын шын бақыт екен-ау!
...Күні-түні құбыжықтай құрысып, аузына салған емшекті соруға шамасы келмей, тамызып берген уыз нәрді жұта алмай былқ-сылқ еткен ауру сәбидің жан қиналысын көруден асқан азап жоқ-ау?! Сәби құсап, бір балбырап ұйықтаған емес, тым болмаса, дауысын шығарып жылай да алмайды...»
Егер Боби Жан-Доминик «Скафандар және көбелек» туындысындағы қозғалмас жанның жайымен салыстырсақ,бұл сәбиден жақсырақ...
Оқиға қоюланып келіп трагедиялық ақырға тіреледі.
«...Осы кезде бізді сол бөлімшенің меңгерушісі көріп, қарсы жүрген. Дәрігерді оңашалап алып, бірдеме деп сыбыр етті. Мен бір сұмдықтың болғанын түсіне қойып, жүрек тұсымды ұстай алғам.
Бейбіт Жексенқызы мені жетектеп, беті ақ шүберекпен жабулы кішкентайымның мүрдесіне алып келді.
Полигонның құрбаны болған баламды соңғы рет құшақтап, шыңғырып жатырмын...»
Қазақ анасы басындағы хал ел ішіндегі сұмдықпен «желтоқсан» оқиғасы бірге суреттеледі. «Абай жолындағы» Зередей анамен жұтқа ұшыраған елді қатар алғандай сәтті өрген. Өз қайғысы, ел қайғысы аралас Аяулым жайы рухы сырқат елдің жанымен үндес, жүректері сол мұңмен қатар соғады. Жазушы шын шеберлігін, сөз жампоздығын даусыз танытады.
«...Көк жәшіктен Брежнев алаңында болып жатқан жағдайды көрсетіп жатқан. «Арақ ішкен, наша шеккен жастар орталық алаңға шығып, бұзақылық жасады. Ішкі істер қызметкерлері оларды тәртіпке шақыруда», – деген мағынадағы ақпаратты диктор қағаздан оқып отыр. Азық-түлік дүкендерінің терезелері мен есіктері сыныпты, айнала өртеніп жатқан автокөліктер. Мир көшесі мен Фурманов көшелерін бойлай, бас сауғалап, қашып бара жатқан жастар...»
Шығарманың шарықтау шегі-өзі жасқанып келген Әмірдей қатал күйеуге айтқан ащы сөзі, серт шешіміндей.
...Горькийдің «Өлімді жеңген ана» деген әңгімесінде баласын іздеген АНА Ақсақ Темірдің алдына да барған. Сол сияқты Ана болғаным үшін де Қарауылтөбенің бауырына бардым! Сынақты тоқтатамыз! Мен балалардың болашағы үшін партияңнан қорықпаймын! Сол үшін мені өлтір! Өлтір! – деп, аузы-басым қан-қан болып, тап-тап бердім. Көзімнен пора-пора жас ақты. Осы кезде құлағымда «Заман-ай» зары естіліп, бойыма күш құйылып тұрды...
Жарынан айрылған, қаралы жан қалаға келіп Гүлімайдай ерекше перизатқа жолығады. Қаралы сұлу, жаралы сұлу айықпас сырқат.
«...Гүлімайдың айкезбелігінен алғашында қорқып, түнімен сан оянып шығатын едім. Балкон мен сыртқы есікті жақсылап жауып, сыртқы есіктің кілтін қалтама салып қоямын. Гүлімай төсегінен көтеріледі де бөлмелерді шарлап шығады. Асүйге барады, тоңазытқышты қарайды, кәстрөлдерді ашып-жауып жүреді. Ештеңенң сындырмайды, шақпайды. Қатты салдырлатпайды да. Одан шығып, қонақ бөлмеге барады, серванттағы ыдыстарды қарап шығады, қолына ұстап көреді, бір жақсысы, тастап жібермейді. Үстелдің үстінде тұрған вазадағы гүлді иіскейді. Диванға отырып кітап қарайды. Кейде бөлменің ортасында ортасында тұрып дене жаттығуларына кіріседі. Солардың бәрін жасап жүргенде жарықты жақпайды. «Қараңғыда қалай көреді» деп, көзім бақырайып жатамын. Ұйқым шайдай ашылады. Артынан тұрып қарағанда, көзі жұмулы екенін байқағам. Шошытып алмайын деп, бұрышқа тығылып алып бақылаймын. Денесі сәл теңселгендей болады. Содан біруақытта жатын бөлмеге қайтады. Бір таңданатыным, еш жерде сүрініп кетпейді, бірдеңеге қолы не денесі тиіп құлатып, түсіріп алу деген жоқ».
Осындай әдемі жан Ертістен құлап өледі. Өмірдің бар қара бояуын жағынған ару келмеске асады.
«...Жұмыртқадай әппақ, қайран Гүлімайым, қазіргі түрі көк бақа да бір, ол да бір. Есім ауғандай, көзім бақырайып, сүлесоқ қарап тұрмын.
– Қуатова Гүлімай екені анық па? – деді милиционер.
– Иә, - деп, басымды изедім де, есікке бұрылдым. Ары қарай қарауға дәтім шыдамады».
Өмірдің бар соққысын көрген жан еліне қайтады. Басқа амалы жоқ. Қылары да жоқ. Жұбатары да.
«Қош! Қош!» деп, паровоз жар салады. Төбесінен ұшқан қою түтіні артта қалып, оңтүстікке жол тарттық. Ешқайда бұрылмай, жарқын болашаққа үмітпен жүйіткіп барамыз. Терезеден көз алмай, өткенімді еске алып, мұңайып келем. Келін болып түскеннен кейінгі қызығы мен қиындығы аралас өткен өмірімнін он жылына куә болған қарт Шығыстың ұлан-ғайыр даласы қалып барады. Наурыз келді дегенмен, бұл жақта әлі науат қар жатыр. Арасында азынап қойып, қуатты арынымен зымыраған пойыздың терезесіне жиі телміремін. Енді бұл өлкеге жолым түсе ме, жоқ па? Алдағы өмірім қалай болмақ? Бұл мен үшін жұмбақ. Бір білгенім, дәл қазір Семейден өзімнен өзім қашқандай қашып келемін. Қиын күндерімді, әрдайым еңсемді басып тұратын қара қайғыны серпіп тастағым келіп қашып барамын...»
Роман жеңісті жүрекпен, тегеурін тілекпен аяқталады.
«...Арғы бөлмеде үлкен ұлым мен жарым жатыр.
Мен не көрмедім осы күнге жеткенше...
Заманның дауылымен Семейдегі сынақтарда сыналып, Ертістен өтіп, Сарырқаның даласын шарлап, Хан-Тәңірінің бауырына келіп, бақытымды енді таптым.
«Әйел қырық шырақты» – деп, бабаларымыз бекер айтпаған екен, шырағым қайта жанды.
Енді сол сөнбесін!
Әйел бақыты деген осы екен ғой».
Бұл туынды империялар арасындағы соғыста қасірет күнін кешкен қазақ анасы жайлы, бодан ұлттың өмір үшін күресін көрсетер шығарма. Жеңіл оқылар шығарма оқырманын сан қиырға салып әкеліп, қуантып бітіреді. Сырт ағайын танысын деп, кесек үзінділер ұсындық.
ҰЛТ БАҒАСЫ, ҚАРЫМЫ, САЛМАҒЫ, БАРЫ, ӘЛЕУЕТІ ӘДЕБИ ШЫҒАРМАСЫМЕН БІЛІНЕДІ!
Қазақ үшін қазыналы бір туынды дүниеге келіпті.
Жолы болсын!
Ұғынар оқырманға жолыққай!
Серік Елікбай,
әдебиеттанушы, ПМУ профессоры