Сөйтіп, біз диалектологиялық экспедицияға аттандық. Бағытымыз –Семей облысы, Семей болғанда кәдімгі ұлы Абай туып өскен Шыңғыс өңірі. Экспедиция мақсаты –Шыңғыстау диалектісі бар ма, жоқ па, егер болса Абай сол диалектіде жазды ма –осыларды анықтау.
Бұл мәселелер біздің арамызда бұрын да талай дау туғызғанн-ды. Абайды оқып отырсаңыз қазіргі әдеби тілімізде мүлде қолданылмайтын, ата-тегі белгісіз көптеген күмәнді сөздерге ұшырасасыз.
«Біреу малма сапсиды салып иін...»
«Күләпара басымда, пұшпақ тымақ..»
«Тағыны жетіп қайырған...»
Ғылым көзімен қарап, зерттеген адам мұндай түсініксіз сөздердің талайына ұшырасады. Сонда бұл не? Әрине,диалект. Абай қанша танылды дегенмен осы бір жайдың жұртшылық назарынан қақас қалып келгені анық. Мүмкін бұл пікірді мойындамаушылар табылар. Заңды. Ғылым талас-тартыссыз, концепциялар қақтығысынсыз дамымақ емес. Бірақ әйтеуір таласқанның жөні осы деп әділ айтылған соны пікірге ден қоймау тағы әбестік. Мәселен, «жейде» деген зат есемді алайық. Барлық оқулықтар мен сұраулықтарды, көрнекті ғалымдарымыздың еңбектерін қараңыз, бұл сөз –оңтүстік тіліне тән диалект делінген. Ал осы «жейде» Абайда да жүр. «Жейде, дамбал, ақ саннан, жарғақ шалбар –Жырым балақ матамен әдіптеткен...» Абай диалектіде жазбаса бұл не? Біздің мақсатымыз тіл ғылымында күн тәртібіне жаңа қойылған осы маңызды мәселелерді жұртшылық алдында дәлелдеп шығарлықтай нақты деректер тауып қайту еді.
Семейге жеткен соң экспедиция басшысы – республикамыздағы көрнекті диалектолог Сейдекең пәлен айдың пәлен күні осы арада кездесеміз деді де, ақыл-кеңестерін айтып, өзі Баянауылдағы қайынжұртына тартып отырды. Енді бар билігіміз Жаңабектің қолына тиді. Филология факультетінің соңғы курсына көшкен студенттердің арасынан тіл ғылымына икемі бар деп таңдап алынған осы үшеуміздің ішіндегі еті тіріміз де сол еді. Үлкеннің де, кішінің де қыбын таба білетін, оқытушыларымыздың көңілінен шығып, қабілетті аталып жүрген жігіт. Аздап өлең жазатыны бар, әрі әнші, әрі сері, көріксіз де емес– бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлының нақ өзі.
Самолетпен ұшпай, ұлы Абай талай таптаған жолмен біз де жүрейік деп, аудандық тұтыну қоғамының жүк тиеген машиналарының біріне отырып, Қарауылды бетке алып тартып бердік. Жолай көрген машақатымызды айтпай-ақ қояйын. Үсті-басымыздың да бағасы қалмады, өзіміздің де берекеміз қашты. Арты қайыр болған соң не керек, ес кетті, жан шықты дегенге жеттік-ау әйтеуір. Келе сала ауыл аралауға кірістік. Ел Абай заманындағы меймандостығынан әлі таймаған екен. Талай тоқтының басы мүжілді. Бүгін, міне, жұрт сыйлайтын кәрі құлақ шежіре Бекеннің үйінде отырмыз. Колхоз бастығы бізді ертіп әкеп: «Ақсақал, мына балалар Алматыдан Әкадемия Науктанкөрінеді, сөз жиып жүр екен, барыңызды ірікпеңіз, сізді арнайы іздеп келді»,– деп таныстырған соң-ақ Бекең көңілденіп сала берді. Тек бізге керегі кімдер екенін білмек болған. Абайдың бір сөзін, өмір тарихын, тіпті қалай жүріп, қалай тұрғанына дейін тегіс теріп алып Әуездің Мұхтары қалың-қалың бес-алты кітап етіп бастырды; бірақ өлеңдері жарыққа шықпай жатқан жақсы ақындар әлі де көп, мен бәрін де білемін, кейінгілерінің талайын өз көзіммен де көрдім деп шай үстінде біраз шалқып, мақтанып алды. Содан соң өзі сұрауға көшті, Шәкәрім қажының өлеңдерін жазамысыңдар? Пәледен аулақ дестік біз. Көкбай молда? Діншіл ақын болған. Оның үстіне Абылайды, Кенесарыны мақтаған. Найман Әріп ақын? Шет елде тұрған ба, қалай, өмірбаянында бір кілтипан бар. Керекй Уәйіс ақын? Ондай кісіні естімедік. Асан Қайғы? Реакцияшыл үстем таптың пікірін білдіріп, халықтың достығына қайшы келетін өлеңдер шығарған ескішіл, және қашан туып, қайда өлгені белгісіз, сайда саны, құмды ізі жоқ жан. Бұқа жырау ше? Феодализмді жақтаған сарай ақыны. Ал билерге қалай қарайсыңдар? Қаз дауысты Қазбек? Кеңгірбай, Құнанбай?Ақтамберді, Жобалай? Бұлардың бәрі де үстем тап саясатын жүргізген, халыққа жат адамдар...
Бекең қисайып жата кетті. Қарияның кейіп қалғанын аңғарған Жаңабек біздің бұл сөздерді түгел жазып алуға мүмкіндігіміз жоғын, мүлде басқа мақсатпен келгенімізді, диалект дейтіннің болатынын, соны ғана жинап жүргенімізді айтып, ақсақалдың көңілін аулауға кірісті.
–Әй, қарақтарым-ай, –деді Бекең –«Алпыстан ары бармаңдар, аңдамай шал боп қалмаңдар» деген екен қажы, алпыс түгіл жетпіске келіп, жер таянып отырған мені әкадемия білмей жүрген нәрселеріңді несіне сұрайсыңдар. Ди-әлек, ми-әлек деген жоқ менде, біздікі қазақтың қара тілі ғой.
Біз диалектінің сол қара тілде кездесетінін, ақсақал әңгіме шерте отырса, сөз арасынан ұшырасқанын теріп алатынымызды айтып жатырмыз. Бірақ Бәкең әуелгідй жадырамады. Оқу, Алматы жайын, ананы, мынаны сұрастырып отыр.
–Сүйектерің қай ел болады?–деді бір кезде.
–Ол не?
–Е-ей, шырақтарым, қай жүзден, қай рудансыңдар деймін, немене, қазақ емеспісіңдер!?
–Жоқ нәрсені сұрап, балалардың басын қатыра бересің,–деді манадан шай құйып отырған шешей. –Қазіргі жастар ру дегенді біле ме!
–Ата рәсімі, «үйрен де жирен» деген, біліп қойған теріс емес. –Бізге бұрылды. –Қай жерденсіңдер?
–Мен Қарағандыдан, Ұлытаудан екенімді айттым.
–Жөн шырағым, Найман болдың. Арғын, Найман бір туысқан, бәріміз де орта жүзбіз. Қазақтың басқа ардагерлерімен бірге қалмақты Тоқта, Барлыққа дейін қуған Қаракерей Қабанбай батыр сенің атаң. Ол да дұшпанын қара күшпен емес, ақылмен, әдіс-айламен жеңген. «Бәлекті бірді, білімді мыңды жығады». Оқығаның жөн.
Жаңабек Шу бойынан еді.
–Бәрекелді, шырағым. Ұлы жүз–аға. Қадамың қайырлы болсын. «Ғылым инемен құдық қазғанмен бірдей» дейді. Біз оқи алмай қалдық. Заман сендердікі.
Болат Жайық өңірінен келген.
–Е-е, жау бетіндегі ел Кіші жүзбін десеңші. Дүшпанға намысын бермеген әруақты ерлердің әулетімін десеңші. «Найзасының ұшы алтын» Кіші жүздің баласы екенсің ғой.
Бекең шынаяғын қайтадан қолына алды.
–Бәрің де адал жерден шыққан балалар екенсіңдер. «Қарға тамырлы қазақ деген», бірлікті, ынтымақты болыңдар. «Алтай ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді». Бақтарың ашылсын. Оқыңдар, ізденіңдер.
–Тураш-ай, –деді аздан соң Бекең от басында бізге бақырая қарап, пысылдап отырған бес-алты жасар қара домалақ балаға, –Отау үйге баршы, көкеңе айт, әлгі қоңыр кебені ұстасын, тәуірі сол шығар.
Әрине, бұл кезде біз қарап отырғанымыз жоқ. «Сүйек» те, «рәсім» де, «кебе» де қойын дәптерімізге жазылып қалған. «Біз іздеп жүрген диалект осы» деп қойдық Бекеңе. Алайда екі-үш сөз не болады, бірдеңе шыға ма деп үй-ішіндегі нәрселердің, жасау-жабдықтардың қалай аталатынын сұрай бастадық.
–Анау не?
–Ол кереге емес пе.
–Анау?
–Ол –уық. Төбедегі дөңгелегің шаңырақ. Шаңырақтың ортасындағы әне бір ағашты күлдіреуіш дейді. Немене, сендер жақта киіз үй жоқ па?
–Бар. Бірақ әр жерде әр түрлі аталуы мүмкін ғой.
–Исі қазақ шаңырақ, уық дейді, сарт болса өзі білсін.
«Исі!» Тағы бір сөз! Жазып алдық.
–Сіздерде сымды не дейді?
–Сымды –сым дейді.
–Шалбар деп атамай ма?
–Бекең кенет шалқалай бере қарқ-қарқ күлді.
–Сымды шалбар деп есі дұрыс адам атамайды. Сым дегенің сым. Қазақша солай. Орысшасын өздерің білесіңдер.
Жаңабек қойын дәптеріне: «Таң қаларлық бір жай кейбір оңтүстік аудандарындағы сияқты мұнда да шалбарды (боюки) сым деп атайтын көрінеді»–деп жазып қойды.
Қазан-ошық маңын тамамдап, жан-жануар төңірегіне көштік.
–Сіздерде тауықты не деп шақырады?
–«Шеп-шеп» деп.
–Қой-ешкіні?
–Қойды «қош-қош» деп, ал ешкіні «шөре-шөре» деп.
–Итті?
Ісіміз өнбей қойды. Қолға ештеңе ілінбеді. Қария да диалект жинаудың сауал-жауап түрінен жалығып, селқос тарта бастады. Бірақ Жаңабек шаршар емес, сұрақ үстіне сұрақ үйіп жатыр.
–Ақсақал, сіздерде қалай осы бұқа кісіней ме, жоқ әлде...
Әбден шыдамы таусылған Бекең морт кетті:
–Етиаумайт, өзің неткен мылжың баласың, бұқаның кісінегенін қай атаңнан көріп ең?
–Етиаумайт? Мынауың диалекті ғой! –деді Жаңабек қойын дәптеріне бұл сөзді де жазып алып жатып.
...Бұл осыдан төрт-бес жыл бұрын біздің студент кезімізде болған оқиға. Сол сапарда диалектология ғылымына икемім жоғын аңғарған соң мен «аш құлақтан тыныш құлақ» деп, оқуымды бітіре сала ауылға тарттым. Ал Жаңабек аспирантураға қалды. Естуімше, өткен қыста «Шыңғыстау диалектісі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғапты. «Талапты ерге нұр жауар» деген осы!
1960 ж
Мұхтар Мағауин